Астықты өлкедегі Сыр елінің еңбексүйгіш шаруалары жылда су тапшылығының қиындығына қарамастан мол өнім алып келеді. Аудан еңбеккерлері былтырғы науқанды абыроймен қорытындылағаны баршаға мәлім. Жаз бойы баптаған астықты шашпай-төкпей жинап алғанға дейін қызу тірлікке жауапты адамдардың барлығы егістік даласында бой көрсетті. Себебі бұл еңбектің артында өңірдің ырысы мен несібесі тұрды. Шүкір, еселі еңбектің нәтижесінде қамба сары алтынға толды. Былтыр қамбаға нақты қанша астық құйылды, биылғы меже қалай? Тарқатайық…
Рекорд орнатты
Иә, Жалағаш ауданының диқандары былтыр рекордтық өнім жинап, аймақта «Үздік аудан» номинациясын жеңіп алды. Жалпы аграрлық ауданда 37 218 гектарға ауыл шаруашылығы дақылдары егілсе, оның 19 800 гектары – күріш. Сыр салысының әр гектарынан 60,5 центнерден өнім алып, қамбаға 1 197 900 центнер өнім жиналған еді.
Сондай-ақ бидай, арпа, сұлы, қант құмайы, мақсары, картоп, көкөніс, бақша дақылдары мол өнім берген. Тарқатып айтсақ, 129 гектар күздік бидайдың әр гектарынан 13, 770 гектар жаздық бидайдың әр гектарынан 9, центнерден, 665 гектар мақсарының әр гектарынан 8,7, 200 гектар қант құмайының әр гектарынан 41, 40 гектар арпаның әр гектарынан 8,2 центнерден өнім жиды. Мұнан бөлек 64 центнер сұлы, 33 276 центнер картоп, 195 центнер көкөніс, 299 650 центнер бақша дақылдары жиналды. 4 850 гектар жаңа жоңышқаның гектарынан 12,5 центнерден өнім алынды. Сондай-ақ 8091 гектар ескі жоңышқаның 191 гектары тұқымға алынып, 7900 гектар жоңышқа 65 центнерден өнім берді.
500 мың тонна
астық жиналды
Мемлекеттік қолдаудың арқасында өткен жылдың қорытындысымен ауыл шаруашылығы бойынша аймақта өсім көрсеткіші 2,3 пайызға, ауыл шаруашылығының негізгі қорына салынған инвестиция көлемі 32 пайызға артқан. Ал тамақ өнімдерін өндірудегі негізгі капиталға салынған инвестиция 22,2 пайызға өскен.
Облыстық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасының мәліметінше, былтыр 189,4 мың гектарға ауыл шаруашылығы дақылдары егілген. Негізгі дақыл күріштің көлемі 85,6 мың гектарды құрады. Мемлекет тарапынан көрсетілген қолдаудың арқасында диқан қауымға су қажетті деңгейде жеткізілген. Сондай-ақ шаруашылықтар егін жинау жұмыстарына қажетті ауыл шаруашылығы техникасы, жанармай және минералды тыңайтқыштармен толық қамтылған. Нәтижесінде 500 мың тоннаға жуық астық жиналып, күріштің әр гектарынан 58 центнерден өнім алынды.
Биыл аймақта 190 мың гектарға ауыл шаруашылығы дақылдарын орналастыру жоспарланған. Ауыл шаруашылығы құрылымдары биылғы егісі үшін өткен жылдың күз айларында 4,3 мың гектар күздік бидай егуді және 50,4 мың гектар сүдігер айдауды қамтамасыз еткен. Қазіргі таңда тұқым құю және оны тазалау, минералды тыңайтқыштар мен гербицидтерді сатып алу, ауыл шаруашылығы техникаларын дайындау жұмыстары жүргізілуде.
Мемлекеттік қолдаудың нәтижесінде аймақта төрт түлік саны өсіп, өнім өндіру тұрақты ұлғаюда. Атап айтқанда, 2025 жылы 365,1 мың, 657 мың уақ мал, 257,9 мың жылқы, 60,7 мың түйе және 124,3 мың құс тіркелген. Өткен жылдың қорытындысымен әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары бағаларының өсу индексі 99,6 пайызды құрап, Сыр өңірі республика бойынша баға индексі төмен 4 өңірдің қатарына енді.
Тұқыммен 100 пайыз
қамтамасыз етілген
Биыл облыста 190 мың гектар жерге ауыл шаруашылығы дақылдары егіледі. Бұйырса, аймақ шаруалары көктемгі егіске үлкен әзірлікпен келмек. Өйткені бұл жұмыстар аймақ басшысының тікелей бақылауында. Сондықтан диқандарға алаңдауға негіз жоқ.
Үкіметтің Жол картасына сәйкес биыл күріш егісі 80 900 гектар болып бекітілген. Қосымша 5 мың гектар күрішті қашыртқы сумен, жерді лазерлік тегістеу арқылы үнемделген сумен суару көзделуде. Сонымен қатар ауыл шаруашылығы құрылымдары тұқыммен және тыңайтқышпен 100 пайыз қамтылған. Қажетті 64 600 тонна тыңайтқыштың 11 300 тоннасы – отандық өнім.
Шаруашылықтар есебіндегі 4046 техниканың 82,2 пайызы жөндеуден өткен. Қалғаны наурызға дейін 100 пайыз дайын болады. Энергетика министрлігі 10 мың тонна дизель отынын да бекіткен. Бүгінде жеткізуші операторлар айқындалып, ақпан айына бөлінген дизель отынына төлем жүргізілуде. Алайда жоспарланған егіс көлемі Мемлекетаралық су шаруашылығын үйлестіру комиссиясы отырысынан кейін қайта нақтыланбақ.
Техника алуға
200 млрд теңге бөлінеді
Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес егін шаруашылығын қаржыландыру көлемін ұлғайту шаралары қолға алынған. Былтыр осы мақсатқа алғаш рет 5 пайыз мөлшерлемемен 580 млрд теңге бөлінді. Қаржы шаруаларға субсидиясыз тікелей берілді. Бұл өткен жылмен салыстырғанда үш есе көп.
Биыл аталған бағыттағы қаржыландыру көлемін 900 млрд теңгеге дейін ұлғайту көзделген. Оның ішінде жеңілдетілген лизинг арқылы ауыл шаруашылығы техникасын алуға 200 млрд теңге бөлінеді. Төмен пайызбен берілетін несиені тиімді пайдаланып, сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін азайту үшін мемлекеттік қолдау тетіктеріне өзгеріс енгізілді.
Суды аз қажет ететін дақылдар 597 гектарға артты
Мемлекет басшысының су үнемдеу туралы тапсырмасына сәйкес аймақта су көп қажет ететін дақылдар көлемі оңтайландырылып, үнемдеу технологиясы енгізілген. Жалпы жаңа технологияларды пайдалану көлемі 4 400 гектарға жеткен. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 5 есе артық. Бүгінде Шиелі, Қазалы, Арал аудандарында су үнемдеу технологияларын қолдану арқылы 3 ірі жоба іске асуда. Сондай-ақ агроөнеркәсіп кешенін цифрландыру аясында субсидиялау процестері «ГосАгро» порталы арқылы онлайн жүргізілуде. Жер учаскелерін сату, жалға беру веб-портал арқылы электронды түрде өтеді.
Осы орайда Жалағашта аймақ басшысының тапсырмасына сәйкес суды аз қажет ететін дақылдарды көбейтуге басымдылық берілді. Осы бағытта былтырғы жылы егіс алқабы 597 гектарға артты. Осы жетістіктердің нәтижесінде ауданымыздың бірқатар шаруашылықтары мен қызметкерлері озат атанып, арнайы жүлделермен марапатталды.
Сондай-ақ өткен жылы ауданда әр отбасы өзін-өзі әлеуметтік маңызы бар азық-түлік өнімдермен қамтамасыз ету үшін шаруашылық құрылымдарымен 500 гектар жер дайындалып, 188 гектар жерге картоп, 191 гектар жерге бақша, 121 гектар жерге көкөніс дақылдарын егіп, ысырапсыз жинап алынды.
36 780 гектарға
егін егіледі
Жалпы аудан бойынша биыл 36780 гектарға егін егу жоспарланған. Бүгінде көктемгі дала жұмыстарын оңтайлы мерзімде жүргізуді қамтамасыз ету үшін шаруашылықтармен қолда бар техникаларды толық дайындау жұмыстары жүруде.
Иә, аудан шаруашылықтары техника паркін жаңарту жұмыстарын үнемі жүргізіп келеді. Былтыр 1 млрд 886 млн теңгеге 27 ауыл шаруашылығы техникасы сатып алынды. Ал өткен күзгі дала жұмыстарына 1027 ауыл шаруашылығы техникасы қатысқан. Оның ішінде 431 трактор, 249 комбайн, 124 жатка, 58 жүк көлігі, 165 трактор тіркемесі бар.
Сонымен қатар барлық су нысанын толық дайындыққа келтіруді, су жолдарын тазалау, оның ішінде егіске қажетті тұқымдар, минералдық тыңайтқыштар, гербицидтер және дизель отынымен дер кезінде қамтамасыз ету де басты назарда.
Егінді әртараптандыруды
қолға алған
Жасыратыны жоқ, өткен айда картоп бағасы күрт көтеріліп, елді әбігерге салды. Сондықтан аудан диқандары күріш көлемін азайтып, көкөніс және бақша өнімдеріне басымдық беруге ниетті.
Иә, жалағаштық диқандар егін шаруашылығын әртараптандыру мақсатында бақша дақылдарын егуді қолға алғанына 2-3 жылдай болды. Солардың бірі – «Ер-Әлі» шаруа қожалығы. Шаруашылық күріштен бөлек жыл сайын ірі көлемде картоп егеді. Өнімі де жаман емес. Шаруашылық төрағасы Әліби Бекжановтың мақсаты – жиналған өнімді сырт өңірлерге қымбат бағамен сатып, пайдаға кенелу емес, аудан халқын картоппен қамтамасыз етіп, бағаны тұрақтандыру.
Еңбек адамының айтуынша, қырыққабаттың біздің жерге шығуы қиындау. Ал картоп-сәбізді егуге болады. Әрине, көкіністі бос, тың жерге егу керек. Ол үшін шаруашылық 5 шақырым жерге электр энергиясын тартып, насос апарып қойған. Осылайша тамшылатып суару әдісімен картоп, сәбіз егуді қолға алған. Жоңышқа, саплерге қарағанда картоп, сәбіз жақсы шығады. Тұқымдық картопты, егетін техниканы да әкеліп қойған. Баяғы қолдап егіп, қолдап жинау, яғни ескі әдіс енді келмеске кеткен. Қазір бәрі арнайы техниканы, жаңа технологияны қажет етеді.
Осы орайда шаруа адамы аудан орталығында шағын жәрмеңке ұйымдастырып, картоп өнімін аудан тұрғындары үшін арзандатылған бағада сатып тұрады.
Жалағашта жаңа технология
Айта кетейік, былтыр егінді сумен қамтамасыз ету үшін ауданға қажет-ті су көлемі 820 млн текше метрді құрады. Оның ішінде егінге 664 млн текше метр, экологиялық қажеттілікке 156 млн текше метр қажет болды. Вегетациялық кезеңде қажетті су көлемі ауыл шаруашылығы құрылымдарына уақытылы жеткізілді. Алайда аудандағы бірқатар шаруа қожалықтың «Жалағашсушар» өндірістік учаскесіне су жеткізіп беру қызметіне қарызы 305,9 млн теңгені құрап, төленуге тиісті қаржының 42,8 пайызы өтелмеген. Жергілікті биліктің айтуынша, бұған қатысты бүгінде тиісті жұмыстар атқарылуда.
Қуантарлығы, аудан шаруалары су үнемдеу технологияларын меңгеріп, егін егуде тиімді пайдалануда. Мәселен, жалағаштық жаңашыл «Ер-Әлі» шаруа қожалығы «Rubicon» құрылғысын тәжірибе ретінде осыдан екі-үш жыл бұрын қолданысқа енгізген. Яғни алқап басына облыстағы бірінші автоматтандырылған тоспа қойылып, ысыраптан арылған. Жаңа құрылғы әр литр сайын өтетін судың мөлшерін есептеп, автономды түрде күн сәулесінен қуат алатын батареялармен жұмыс істейді. Сол арқылы шаруа қожалық алғашқы жылдары 19-20 мың текше метр су үнемдеген. Осындай жаңа технологиялардың нәтижесінде шаруашылық биыл 101 центнерден рекордтық өнім алған.
Күріштіктен шыққан суды
кәдеге жаратқан
Сондай-ақ «Ер-Әлі» шаруа қожалығы шалғайдағы Аққырды өндіріске қосып, ауыл халқына жұмыс берді. Нақтырақ айтсақ, былтыр елді мекен шаруалары 123 гектар жерді өңдеп, 8 шақырым аумаққа электр тартып, күріш еккен болатын. Суды үнемдеудің тың тәсілі ретінде Мақпалкөл ауылындағы күріштіктен шыққан суды кәдеге жаратқан.
Сонымен қатар су шығынын азайтуда егістік жерді лазерлік тегістеудің маңызы зор. Сондықтан диқандардың лазерлік жер тегістеу әдісін пайдаланып, су үнемдеуді қолға алуына тура келген. Қазір дән себердің алдында лазерлік жер тегістеу тәсілі міндетті түрде қолданылады. Сондай-ақ күріш дәнін топыраққа дискілеп енгізу арқылы егіледі. Бұл әдіс жерді тегістеуге, суды үнемдеуге, мол әрі сапалы өнім алуға мүмкіндік береді. Тыңайтқыш пен тұқымды үнемдеп егуге де үлкен септігін тигізеді. Осындай жаңа технологиялардың нәтижесінде шаруашылық биыл рекордтық өнім алған.
Тамшылатып суару – тиімді тәсіл
Тамшылатып суару және жаңбырлату әдістерін қолданғанда өнімділік 30 пайызға жоғары болады. Осы орайда елде су үнемдеу технологияларымен суармалы жерлерді кеңейту жұмысы қолға алынған. Биыл мұндай жер көлемі 462 мың гектарды құраса, 2026 жылға қарай 762,2 мың гектарға жеткізілмек. Осы мақсатта Үкімет қажетті мемлекеттік және қаржылық қолдау көрсетуде. Ерекше тоқталатын жайт, ауданға қарасты Темірбек Жүргенов ауылының диқандары 2 жылдан бері тамшылатып суару әдісі арқылы картоп және сәбіз егіп, мол өнімге кенелген.
– Алғашында тәжірибе ретінде тамшылатып суару әдісімен 5 гектар сәбіз, 1 гектар қызылша және 24 гектар картоп өсірдік. Өнімді күзде жинаймыз, ал қазан айында қызылша толық піседі. Өйткені бұл тамыр дақылдары шамамен 220 күн өседі. Жалпы бұрынғыдай жерге тұқымды шашып, суды жібере салатын заман кетті. Сондықтан шаруалар әрдайым ізденіс үстінде болуы керек. Бүгінде әртүрлі заманауи техникалар шығуда. Соларды зерттеп, практикалық тұрғыда пайдалану біз үшін маңызды. Сонда ғана өнім мол болмақ, – дейді еңбек адамы Әліби Бекжанов.
Түйін. Мемлекет басшысы Жолдауда шаруалар тек мол өнім алу керек деген ұранға бой алдырмай, аяқсуды барынша үнемдеу жұмысын да жүйелі ұйымдастыру керегін атап өткен болатын. «Бұл – ең алдымен ауыл шаруашылығына қатысты мәселе, яғни су үнемдеу технологиясын, әсіресе ауыл шаруашылығында кеңінен қолдану қажет» деді. Осы ретте Үкіметтің кезекті отырысында Премьер-министр Олжас Бектенов қызылордалықтардың осы мақсаттағы тәжірибесін басқа өңірлерге үлгі етті.
Иә, біздікі елеулі еңбекті көзіқарақты оқырманға жеткізіп, басқа да шаруашылықтарға үлгі ету. Бастысы, маңдай терің маржан дәнге айналсын, диқан!
Жандос Жазкен
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!