Жуырда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне әйелдердің құқықтары мен балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері бойынша өзгертулер мен толықтырулар енгізу туралы» және «Қазақстан Республикасы Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексіне әйелдердің құқықтары мен балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасының Заңдарына қол қойды.
Жаңа заң: Әйелдер мен балаларды қорғай ала ма?
Мемлекет басшысы 2022 жылы 16 наурыздағы және 2023 жылы 1 қыркүйектегі Қазақстан халқына арнаған Жолдауларында әйелдер мен балаларға қатысты зорлық-зомбылық үшін жазаны қатаңдатуды тапсырған. Газетіміздің өткен сандарында жазғанымыздай, ауданда тұрмыстық зорлық-зомбылық – бүгінде өзектілігін жоймаған маңызды мәселе. Бұл келеңсіздікпен аудандық полиция бөлімінің қызметкерлері тәулік бойы күресуде. Осы орайда аудандық полиция бөліміне қарасты жергілікті полиция қызметі бөлімшесінің әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғау тобының инспекторы, полиция майоры Ұлбосын Ахметовамен тілдескен едік.
– Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевтың бұйрығымен әйелдер мен балаларға қатысты кез келген сипаттағы зорлық-зомбылық үшін жауапкершілікті қатаңдататын, сондай-ақ отбасы институтын, кәмелетке толмағандардың қауіпсіздігін нығайтатын нормалар енгізілді. Тұрмыстағы зорлық-зомбылыққа тап болған нәзікжандылардың қатары күн сайын артуда. Сондықтан тиісті шараларды дер кезінде қабылдап, алдын алмасақ, соңы қайғылы жағдаймен аяқталуы мүмкін, – дейді Ұлбосын Ахметова.
Жаңа заң бойынша денсаулыққа қасақана жеңіл зиян келтіру және ұрып-соғу қылмыстық құқық бұзушылық ретінде танылған. Денсаулыққа қасақана ауырлығы орташа және ауыр зиян келтіруге қатысты жауапкершілік қатаңдатылған. Нақтырақ айтар болсақ, ұрып-соғу (ҚР ҚК 109-1 бабы) – 80 АЕК-ге дейінгі айыппұл және түзету жұмыстары, 80 сағат қоғамдық жұмыстар, қамауға алу – 25 күн. Ал ҚР ҚК 109-1 бабы 2-бөлігі бойынша, яғни қасақана ауырлығы орташа және ауыр зиян келтірсе, 200 АЕК-ге дейін айыппұл салу және түзету жұмыстары, 200 сағат қоғамдық жұмыстар, қамауға алу 50 күн болып бекітілген.
Сонымен қатар жаңа заңда 16 жасқа толмаған балаларға сексуалдық сипатта тиіскені үшін қылмыстық жауапкершілік енгізілді. Кәмелетке толмағандарды ұрлағаны және заңсыз бас бостандығынан айырғаны үшін жаза айтарлықтай қатаңдатылды. Кәмелетке толмағандарды жәбірлегені (буллинг, кибербуллинг) үшін әкімшілік жауапкершілік алғаш рет енгізіліп отыр. Білім беру ұйымдарына кәмелетке толмағандар жасаған немесе оларға қатысты жасалған заңға қайшы әрекеттер туралы құқық қорғау органдарына дереу хабарлауға міндеттелді.
16 жасқа дейінгі балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында жол ақысын төлемегені үшін оларды қоғамдық көліктен мәжбүрлеп түсіруге тыйым салынды.
Қорғансыз нәзікжандылар мен кәмелетке толмаған жасөспірімдер мемлекеттің жіті назарында.
2 мыңнан астам бала зорлық-зомбылыққа
тап болған
Былтыр елімізде тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қатысты 100 мыңға жуық арыз-шағым түскен. Оның 2 мыңнан астамы балаларға қарсы жасалған қылмыстарға байланысты. Олардың ішінде кәмелетке толмағандарға қатысты 700-ден аса жыныстық қылмыс тіркелген. Яғни күн сайын кемі 6 қылмыс тіркеледі. Оның ішінде азаптау, ұрып-соғу, бопсалау, қасақана қауіп-қатерге душар қылу сынды оқиғалар жиі кездеседі.
Осындай заңсыздықтарға барған 79 мың адам әкімшілік жауапкершілікке тартылса, 1000-ға жуық адамның үстінен қылмыстық іс қозғалған.
ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Қарақат Әбденнің айтуынша, күн сайын 6 балаға қатысты қылмыс жасалып, 300-ден астам адам тұрмыстық зорлық-зомбылыққа ұшырайды. Балалар арасында 1 күнде 5 қылмыс жасалса, жылына 150 жеткіншек терезеден құлап кетіп, жазатайым жағдайға ұшыраған. Былтыр тұрмыстық зорлық-зомбылық салдарынан 69 әйел мен 7 бала қайтыс болған. Ал жыл басынан бері «102» пультіне тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қатысты 21 мыңнан астам хабарлама түскен. 34 мыңға жуық адам әкімшілік жауапкершілікке тартылған. Еліміздегі отбасылық зорлық-зомбылықтың құрбаны болатын көп жағдайда нәзікжандылар мен кәмелеттік жасқа толмаған балалар екені анық. Ал әлемде әр сағат сайын онға жуық әйел немесе қыз өз отбасы мүшелерінің бірінің қолынан жасалған зорлық-зомбылықтан қайтыс болады.
Аудандағы ахуал қалай?
Былтыр аудан көлемінде әйел адамға қатысты жасалған құқық бұзушылық бойынша 100-ге жуық отбасынан хабарлама түскен. Аудандық полиция бөлімінің жергілікті полиция қызметі бөлімшесінің учаскелік полиция инспекторлары жеке бастың құқықтарына қол сұғатын әкімшілік құқық бұзушылықтар бойынша ҚР әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 73 бабына сәйкес 93 адамға шара көрген. Бұл тұста былтыр аудан бойынша 37 азамат сот шешімімен қамауға алынған. Оның 15-і осы заң аясында бірнеше мәрте қамалған. ҚР «Құқық бұзушылық профилактикасы туралы» Заңының талаптарына сай тұрмыстық ортада құқық бұзушылық жасаған адамдарға қатысты 77 қорғау нұсқамасы шығарылып, аудандық сотпен құқық бұзушылардың мінез-құлқына 22 ерекше талап белгіленген.
Жыл басынан бері отбасылық тұрғыдағы жанжалдардың 44 дерегі тіркеліп, оның 12-сі әкімшілік кодекстің 73 бабына сәйкес қамауға алынған. Қорғау нұсқамасын бұзған әкімшілік кодекстің 461 бабына сәйкес 2 азаматқа шара көріліп, қамаққа алынса, 5-еуіне ескерту берілген. Ерекше талап шектеулерін бұзғаны үшін әкімшілік кодекстің 669 бабының 3 бөлігімен 8 азамат қамауға алынған. Есепті мерзімде атқарылған профилактикалық жұмыстардың нәтижесінде 2023 жылмен салыстырғанда отбасылық тұрғыда жасалған қылмыстар 100 пайызға төмендеген.
Аудандық сот мамандарының мәліметінше, былтыр тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қатысты 78 іс қаралған. Оның 31-іне жаза тағайындалса, 10-ына ескерту берілген, 21 азамат әкімшілік қамауға алынған. Ал жыл басынан бері олар 34 істі қарағанын айтады. Оның 5-еуіне ескерту берілсе, 16-сы қамауға алынған. 13 іс қысқартылып, 9-ы медиация арқылы татуласқан. Ал 21 азаматқа жаза тағайындалған.
Мәселен, А.Е есімді азамат 12 наурыз күні сағат 18:30 шамасында әйеліне мас күйінде былапыт сөздер айтып, отбасы тыныштығын бұзған. Ол бұл әрекетті бұрын әкімшілік жаза қолданылғаннан кейін бір жыл ішінде қайталаған. Сондықтан оған 10 тәулік мерзімге әкімшілік қамаққа алу түріндегі әкімшілік жаза тағайындалған.
Мамандардың айтуынша, тұрмыстық зорлық-зомбылықтың салдарынан отбасындағы нәзікжандар ұрып-соғудың, қорқыту мен қорлаудың құрбаны болған. Салдарынан сәтсіз отбасылардың саны артып, ажырасуға бел буған отбасылар қатары да артқан. Мәселен, былтыр 39 отбасы ажырасса, биыл жыл басынан бері 12 отбасының шаңырағы шайқалған.
Түйін: Бұл – жалпыға ортақ мәселе. Шаңырақ шайқалмас үшін ата-аналар қыз баланың тәрбиесімен қатар ұл балалардың да тәрбиесіне аса мән берген жөн. Ер бала шаңырақтың тұтқасы деп жатамыз. Ал сол шаңырақтың тұтқасы бала күнінен анасы мен қыз баланы сыйлап өссе, болашақта шаңырағының берекесін арттыратын жарына зорлық-зомбылық көрсетпейтіні анық.
Ақтоты БҮРКІТБАЙ
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!