» » » ӨЗ-ӨЗІҢЕ САҚ БОЛСАҢ, ТӨРТ ТҮЛІК ОҢАЙ ОЛЖАҒА АЙНАЛМАЙДЫ

ӨЗ-ӨЗІҢЕ САҚ БОЛСАҢ, ТӨРТ ТҮЛІК ОҢАЙ ОЛЖАҒА АЙНАЛМАЙДЫ

Күз кірісімен күріш алқаптары ақ маржаннан арылып, шаруашылықтар шаруасын бірыңғайлайды. Мезгілдің бұл түрі егін еккен еңбеккерлерге қолайлы болғанымен қарапайым мал шаруашылығымен күнелткен жергілікті халыққа жақсы бола бермейді. Неге? Себебі, жайылымдағы қараусыз малды барымташылар қолды қылар тұс та осы шақ. Күзде күйі келіскен мал әккі ұрылардың көзіне іліксе, қындағы қанжардың құрбанына айналды дей беріңіз. Одан қалды 3 ай бойғы жалғасқан қыста да жайылымдағы малға тыныштық жоқ. Рас, жәбірленушілердің талап-арызы бойынша орын алған қылмыстар анықталғанымен, оның ашылуы көбіне кейінге қалып жатады. Оның үстіне кешегі аудан әкімінің есепті кездесуінде ауылдық елді мекендерде болғанымызда, бірқатар өңірде қорадан қолды болған төрт түлікке қатысты қылмыстардың ашылмай жатқанына куә болдық. Себеп не? Кәнігі ұрылардың әккілігі тәртіп сақшыларын әлекке салып отыр ма, болмаса жауапты органдардың жайбасарлығы ма? Олардың да жұмысын жоққа шығармаймыз. Мәселен, өткен жылдың аяғынан бастап ауданда мал ұрлығына қатысты ашылған қылмыстардың қатары қалыңдауда. Биыл бұл жұмыстар жалғасын таппаса, бәсеңдеген емес. «Осы ретте ашылған қылмыстарға қатысты күдіктілердің бұл іске бару себебі не, төрт түлікті қолды қылған барымташыларды қолға түсіруде полиция қызметкерлері нендей әрекеттер жасауда, қорадағы мал қолды болмау үшін қарапайым халыққа қайтпек керек?» деген бірқатар сауалға жауап алу үшін аудандық полиция бөлімі бастығының орынбасары Ақтау Ералиевпен сұхбаттасқан едік...
– Ақтау Мешітбайұлы, жалпы жаз мезгілінен басқа уақыттарды барымташылар қолайлы көреді. Оның ішінде осы көктем де бар. Ауылдық елді мекендерде тіпті, қорада қолды болған төрт түлікке қатысты қылмыстардың да қатары қалыңдағанына көзіміз жетті. Барымташылардың өңірде осылай өз ойын еркін жүзеге асырып жатқанына не себеп?
– Қазіргі таңда мал ұрлығы шыны керек, үлкен індетке айналып отыр. Бұл тек біздің өңірде ғана орын алып жатқан жағдай емес, жалпы, еліміз бойынша ішкі істер саласын алаңдатып отырған түйткілді мәселе. Бірақ, «Тек біздің ауданда болып жатқан жоқ екен» деп қарап отыра алмаймыз. Аудандық полиция бөлімі қызметкерлері шама-шарқынша орын алған қылмысты ашуға жұмыс жасауда. Оны да жоққа шығара алмаймыз. Дегенмен, біз олқылық орын алғанға дейін оны болдырмауға жұмыс жасасақ, барымташылардың да беті қайтар еді деп ойлаймын. Қылмыстың алдын алу тек полиция қызметкерлерінің ғана ықпалымен жүзеге асатын шаруа емес. Неге? Себебі, оған қарапайым тұрғындар да атсалысуы қажет. Бұған ауылдық елді мекендер мен кент орталығындағы аулаларда қолды болған төрт түлік мысал бола алады. Мәселен, біздің өңірде мал ұрлығына қатысты орын алған қылмыстарды ашу кезінде осындай бірнеше жағдайға куә болдық. Кейбір жәбірленушілердің «қорада қолды болды» деген малына қатысты қылмысты анықтау үшін оқиға орынына барсақ, оның үйі мен қорасының ара қашықтығы 300 метрдей болады. Бұл өз кезегінде барымташылардың айласын ойдағыдай жүзеге асыруына қолайлы. Неғұрлым ауыл шаруашылығы бағытындағы мал ұстап отырған кез келген тұрғын қораны үй ауласынан қашық жерге салмауы керек. Кейбір үйіне жақын тұрғындардың да төрт түлігі қолды болып жатады. Қарап отырсақ, онда да қауіпсіздік ережесі толық сақталмаған. Біз қаншалықты өз-өзімізге сақ болсақ, олардың да ойына келгенін жасауға үлкен тұсау болар едік. Енді бұл жерде барлық айыпты тұрғындарға сілтей беруге де болмайды. Қанша дегенмен сол іске бет алған әккі ұрылар ойын жүзеге асыру үшін барын салады емес пе? Біздікі сақтансаң сақтайдыны жадымыздан шығармасақ деген ғой.
– Кешегі аудан әкімінің есепті кездесулерінде Есет батыр ауылында бірнеше үйдің малы қорада қолды болғанына қанықтық. Осы ретте өңір басшысы қалайда бұлай еркінсіген барымташыларды тауып, заңмен жазалау қажеттігін ескерткен еді. Ол өңірдегі әріптестеріңіз қылмыскерлерді анықтай алды ма?
– Қазіргі таңда Аламесекте орын алған мал ұрлығына қатысты күдіктілер анықталды. Қылмысқа қатысы бар осы өңірдің бірнеше азаматы өткен жылдың аяғынан бастап жайылымнан және ауыл тұрғындарының қорадағы малын қолды қылып келген. Осы іске қатысты қылмыстық топтың үстінен 4 жәбірленушінің атынан арыз түскен болатын. Олар бізге 3 жылқы мен 2 ірі қараның қолды болғанын айтып шағымданды. Салдарынан жәбірленушілерге 1,5 млн теңге шамасында шығын келген. Жедел іздестіру шаралары барысында 22-31 жас аралығындағы 6 азамат қолға түсті. Қазіргі таңда топ мүшелері өздері ұйымдастырған бұл теріс әрекеттерін толық мойындап отыр. Қылмысты анықтау барысында олардың 12 және 16 калибрлі ұңғылы мылтықтарды заңсыз сақтағанын анықтадық. Олар бұл қаруды жайылымдағы малдарды ұрлау барысында қолданған. Мұнан бөлек, күдіктілерден етті тасыған автокөлік тәркіленді.
– Қылмыскерлерге қандай жаза тағайындалды?
– Қазіргі таңда тергеу амалдары әлі де жүріп жатыр. Бір айта кететіні, мұнда да кейбір тұрғындардың қауіпсіздік ережесін сақтамағаны анықталды. Мәселен, қорадан барымташының оңай олжасына айналған бір ірі қараның иесі бұрын тұрған үйінің ауласындағы қорада әлі де мал ұстаған. Бірақ, қазір өзі ол үйде тұрмайды. Ал, жайылымдағы мал ұрлығына келсек, бұл жерде де жергілікті халық ұйымшылдықпен пада қарастырса, мұндай жағдайлар сап тыйылмағанымен қатары сирейтін еді.
– Жалпы, сіздердің тараптарыңыз­дан орын алған қылмысты ашу бойынша биыл оң өзгеріс бар. Осы жұ­мыс­тар­дың нәтижесінде мал ұрлығына қатысты қылмыстар уақыт өте азайып жатыр ма?
– Біз қарапайым халықтың күнкөрісіне айналған ақ адал малын қылмыскерлерден қалайда қорғаудың қамын жасаймыз. Тіпті, оны өзіміздің міндетіміз деп те есептеймін. Бірақ, мал ұрлығының жасалу қарқынына зерттеу жүргізгенімізде қылмыстың бұл түрінің жылдан-жылға өсім алып бара жатқанын байқадық. Мәселен, 2017 жылы мал ұрлығына қатысты 41 дерек тіркеліп, орын алған қылмыстың 46,3 пайызы ашылды. Ал, былтыр 47 дерек тіркелді. Яғни, алдыңғы жылға қарағанда қылмыс 14,6 пайызға өсім алды. Сәйкесінше, олардың ашылуында да өсім бар. Ал, мерзімі үзілген мал ұрлығы 20-дан 31-ге, яғни, 55 пайызға көбейіп отыр. Өткен жылы орын алған 47 қылмыстың 35-і жайылымдық жерде барымташылардың оңай олжасына айналса, 12-сі қорадан қолды болған. Қылмыстар санының өсім алуына тағы да тұрғындардың пада ұйымдастырмауы басты себеп болып отыр. Бұл өз кезегінде тек мал ұрлығының өсім алуына ғана емес, жол апатының орын алуына да кесірін тигізіп отыр. Себебі, қараусыз мал жайылымдық жерден бөлек үлкен жолға шығып, көлік апатының туындауына кесірін тигізіп жатыр. Қылмыстың бұл түрінің биылғы өсу қарқынына келсек, өткен жылғы 2 ай мен биылғы 2 айда орын алған қылмыс саны азайған. Мәселен, өткен жылы алғашқы 2 айда мал ұрлығына қатысты 30 қылмыс тіркелсе, биылғы екі айда 10 дерек анықталды. Біздің аудандық полиция бөлімі тарапынан бір «Уаз» автокөлігімен 3 қызметкер азаннан кешке дейін кезекшілікте болады. Олар екі ауысыммен жұмыс жасайды. Күні бойы көлікпен үш қызметкер кезекшілікте болса, таңға дейін тағы келесі ауысым жұмысын жалғастырады. Яғни, бақылау үзіліссіз жүреді. Олар кезекшілік барысында ауданнан шығып жатқан көліктерге бақылау жүргізеді. Олардың ішінде мал тиеп бара жатқандар болса, оның заңдылығын анықтайды. Біз мұнан бөлек, мал ұрлығының алдын алу бойынша аудандық ветеринария бөлімімен де тығыз байланыста жұмыс жасап жатырмыз. Биылғы қылмыстың азаюына осы жұмыстардың сапалылығы басты себеп болып отыр деп те ойлаймын.
– Сіз тұрғындар пада ұйымдас­тыр­са, шығын да, қылмыс та азаяды дейсіз. Өз кезегінде пада ұйымдастырып, мұн­дай қылмыстар қатары азайған елді ме­кендер тәжірибеде бар ма?
– Әрине, бар. Мәселен, Шиелі ауданына қарасты Төңкеріс, Нартай Бекежанов ауылдарында бұл жұмыстар өз жемісін берген. Аталған ауылдарда пада бірнеше жыл қатарынан үзіліссіз ұйымдастырылып келеді. Нәтиже қалай? Бұл ауылдарда жүрген тиісті жұмыстар қылмыстар санының кемуіне ғана емес, мүлде орын алмауына сеп болды. Мәселен, Шиелі ауданына қарасты жаңағы қос ауылда соңғы 3 жылда мал ұрлығына қатысты қылмыс мүлде тіркелмеген. Сондықтан, осындай тәжірибеде бар тәсілді біздің ауданда да қолдану қажет деп есептеймін. Бұл жұмыстар аудан әкімі тарапынан да ауылдық елді мекендер мен кент әкім­де­ріне тапсырылған болатын. Өкінішке орай, ау­данда пада ұйымдастыру әлі де өз дең­гейінде жүріп жатқан жоқ.
– Мал ұрлығына қатысты қыл­мыстардың уақытылы ашылуына не кедергі келтіреді?
– Біз барынша арыз иелерінің өтінішін қанағаттандыруға тырысамыз. Дегенмен, бәрі ойлағандай бола бермейді. Өзіңіз айтып отырған кейбір қылмыстардың ашылуына кедергі келтіретін фактілер де жоқ емес. Біріншіден, тұрғындардың бізге малы жоғалған күннен біраз уақыт өткеннен кейін шағымдануы қылмыстың уақытылы ашылуына үлкен тұсау болып отыр. Мәселен, тұрғындар жайылымға қараусыз жіберген малын 2-3 күн келмей қалса, жайылымда жүр ғой деп іздемейді. Тіпті, кейбірі апталап жоғалған малын іздемей, біраз уақыт өткеннен кейін бізге шағымданып жатады. Неғұрлым жәбірленуші жедел шағымданса, қылмыс та уақытылы ашылар еді.

– Көбіне ашылған қылмыстарға қатысты күдіктілерден сауал алғанда олардың мұндай әрекетке баруына нендей себептер барын анықтадыңыздар?
– Бұл жерде әрқайсысы әртүрлі жағдайда барады. Бастысы, қылмысты са­­­­налы түрде жасап тұрғаннан кейін ол бә­­рібір қылмыскер емес пе? Енді мате­риалдық жағдайы төмен болғасын барды дейін десең, барымташылардың ішінде әлеу­­­­меттік жағдайы орташа немесе одан да жо­­­ға­рылары да бар. Оған кешегі Аламесек ауылдық округінде қарапайым халықтың ма­лын қолды қыламын деп қолға түскендер дә­лел бола алады. Олардың барлығының отбасылық жағдайы төмен емес.
– Есет батыр ауылынан бөлек басқа тағы қандай қылмыстар анықталуда?
– Жақында Аққыр ауылында 6 бас уақ малдың қорада ұрланғаны жөнінде бізге арыз түскен еді. Ізін суытпай дереу оқиға орнына біздің жігіттер барып, күдіктіні анықтады. Мұнан бөлек, бұрын Далдабай елді мекенінен қорадан 2 бас қойдың ұрланғаны жөнінде тағы шағым түскен еді. Бұл іске қатысты қылмыс та кеше ашылып, күдіктілер анықталды. Жұрттың малын ұрлап, оңай олжаға батуды көздегендер Қызылорда қаласына қарасты Қарауылтөбе ауылының тұрғындары болып шықты. Қазіргі таңда олардың қатысуымен болған басқа да бірнеше қылмыстар анықталып жатыр. Әзірге кешегі Аққыр ауылы мен Далдабай елді мекеніндегі уақ малдардың ұрлануына қатысты күдіктілерге әлі де тергеу жұмыстары жүруде. Барлығы да қылмысты жасағанын мойындап отыр.
– Сөз соңында жергілікті тұрғын­дарға айтар түйініңіз... Қорадағы мал қолды болмау үшін қарапайым халыққа қайтпек керек?
– Халыққа айтарым, өз-өзіңе сақ болсаң, барымташыға төрт түлігіңнің ешқайсысы да оңай олжа болмайды. Жайылымға малды қараусыз жібермеуді әрбір тұрғын қолға алу керек. Паданың пайдасын жаңа жоғарыда айтып өттім. Бұл өз кезегінде біздің де жұмысымызды жеңілдетеді. Мұнан кейін қораны үй ауласынан қашық жерге салмау қажет. Мүмкіндік болса, есігін құлыппен кілттеген абзал. Қазір «Ауыл ғой, кім мұндай іске бара қояды?» деген түсініктен арылу керек. Сөзімнің басында айтып өткендей сақтансақ сақтайтынын тағы да тұрғындарға ескерткім келеді.
– Ақтау Мешітбайұлы, расында соңғы жылдары орын алған қылмыстарды ашу жұмыстарының жедел жүріп жатқанын білеміз. Алдағы жұмыстарыңызға да сәттілік тілеймін. Қоғам тыныштығы, жергілікті халықтың қауіпсіздігі жолында ат­қарып жатқан жұмыстарыңыз жемісін берсін! Әңгімеңізге рахмет!

Сұхбаттасқан
Кенжетай Қайрақбаев.
30 наурыз 2019 ж. 902 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№83 (9559)

22 қазан 2019 ж.

№82 (9558)

19 қазан 2019 ж.

№81 (9557)

15 қазан 2019 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қазан 2019    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123456
78910111213
14151617181920
21222324252627
28293031