» » » Руханият ордасының негізі аудан тарихымен тамырлас

Руханият ордасының негізі аудан тарихымен тамырлас

Жалағаш өңірі 1939 жылы өз алдына аудан болып құрылған кезде ең алғаш аудандық кітапхана да оқырман қауымға есігін ашты. Содан бері руханияттың қазынасына айналған аудандық кітапхана өз жұмысын бір сәтке де бәсеңдеткен емес. Керісінше оқырман талғамынан шығатын кітап қорын көбейтіп, ішкі жүйені жетілдіре білді. Біз, сексен жылдық тарихы бар рухани ордадағы соңғы өзгерістерді білу үшін орталықтандырылған кітапханалар жүйесінің директоры Ұлмекен Меңдібаеваны әңгімеге тарттық.
– Ұлмекен Әбілтайқызы, аудандық кітап­хананың аудан тарихында алатын орны ерекше. Өңірден шыққан зиялы қауым­ның арасында кітапхана табалдырығын аттамаған кісі жоқ шығар, сірә. Бастапқыда бұл орталыққа кімдер бас­шылық жасады?
– Аудандық орталықтандырылған кі­тап­­ханалар жүйесінің негізі ауданның құ­рылуымен тұспа-тұс, яғни 1939 жылы қа­ланды. Архив құжаттарында 1946 жы­­лы кітапхана меңгерушісі Базаркүл Сәрсенбаева, 1948 жылы Андақұлова бол­ғандығы туралы дерек бар. Ал 1950 жылы аудан кітапханаларындағы кітап қоры 20 мың дана болып, кітапхананы Дәмеш Ормаханова басқарды.
1979 жылы аудан кітапханалары «Ор­та­лықтандырылған кітапханалар ­жүй­е­­сі» болып қайта құрылды. Штат бір­лігі көбейіп, мұнда кітаптарды жинақтау және толықтыру, әдістеме-библио­гра­фиялық және оқыр­ман­дар бөлімі ашыл­ды. Кейін 1953-1975 жыл ара­лы­­ғын­да кітапханалар саны – 31-ге жетіп, кі­тап қоры – 120 мың дана болса, 1975-1990 жылдары кітапханалар саны – 33-ке көбейіп, кітап қоры – 220 мың данаға жетті. Орталықтандарылған кітапханалар жүйесі құрылғаннан бастап Роза Исабекова, Алмагүл Қойшығұлова, Баян Төлегенқызы кітапханалар жүйесінің директоры болып жұмыс істеді. 2012 жылдан бастап бұл салаға өзім басшылық жасап келемін.
– Кітап таңдап, талғап оқи білу, оны түсіну мен түйсіну, алған әсерді өмір қажетіне жарата білу – әрбір адамның білімін, пайымы мен парасатын айқындайды. Осы тұрғыда қордағы кітаптар оқырман сұранысын қанағаттандырып отыр ма?
– Бүгінгі таңда кітапхана жүйесінің кітап қорында 365 804 дана кітап бар. Ал оқырмандарға кітап берілімі 267 935-ке жетті және оқырман саны – 13 886. Міне, осындай көрсеткіштерге қарап-ақ, оқырмандардың кітапханаға келу белсенділігін, кітап оқуға деген ынта-жігерін білуге болады.
– Ал кітапханаға оқырман тарту және көпшіліктің кітапқа қызығу­шылығын арттыру бағытында қандай шаралар атқарылды?
– Елбасының «Болашаққа бағдар: ру­ха­ни жаңғыру» бағдарламалық мақаласы аясында өңірдегі ауылдарда коворкинг орталықтары ашылуда. Кітапханалардағы коворкинг орталықтарының ашылуы – оқырмандар үшін жақсы жаңалық. Яғни демалыс орнына айналады. Коворкинг орталықтарының ашылуы – кітапхананың қызмет көрсету деңгейін еуропалық тәжі­рибеге негіздеу мақсатында қолға алынып, Мәдениет, Аққұм ауылдық кітапха­нала­рының жанынан осы орталықтар іске қо­сылды. Бұл да оқырман тарту бағытында атқа­рылып жатқан жұмыстардың бір көрінісі.
Сонымен бірге «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында кітап оқу мәдениетін ілгері жылжыту, ең үлгілі көркем әдебиет туындылары арқылы оқырман бойында адамгершілік және рухани тәрбиені қалыптастыру мақсатында аудандық кітапхананың ұйымдастыруымен «Ең үздік оқырман» бенефисі, балалар кітапханасында "Бір ел-бір кітап" акциясы аясында ақын Əбділда Тəжібаев пен жа­зушы Əбіш Кекілбаевтың шығармаларын насихаттауға арналған шаралардың бар­лығы кітапқа деген қызығушылықты арт­тыруға бағытталды. Жоғарыда айтылған аудандық кітапхананың Коворкинг орта­лы­ғында «Жастар жылы» аясында «Кі­тап­хана және жастар: арман, тілек, үміт» жобасы бойынша кітапхана оқырманы, І топ мүгедегі Мылтықбай Құралайдың өз қолынан жасалынған қолөнер бұйымдарынан фото­көрме ұйымдастырылды. Бұл көрмені тама­шалаған көпшілік заманауи кітап­хананың инновациялық жабдық­тарымен жаб­дықталған Коворкинг орталығымен тан­ысып, соңғы жаңалықтарды көзбен кө­ріп қайтты. Мұнан бөлек оқырман тарту бағытында әр ай сайын бірнеше іс-шара өткізіліп отырады.
– Былтыр кент орталығында, биыл бірнеше ауылда «Көше кітапханасы» ашылғанын білеміз. Бұл бағыттағы жұмыстар бәсеңдеп қалған жоқ па?
– Кітап сүйер қауымға тосын сый жасап, кент және Бұқарбай батыр, Еңбек, Есет батыр, Жаңадария, Таң, Т.Жүргенов ауылында «Көше кітапханасы» ашылды. Бұл көше кітапханасының ерекшелігі – кез келген тұрғын өзіне ұнаған кітапты оқуға ала алады және кейін қайтарып немесе орнына басқа кітаппен ауыстырып оқуына болады. Бұл бастама тұрғындар арасында кең қолдау табатынына сеніміміз мол. Бастысы, бұл жерде ешқандай құжат талап етілмейді, оқырман билеті қажет емес. Бұл шағын кітапханаларды басқа ауылдарда да ашу жоспарда бар. Ең бастысы, сөреге қойылған кітаптарды оқырмандар алып, оқып жүр. Бізге де керегі осы. Кітап іздеген адам сол жерден барып, қажетті кітабын алып, оқып болғаннан соң қайта әкеліп қойса болды.
– Өркениетке құлаш сермеген еліміз «Цифрлық Қазақстан» бағдарламасын қабылдап, қазір барлық салаға сандық технология енгізіліп жатыр. Цифрландыру жүйесі уақытты тиімді пайдалануға, істі ілгерілетуге көп көмегі тиетінін күнделікті өмірде көріп те жүрміз. Ал электронды кітап­хананың мүмкіндігін біз қаншалықты пайдаланып отырмыз?
– Кітапхана жұмысында жаңа технологияларды қолдану – кітапхана қыз­метінің сапасын арттырып, оқыр­ман­дар санын толықтырып, рухани құнды­лықтарымызды толықтыруға мүмкін­дік береді. Заман талабы да осыны міндеттейді. Қазіргі таңда кітапханада 823 кітап сандық форматқа көшірілді. Олардың басым көпшілігі жергілікті ақын-жазушылардың шығармалары. Кітапхана қорындағы кітаптарды электронды жүйеге көшіру арқылы оқырмандардың, оның ішінде жастардың іздеген кітаптарын жылдам тауып, оқуына мүмкіндік туып отыр. Электронды кітапхананың дәстүрліден тағы бір тиімділігі – кітаптардың жарыққа жылдам шығуында. Құжаттар мен оқулықтарды электронды жүйеге көшіруді бірнеше жыл бұрын бастағанбыз. Бұдан былай да осы бағытта жұмыстар жалғаса бермек.
– Жалпы жастар жергілікті ақын-жазушылардың кітаптары электронды форматқа көшірілгенінен хабардар ма?
– Иә, бүгінгі таңда соңғы технология әдістерін қолданудың тиімділігі зор. Интернет ресурстардың ішіндегі ең қажетті және маңыздысының бірі – электронды сандық кітапхана екенін айттық. Бұл электрондық топтаманың құндылығы біріншіден өлке­та­ну­лық қажетті ақпаратты тез арада тауып, жедел қол жеткізуде. Осы орайда ау­дандық кітапхананың ұйымдастыруымен «Электронды кітап – оқырманға» атты акция ұсынылды. Осылайша электронды кітаптар да оқырмандарға насихатталып отырады.
– Оқу маусымында балалар кітап­ханасына келіп-кетуші оқушылар көбей­етіні белгілі. Ал жазғы демалыста бала­­лар кітаптан қол үзіп қалмас үшін қан­дай қарекет жасалды?
– Мектеп оқушыларының кітап оқуға деген белсенділігі жоғары. Оқу маусымында және жазғы демалыс айларында кітап­ханаға жиі келіп, қалаған кітаптарын оқып отырады. Оқушылардың демалыс маусымында олардың бос уақытын тиімді өткізуге арналған іс-шаралар тұрақты өткізіліп келеді. Мәселен, балалар кітапханасының ұйымдастыруымен "Қуып жету жақсы ғой, озып шығу бір басқа" тақырыбындағы спорттық рандеву орталық саябақта өткізілді. Сонымен бірге "Кітап – оқығандікі, білім – тоқығандікі" тақырыбында əдеби лото ұйымдастырылып, оқырмандар ең алғашқы оқыған кітаптары мен ерекше əсер еткен ертегісі мен əңгімелерін бір-біріне қызыға əңгімеледі. Оқығандары мен түйген білімдерін ортаға салып, саралау мақсатында өткізілген шарада кішкентай оқырмандар түрлі кезеңдегі сұрақтарға жауап беріп, түрлі ойындарды ойнаған оқырмандар көңілді тарқады. Міне оқушылар кітаптан қол үзіп қалмас үшін, оқу маусымы аяқталса да осындай шаралар өткізіліп отырады.
– Тағы бір сауал. Биыл аудандық кітапхана ғимаратына күрделі жөндеу жүргізіліп жатқанын білеміз. Бұл ғи­ма­рат қашан пайдалануға берілмек?
– «Ауыл – Ел бесігі» арнайы жобасы шеңберінде аудандық орталықтандырылған кітапхана ғимаратына күрделі жөндеу жүргізілуде. Жөндеу жұмыстары осы жылдың қазан айында аяқталады.
– Риясыз әңгімеңізге рақмет.

Сұхбаттасқан Н.ҚАЗБЕКОВ

12 қазан 2019 ж. 182 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№81 (9557)

15 қазан 2019 ж.

№80 (9556)

12 қазан 2019 ж.

№79 (9555)

08 қазан 2019 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қазан 2019    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123456
78910111213
14151617181920
21222324252627
28293031