Жалағаш аудандық «Жалағаш жаршысы» газетінің сайты

10°C

, Сенбі, 22 ақпан, 13:54

Кәсіпкер келіншек

11.02.2025

216

0

Гүлнұр Төреханованың кәсіпкерлік саласына қадам басқанына көп болмаған. Аз ғана уақытта тұрақты тұтынушылар жиып үлгерген оның ісінен ептілік, қызметіне адалдықты аңғару қиын емес. Екеуара диалог барысында оның ойынан, мақсатынан адалдықты, еңбексүйгіштікті ұқтық. Қысқасы, оның өмірінде жалқаулыққа жол жоқ. Бойына жиған осындай жақсы қасиеттерінің арқасында ол бүгінде ауылда кәсібін дөңгелентіп отыр.

Мақпалкөлдік келіншектің кәсіпке келуі де өз алдына бөлек әңгіме. Ауыл мен аудан орталығын жалғайтын қоғамдық көлікте отырып «жұрт сырт­тан ауылға қандай өнімдер әке­леді?» деген сауалдың түйінін тар­қатады. Соның ішінен өзі өндіре алатын өнім­дерді халыққа арзан бағада ұсынуды көздейді.
Бұрыннан аспаз ісіне машық кейіпкеріміз бастапқыда қарапайым тоқ пешпен құс етінен қақтама дайындауды қолға алады. Иә, ол кәсіпке келе сала тұтынушы іздеген жоқ, керісінше әлі күнге дейін оның дәмді тағамдарын тұтынушылары таласып алуда.
Не керек, кәсіпкер келіншектің құс етінен дайындаған өнімдері аз уақытта ауыл халқының көңілінен шығады. Ақыр соңында жалғыз пешпен ауылдағы ағайынның сұранысын орындау қиынға соғады. Мұндайда қазақ «көрпеңе қарай көсіл» дейді. Гүлнұр де тапсырыс санына шектеу енгізеді.
Оның дәмді өнімдері көршілес ауылдарға да жетті. Мәдениет, Жаңаталап, Аққыр ауылдарынан сұраныстың көптеп түсуі Гүлнұрдың кәсіпке деген қызығушылығын еселеді. Алайда айта беретін қаражат мәселесі қолбайлау болып отыр. Не керек, жергілікті әкімдіктің сүйемелдеуімен қайтарымсыз грантқа құжат тапсырады. Тиісті қаражатқа асханасын жарақтап, жергілікті жұртқа өз өнімдерін ұсынбақ.
«Құдай да қимылдағанға береді» деген, абырой болғанда көпбалалы ананың бұл жобасын комиссия мүше­лері бірауыздан қолдапты. Нәтижесінде кейіпкеріміз 1 млн 476 мың теңге қайтарымсыз грантқа ие болды. Гүлнұр бұл қаржыны шашпай-төкпей кәсібіне құйды. Мақпалкөлге сапарымызда көпбалалы ананың кәсіпорнына табан тіреп, қазіргі тынысымен таныстық.
Үйдің аядай ғана бір бөлмесі шағын цехқа айналғандай. «Мұнда не дайындамады?» десеңші! Құс етінен қақтама, пицца, донер, бургер, чикен бәрі бар. Тіпті тез дайындалатын жартылай фабрикат өнімдері де жетіп артылады. Кейіпкеріміздің нақты мақсатпен салаға қадам басқаны, кейін түбегейлі іске кіріскені көрініп-ақ тұр. Мемлекеттік қолдаудың арқасында ол бүгінде тек туған жерін ғана емес, 4 бірдей ауылды өз өнімімен қамтамасыз етіп отыр.
Екеуара диалогты сырттан естілген өзі қатарлы келіншектің дауысы бұзды. «Кезекті тапсырыс еді, беріп келейін» деді. «Аузын бақсақ, ауылда өзінен артық аспаз аз. Шынында солай ма?» деген сауалдың түйінін тарқату үшін ізінен еріп, келген кісінің пікірін білуді жөн көрдік.
Айнұр Нұрылдаеваның жолдасы шаруашылық төрағасы екен. Сөзінше, үйінен қонақ арылмайды. Қонақжай келіншек үйіне аяқасты адам келе қалса, Гүлнұрдың шағын цехына асығады екен. Бұл жолы ол қайнаған суға 45 минут қойса пісе қалатын манты сатып алды. Кәсіпорынның тұрақты тұтынушысы мұндағы өнімдерге өзінің де, қонақтарының да разы екенін жасырмады.
– Қазақ қонақжай халық қой, оның үстіне ауылдың тұрғынымыз, ауылда тұрып қонаққа сараң болуға тағы болмайды. Кейде үйге аяқасты адамдар келіп қалады, осындайда Гүлнұр менің құтқарушым ғой, жартылай дайындалған өнімдерді суға қайнатып, дәмді аспен дастарқанды жайнатып қоямын. Жалпы мен ғана емес, бүкіл ауылдың сұранысына ие өнімдер осында дайындалуда. Шындығында кәсіпке келген адамның ісінің жүргені өзіне жақсы ғой, бірақ шыны керек, Гүлнұр кәсіптің осы түрін қолға алғанда ауыл болып біз қуандық, – дейді ауыл тұрғыны.3

Кенжетай Қайрақбаев

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: