Жалағаш аудандық «Жалағаш жаршысы» газетінің сайты

10°C

, Сенбі, 22 ақпан, 13:25

Антына адал жан

11.02.2025

109

0

Тұрғындардың тәулік бойы денсаулығын күзетуде медбикелердің де қажырлы еңбек етіп жатқанын жақсы білеміз. Антына адал абзал жандар әсіресе жұмыста жауапкершілік пен табандылықты ұдайы назарда ұстауы тиіс. Себебі алдына барған науқастың денсаулығы солардың қолында десек, артық айтқанымыз болмас. Бүгінгі кейіпкеріміз – денсаулық сақтау саласында 13 жыл тәжірибесі бар, білікті маман Назгүл Әлібекова.

Кішкентайынан фонендоскоппен жү­­­ре­гін тыңдап, дәрігерге қажетті ой­ын­­шық құрылғылармен ойнап өскен Наз­гүл қазіргі таңда өзінің бала ар­ма­нын орын­дап, науқастарының ақ ба­та­сын алып жүрген абзал жанға айналды. Еңбек ет­кеніне көп болмаса да ауыл тұр­ғындарынан тек алғыс арқалап жү­ре­тін ақхалаттылар қата­рынан еке­нін аң­ғар­дық.
– Ес білгелі медициналық кітаптарды қызық көріп қарайтынмын. Терапия, микробиология, медицина­лық энци­клопе­дия кітап­тарын ашып қойып, жа­зуларын түсінбесем де, сурет­тері мені осы мамандыққа деген қызы­ғушы­лы­ғымды оятты. Кейін мектеп қабыр­ғасында жүріп, үлкен өмірге қадам басар шақ таяғанда дәрігер боламын деген шешім қабылдадым. Әрине, бұл ойымды ата-анам да құп­­тап, маған үлкен сенім артты. Бұл мамандықтың иесі болу – екінің бірінің қолынан келе бермейтін іс. Ауырып, алдыңа көмек сұрап келген науқасқа жәрдемдесіп, оның жазылып кеткені әрине, қуаныш сыйлайды. Ол үшін кез келген дәрігердің бойына ма­ман­дығына деген адалдық пен та­бандылық болуы шарт. Ең бас­тысы, еңбекке қабілетті, қандай жағдай болса да дұрыс шешім қабылдай білетін білікті маман болу керек, – дейді кейіпкеріміз.
Қызылорда қаласындағы меди­циналық колледжде білім алған жас маман ең алғаш еңбек жолын 2012 жылы жолдамамен Бұқарбай ба­тыр ауылындағы емханаға келіп, бала­лар медбикесі болып бастаған. 2023 жыл­дан бастап ол қосымша аға мед­бике қызметін де қолға алған. Ал былтыр Оренбург қаласындағы университетке жалпы тә­жірибелі мед­бике мамандығы бо­йын­ша оқуға түскен. Қазіргі таңда ауылдағы күндізгі станционар бөлімінде қызмет ететін кейіпкеріміз айына 20 науқасқа ем жүргізіп, қажет кезде қарттардың үйіне дейін барып, екпелерін уақы­тылы салып тұрады.
Ол былтыр ауылда 38 бала дү­ниеге келгенін, балалар арасында қыс мезгілінде тұмау, жазда іш өту жиі орын алатынын айтты.
– 2023 жылы ауылдағы бүлдіршін ең алдымен тұмаумен ауырып, ау­дандық ауруханаға түсті. Кейін іші өтіп, Қызылорда қала­сындағы ауруханаға түсті. Ден­саулығы әлсіреп, денесі ісінгендіктен Қызылордадағы дәрігерлер Алматы қа­ласына жіберді. Баланың ата-ана­сымен бірге мен де Алматыға арнайы бар­дым. Қажетті дәрі-дәрмегімнің бар­лығын алып, тәуекел етіп, жол бойы Аллаға сыйынып бардым. Жолда қатты ауырып, мазасыздана бас­тады. Баланың әкесі «Назгүл, сен қан­шама науқасқа көмектесіп, дертінен айық­тырып жүрсің. Біз сізге сенеміз» деп бойыма үлкен сенім ұялатып, жігер­лендірді. Мен де сол сәтте өз-өзімді қо­лыма алып, «қайтсем де осы баланы Ал­матыға аман-есен жеткіземін» деп бала мазасызданып жылаған сайын қа­жетті ем-шараны жүргізіп, Алматыға жет­кіздім. Жан­сақтау бөліміне де баламен бірге өзім кіріп, оның жағдайын өз көзіммен бақылап тұрдым. Шүкір, қазір ба­ланың жағдайы жақсы, жасы 3-те, – дейді білікті маман.
Кейіпкеріміздің антына адал еке­ні жұмысына жауаптылығынан-ақ кө­рініп тұр. Ауыл тұрғындарының ден­саулығын жақсартуға бағытталған оның әрбір жұмыс күні елдің алғысын алумен аяқ­талады. 13 жылда қан­шама жанның дертіне шипа тауып, қаншама баланың аман-есен жарық дүниені көруіне себепші болған.
Назгүлдің ұзақ жылдар елге еткен еңбегі еш кетпеді, ол осыған дейін бірнеше мәрте марапат төрінен көрінді. Бірақ ол жеткен жетістікке тоқмейілсіген емес. Керісінше дерттің алдын алуға басымдық беріп, уа­қытпен санасуды білмеді. Халықтың алғы­сынан шабыт алатын Назгүл антына адал болу үшін адам өмірін бәрінен жо­ғары қойып, саналы ғұ­мырын ауыл­дағы ағайынның ден­сау­лығын жақсартуға ар­нап келеді.

Ақтоты БҮРКІТБАЙ

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: