» » » Көгілдір отынның игілігін көргіңіз келсе...

Көгілдір отынның игілігін көргіңіз келсе...

Қолға алынған жарқын жобалардың барлығы ауданның әлеуметтік-эко­но­ми­калық дамуына септігін тигізері кәміл. Қазір Жалағаш бұрынғыдай емес, жыл санап өсіп-өркендеп, көркейіп келеді. Өңірде биыл да елді елең еткізердей елеулі істер, жүйелі жұмыстар жүруде.  Ең бастысы қандай жұмыс атқарылса да елдің кемел келешегі үшін жасалуда. Ендеше толайым табыс пен дамуға бастайтын көш ілгері істердің ішіндегі ең маңыздысына тоқталайық.

2019 жылы «Тереңөзек-АГТС-тен Жалағаш-БГРП-ға дейін 1,2 МПа жоғары қысымды бұрма-газ құбырын және Жалағаш кентінің орамішілік газбен жабдықтау желілерін салу» жобасы бойынша тиісті жұмыстар басталған еді. Содан бері кезең кезеңімен жүзеге асқан жүйелі жұмыстың нәтижесінде көгілдір отын тұтынатын күнге де жеттік. Жалағаштықтар үшін биылғы жылдың басты қуанышы да осы болды. Қазіргі таңда Жалағаш кенті орталығында газдандыру жұмыстары толығымен аяқталып, көгілдір отын келіп тұр. Дегенмен көгілдір отынды үйіңізде іске қосу үшін біршама құжаттарды жинақтауға тиіссіз. Сонымен тұрғындар қандай құжаттар дайындайды? Ендігі жерде нендей шаралар істелуі керек? Осы және өзге де сұрақтарға жауап алу үшін «Қызылорда газ тарату жүйесі» мекемесінің аудандағы учаске басшысына жолықтық.

– Құрметті Сәбит Жанашев, өзіңізге белгілі тұрғындар арасында күмәнді ойлар мен жауапсыз сұрақтар көбейді. Көпшілік көгілдір отынның әлі күнге іске қосылмағанын айтуда. Бұл жөнінде не дейсіз?

– Аудан орталығын табиғи газға қосылуын тұрғындар асыға күтуде. Бүгінде Жалағаш кенті бойынша 235 тұрғын үй және 4 әлеуметтік мекеме табиғи газға қосылуға дайын. «Қызылорда газдандыру жүйесі» ком­муналдық мемлекеттік мекемесінің Жалағаш кенті учаскесі қабылдау жұмыс­тарын жүргізуде. Бүгінде мекеменің Жалағаш кенті учаскесі жұмысын бастады. Бұл жерде 5 маман жұмыс істейді. Учаске бастығы, 1 дәнекерлеуші және 4 ұста халыққа қызмет көрсетуде. Содан бері аңғарғанымыз, тұрғындар арасында күмәнді ойлар мен жауапсыз сұрақтар көп. Алайда мен мұны негізсіз деп айтар едім. Өйткені қазіргі таңда аудан орталығындағы барлық көшеге газ желілері жүргізілген және желілердегі газ қысымы қалыпты.

Бірден айтайын, кент көшелеріндегі газ желілерінде көгілдір отын бар. Тұрғындардың «Желіде газ жоқ» деп айтып жүргені жалған ақпарат. Кім үйіне газ орнатқысы келсе, біздің мекеменің аудандағы учаскесіне хабарласып, кеңес ала алады, ретімен көгілдір отын игілігін көреді. Сондықтан алаңдауға негіз жоқ. Барлық жұмыстар жоспарға сәйкес қалыпты жүргізілуде. Тіпті атқарып жатқан жұмысымыз аудан әкімінің тікелей назарында.

– Осы ретте, «Үйіне газ орнат­қысы келетін азаматтар ең алдымен жұмысты неден бастауы қажет?» деген сұрақ туындайды. Осыған тоқталсаңыз, бағыт-бағдар бер­сеңіз...

– Ең алдымен жеке тұрғын үй иесі «Қызылорда газ тарату жүйесі» меке­месінің Жалағаш кенті бойынша учаскесіне екі түрлі өтініш жазады. Әйтеке би көшесі №28 мекенжайдағы бұрынғы кент әкімшілігі мекемесінің ғима­ратында орналасқан. Өтініш үлгі­сі мекеме тарапынан беріледі. Бі­рінші өтініш техникалық шарт алу үшін жазылса, екінші өтініш жүргізілген газ желісінен газ реттегіш пунктіне көгілдір отынның берілуі жөнінде болады. Өтінішке үйдің құжаттары, яғни мемлекеттік орган шешімі, меншік иесі екенін растайтын анықтама, мемлекеттік актісі, техникалық паспорты, тұрғын үй иесінің жеке куәлігі, жер учаскесінде орналасқан тұрғын үйдің сызбасы қоса тігіледі. Өтініш қабылданғаннан кейін бес жұмыс күні ішінде «Қызылорда газ тарату жүйесі» мекемесі тарапынан техникалық шарт беріледі. Атап өту керек, техникалық шарт тегін беріледі.

– Бұдан кейін көгілдір отынды кім іске қосып береді? Бұл да сіздердің құзырларыңыздағы жұмыс па?

– Келесі кезекте техникалық шарты бар тұрғын монтаждау жұмыстарын жүргізу үшін мердігер мекемелердің көмегіне жүгінеді. Бүгінде Жалағаш кентінде 11 мердігер мекеме өз қызметін халыққа ұсынуда. Олар монтаждау жұмыстарын шамамен үш жұмыс күні ішінде әзірлейді. Монтаждау жұмыстары барысында тапсырыс беруші тұрғын дәнекерлеу жұмыстарының сапалы сапалы жүргізілуін, трубалардың түзу жалғануын ескеріп, кейін қосымша сұрақтар туындамайтындай жағдайда қабылдауы керек. Бұл кезеңдегі жұмыстардың құжаттарын мердігер мекеме дайындайды. Оның ақысы мекеме мен тапсырыс беруші арасында келісіледі. Өйткені әр мекеменің ұсынатын қызметінің бағасы әртүрлі. Осы жұмыстар аяқталғаннан кейін мердігер мекеме құжаттар топтамасын «Қызылорда газ тарату жүйесі» мекемесінің Жалағаш кенті бойынша учаскесіне өткізеді. Құжаттардың талапқа сай екенін тексеруге шамамен екі жұмыс күні кетеді. Міне, осы жұмыстар аяқталғаннан кейін тұрғын үй көгілдір отынға қосылады. Газдандыруға қатысты мәселе туындағанда тұрғындар 109 авариялық нөміріне хабарласуларына болады.

Біздің негізгі мақсатымыз халыққа сапалы және қауіпсіз газды жеткізуді ұйымдастырып, ақау болған жерлерді жөндеу болып табылады. Мысалы, бір көше бойында су құбырлары ауыстырылып жатқанда газ құбырларына зақым келуі мүмкін. Сол кезде біздің мамандар оны қалпына келтіріп, қауіпсіздікті қамтамасыз етеді. Сондай-ақ үйге газ кіргізілгенде оның құжаттарын рәсімдеу мекеме арқылы іске асырылады.

– Қазіргі таңда «Көгілдір отын бе­ріледі» деген соң жалағаштықтар монтаждау жұмыстарына кірісті. Бұл бағытта мердігер мекемелерге қандай талаптар қойылады?

– Әрине, газ берудегі басты мәселе ол – қауіпсіздік екені айтпаса да түсінікті. Осы үшін тұрғын үй иесіне техникалық шарт беріледі. Мердігер мекемелер монтаждау жұмыстарына осыдан кейін ғана кірісе алады. Осы бағытта жұмыс жасап жатқан «Жаңа ай» ЖШС, «КазЭнергоПроектСтрой» ЖШС, «KzStroy company» ЖШС, «Шыңғысхан және К» ЖШС, «Газреммонтаж» ЖШС және «Жүніс және К» ЖШС, «Elite StoryKZO» ЖШС, «GAZ NEFT SERVICE» ЖШС, «ДосСтройПроект» ЖШС, «ПСК Сәулет» ЖШС тұрғын үйлерге газ орнатуда. Негізі, газ орнататын кезде мердігер мекеменің лицензиясы және сол мекеме дәнекерлеушісінің рұқсат қағазы болуы керек. Содан кейін барып оларға монтаждау жұмыстарына рұқсат етілмек. Бүгінде кейбір мердігер мекемелер газдандыру жұмыстарына қатысты құжаттарды өздері рәсімдейтін жеңілдіктерді ұсынуда. Бұл ретте, мекеме мен тұрғын үй иесінің арасында келісімшарт болуы керек. Үй иесі мердігер мекеме өкіліне нотариус арқылы сенімхат беріп, сол арқылы құжаттар жинақталады. Дегенмен, ол құжаттарды бізге әкеліп өткізеді.

– Көгілдір отын­ның игілігін көремін деген жала­ғаштық ағайын барлық құжат­тарды рәсімдеп болған соң, не істемек? Газдың тарифін алдын ала төлейді ме?

–  Әрине, тұрғындар көгілдір отынды іске қостыру үшін тариф бойынша төлемін төлейді. Сонда ғана барып сол үйге газ іске қосылады, яғни көгілдір отынды тұтына алады. Бірақ газдың тарифі көптің қалтасына ауыр тиетіндей емес. Мәселен, көгілдір отынның 1 кубы 18,99 теңгені құрайды. Сонда қараңыз, тұрғын тамақ әзірлеу үшін 2 250, үй жылыту үшін 3 850, ыстық су пайдалану үшін 3 520 теңге төлесе жеткілікті. Осы тұста тұрғындар түсінуі керек, көгілдір отын ауданға келіп тұр, бірақ оны үйді-үйді кіргізу жұмыстары үшін жергілікті халықтың өзі қимылдауы керек. Яғни бізге келіп, сұраныс тастаған адамдарға жолын көрсетеміз, қандай құжаттар дайындалатынын жаңа жоғарыда атап өттім. Осы құжаттар дайындалса, көгілдір отынды іске қосу үшін төленетін тариф өтелсе, аз ғана уақыт ішінде көгілдір отынды пайдалана алады. Осындай заңдылықтар ескерілсе, тұрғындар тарапынан түсініспеушілік туындамаса екен дейміз. Бастысы, тұрғындардан өтініш түссе болды, мердігер мекемелер сол үйді газға қосып беруге ынтамен жұмыс жасайтын болады.
Тағы бір айта кетерлігі, тұрғындар газ пешін алғанда оны сатушы мекемеге орнатып беруді айтып, тексертіп алғаны дұрыс. Бұл көгілдір отынға қосылар кезде мәселе туындамас үшін қажет. Ал ескертетін жағдай, тұрғындар өздігінен газ монтаждау жұмыстарын жіргізе алмайды. Мұндай жауапкершілігі мол жұмыс тек арнайы мамандандырылған мекеме қызметкерлеріне ғана рұқсат етілгенін ескертемін.

– Әңгімеңізге рақмет.
Сұхбаттасқан Нұржамила АЛМАСҚЫЗЫ
19 шілде 2021 ж. 856 0

№60 (9740)

31 шілде 2021 ж.

№59 (9739)

27 шілде 2021 ж.

№58 (9738)

24 шілде 2021 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Тамыз 2021    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031