» » » АУРУДЫҢ АЛДЫН АЛҒАНДА ҒАНА АЛАСТАЙМЫЗ

АУРУДЫҢ АЛДЫН АЛҒАНДА ҒАНА АЛАСТАЙМЫЗ

Әлемді дүр сілкіндіріп жатқан індеттің күн өткен сайын халық арасындағы дақпырты мен үрейі күшейіп бара жатыр. Алғашқы ошағы 2019 жылдың желтоқсан айында Қытайдың Ухань қаласында анықталған бұл індет бүгінде Азия мен Еуропаның көптеген елдеріне тарап кетті. Аты жаман індеттің алдын алу шара­лары біздің ауданымызда қалай жүріп жатыр? Бұл жөнінде біз аудандық ауру­хананың эпидемиолог дәрігері Арыстан Іздібаевпен шұғыл сұхбат жа­садық.

– Арыстан Жайшылықұлы, алды­мен коронавирусты инфекциясының клиникалық бел­гілерін айтып өт­сеңіз?
– COVID-2019 жұқпасының белгілері ба­с­қа да респираторлық аурулардың бел­­гі­леріне ұқсас. Бастың ауыруы, кеуде тұ­сының ауырсынуы, мұрыннан су ағу, та­мақ­тың ауыруы, безгек, жөтел және дене қызуының көтерілуі, жүрек қағысының жиілеуі білінеді. Бұл кейбір адамдарда ауыр түрде өтіп, пневмониямен тыныс алу­дың қиындауына әкелуі мүмкін. Егер уақы­тылы анықтап, ем-шара қолданбаса, аяғы өлімге апарады.
– Бұл вирусты жұқтыру қаупі бар адам­дар тобын атасаңыз?
– Бұл жұқпалы ауруды егде жастағы адамдар, балалар және ағзасында басқа да патологиялары (мысалы, қант диабеті, жүрек-қан тамыр жүйесінің аурулары) бар аурулардың жұқтыру ықтималдығы жоғары. Яғни иммунитеті төмен адамдар аталған аурудан барынша сақтанғаны абзал.
– Вирус адамдар арасына қандай жолмен жұғып, таралады?
– Аталған аурудың көпшілік ортада, қоғамдық қарым-қатынаста тарау мүм­кіндігі жоғары.
– Қорғану, сақтану жолдары жайында айтып өтсеңіз?
– Ең алдымен, аурудың таралуы тура­лы ресми ақпараттарды жіті бақылап отыруымыз керек. Сосын ең алғашқы қарапайым тәсілі: әрбір адам жеке бас гигиенасын қатаң сақтауы тиіс. Мәселен, қолды тәулік бойы ең кемінде 25 секунд кір сабынмен жиі әрі мұқият жуу; құрамында спирті бар сұйықтықпен ысқылап сүрту; қоғамдық орындарда түшкіргенде не­месе жөтелгенде ауызды алақанмен қал­қаламай, шынтақтың бүгілген жерімен бүркеу; көпшілік жерлерде түшкіріп немесе жөтеліп жүрген адамдардан 2-3 метр арақашықтықты сақтап жүру; қолыңызбен ауызды, мұрынды, көзді уақаламау және қоғамдық орындарда, көпшілік ортада бетперде (бетпердені екі сағат сайын ауыстырып тұру керек) киіп жүру секілді күнделікті, тіпті әр сәт сайын жасалатын қарапайым сақтық шараларына мән берудің өзі аурудың алдын алуға көмегін тигізеді. Сонымен бірге жұмыртқа мен етті әбден қуырып, қайнатып жеу, жабайы жануарларға жақындамауды да қаперде ұстаған жөн. Үйдің бөлмелерін тәулігіне екі мәрте желдетіп және құрамында хлор, сода, спирт, сірке қышқылы, лимон қышқылы бар заттармен дезинфекциялап тұру керек.

Егер дене қызуыңыз жоғары, жөтел және тыныс алудың нашарлауы секілді белгілер болса тез арада дәрігердің көмегіне жүгінген жөн.
– Аурудың алдын алуда ауданымыз­да қандай іс-шаралар атқарылуда?
– Өздеріңіз білесіздер, қазірде елі­міздің шекарасы уақытша жабылды. Со­нымен бірге мектептер мен арнаулы орта, жоғары оқу орын­дарында уақытша сабақ тоқтап, көп­шіліктің қатысуымен өтетін жиындар мен шаралар да кейінге шегерілді. Мұның бар­лығы сақтық шараларының алғы шарт­тары. Ауданымызда да жұқпалы ау­рудың алдын алу шаралары басталып кетті. Бұл індетпен тек медицина сала­сының қызметкерлері күреседі деу қателік.
Өйткені бұл – біздің елге ғана емес, әлемге төнген қауіп. Сондықтан мұндай жағдайда ұйысып, індетке қоғам болып қарсы тұруымыз керек. Қоғам медицина қызметкерлерінің нұсқаулығы мен ескерт­пелеріне құлақ түріп, мән беріп отырса, соның өзі аурудың алдын алуға көп көмегі тиер еді. Десе де бұл орайда жауапкершілік жүгі денсаулық сақтау саласына артылады.
Қазақстан Республикасының Прези­денті 2020 жылы 15 наурызда елімізге төтенше жағдай енгізу туралы Жар­лыққа қол қойды. Президент Жарлығын іске асыруға байланысты аудан әкімінің орынбасары Жағыпар Тажмаханов «Жалағаш аудан аумағында этиологиясы белгісіз пневмониямен (коронавирусты инфекциямен) ауырған немесе оған күдікті науқасты анықтау, аурудың тара­луын болдырмауға бағытталған індетке қарсы алдын алудың» кешенді іс-ша­ралар жоспарын бекітті. Аудан әкімінің орынбасары Жағыпар Тажмахановтың қатысуымен аудандық тауарлар мен көрсетілетін қызметтің сапасы мен қауіп­сіздігін бақылау басқармасы, ау­рухана, білім, полиция және төтенше жағдайлар­дың алдын алу бөлім­дерімен бірлескен ко­миссия отырысы өткізілді. Сонымен бір­ге ауданда медицина қызметкерлері ара­сында індеттің профилактикасы мен оның таралуының алдын алу бойынша кли­никасы, диагностикасы және емі туралы семинар сабақтар ұйым­дас­тырылып, барлық қызметкерлер оқы­тыл­ды. Емдеу-сауықтыру медицина қыз­­­­мет­керлері, оның ішінде жедел жәр­дем қызметкерлері арасында (меди­ци­на­­лық және медициналық емес) І-ІІ типті қор­ғаныш костюмдерін және жеке қор­ғаныш құралдарын пайдалану арқылы коронавирусты инфекциясы кезінде эпи­демияға қарсы іс-шараларды жүргізу бойын­ша оқу-жаттығу өткізіліп келеді.

Аудандық емхананың бөлек кіріп-шығатын есігі бар. «Сүзгі» кабинеті жабдықталып, жұмысы жүйеге келтірілген. Жұқпалы ауруға күдікті науқастар алдымен «Сүзгі» кабинетіне жіберіледі. Ондағы медицина қызметкерлері де арнайы қорғаныш киімдерімен қамтамасыз етілген. Аудандық аурухананың жұқпалы аурулар бөлімінде 15 төсек-орын дайын және коронавирус инфекциясына байланысты қосымша 10 төсек орны жабдықталды. Қосымша резервте жабдықталған палаталардың 4-уі бокс, яғни бөлек кіріп-шығу есіктері бар. Аудандық аурухананың қабылдау бөлімшесінде күдікті немесе науқаспен қатынаста болған пациентті қабылдауға арналған оқшаулау бөлмесі жасақталды. Жалағаш аудандық ауруханасының бас дәрігерінің бұйрығымен шет елдерден келген адамдарды бақылауды ұйымдастыру бойынша жұмысшы мобильді топ құрылды. Топтың құрамындағы 1 дәрігер, 1 медбике, күнделікті бақылау жұмыстарын жүргізеді. Бұл топ жұқпалы аурумен қатынаста болған пациенттерді уақытылы оқшаулау және күдік туған жағдайда немесе клиникалық белгілері анықталған жағдайда шұғыл әрекет жасап, алгоритм бойынша емдік шараларын ұйымдастырды. Коронавирусты инфекциясының эпидемиологиялық жағдайы күрделену барысында Қытай Халық Республикасынан ауданымыздың 6 азаматы келген. Сонымен қатар Оңтүстік Корея, Ресей, Үндістан, Дубай және Өзбекстан секілді сырт елдерден барлығы 15 азамат елге келді. 2020 жылдың ақпан айының 21-ші жұлдызынан бастап шет елдерден келген азаматтарды бөлек есепке ала отырып, оларды мониторингтеу жұмыстары жасалып келеді. Шет елдерден келген бұл азаматтарға карантин жарияланып, үйлерінен шықпауға медицина талаптарына сәйкес ескерту жасалды. Аталған азаматтарды аудандық полиция бөлімі қызметкерлері және тауарлар мен көрсетілетін қызметтің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау басқармасының мамандары және аймақтағы медицина қызметкерлері бақылауда ұстап отыр. Қазірде азаматтардың денсаулық жағдайлары бір қалыпты, шағымдары жоқ. Одан бөлек, коронавирустық инфекцияның профилактикасы мәселелері бойынша жадынамалар таратылып, түсіндірме жұмыстары жүргізілуде. Адамдар көп шоғырланатын жерлерде көрнекі ақпараттық құралдар ілініп, әлеуметтік желі парақшаларында сақтық шаралары туралы мәліметтер үнемі салынып отыр.
– Қоғамдық қатынастар жағдайындағы қауіпсіздік туралы не айтасыз?
– Ауданымызда карантин енгізілді. Эпидемияға қарсы ауқымды санитариялық іс-шаралар бар. Мәселен, спорттық іс-шаралар, сондай-ақ көпшілік отбасылық салтанаттар мен салт-дәстүрлік шараларға тиым салынып, халық көп жиналатын жиындарға шектеу қойылды, медициналық тексеруден және емделуден, карантиндік режимді сақтаудан бас тартатын, эпидемиологиялық жағдайды айқындау үшін маңызы бар деректерді жасыратын адамдарға бақылау күшейтілді, медицина, ішкі істер саласының және мемлекеттік қызметкерлердің қызметтік демалысқа шығуына тиым салынды, ірі сауда орындарында санитарлық-эпидемиялогиялық қадағалау күшейтіліп, жұмыс уақыты шектелді, азық-түлік тауарларының бағасын негізсіз өсіру қадағаланып отыр, онлайн сатып алу және тауарды тұтынушыға жеткізу қызметі кеңейтілді, кафе мен мейрамханаларға келушілер санын шектеп, адамдар көп болатын нысандарға санитарлық-дезинфекциялау жұмыстары жүргізіліп келеді, еркін бару құқығымен медициналық және санитарлық бақылауды күшейте отырып, балабақшалардың қалыпты режимде жұмыс істеуін қамтамасыз ету жолға қойылды, кинотетарлар, көрмелер, жаттығу залдары және тағы да басқа адам көп шоғырланатын нысандардың жұмыс істеуіне тиым салынды, мектептен тыс қосымша білім беру нысандарының (шығармашылық сарайларды, аула клубтары, үйірмелер, секциялар, компьютерлік клубтар) жұмысы уақытша тоқтатылды, қоғамдық тәртіптің сақталуын қамтамасыз ету қолға алынды, аса маңызды мемлекеттік және стратегиялық, режимдік және ерекше режимдік, ерекше қорғалатын, сондай-ақ халықтың тыныс-тіршілігін қамтамасыз ететін нысандардың тұрақты жұмыс істеуі қадағаланып, күзет күшейтілді, автобекеттерде және жолаушылар тасымалымен айналысатын қоғамдық автокөліктерде күніне 2 мәрте дезинфекциялау жұмыстары жүріп жатыр. Алаңдайтын ештеңе жоқ. Тек үрей туғыза бермей, жоғарыда айтқанымыздай, әр адам жеке басының гигиенасын қатаң сақтаса, бұл жұқпалы дерт бізді айналып өтеді.
– Сұхбатыңызға рахмет!

Әңгімелескен Қ.АХЕТОВ

17 наурыз 2020 ж. 451 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№41 (9620)

02 маусым 2020 ж.

№40 (9619)

30 мамыр 2020 ж.

№39 (9618)

26 мамыр 2020 ж.

Хабарландыру

ЖҰРТШЫЛЫҚ НАЗАРЫНА!

01 маусым 2020 ж. 48

Жаңалықтар мұрағаты

«    Маусым 2020    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
1234567
891011121314
15161718192021
22232425262728
2930