» » » Тәуелсіздік – ең басты құндылығымыз

Тәуелсіздік – ең басты құндылығымыз

Қазақ елінің тәуелсіздігіне биыл 30 жыл толмақ. Бостандықты аңсаған халқымыз бүгінде әлемдегі дамыған елдер қатарында бейбіт өмір сүруде. Қиындықтарды болжай алған Елбасының сарабдал саясаты жемісін берді. Тәуелсіздіктің үш онжылдығын артқа тастадық. Аз ғана уақыттың ішінде қазақ елін әлем танып үлгерді. Жастардың шетелде білім алуына жағдай жасалды. Қазақ тарихының жаңа беттері ашылды. Азат елдің шыққан шыңдары мен алған жарқын белестері өркениетті елдер тамсанып көз тігетіндей, көз тігіп қана қоймай, өздерінің тарих беттеріне қашап қалдыратындай заңғарға көтерілді. Осындай шұғылалы сәтте екі дәуірдің де куәсі болған Жалағаш аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы, елдің ардақты азаматы Садық Әлиевтен тәуелсіз елдің кешегісі мен бүгінгісі жайлы және өзге де егемендік жолындағы маңызды оқиғалар төңірегінде айтып беруін сұраған болатынбыз.
– Садық Әлиұлы, елдің тарихы мен саяси өмірін тереңнен зерделейтін ел ағасы ретінде айтулы мерекенің мәні мен маңызына тоқталсаңыз...
– Ата-бабамыздан бері қарай тәуелсіздік жолында күрескен, азаттықты аңсаған ел болатынбыз. Кеңес үкіметі тұсында керегеміз кең, тереземіз тең ел болдық дегеннің өзінде де көп жағдайда бізде еркіндік болған жоқ. Кеңес дәуірін де, одан бергі тәуелсіздікке жету жолындағы елімізде болған қиындықтарды көзбен көріп, көңілге тоқып, оның жақсы-жаман жақтарын зерделеп отырдық. Кеңестік дәуірде абсолюттік еркіндік болды деп айта алмаймын. Үлкен алып империя құрылды. Соның қарамағында одақтас республикалар қатарында біздің еліміз де орталыққа бағынды, онсыз ештеме шеше алмады. Партия басқарды. Орталықтағы жоғарғы биліктен жоспарлар түседі. Оны орындатуға талап жоғары болды. Қазіргідей еркіндік, өз қалауымен іс жасау кеңестік кезеңде болған жоқ. “Социалистік қоғам құрамыз, халық бірдей болады, пайда ортақ болады” деп жекешелікке жол берілмеді. Жекешелікте кішкене пайда болса, оны заңмен, партиялық тәртіппен жазалап отырды. Өз пікіріңді айту, ашық демократия, адамның пікірімен санасу ол заманда болды деп айта алмаймын. Ал Кеңес қоғамының берген игілігі де бар. Ол аз емес. Оны да жасырмаймыз. Бірінші қазаққа білім берді. Біз білім жөнінен қалыстау қалғанымыз рас. Бізде тек діни оқу болды. Оның өзін қолы жеткен алды. Жаппай оқу болған жоқ. Кеңестік дәуірдің пайдасы сауат ашу қарқын алды. Оның мақсаты – әріп таныту, есеп-санақ жұмысын игерту. Екінші сатыда бастауыш білім аласың деді. Оны еріктен тыс жүргізді. Одан соң жаппай орта білім алуға да міндеттеді. 1950 жылдардың ортасында мемлекеттік бағдарлама жасалып, қаулы шығып, жаппай орта білім алу басты назарға алынды. Сөйтіп Қазақстанда 100 пайыз болмағанмен де, 80-90 пайыз адамдар орта білім алып шықты. Бұл жағынан біз мәжбүрлегенмен де, кеңестік дәуірдің қамқорлығын сезіндік. Соның арқасында интелегенция қалыптасты. Ғылыми интелегенция, жазушылар, журналистика, медицина дамыды, мамандар жетілді. Экономика жүрді. Бірақ бір-ақ нәрсе болған жоқ. Ол еркіндік пен тәуелсіздік еді. Кешегі 1991 жылдан бері қарай Кеңес үкіметі тарағаннан кейін әр мемлекет дербес бөлініп шыққанға дейін кешеуілдеп жүріп, біздің еліміз де еркіндікке қол жеткізді. Мүмкін оның саяси астары да бар болар. Бабалар аңсаған тәуелсіздікке қол жеткіздік. Бұл – үлкен жетістік. Бірақ егемендікті алғанмен жеке мемлекет болып қалыптасу оңай болған жоқ. 74 жыл Кеңес үкіметі болса, соның 50 жылдан астамын сол дәуірде өмір сүрген екенмін. Өстік, жетілдік, білім алдық, қызмет жасадық. Кешегі зейнетке шыққанға дейінгі уақыттың көп бөлігін жаңа тәуелсіз мемлекеттің қалыптасу жолына арнаппын. Мұны мен мақтан етемін. 1991 жылдан зейнетке шыққанға дейін мемлекетіміздің нығаюына, экономикасының дамуына еңбек жасаппыз. Аллаға шүкір, аудан көлеміндегі елдік мүддеге атсалысып, жас мемлекеттің гүлденуіне үлес қосқаныма өзімді бақытты санаймын. Алып империя қалыптастырған жүйе күйреді. Бұл тұрғыда Тұңғыш Президент Н.Назарбаевтың кітабында жазылған. Сол алғашқы тәуелсіздікке қол жеткен тұста Президент болып отырған уақытта мемлекеттік қордың қазынасында бір тиын ақша болмаған. Сол кезеңнен бері қазір отыз жыл уақыттағы жеткен жетістігіміз, тапқан табысымыз ұшан теңіз. Ғалымдар 30 жылды үш этапқа бөледі. Бірінші он­жыл­дықты дербес еліміздің алғашқы қалыптасуы, 2-ші онжылдықты іргемізді нығайтқан жыл, 3-ші онжылдықты кемелденген жыл деп топтастырған. Елбасының осы жыл­дардағы еткен ерен еңбегін, көрегендігін айтуға тиістіміз. “Мемлекеттік басқаруда қандай жолмен жүреміз?” дегенде, Елбасы бірден Президенттік жолды таңдады. Егемен еліміздің алғашқы заңдары Президент жарлығымен шығарылды. Осы үлкен жұмыс болды. Ел өмірінде шешуші рөл атқарды. Экономикадағы нарық дегеннің ешкім мәнін білмеді. Оның заңдары жоқ болды. Біздің өз ақшамыз, валютамыз болған жоқ. Алғашында орыстардың рублімен жүрдік. Қаппен арқалайтын ақша болды. Құны болмады. Бұл қиындықты терең бағамдаған Елбасы Англияға құпия түрде өз ақшамызды шығаруға тапсырыс берген. Осылайша 1993 жылдың қараша айында біздің өз валютамыз айналысқа кірді. Бірақ ақшаның Қазақстанға жеткізілуінде қиындық болған. Ұшқан ұшақ бір май құю бекетімен елге жете алмайды. Міндетті түрде Ресей арқылы өтуі керек. Онда кеден бар. Ол тексерістен өткізеді. Сондықтан Ресей арқылы жүрмей, Оралға жетіп қонатын қылып бағдарлаған. Осылайша өзіміздің төл теңгемізге қол жеткіздік. Астанаға орталықты көшіру де саяси шешімнің үлкен жемісі деуге болады. Оған да қарсы шыққан адамдар болды. Бірақ қиындыққа мойымай, өзінің табандылығының арқасында елдің Тұңғыш Президенті қазақ елінің орталығын Астанаға көшірді. Жас мемлекеттің іргесін қалыптастыру жолында осындай қадау-қадау жұмыстар атқарылғанын кейінгі ұрпаққа жеткізу біздің, аға ұрпақтың парызы деп ойлаймын.
– Азаттықтың бізге берген жемісі қандай? Осы орайда ауданда жасалған ауыз толтырып айтатын жетістіктерге тоқтала кетсеңіз...
– Әрине аудан халқы да барлық егемендік алуға дейінгі, кейінгі ауыр жылдарды бастан өткерді. Шаруашылықтар да ырғақпен жұмыс атқара алмады. Қаржы тапшылығына кездесті. Мемлекеттік қолдау жоқ. “Өз күніңді өзің көр” деген ұстаным болды. 1991 жылдары ауданда Кеңес үкіметінің ауыр жылдарында Қарақұм мен Қызылқұмда қой төлдетіп жатқан кезде қойдың саны 130 мың, 25 мыңның шамасында ірі қара, 15 мыңдай жылқы, 1500-2000 шақты түйе болды. Соның бәрі 2-3 жылда жоқ болды. Өйткені шаруашылықтарда ақша жоқ еді. Осылайша ірілі-уақты малдар тауар айырбасқа кетті. Азды-көпті өндірген күрішті салыққа төлейді, халыққа айлыққа береді. Салық та түспейді. 2000 жылдан бері қарай жағдай жақсара бастады. Біз қызмет істеп жүргенде бюджеттің көлемі қазіргі бюджеттің жүзден біріндей-ақ болды. Қазір аудан бюджеті 11 млрд теңгені құрайды. Сол кезеңде жұмыстан қысқарту орын алды. Зейнетақыны 5-6 ай алмаған қиын кездер болды. Дәрігерлер мен мұғалімдердің еңбекақысы екі-үш айға дейін төленбеді. Ал қазір қарап отырсаңыз, бұрынғымен салыстыруға да келмейді. Біздің ауданның негізгі айналысатыны ауыл шаруашылығы болғандықтан, осы бағытта айтсам, қазір қай шаруашылыққа барсаңыз да Кеңес одағында көрмеген жаңарған техникалар сап түзеп тұр. Өзім 1961 жылдан шаруашылықта жұмыс жасадым. Бұрынғы кеңестік дәуірдің мықты деген шаруашылықтарындағы техникалар қазіргі қолданыстағы техниканың оннан біріне жетпейді. Өзім Таң совхозында 10 жыл еңбек еттім. Ауданның сол кездегі төрт шаруашылығына мемлекет тарапынан жер тегістеліп, шаруашылық орталығының құрылысы салынып берілді. Барлық негізгі күрделі құрылыстарды мемлекет өз есебінен салғандықтан шаруашылықтың тапқан пайдасын алып қойып отырды. Шаруашылық басшысының қолы байлаулы болды. Жоспарланған жұмыстан басқа құрылыс салуға, ауылды көркейтіп дамытуға ерік берілмеді. Соның нәтижесінде ауыл орталықтарында бір типті, сүреңсіз құрылыстар салынды. Қазір өзім кезінде жұмыс жасаған Таң ауылына қарасаңыз, қандай көркейген. Шаруашылық басшысы тапқан табысын қалай жұмсап, қандай іс жасаймын десе де ерік өзінде, мүмкіндік зор.
Сондықтан замананың жарқын кезеңі еркіндік алып, еңсе тіктегелі келді деп ойлаймын. Тәуелсіздік тұсында құрылыс қарқын алды. Қарап отырсаңыз, үлкен әлеуметтік маңызы бар құрылыстарды салуға бүгінде 1-2 жыл ғана уақыт кетуде. Зәулім тұрғын үйлер бой түзеуде. Біздің ауданда мектеп құрылысы жөнінен ешқандай проблема жоқ, бәрі біртіндеп жаңарып жатыр. Мәдениет үйлері, клубтардан жаңармағаны саусақпен санарлық қана. Спортқа арналған құрылыстар жеткілікті. Тіпті жеке адамдар ел игілігі үшін өз қаржысымен ғимарат салуда.
Мінекей, оның дәлелі аудан орталығынан бой көтеріп жатқан бассейн мен мешітті айтуға болады. Аудандық емхана, аурухана ел игілігіне қызмет етіп тұр. Олардың барлығы қазіргі талаптарға сай заманауи жабдықталған. Оқушылар үйі, музыкалық мектеп қайта салынып жатыр. «Наркескен» спорт клубы, спорт мектебі, балаларға арналған ойын алаңдарына қарасаңыз көз тояды. Бұл жағынан біздің аудан ешбір ауданнан кем емес деп ойлаймын. Қандай кәсіппен айналысамын десеңіз де жол ашық. Міне, біз осындай елдегі орын алған қаншама қиындықтан бекем бірлік, тұтасқан ынтымақ, ерен еңбектің, Тұңғыш Ел Президенті болған Н.Назарбаевтың көреген саясаты мен ұтқыр шешімінің арқасында шығып, іргелі, тұғыры биік тәуелсіз мемлекетке айналдық.
– Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында көрсетілген құндылықтарды игеру жолында біз қандай рухани жетістіктерге қол жеткіздік?
– Бұл да өзі дер кезінде көтерілген мәселе. Соның арқасында біз тарихымызға оралып, оны зерттеуге, ұмыт болған дүниелерді қалпына келтіруге қол жеткіздік. Ең ары жағы тарихи, мәдени ескерткіштерге дейін есепке алынып, қайта қалпына келтірілді. Осы орайда айта кетейін, біздің Түмен атамыздың үйтамы бар. Соған мемлекеттен қаржы бөлініп, қалпына келтірілді. Енді сол рухани, киелі орындарға халықтың қиналмай жету мәселесін шешу мақсатында оған жол тарту да қолға алынуда. Қанша тарихи тұлғалар танылып, өшкеніміз өмірге келіп, елге танылып жатыр. Ұмыт болған салт-дәстүріміз, рухани құндылықтарымыз қайта жаңғырып, ел өміріне жаңалық әкелуде. Мұның бәрі сол “Рухани жаңғыру” бағдарламасының игілігі деп есептеймін.
– Қазіргі жастардың бойындағы патриоттыққа қандай баға бересіз?
– Жастар туралы пікір білдіргенде өзім басшылық жасап отырған ардагерлер ұйымының жас буынмен жасап жатқан жұмысын айта кеткім келеді. Біз жастармен жиі кездесіп тұрамыз. Сондағы байқағаным, олардың интелектуальдық дамуы ерекше. Қазіргі жаһандану заманының, халықаралық қатынастардың, ақпараттың көптігінің игілігі болар, жастар өте сауатты. Бірақ ұлттық тәрбиемен сусындап, оны ұмытпаса деймін. Ата-бабамыздың тарихын білу, отаншылдыққа тәрбиелеу – біздің аға ұрпақтың міндеті. Жақында ғана оларды 7 мамыр – Отан қорғаушылар мерекесіне орай Ауған соғысы ардагерлерімен кездестірдік. Бірақ бір аңғарғаным, олардың ішінде біз патриот болсақ, осындай өжеттікті бойға сіңірсек деген көзқарасы бар баланы кездестірмедім. Соған кішкене толқыдым. Осы тұрғыдан алғанда кеңестік кезеңдегі патриоттық тәрбиені мойындамасқа болмайды. Сол кезеңнің біздің заманның ұрпағына берген пайдалы тұсы да осы ма деп қалдым.
– Латын әліпбиіне көшу жөнінде қандай ұсыныс-пікірлер айтар едіңіз?
– Латын әліпбиін қолданысқа енгізу жөніндегі көзқарасқа шешімім оң. Оған келісемін. Біз үшін таңсық емес. Сауат ашу кезінде төте оқуда араб әрпімен сауат ашты ғой. Одан кейін латынға келді. 1940 жылы барып кириллицаға көштік. Кириллицамен оқып келе жатқанымызға 81 жыл болыпты. Бір ой туады. 81 жылдағы біздің тарихымыз кирилл әрпімен жазылды. Сол жылдардағы ғылыми зерттеулер, мұрағаттар, баспа өнімдері, кітаптар, газет-журналдар сол әріппен жарық көрді. Латынға көшуге қарсы пікір айтатындар осы жазылған тарихты кейінгі ұрпақ оқи алмайды деп бағалайды. Бірақ мәселе оған келіп тірелмейді. Өйткені қазіргі ұрпақ өте білімді, көп тілді меңгерген, икемді болғандықтан олар тарихты кез келген тілде зерделей алады. Кеңес дәуіріндегі түркі тілдес халықтың бәрі латынға түгел дерлік көшті. Тек біз ғана қалдық. Бұл бізді түркі тілдес халықтың мәдениетімен, тарихымен, ғылыми жетістіктерімен, әдебиетімен байланыстыратын ортақ тіл деп ойлаймын. Бірақ латынға кешеуілдеп өткеніміздің де пайдасы бар деп есептеймін. Өзбекстан бірден өтіп кетті. Бірақ қиындық туды. Бірнеше өзгерістерді бастан кешірді. Біз бауырлас елдердің тәжірибесін екшеп келіп, өзімізге қолайлы тұсын таңдасақ, өте орынды деп ойлаймын. Латынға көшу – ұлттық ұлықтылығымыздың ұтымды тұсы.
– Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев та өз мақаласында «Халықтың тілі – халықтың төлқұжаты. Мұны әрдайым есте ұстау керек. Біле білсек, ұлттық қауіпсіздік тілімізді қадірлеуден басталады» деген болатын. Шынында тәуелсіздік деген кезде ана тіліміздің болашағы да елді ойландыру керек деп ойлаймын. Өз тіліміздің мәртебесін кө­теру үшін келер ұрпақ қандай мәселелерді қаперге алу керек деп ойлайсыз?
– Тіл мәселесіне келсек, 30 жылдық тәуелсіздік алғандағы дау-дамайдан арылмай келе жатқанымыз рас. Алғашқы кезде түсінуге болады. Республикада 40 пайыз қазақ болды. Қазір 60-70 пайызға жеттік. Енді меніңше тілді батыл енгізу керек деп ойлаймын. Қарап отырсаңыз, орысша мектепте оқитын балалардың көпшілігі көзі қарақты, көкірегі ояу қазақ отбасының балалары. Орыс тілді мектептердің санын азайту да керек секілді. Қазақша мектепті оқыған бала мен орысша оқыған баланы салыстырсаң, екеуінің айырмашылығы әжептәуір. Ұлттың болмысы, салт-санасын, тілін, дінін мейлінше терең зерделейтін, туған тілін қастерлейтін ұрпақ қалыптастыру үшін қазақ мектебінде білім алу маңызды. Қазіргі мемлекеттік қызмет жасайтындарға өз тілін мейлінше білу жөнінде қатаң талап қою керек деп есептеймін.
– Тәңір сыйлаған тәуелсіздіктің мерейлі шағын көру сіз үшін де, біз үшін де, келер ұрпақ үшін де нағыз бақыт деп ойлаймын. Олай болса, тұғырлы мереке құрметіне сіздің ізгі лебізіңізбен бүгінді сұхбатты түйіндесек...
– Тәңір сыйлаған тәуелсіздік еліміздің ұлы мұраттарына, игі мақсаттарына қызмет жасасын. Азаттығымыз мәңгілік, еркіндігіміз ғұмырлы, тәуелсіздігіміз тұғырлы, еліміз аман, жұртымыз тыныш болып, қазақ елінде бейбітшілік салтанат құрсын деп тілеймін!
– Сүбелі сұхбатыңыз үшін рахмет!

Сұхбатты жүргізген Гауһар ҚОЖАХМЕТОВА

25 мамыр 2021 ж. 189 0