» » » ЖАҢАШЫЛДЫҚҚА БАҒЫТТАЛҒАН ҚАДАМ

ЖАҢАШЫЛДЫҚҚА БАҒЫТТАЛҒАН ҚАДАМ

Мемлекетімізде әлеуметтік-экономикалық жаңғырулармен қатар, еліміздің саяси өмірінде де оң өзгерістер бой көрсетіп, жаңа технологиялар мен тәсілдер айналымға енуде. Солардың бірі – батыс елдерінің сайлау тәжірибесінде жүйелі қолданылып келе жатқан партиялық праймериз ұғымы. Биыл «Nur Otan» партиясы алғаш рет праймериз өткізуде. Үміткерлердің құжаттары қабылданып, үгіт-насихат жұмыстарына дайындалуда. Аудандағы праймериз жұмысының жай-күйін білу үшін «Nur Otan» партиясы Жалағаш аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Мұстафаева Қаншагүл Шоңмұрынқызымен сұхбаттасқан едік.

– Қаншагүл Шоңмұрынқызы, еліміздің тарихында алғаш рет «Nur Otan» партиясы өткізгелі жатқан науқанның ерекшілігі неде және мақсаты не?
– Праймериз сөзі – ішкі партиялық үміткерді анықтау деген ұғымды білдіреді. Праймериз тәсілі арқылы қабілеті мен ұстанымы мықты, халықтың қамын ойлап, ел алдында ойын жетік жеткізе алатын азаматтардың партия атынан сайлауға ұсынылып, халық қалаулысы болуға мүмкіндігі бар. Сонымен бірге бұл науқанның тағы бір ерекшелігі, сайлауға түсетін үміткерлер арасында жастар мен әйелдер квотасының сақталуы. Яғни 20 пайыз 35 жасқа дейінгі жастар және 30 пайыз нәзік жандылардың квотасы қарастырылған.
– 17 мен 28 тамыз аралығында үміткерлердің аудандық ұйымдастыру комитетіне барып құжат тапсырып жатқанына куә болдық. Бүгінде қанша үміткер ел игілігі жолында қызмет етуге ниет білдірді? Аталған квоталар сақталды ма?
– Қазір үміткерлердің құжаттарын қабылдау кезеңі аяқталды, кандидаттар үгіт-насихат жұмыстарына кірісіп кетті. Аудан көлемінде ел болашағының жарқын болуы үшін еңбек етуге 56 үміткер өтініш білдіріп, кандидат ретінде тіркелді. Жалағаш ауданы бойынша қазіргі уақытқа дейін нәзік жандылардан 18 кандидат, 35 жасқа дейін 17 кандидат, 50 жасқа дейін 28 кандидат, 50 ден жоғары 11 кандидат тіркелді. Квота байынша нәзік жандылар – 32 пайызды, 35 жасқа дейінгі жастар – 32 пайызды құрады.
– Ауданымызда праймеризге кандидаттарды тіркеу барысында облыс бойынша қандай ерекшілік бар?
– Қызылорда облысы бойынша кандидаттарды тіркеу қорытындысымен үміткер ретінде 1 азамат тіркеліп, Жалағаш ауданының ұйымдастыру комитетіне құжаттарын тапсыру арқылы кандидат атанды.
– Қазіргі саяси ахуалға байланысты дауыс беру қалай жүзеге асырылады?
– Қазір біз өркениетті қоғамда өмір сүріп жатырмыз. Сандық жүйеге көштік. Дауыс беру жүйесі онлайн нұсқада өткізіледі. Яғни партия мүшесі андройд жүйесіндегі теле­фондар Play Market арқылы, ал IOS жүйесіндегі телефондар «App Store» арқылы «Праймериз2020» қосымшасын түктеп алуы керек. Бұл қосымшадан барлық кандидаттарды көруге болады. Аудан бойынша 15 сайлау учаскесі белгіленді, оның 11 онлайн, қалған 4-еуі дәстүрлі түрде өтетін болады.
– Кандидаттардың үгіт-насихат жұмыстарын жүргізу тәртібі қандай? Жалпы үгіт-насихатқа қандай талаптар қойылып отыр?
– Барлық санитарлық талаптарды сақтай отыра кандидаттар «есіктен есікке», бастауыш партия ұйымдарында, кәсіпорындар мен ұйымдарда кездесулер өткізе алады. БАҚ-тарда және әлеуметтік желілерде жарияланымдар жариялауға, жария пікірсайыстарға қатысу және флаерлер, буклеттер дайындап, таратуға рұқсат беріледі. Праймеризге басқа қатысушыларға қарсы бағытталған үгіт жүргізуге, көрінеу жалған мәліметтер таратуға, олардың ар-намысы мен беделіне нұқсан келтіретін өзге де әрекеттер жасауға, әскери қызметшілер, құқық қорғау органдарының қызметкерлері мен судьялар, діни бірлестіктердің басшылары мен қызметкерлері арасында үгіт жүргізуге, әлеуметтік, діни және ұлтаралық келіспеушілікті тудыруға бағытталған үгіт жүргізуге, парақшалар, плакаттар жапсыруға, баннерлер орнатуға тыйым салынады.
– Аталған үгіт-жұмыстары қай уақыттар аралығында жүргізіледі?
– Үгіт-насихат жұмысы аудандық ұйымдастыру комитеті жасап берген желілік кесте аясында 7-ші қыркүйек және 3-ші қазан аралығында жүреді. Ескерте кететін жайт, дауыс беру күні кандидаттар дауыс беру учаскесінде үгіт-насихат жұмыстарын жүргізе алмайды. Осы уақыт аралығында барлық кандидаттар дебатқа түседі. Яғни кандидаттар өздерінің сайлауалды бағдарламасын түсіндіреді. Партия мүшелерімен кері байланыс арқылы сұрақ-жауап болады.
– Дебаттың әділ өтуі үшін қандай шаралар қарастырылған? Партия мүшелері кандидаттарға сұрақтарын қалай қояды?
– Дебаттың әділ өтуі үшін кандидаттар арасында жеребе тартылады. Дебат әлеуметтік желілерде тікелей эфирде көрсетіледі. Ал кандидаттар әр қарсыласына кем дегенде бір сұрақ қоя алады. Сұрақты тұжырымдау үшін 20 секунд, әр қатысушыға 3 минутқа дейін жауап беруге уақыт беріледі. Модератор залдағы аудиторияға сұрақ қоюға және партияның әлеуметтік медиа аккаунттарына келіп түскен сұрақтарды айтуға құқық бере алады.
– Еліміздің саяси жүйесінде тұңғыш рет көшбасшы партия тізімі ашық іріктеуден өткен адамдардан құралатынына сенім мол. Жалпы аламанға қатысуға ниет білдірген кандидаттарға не айтасыз?
– Ел мүддесі үшін еңбек етемін деген жерлестерімді қоғамдағы өзекті мәселелерді шешуде өз бағдарламаларын ұсынып жатқан кандидаттарға тек сәттілік тілеймін.
– Сұхбатыңызға рақмет!

Әңгімелескен Қуат АХЕТОВ


04 қыркүйек 2020 ж. 220 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№73 (9652)

22 қыркүйек 2020 ж.

№72 (9651)

19 қыркүйек 2020 ж.

№71 (9650)

15 қыркүйек 2020 ж.

Сұхбат

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қыркүйек 2020    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123456
78910111213
14151617181920
21222324252627
282930