» » » «ЕЛБАСЫ АЙТҚАНДАЙ, ТАРИХТА ҚАЗАҚ ҰЯЛАТЫНДАЙ ЕШҚАНДАЙ ОҚИҒА ОРЫН АЛҒАН ЖОҚ»

«ЕЛБАСЫ АЙТҚАНДАЙ, ТАРИХТА ҚАЗАҚ ҰЯЛАТЫНДАЙ ЕШҚАНДАЙ ОҚИҒА ОРЫН АЛҒАН ЖОҚ»

Бауыржан Иманғалиев,
филология ғылымдарының кандидаты, доцент, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, Жүргеновтанушы ғалым:
«ЕЛБАСЫ АЙТҚАНДАЙ, ТАРИХТА ҚАЗАҚ ҰЯЛАТЫНДАЙ ЕШҚАНДАЙ ОҚИҒА ОРЫН АЛҒАН ЖОҚ»

1937-1939 жылдары қаншама қазақ зиялысы сол тұстағы саяси жүйенің құрбанына айналды. Қазақ жұртының көсегесін көгертеді деген небір қайраткерлер жалған жазаны арқалап, атылып кетті. Олардың қатарында жерлесіміз Қоғам қайраткері Темірбек Жүргенов пен ағарту саласында айтарлықтай қолтаңбасын қалдырған Ілияс Қабылов та бар. Кейін ел болып етек-жеңімізді жинаған шақта бұл солақай саясаттың зардабы екенін қазақ жете түсінді. Керісінше, сол бабаларымыздың әділдік жолындағы ұстанымын кейінгі буынға дәріптеу қарқын алды. Бұлай болуы да заңдылық. Себебі, олар тек қазақ емес, алты алаш дәріптеуге лайық тұлғалар еді. Кейін қуғын-сүргін жылдары жазықсыз жаза арқалағандардың қатарында болған қос тұлғамыз жайында зерттеуші ғалымдарымыз қалам тербей бастады. Олардың қатарында алғаш Темірбек Жүргенов жайында ғылыми диссертация қорғаған филология ғылымдарының кандидаты, доцент, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, жүргеновтанушы ғалым Бауыржан Иманғалиев ағамыз да бар. Жерлесіміздің ауданға бір күндік сапарын қалт жібермей жүздесіп қалуды жоспарлап та жүргенбіз. Алла сәтін салып, аға-іні болып еркін сұхбат жүргізген едік. Кейіпкерім алғашқы сөзді Елбасының мақалаларынан бастауды жөн деп тапты.
– Бауыржан Иманғалиұлы, біз өзіңізді Жүргеновтанушы ғалымдар­дың бірі емес, бірегейі деп білеміз. Себебі, өзіңіздің тұлғатануға, оның ішінде Жүргеновтің өнегелі өмір жолын жастарға насихаттауда сіңірген еңбегіңізді ел біледі. Жалпы ұлт қай­рат­керлерінің мемлекет құру жо­лындағы ұстанымынан ұтарымыз көп екенін біз де білеміз. Дегенмен, әлі де зерттеуді қажет ететін дүниелер ескерілмей жатқан жоқ па?
– Еліміз қуғын-сүргін жылдарды артта қалдырды дегенмен қазақ жерінде сол кездегі солақай саясат біздің жастық шағымызда әлі де жүріп жатты. Сонда да кеудедегі ұлтқа деген шынайы сезім, елге, жерге деген санадағы патриоттық көзқарас қандай қысымыңа да қарамайды екен. Ал, ол үшін өткенге бір сәт көз жүгіртпеу мүмкін емес. Қазаққа, жалпы біздің елдегі қоғамды түзеуге бар күшін сарп еткен бір жан болса, ол – Темірбек Жүргенов. Қоғам қайраткерінің сан саладағы ерен еңбегін әлі де жұрт толық білмейді. Ғылыми еңбектер жазылып, нақты дәйектер де келтірілді. Алайда, ендігі міндет – насихат. Өзіңіз айтып отырғандай біз осындай қайраткерлеріміздің өмір жолын дәріптеуде ұтарымыз көп. Қазір заман тыныш, бауырымыз бүтін, басымыз аман. Осындай бейбіт өмірде алдыңғы буыннан тәлім алып, елге, жерге, ұлтқа қызмет етемін деушілерге ол тұстағыдай ешқандай қысым жоқ. Сондықтан біз насихат жұмыстарын күшейтуіміз керек. Былтыр қайраткердің туған жері Жалағаш ауданында үлкен той өтті. Сонда ерен еңбегі мен өнегелі өмір жолы дәріптелген мерейтой иелерінің қатарында Темірбек Жүргенов те бар. Ұйымдастырушыларға алғысым зор, шара жоғары деңгейде өтті.
Қазір тарихқа терең бойлаймын деген кез келген қазаққа ешқандай қысым жоқ. Оның өзі тәуелсіздіктің жемісі деп білеміз. Керісінше, бүгінде арғы ата-бабамыздың өмір жолына қанығу үшін Елбасымыз арнайы бағдарламалық мақала әзірлеп берді. Кейінгі буын осы жолда аянбай ізденсе, біз жаман болмаймыз. Кешегі «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаланың да жалпы қазаққа берер жемісі көп. Тек көрсетілген бағытпен жүрсек адас­паймыз.
– Қазір ойлап отырсақ, рухани жаңғыруға бағытталған Елбасы мақаласының жарыққа шыққанына да екі жылдан асыпты. Қалай ойлайсыз, осынша уақытта бұл еңбек жемісін бере алды ма?
– Бұл біріншіден, 2-3 жылда жемісін беретін кәсіпорынға құйылған қаржы емес. Рухани дүниенің жемісін көруге біз бұлай тым асықпауымыз керек. Талпынған да дұрыс әрине. Бірақ бәрібір бұл сала уақытты талап етеді. Рас, қазір жарияланғанына да біраз уақыт болды, дәріптеліп те жатыр. Дегенмен ол 10 жылда немесе 15 жылда, қалаберді одан да ұзақ уақытта нәтижесін беруі керек. Ол үшін насихат жұмыстарын, мақалада жүктелген міндеттерді орындауға басымдық беру қажет. Ал, оның нәтижелі болуы да, аяқсыз қалуы да өзімізге байланысты. Пайдасы жоқ екен деп ондағы көтерілген мәселелерге жұмыс жасау­ды да тежесек, ол әлбетте аяқсыз қалады. Керісінше, бұл жұмыстарды жал­ғастыра берсек, жемісін берер уақыт та ұзаққа созылмайды. Менің бұл пікірім «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласына да қатысты. Себебі, мұнда да ұлттық дүниелерімізді дәріптеу арқылы қайта жаңғыртудың тиімді тетіктері толық ай­тылған.
– Енді тақырыпқа оралайық, жаңа жоғарыда тұлғатануда насихат жұ­мыстарын жандандыру қажеттігін айттыңыз. Жалпы Темірбек Жүрге­новтің өмір жолы жайында ғылыми еңбек қорғау кезінде ол кісінің сізге дейін айтылмаған қандай қырларына қанықтыңыз?
– Өткен ғасырдың отызыншы жылдары «Темір-Нарком» атанған Темірбек Жүргеновтың есімі бүгінде исі қазаққа етене таныс. Ол – Қазақстан мен Орта Азия республикаларындағы оқу-ағарту, мәдениет және әдебиет саласының өркендеуіне өлшеусіз үлес қосқан көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері, сыншы-көсемсөзші. Темірбек Қараұлының мемлекет қайраткері ретіндегі тұлғасын одан әрі жан-жақты сомдау үшін осы саладағы қызметімен қатар әдеби-публицистикалық мұрасын да түбегейлі зерттеп, мәдениетіміз бен әдебиетіміздің тарихында алатын орнын нақпа-нақ белгілеу міндеті кейінгі ұрпаққа жүктелді. Осы ретте студент кезімнен әдеби-мұрасын ғылыми айналымға түсіріп, терең талдап, алғаш диссертациялық деңгейде зерттеп, Нарком туралы жазған «Темірбек Жүргенов» атты үшінші кітабым қалың оқырманға жол тартты. Бұл еңбекте Қазақстан, Ресей, Өзбекстан мұрағаттары мен кітапханаларының сирек қолжазбалар қорларында сақталған Т.Жүргеновтің құнды еңбектерін алғаш рет түпнұсқа негізінде тауып, араға сексен жыл уақыт салып, оқушыларымен қайта табыстырдым.
Т.Жүргенов небары 39 жыл жасады – үшінші мүшелінен шыға бергенде өзі керемет үміт еткен мына өмірге жанар бағып соңғы рет дұрыстап қарап та үлгермей, керек десе не болғанын жөнді ұға алмай кете барды. Кешегі 37-де орылып түскендердің баршасының түйінді тағдыры осы. Олардың барлығы көмбесіне жетпей құлаған сәйгүлік тәрізді бойындағы барын сарқи алмай кетті. Солардың бірі, әрі бірегейі, Қазақстандағы білім, мәдениет, әдебиет, өнер саласының талантты ұйымдастырушысы, республиканың көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері – Темірбек Қараұлы Жүргенов. Бұл тұлғаның балалық шағында ұстаздар жағынан да жолы болды. Осылардың ішінен екі кісіні - Сыр бойының белгілі ағартушы-ақыны Тұрмағанбет Ізтілеуұлы мен Аламесек орыс-қазақ мектебінде сабақ берген, қазақ тарихындағы алғашқы орысша-қазақша және қазақша-орысша сөздіктің авторы Досмұхаммед Букинді атап өткен жөн. Алғашқы ұстазының шарапатты әсерімен жас бала бірнеше шығыс тілін меңгеріп, шығыс мәдениетінің жауһарларымен жастай танысса, соңғы ұстазының көмегімен Еуропа мәдениетін, соның ішінде орыс мәдениетін, әдебиетін, тілін, осы қоғамдағы озық революцияшыл идеяларды терең игерді. Сөйтіп, Т.Жүргеновтің дүниетанымында шығыстық және еуропалық дүниетаным кіріге тоғысып, біртұтас рухани дүниеге ұласты. Қайраткер-қаламгердің көзқарас эволюциясындағы осы ерекшелік соңыра оның мәдени құрылысқа, ағарту саласына байланысты мәселелер түйінін әрі тез, әрі дұрыс тарқатып отыруына көп көмегін тигізді. Екіншіден, Т.Жүргенов – 20-30 жылдардағы үркердей қазақ интеллигенциясының көрнекті өкілі. Оның ат жалын тартып мінген азаматтық өмірі бірден ұлттық ояну, көтерілу, серпілу және ұлттық-саяси тәуелсіздік жолында күресу кезеңіне тұспа-тұс келді. Т.Жүргенов Нәзір Төреқұлов, Әліби Жангелдин тәрізді қайраткерлермен бірге иық тіресіп, ең алдымен өзі өкілі болып саналатын қазақ халқының мүддесіне қызмет етті.
Ол Қазақ АССР-ның Түркістан Республикасындағы толық өкілетті өкілі, ал 1926 жылы Ташкенттің Қазақ педагогикалық институтының директоры болып тағайындалады. Институтқа академик В.Бартольд, профессор С.Малов секілді атақты ғалымдарды Мәскеуден арнайы шақыртып, институт жұмысын жандандыруға күш салады. Жоғары оқу орындарына арналған «Саяси экономия» және «Құқықтану» пәндері бойынша оқу құралдарын қазақ тіліне аударады. Қазақ термелерінің жинағын құрастыруға атсалысады. 1929-1930 жылдары – Тәжікстанның Қаржы комиссары, 1930-1933 жылдары – Өзбекстанның Халық ағарту комиссары, ал 1933-1937 жылдары Қазақстанның Халық ағарту комиссары қызметтерін абыроймен атқарды. Ол Қазақстанның Халық ағарту комиссариаты жұмысына С.Сейфуллин, С.Аспандияров, Қ.Жұбанов, Ғ.Мүсірепов, Ә.Тәжібаев сияқты қайраткер-қаламгерлерді тартты. Т.Жүргенов – ұлттық мәдениет пен өнер саласы мамандарын даярлауға көп көңіл бөліп, қазақ жастарының КСРО-ның орталық қалаларындағы оқу орындарында білім алуына көмек көрсетіп отырды. М.Әуезов, Ж.Шанин, Ә.Қастеев, т.б. өнер майталмандарының шығармашылық жұмыспен айналысуына жағдай жасады. Қазақстанда алғашқы музыка театрын (қазіргі Абай атындағы мемлекеттік опера және балет театры) ұйымдастыруға үлкен үлес қосты. Қазақ әндері туралы А.В.Затаевичке көптеген мәліметтер берді. Жүргеновтің тікелей атсалысуымен «Қазақстанда мектеп жүйесін реттеу және қазақ орта мектептерін көбейту туралы» қаулы қабылданып, қазақ орта мектептерінің саны артуына ықпал етті. Жүргенов Халық ағарту комиссариатын ұлттық мәдениетті өркендету штабына айналдырды. Ол 1934 жылы Алматыда өткен Бүкілқазақстандық халық өнерпаздарының бірінші өнер слетін, 1936 жылы Мәскеудегі Қазақстан өнері мен әдебиетінің онкүндігін өткізудің бас­ты ұйымдастырушысы болды. Онкүндік кезінде еліміздің өзге де мәдениет қайраткерлерімен бірге атқарған ерен еңбегі үшін «Еңбек Қызыл Ту» орденімен марапатталды.
– Енді қуғын-сүргін жылдары артта қалды дегенмен, сіз бұл еңбекті жазар уақыт тәуелсіздіктің алғашқы жылдары болатын. Қандай да бір тараптан қайраткердің өнегелі өмір жолы тұрғысында ғылыми еңбек жазуға ешқандай қысым болған жоқ па?
– Бұл еңбегіме қазақтың біртуар азаматы, зерттеуші ғалым, әдеби ғылымдардың көрнекті өкілі Зейнолла­ Қабдолов жетекшілік етті. Осы кісінің берген бағыт-бағдарының арқасында мен бұрын ешкімнің қолы тимеген мәліметтерге қанықтым. Қарап отырсаң, жәй ғана ғылыми еңбек сияқты. Бірақ біз бұл дүниеге салмақпен қарадық. Себебі, онда көтерілейін деп тұрған тақырып соған лайық еді. Ешқандай тараптан ашықтан-ашық қысым не тосқауыл болған жоқ. Бірақ, «Қоя салсай, сен көтеретін тақырып емес, басыңа бәле тілеп қайтесің» деп кеңес бергенсымақ болып, ақыл айтқандар болды. Тәуелді ортада тәуелсіздікке ұмтылған бабалар жайында еркін қоғамда бұғып қалуға арым жібермеді. Себебі, «әдебиет – ардың ісі» деген жетекшімнің қанатты сөзі бар еді. Менің де жары жолдан кері қайтуға дәтім бармады. Ал, қазір мынау қоғам сендерге үлкен мүмкіндік. Қай тұлғаның болмысын ашып, жұртқа кеңінен насихаттаймын десең де мемлекет сені қолдамаса, жолыңды кеспейді.
– Бұрын ұлтшыл деп қудалаған қайраткерлерімізді енді ұлтжанды деп қайта ақтап жатырмыз. Қазіргі жастар ұлтқа, елге қызмет ету үшін алдымен қандай қадамдарға бару керек?
– Біз елге, жерге, Отанға деген махаббатты өзге біреулердің бойындағы қасиеттермен байланыстырамыз. Не­гі­­­­зі­нен мүлде олай емес, үлгі алған да дұрыс әрине. Мәселен, Темірбек Жүр­генов ешкімге еліктемей өзі ізденіп осын­дай ерлікке қадам жасаушы тұлға қа­лып­тас­тырды. Ұлтқа, елге, жерге деген махаббат әр адамның өз бойында. Тек оны іспен дәлелдеу керек. Оны жүзеге асыру үшін тек руханият саласында жұмыс жасау міндетті емес. Әркім өз саласында қажырлы еңбек етіп те ұлтқа қызмет етуге болады. Мәселен, Темірбек Жүргенов журналист болған жылдары қазақ руханиятына қажет деген дүниелерді жарыққа шығарды. Фирдаусидің «Шахнама» дас­танын қазақ топырағында бірінші болып аударған Сыр бойының білімдар ақыны Молда Ораз нұсқасын ел ішіндегі бір қарапайым шаруаның қолынан таптырып алдырды. Осылайша дастан жөніндегі алғашқы әрі күні бүгінге дейін біздегі бірден-бір толымды зерттеу болып саналатын көлемді еңбекті жазды. Тек тілшілік қызметімен шектелмей, экономика төңірегінде де үлкен еңбектерге қалам тербеді. Тілге, ділге деген адалдық та адамның өз бойында. Бірде Т.Жүргенов өз кабинетінде мәжіліс өткізбек болады. Шамамен алғанда отыз шақты кісі жиналады, ішінде тек екі адам орыс жұртынан. Оның бірі – қарағандылық Б.Н.Орлов. Наркомның өзі де, басқа сөйлеушілер де тек қазақ тілінде сөйлейді. Бір кезде Борис Николаевич орнынан тұрып, Жүргеновтен қазақша сөйлемеуін өтінеді, мұнда не жайында әңгіме болып жатқанын өзі ұқпай отырғанын, ол түсінетіндей болуы үшін сөйлеушілердің орысша сөйлегені жөн екенін айтады. «Сіз қайда отырсыз, Орлов жолдас!» дейді Жүргенов. Ашу найзағайы үрейлене бүгжиген қайраткерлерінің үстінен ойқастай шапшыды. «Сіз қайда жүрсіз өзіңіз!» – деп Жүргенов дауысын бұрынғыдан бетер қатайта сөйлейді. «Сіз Қазақстанға келдіңіз екен, егер мұнда жұмыс істегіңіз келсе, сіз республиканың мемлекеттік тілін білуге міндеттісіз! Сіз қазақ әндерін де орыс тілінде зертте­мек­шісіз бе?» деп, өзге ұлттан қазақ тілін құрметтеуді талап етеді. Жүргеновтің қылышы жалаңдап тұрған сонау 30-жылдардағы ерлігі бүгінгі ұрпаққа зор тағылым. «Бүкіл дүниежүзілік мәдениетке өз ана тілімізді жақсы білгенде, соны үйренгенде ғана жетуге болады» деген Темекеңнің сөзі бүгін өз көкейкестілігін жоғалтқан жоқ. Тоталитарлық жүйенің осы қызып тұрған шағының өзінде Темірбек Жүргенов республикаға басшы болып келген Голощекинді қатты сынға алып, Қазақстанға керегі – 7-10 жылдық мектеп жүйесін құру, ал сіз «қазақ тек хат таныса болады» дейсіз. Жоқ! Бізге үлкен білім ордалары қажет! Алда істейтін міндетіміз – қалың жұрттың ішінен шыққан білім қайраткерлерін, өз кадрларымызды дайындауымыз қажет. Қазақ тілін жете білудің өзі үлкен мәдениет!» деп өз ұлтының болашағын құрметтеуді талап етеді.
Жастарға ұлжанды болу үшін алдымен олардың бойында тіліне, діліне, еліне, жеріне деген патриоттығы басым болу керек. Сонда ғана біз жаңағындай орталарда өз ойымызды батыл айтып, еркін қоғам қалыптастыра аламыз. Қазір тәуелсіздік алғаннан кейін де дүниеге келген жастардың нағыз жалындап тұрар шағы. Біз әсіресе, үмітті осы буыннан күтеміз. Ал, оны ақтау – сендерге міндет. Жаңа бірнеше ауылда мектеп оқушыларымен жүздестім. Бәрінің талабы жақсы. Тарихтан, әдебиеттен сұрақтар қойсам жан-жақтан қаумалап жауап беріп жатыр. Біз осындай ұрпағымызбен мақтанамыз. Осындай арыстарымызды дәріптеуде біздің ұтарымыз көп. Себебі, Елбасы айтқандай, тарихта қазақ ұялатындай ешқандай оқиға орын алған жоқ. Бұл да біздің елдің қайсарлығын тағы бір айғақтап тұрғандай.
– Риясыз әңгімеңізге рахмет!

Сұхбаттасқан Кенжетай БАЛҒАБАЙ.

01 маусым 2019 ж. 144 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№61 (9537)

06 тамыз 2019 ж.

№60 (9536)

03 тамыз 2019 ж.

№59 (9535)

30 шілде 2019 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Тамыз 2019    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1234
567891011
12131415161718
19202122232425
262728293031