Ел экономикасында аса маңызды орын алатын саланың бірі – ауыл шаруашылығы. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Жолдауда дамыған агроөнеркәсіп кешенін құру мәселесін көтерді. Онда ауыл шаруашылығы саласының еліміздің негізгі ресурсы бола тұра, барлық мүмкіндіктері мен әлеуеті толық пайдаланылмай тұрғанына назар аударылған. Сонымен қатар ол ауыл шаруашылығы жерлерін тиімді игеруді қолға алу, фермерлерге өз өнімдерін сыртқа шығарып өткізу үшін барынша қолдау көрсету, салаға шетелдерден инвесторлар тарту мәселелерін шешуді атап көрсеткен болатын.
Қазіргі уақытта Үкіметтің негізгі міндеттерінің бірі ұлттық экономиканың негізгі алға сүйреуші күші ретінде АӨК-нің бәсекеге қабілеттілігін арттыру болып табылады. Яғни астық сақтайтын қоймалардың, элеваторлардың жаңа өнім қабылдауға дайындығы, экспорт мүмкіндіктері және егін жинау кезіндегі ықтимал тәуекелдер мәселелері күн тәртібінен түскен емес. Диқандардың ерте көктем келісімен жерге дән сеуіп, оны жаз бойы аптап ыстықта баптап, нәтижесінде қоңыр күзде өнімді ысырапсыз жинап алуды көздейді.
Ауыл шаруашылығы министрлігінің болжауынша, ауа-райының қолайлы жағдайы мен егіннің қазіргі жай-күйі өнім жинау көлемі орташа көрсеткіштерден жоғары болады деп күтілуде. Астық қоймаларында осындай үлкен ауыспалы қалдықтар болған жағдайда әкімдіктерге қазірдің өзінде жаңа астықты қабылдау және кептіру қуаттылығы бойынша барлық ұйымдастыру шараларын пысықтау қажет, яғни астық қолайсыз ауа райы жағдайында далада дымқыл болып қалмауы тиіс.
Қазіргі уақытта елімізде астық сақтауға арналған қоймалар сыйымдылығының көлемі шамамен 30 млн тоннаны құрайды, оның 13,4 млн тоннасы 191 лицензияланған астық қабылдау кәсіпорнына, ал 16,6 млн тоннасы ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілердің астық қоймасына тиесілі. Мұндай сыйымдылық ауқымы орташа жылдық өнім көлемін және ауыспалы астық қорын сақтау үшін жеткілікті. Биылғы 1 шілдедегі деректер бойынша елде астық қоры 6,1 млн тоннаны құраған, оның 4,5 млн тоннасы – азықтық, 1,4 млн тоннасы – жемдік астық.
Егін егіп, жерді игеру екінің бірінің қолынан келе беретін оңай шаруа емес екені белгілі. Астықты толық жинап болған соң, өнімді экспортқа жөнелту тағы бар. Мәселен, былтыр Қазақстаннан Қытайға теміржол арқылы астық жеткізу көлемі рекордтық 2,2 млн тоннаға жеткен. Бұл нәтиже 2023 жылғы наурыздан бастап Үкімет, ҚТЖ және салалық қауымдастықтардың бірлескен күш-жігерімен астық жүктерін астық тасымалдаушылармен тиеп-жөнелтуді қайта бастау арқасында мүмкін болған. Былтыр теміржол арқылы 757 мың тонна астық жөнелтілген. Алдағы уақытта еліміз Қытайға экспортқа 2 млн тоннадан астам астық жіберуге дайын.
22 мың тонна ауыл шаруашылығы
өнімдері экспортталған
Биыл облыс бойынша 191,5 мың гектарға ауыл шаруашылығы дақылдары орналастырылған. Оның ішінде негізгі дақыл күріштің көлемі 83,1 мың гектарды құрайды. Өткен жылмен салыстырғанда жалпы егіс көлемі 2,9 мың гектарға, оның ішінде күріштің көлемі 7,8 мың гектарға азайтылған. Биылғы жылы да ауыл шаруашылығы дақылдарының егіс көлемдерін әртараптандыру жұмыстары жалғасын тапқан. Нәтижесінде қысқартылған күріш егісінің орнына суды аз қажет ететін мал азықтық, майлы дақылдар мен картоп, көкөніс дақылдарының егіс көлемдері ұлғайтылған. Бұдан бөлек облыс әкімінің тапсырмасына сәйкес жергілікті тұрғындарды өзін-өзі әлеуметтік маңызы бар картоп, көкөніс, бақша өнімдерімен қамтамасыз ету бағытында 5 мың отбасына ұжымдық түрде бақша егуге қосымша 3 364,4 гектар жер дайындалған. Бүгінде 2 225 отбасы дайындалған 1 615 гектар жерге егін еккен, оның ішінде 192 гектарға картоп, 410 гектарға көкөніс, 631 гектарға бақша дақылдары орналастырылған.
Сонымен қатар көктемгі егіске қажетті 63,3 мың тонна минералдық тыңайтқыштар толық пайдаланылса, күріш егістігінің 52,7 мың гектарына химиялық өңдеу жұмыстары жүргізілген. Бүігнде барлық 3 799 бірлік ауыл шаруашылығы техникалары жөндеуден өткізіліп, егін егу жұмыстарына қатысуда. Облысқа көктемгі егіс егу мен дала жұмыстарын жүргізуге барлығы 13,9 мың тонна арзандатылған дизель отыны бөлінген.
Өңірдегі ауыл шаруашылығы өнімдерінің экспорттық әлеуеті жыл сайын артып келеді. Статистикалық мәліметтерге сәйкес, 2023 жылдың 1 мамырына облыстан 12,5 млн долларды құрайтын 22 мың тонна ауыл шаруашылығы өнімдері, яғни күріш, балық өнімдері, күріш қалдығы, қамыс әлемнің 15 мемлекетіне экспортталған.
Одан бөлек өткен жылы «Ауыл аманаты» жобасы аясында 406 жоба несиелендіріліп, нәтижесінде 713 жаңа жұмыс орны ашылған. Оның ішінде 275 адам жаңадан кәсібін ашқан болса, 438 қосымша жұмысқа тартылған. Биыл да республикалық бюджет есебінен 575 жоба қаржыландырылып, 610 жұмыс орнын ашу көзделген.
2,737 млрд теңгенің ауыл шаруашылығы
өнімдері өндірілген
Аудандағы ахуалға тоқталсақ, 6 айда өңірде мемлекеттік қолдаудың арқасында салада 2,737 млрд теңгенің ауыл шаруашылығы өнімдері өндірілген. Бұл көрсеткішті өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 101,7 пайызға орындалған. Ауыл шаруашылығының негізгі қорға салынған инвестиция көлемі 2024 жылдың 1 маусымында 417,3 млн теңгеге орындалған. Бұл да былтырғы жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 4 есеге артқан. 6 айда ауданда мемлекеттік қолдаудың арқасында салада 2,737 млрд теңгенің ауыл шаруашылығы өнімдері өндірілген. Бұл көрсеткішті өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғада 101,7 пайызға орындалғанын бағамдаймыз. Биыл ауыл шаруашылығының негізгі қорға салынған инвестиция көлемі 417,3 млн теңгеге орындалған.
Аудан шаруашылықтары техника паркін жаңарту жұмыстарын үнемі жүргізіп келеді. Биыл 669,4 млн теңгеге 13 ауыл шаруашылығы техникасы сатып алынған. Көктемгі науқанда техникадан мәселе болмаған. Жыл сайын күзгі науқанда өнімді жауын-шашынға қалдырмай, жинап алып жатыр. Биыл да мәселе болмайды, яғни өңір диқаншылары орақ науқанына сақадай сай.
Жандос МАХМҰТҰЛЫ
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!