» » » АГРАРЛЫҚ ҒЫЛЫМҒА АРТЫЛАР МІНДЕТ АУҚЫМДЫ

АГРАРЛЫҚ ҒЫЛЫМҒА АРТЫЛАР МІНДЕТ АУҚЫМДЫ


Аграрлық саясат еңбек өнімділігін арттырып, өңделген өнімнің экспортын ұлғайтуды қамтамасыз етсе ғана біз ауыл шаруашылығы саласында біраз белесті бағындырамыз. Технологиялар жыл сайын дамыған заманда тек егін егуді үйрендік деп бөркімізді аспанға ату жөн емес. Елбасы Н.Назарбаев та шикізатты қайта өңдеуді қамтамасыз етіп, әлемдік нарыққа жоғары сапалы дайын өніммен шығу қажеттігін ескертті. Бұл мәселені шешуде аграрлық ғылымды дамыту маңызды рөл атқарады. Сыр елі де аграрлық аймақ болғандықтан ғылымның бұл түрін ілгерілетудің тиімділігін жақсы біледі. Сондықтан өңірдегі аталған салаға қажетті мамандар дайындайтын арнаулы оқу орындарына ерекше қолдау көрсетілуде. Олардың қатарында аудандағы «Жалағаш индустриалды-аграрлық колледжі» де бар. Аталған білім ошағының жұмысымен танысу үшін колледж директоры Ғани Серікбаевпен сұқбаттасқан едік...
– Ғани Карбозұлы өзіңіз басшылық ететін арнаулы оқу орны ауыл шаруашылығы саласына қажетті мамандар дайындауда сапалы жұмыс жасап келеді. Жарты ғасырдан астам тарихы бар білім ошағында бүгінде талапкерлер қандай мамандықтар бойынша тәлім алуда?
– «Жалағаш индустиалды-аграрлық колледжі» елімізге қажетті түрлі мамандықтар негізінде кадрлар дайындауда белсене жұмыс жасап келеді. Оқу орны «Ферма шаруашылығы», «Электр станциялары мен желілерінің электр жабдықтары», «Үйлер мен ғимараттарды салу және пайдалану», «Тамақтандыруды ұйымдастыру» мен «Дәнекерлеу ісі» сияқты 5 мамандық бойынша кадрлар дайындайды. Бұлардың ішіндегі ең бастысы – «Фермер» мамандығы. Өйткені, бұл мамандық ауыл шаруашылығы саласында өнім өндіруде және сапалы өнімді экспортқа шығаруда маңызды рөл атқарады. Ауыл шаруашылығы деп жалпылама айта береміз. Бірақ, біздің ұжым оның ішінде егін шаруашылығына қажетті мамандар дайындайды. Білім алған талапкерлер өз мамандығы бойынша аталған салада қызмет ете алады. Болмаса кәсіп ашып жеке жұмыс жасауға да болады. Мысалы, қазір оқу орнында кондитерлік өнім әзірлеу бойынша тәжірибе жинап жатқан ізденушілер бар. Болашақта олардың өз алдына жеке кәсіпкер болып кетпесіне кім кепіл? Қазір ас-құдайыларда немесе той-томалақтарда ауылдық елді мекендердің өзінде мұндай өнімдерді тапсырыспен алып жатқанын көзімізбен көріп жүрміз. Алдағы уақытта осындай өнімдерді әзірлейтін маман иелерінің де жұмысы жүреді деп ойлаймын. Мемлекет кәсіпкерлік саласын дамыту үшін іскер азаматтарға немесе кәсіп ашамын деушілерге барынша қолдау көрсетуде. Мүмкіндікті пайдалану үшін жастар өзінің кәсіп ашатын саласын жете білуі керек деп ойлаймын. Ол үшін тағы да білім қажет.
– Сіздер ауыл шаруашылығына қажетті мамандар дайындайтын бол­ғандықтан талапкерлердің білім алуы көбіне іс-тәжірибеге бағытталып жатады. Ондай оқу орындарында кабинеттер техникалық базамен және қажетті құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілу қажет. Осы тұрғыда ізденушілерге бар­лық жағдай жасалған деп айта аласыз ба?
– Қазіргі таңда біздегі мамандықтарға сәйкес кабинеттерді қажетті құрал-жаб­дық­тармен, кітаптармен қамтамасыз еттік. Сон­дықтан, олардың білім алуына барлық жағдай жасалған деп толықтай айта аламын. Мәселен, теориядан механизатор мамандығы бойынша оқитын болса, ол білім ошағында міндетті түрде арнайы кабинет, лаборатория­­­сы мен техника болуы қажет. Бүгінде бізде оның барлығы бар. Соңғы 10-15 жылда бұл оқу орнында кітаптар қоры жаңармаған еді. Осыны ескере келе өткен жылы 1500 кітап сатып алдық. Оның ішінде 500-і жалпы пәндерге қатысты болса, қалғаны талапкерлердің таңдаған мамандықтарына қажетті оқулықтар. Бір жағынан оқушыларымыз да салауатты өмір салтын ұстансын деп спорттық алаң салдық. Негізінен мұндай мамандық дайындауда тәжірибе жинау маңызды рөл атқарғандықтан барлық кабинет қажетті техникамен қамтамасыз етілуі қажет. Бұл тұрғыда бізде шәкірттердің білім алуына да, тәжірибе жинауына да ешқандай кедергі жоқ. Білім саласында жыл сайын өзгерістер орын алып жатады. Сіздердегі білім беру жүйесіне оның әсері бар ма?
– Соңғы жылдары колледж дуалды оқыту жүйесіне көшті. 2011 жылы Елбасы Германияға сапары барысында бұл жүйенің тиімділігіне көз жеткізіп, бізге де осындай жүйе қажет деген шешімге келді. Бұл – дұрыс шешім. 2014-2015 жылдан бас­тап біз де облыстық білім басқармасының тапсырмасымен дуалды оқыту жүйесі ар­қылы шәкірт тәрбиелеп жатырмыз. Талапкерлерге білім берудің бұл тәсілі экономикасы дамыған мемлекеттерде өз жемісін беруде. Мұнда балалар баяғыдай тек кабинетте кітап оқумен ғана білімін жетілдірмейді. Тәлім алып жатқан барлық шәкірт өз саласы бойынша тәжірибе жинайды. Мәселен, 2 жыл 10 айда 4 мың сағат білім алу қажет болса, оның 3 мың сағатында іс-тәжірибеден өтуі тиіс. Бұл ойлап қарасақ шынымен де тиімді. Өйткені, бала кабинетте кітап оқи бергенмен игеріп жатқан саласында кішкене де болса тәжірибе жинамаса, одан сапалы маман шығуы екіталай. Сондықтан бұл жүйені енгізуде біздің ұтарымыз көп. Ал, екінші енгізген жүйе – модульдік-құзіреттілік. Мұнымен білім алған шәкірттердің келешекте жұмыс табуы жеңілдейді. Бізде жаңағы атап өткен 4 мың сағаттың мың сағатын кондитерлік өнім әзірлеуге, тағы мың сағатын тамақтандыру ісіне, тағы бір бөлігін аспазшылыққа бөлеміз. Сонда біздегі талапкерлердің ертең дипломында бұл мамандықтардың барлығы болады. Мәселен, бір кәсіпорынға аспазшы қажет болмаған жағдайда оған кондитерлік өнім әзірлеуші немесе тамақтандыру ісінің маманы қажет болуы мүмкін. Бұл жүйенің жемісін сол кезде көре аламыз. Аграрлық салаға қажетті мамандықтар бойынша да дәл осындай жүйеде жұмыс жасап жатырмыз. Бір сөзбен айтқанда болашақта модульдік-құзіреттілікпен білім алған маман жұмысқа орналасуда кедергіге тап болмайды.
– Осыдан бір жыл бұрын жұмыс­сыз­­дыққа байланысты сала мамандары­­­мен сұқбат барысында аудандағы жұ­­­­­мыссыз жас­тардың ішінде аграрлық бі­­­­­ліммен жұ­мыс таппай жүрген жандарды кө­ре алмадым. Көбісі мұғалімдік және тағы бас­­қа сала бойынша дипломы бар жандар. Ал, сіз жастардың аграрлық білімге қы­зы­ғу­шылығын қалай бағалайсыз?
– Қазіргі жастардың бойында ғылымның бұл түріне деген қызығушылық жоқ емес, бар. Бірақ, көбіне ата-аналары қарсы болып жатады. Бірі балам мұғалім болса екен дейді, енді бірі дәрігер болса деп армандайды. Әрине, біз барлығының өз саласы бойынша жұмыс тапқанын қалаймыз. Алайда, бәріне бірдей жұмыс табыла бермейді ғой. Сондықтан ата-аналар неқұрлым қазір қажетті мамандықтарға балаларын оқытса дейміз. Мен мысалға аудандағы маңдайалды шаруашылықтардың бірінің жұмысымен таныстым. Сонда әлгі шаруашылықта 60-қа жуық адам жұмыс жасайды екен. Қаншама тракторшылардың ішінде мұғалімдік, заңгер және тағы басқа мамандықтар бойынша дипломы бар азаматтар бар. Ауылға келеді, ол мамандықпен жұмыс таппаған соң басқа не істейді? Бұл менің тек көзіммен көргенім ғана. Жергілікті шаруашылықтардың ішінде мұндайлар жетіп артылады. Сондықтан қазір жастар мамандық таңдар алдында «кейін осы салада жұмыс таба алам ба» деген сауалға жауап іздеу қажет. Мен ауыл әкімдеріне елді мекендердегі шаруашылықтарда жұмыс жасайтын механизаторлардың жасына қатысты және басқа да мәліметтерге қол жеткізу мақсатында хат жолдадым. Сонда бір көз жеткізгенім аудан көлемінде жұмыс жасап жатқан механизаторлардың көбісі 58-59 жастағы ағалар. Ертең олардың ізін жалғайтын жастар бар ма? Міне, сондықтан жастар ғылымның бұл түрінің болашағына сеніммен қарау қажет. Себебі, алдағы уақытта агарлық ғылымға артылар міндет ауқымды.
– Жалпы өзіңіз ғылымның бұл түрінің тиімділігін айтып жатырсыз. Осы орайда колледжден білім алып, өз бетімен жұмысқа тұрып кеткен немесе жетістікке жеткен шәкірттеріңіз бар деп айта аласыз ба?
– Жетістікке жеткен шәкірттеріміз бар. Сондай-ақ, жұмысқа орналасқан талапкерлер де жоқ емес. Халықаралық «WorldSkills Kazakhstan» ұлттық чемпионатының облыстық деңгейдегі байқауы наурыз айының соңғы күндері өткен болатын. Сайыс барысында Жалағаш индустриалды-аграрлық колледжінің «Аспаз» мамандығы бойынша Бекжан Байсақал, «Газэлектр дәнекерлеуші» мамандығы бойынша Абзал Алмас жүлделі орындарға қол жеткізді. Бекжан Байсақал өз мамандығының шебері екенін әділқазылар алқасы алдында толықтай дәлелдеді. Оның бойындағы қабілетіне қазылар алқасының қызығушылық танытқаны соншалық «West» сервис LTD компаниясы «Торғай Петролеум» асханасының бас аспазы Гүлзада Тәжібаева тұрақты жұмысқа орналасуға жолдама берді. Келесі қатысушымыз да «Алғыс хатпен» марапатталды. Бекжан Байсақал жоғарыда аталған жетістігінің арқасында тиісті мекемеге аспазшы болып орналасты. Колледж қабырғасында басқа да талапкерлеріміздің жетістігі жоқ емес. Әр салада жұмысқа орналасып, екі қолға бір күрек тапқандары қаншама.
– Ғани Карбозұлы, Елбасы «Бес әлеуметтік бас­тама» атты Үндеуінде білім алудың қолжетімділігі мен сапасын арттырып, студент жастардың жа­тақханадағы жағдайын жақсарту қажеттігін айтты. Сіздерде білім алушыларды жатақханамен қам­тамасыз ету жайы қалай?
– Бізде жатақхана мәселесі жоқ. Өткен жылдың күз мезгілінде 50 орындық жатақхананы пайдалануға бердік. Қазір барлығында шалғай ауылдар мен облысқа қарасты басқа да аудандардан келіп білім алып жатқан талапкерлер жатыр. Ол жерде барлық жағдай жасалған. Елбасы айтқандай сапалы білім алуға олардың қоныстанған жері де кері әсерін тигізбеуі тиіс. Сондықтан біз де бұл мәселеге жол бермейміз.
– Сұқбатыңызға рахмет!

Сұқбаттасқан: Кенжетай ҚАЙРАҚБАЕВ.

10 сәуір 2018 ж. 353 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№53 (9432)

17 шілде 2018 ж.

№52 (9431)

14 шілде 2018 ж.

№51 (9430)

10 шілде 2018 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Шілде 2018    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031