Жалағаш аудандық «Жалағаш жаршысы» газетінің сайты

18°C

, Жұма, 25 сәуiр, 01:56

Батырдың батасы

24.04.2025

116

0

Бала күнімізде әкеміз елдегі өзінен кейінгі жақсы інілерін бізге үлгі етіп отыратын. Сондай азаматтардың бірі де бірегейі Нұрлыбек Жолдасбаев ағамыз еді. Нұрлыбек ағамыз ол кезде Мәскеуде оқитын. Кейін сол Мәскеудегі К.А.Тимирязев атындағы академиясын бітіріп, елде жұмыс істеді. Өзінің туған ауылы Мәдениет совхозының директоры болды.

Сол жылдары менің әкем Бердібек Түбекбаев та Аққыр совхозында жа­уапты қызметтер атқарды. Мәдениет, Мақпалкөл, Жаңаталап, Аққыр – бір-бірімен қанаттасып жатқан көрші ауылдар. Одан бөлек бұл аталған ауылдардың еншісі бөлінбеген, халқы да бір-бірімен туысқан, жекжат адамдар. Нұрлыбек ағам – менің әкемнің рулас, түбі туысқан інісі. Әкем үнемі Нұрлыбек інісінің білімді, сауатты, мәдениетті және іскер азамат екенін айтып, мақтан тұтатын. Бірақ ол кездері біз ел ісіне араласа қоймаған жастау едік.
Жолдасбаев Нұрлыбек Қалжатайұлы 1955 жылы 5 наурызда Қызылорда облысы Жалағаш ауданы Мәдениет ауы­лында дүниеге келген. 1977 жылы Қазақ ССР Ауыл шаруашылық министрлігінің Қызы­лорда совхоз-техникумын зоо­тех­ник және 1983 жылы Тимириязев атындағы Москва ауыл шаруашылық академиясын зоотехник-зооинженер ма­ман­дықтары бойынша бітірген.
Еңбек жолын 1972-1973 жылдары Мә­де­ниет совхозында аға жұмысшы бо­лып бастаған. 1983-1984 жылдары Тал­дықорған облысы Алакөл ауданы Киров совхозында бас зоотехник болып еңбек етті. 1984-1987 жылдары Мәдениет совхозында бас зоотехник, 1987-1990 жылдары совхоз директоры қызметтерін абыроймен атқарды. 1990-1992 жыл­дары Жалағаш аудандық кәсіподақ төрағасы, 1992-1994 жылдары Жалағаш аудандық «Асар» ассоциациясының бас директоры болды. 1994-1998 жылдары Мәдениет совхозының директоры және «Мәдениет» ЖШС төрағасы болып та­бан­ды еңбек етті.
Ағамыз 1998-1999 жылдары Жа­ла­ғаш ауданы әкімінің орынбасары жә­не Қызылорда облыстық ауыл шаруа­шылығы басқар­масының басшысы, Қы­зы­лорда облысы әкімінің орынбасары бо­лып қызмет атқарды. 1999-2003 жыл­дары Жалағаш ауданының әкімі, 2003-2004 жылдары облыстық ауыл ша­руа­шылығы басқармасының бас­шы­­­сы болды. 2004-2006 жылдары Жа­ңақорған ауданының әкімі, 2007-2008 жылдары облыстық жер қатынастары басқармасының басшысы қызметтерін атқарды.
Ол 2008-2013 жылдары ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау минис­трлігі Бақылау және әлеуметтік қорғау Комитетінің Қызылорда облысы бо­йынша Бақылау және әлеуметтік қорғау департаментінің директоры, 2013-2017 жылдары Қызылорда облысының еңбек саласындағы бақылау басқармасының басшысы, 2017-2018 жылдары Қызыл-орда облысының табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу бас­қармасының басшысы қызметтерін ат­қа­рып, зейнетке шықты.
Жолдасбаев Нұрлыбек Қалжатайұлы түрлі салада аянбай еңбек етіп, облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуына зор үлес қосты. Осы атқарған қызметтері еленіп, республикалық және облыстық деңгейдегі бірнеше марапатқа ие болды.
Менің ішкі істер органдарындағы қызметім 1987 жылдан басталды. Сол жылдан бастап Нұрлыбек ағамды та­нимын. Етене араласпасам да сырт­тай жақсы білемін. Басшылық жұ­мыс­та жүрген Нұрлыбек ағамен сирек болса да кездесіп қаламыз. «Бекеңнің ба­ла­сымысың? Бекеңнің туған інісіндей болып кеткенбіз. Ол кісінің тәрбиесін көрдік, шаңырағынан дәм таттық. Онда сен менің де інімсің ғой» деп бауырына жақын тартатын.
Ол кісі Жалағаш ауданының әкімі болған жылдардан бастап араластық. Ауданда өткен мәдени-көпшілік ша­ра­ларға, қандайда бір халықтық ма­ңызы бар жиындарға шақырып тұ­рады. Кейін Нұрлыбек ағам облыс әкімінің орынбасары болды. Одан кейінгі жылдары бірнеше басқармаға басшылық жасады. Абыройы да, атағы да Абылайдың жолбарысы секілді өзінің айналасында жүрді. Халыққа сыйлы болды, қадірлі болды. Елге қызмет етіп жүрген ер азаматқа одан артық не керек?! Одан кейін де, сыйластығымызға сызат түскен жоқ, арадағы қарым-қатынастың соқпағы көнерген жоқ. Қайта байланысымыз беки түсті.
1997 жыл. Мен облыстық жол по­лициясы бастығының орынбасары қыз­метіндемін. Сол жылы Келменбет ба­тырдың атынан қор ашылып, ұрпақтары тарапынан батыр бабамызға облыс орталығынан ескерткіш қою жөнінде игі бастама көтерілді. Бастамашы топ – әр салада лауазымды қызмет атқа­ра­тын азаматтар және кәсіпкерлер. Сол мәселеге байланысты Қызылорда қа­лалық атқару комитетінің төрағасы болған Мұхан Тұрғанбаев ағамыздың үйінде бас қостық. Салтанат жеңгеміздің көл-көсір берекелі дастарқанының басында отырып, ақылдасып кеңестік. Сол басқосуда он жеті адамнан тұратын ынталы топ құрылды. Сол топтың басында Нұрлыбек Жолдасбаев ағамыз да бар еді. Бұдан бөлек еліміздің әр өңірінде тұратын Келменбет батырдың ұрпақтарына да хабар айтылды. Қор ашылатын болды. Қолымыздан келгенше сол қорға қаржы құятын болдық. Мақсатымыз – Келменбет батырға ес­керт­кіш қою, ғылыми-танымдық кон­фе­ренция өткізіп, ас беріп, кітап шығарып, бабамыздың атын жаңғырту, жас ұрпаққа ұлықтау. Міне, осындай игі істі жүзеге асыру алдында жиі бас қосып жүрдік. Кейбір ағаларымызбен жақынырақ танысып, тереңірек білі­суіміз де, тығыз араласуымыз да осы кезеңдерде басталды. Нұрлыбек ағам­ды да сол кезде басқа қырынан тани түстім. Нұрекеңнің өте білімділігін, жан-жақты танымын, әсіресе ағайынның арасын жақындатып, жалғаудағы дип­ломатиялық қабілетін аңғарып, ол кісіге деген құрметім артты.
Адал қызмет істеген адамның аяғынан шалушылар көп. Әсіресе лауазымды қызметтегі азаматтардың алдында кесе-көлденең кедергілер бо­лады және ол заңды да. Менің де бір кездері басшылық қызметте жүргенде сондай қысым-қыспақтарға тап болып, қызғаныштың құрбаны болып кете жаздаған сәттерім болған. Бірақ ақ жолда жүрген, нәпақасын адалдан жеген жанның Құдайы бар ғой. Нұрлыбек ағама да басшылық қызметте жүргенде жала жабылып, жазықсыз жапа шекті. Алайда Нұрекеңді алдымен Алла, одан соң өзінің тазалығы, адалдығы және білімділігі содан арашалап қалды. Ағамыз оған мойыған жоқ, сынған жоқ және жала жапқан пенделердің деңгейіне түскен жоқ. Бірақ қарсы тұрды, күресті, жеңіп шықты.
Қандай жағдайда да мен Нұрлыбек ағама інісі ретінде де, азамат ретінде де шын ниетіммен тілекші болдым. Ол кісі де мен секілді інісіне ағалық қамқорлығын аянып қалған жоқ. Жо­ға­рыда айтқанымдай, маған жазықсыз қысым көрсетіліп жатқан жылдары моральдық-психологиялық тұрғыдан де­меу болды. Тіпті сол кездегі облыс әкі­мі Серікбай Нұрғисаевқа кіріп, болып жатқан келеңсіздіктерді жеткізген бо­латын. Сол жағдайлардан кейін Нұр­лыбек аға екеуміздің арамыз бұ­рын­ғыдан да жақындай түсті. Кездесе қалсақ, құшағына қысып «Айналайын, алтын інім» деп маңдайымнан сүйетін.
2004 жыл. Маусым айының басы. Ішкі істер министрі болып Зауытбек Тұ­рысбеков келген кез. Бұрын мемле­кет­тік қызметтен келген Зауытбек Тұрысбеков әр облыста бір аудандық ішкі істер бөлімін базалық орган деп белгіледі. Сырдария аудандық ішкі істер бөлімінің басшылық қызметіне конкурс жарияланды. Оған алты үміткер бар. Оның бірі – мен. Үміткерлер жаңа министрдің талабы бойынша физи­калық тұрғыдан, психологиялық тұрғы­дан және басқа да нормативтік-құ­қық­тық негіздегі талаптар бойынша сы­­нақтардан өтеді екен. Не керек, аяқ ас­тынан Астанаға ұшуым керек болды. Ол кезде Қызылордадан Астанаға ұшақ ап­тасына екі-ақ рет қатынайды. Жұма күні Астанада болуым керек. Ал ол күнгі кес­теде рейс жоқ.
Амал жоқ, сол күні Шымкент қала­сына жолға шықтым. Туған інім Бақыт жолға жарақты жүйрік көлік тапты. Шым­кентке тартып кеттік. Шиеліден асқанда Нұрлыбек ағам телефон соқты. Амандық-саулықтан соң: – «Әміржан, қай­­дасың?», – деді. Мен жол жүріп бара жатқанымды айттым. «Иә, естіп жа­­тырмын. Талап оң болсын! Әміржан, сен қазір жолай Жаңақорғанға аялдап кет! Көп уақытыңды алмаймын, жолың­нан қалдырмаймын. Мен саған бір үлкен кісінің батасын алып берейін» деп мекен-жайын айтты.
Уақыт тығыз. Бірақ өзім қадірлейтін ағам айтып тұрғанда соқпай кетуге болмайды. Оның үстіне үлкен іске талап қылардың алдында ағалардың батасынан қалай аттап кетемін. Аттың басын іркіп, Жаңақорған кентінің ірге­сіндегі шипажайға аялдадық. Ол жыл­дары Нұрлыбек Жолдасбаев Жаңа­қор­ған ауданының әкімі болатын. Ай­­тылған ме­кен-жайға келгенімде ал­дымнан Қа­тира жеңгем шығып, ағамның күтіп отыр­ғанын айтты. Бөлмеге кіргенде Нұр­лыбек ағам қарсы алды. Дастархан жай­нап тұр. Төрде аппақ шашын артқа қайыр­ған алып денелі қарасұр кісі отыр. Көрген бойда жүзі жылыұшырап сала берді. Кәдімгі қазақтың батыр ұлы, әйгілі партизан Қасым Қайсенов. Мен бір жағынан ыңғайсызданып, бір жағынан қуандым. Төрде отырған батырдың қо­лын алдым. Қасым менің тұла-бойым­ды бір шолып шығып «Әлгі айтып отырған полковнигің осы жігіт пе?» деп сұрады. «Иә, осы жігіт. Әмірбек деген ініңіз. Бұл да – батырлар мен билердің ұрпағы. Өзі де – нағыз батыр азамат. Өзіне лайық үл­кен қызметке талап қылып жатыр екен. Сіздің батаңызды алуға арнайы ке­ліп тұр» деді. Қасым батыр басын изеп құп­та­ғандай сыңай танытты. Сосын «Онда ал­дымен мынаны құй!» деп гүр етті. Нұрлыбек ағам үшеумізге сусын құйды.
– Сен мені танисың ба? – деді Қасым Қайсенов.
– Танымағанда аға… Сізді бар қазақ таниды ғой. Қазақтан бөлек сізді кезіндегі Кеңес одағы елдерінің барлығы біледі. Тіпті сізге славян халықтары да қарыздар ғой, Қасым аға, – дедім.
– Ау, мына жігіт расында батырдың тұқымы екен, – деді.
Қасым менің мақтауыма зәру емес. Қазақтан ғана емес, адамзат баласынан өзінің биік бағасын әлдеқашан алып қойған. Бірақ мен шын көңіліммен айт­қан едім. Өйткені бала күнімізден ха­лық қаһармандары, Кеңес одағының ба­тырлары әрі соғыс тақырыбын ашып жаз­ған қазақтың көрнекті жазушылары Бауыржан Момышұлы, Қасым Қайсе­новтердің аңызға айналып кеткен май­дан­­дағы таңғажайып ерліктерін оқып, соларға еліктеп өскен ұрпақ өкіл­дерінің бірімін. Көздей көзедегі сусыннан алған соң тіпті батылданып кеттім.
– Аға, бала күнімнен бастап сіздің «Жау тылындағы бала», «Ажал аузы­нан», «Илько Витряк», «Переяслав пар­­ти­­зандары», «Днепрде», «Жау ты­лында», «Партизан соқпақтары» деген туын­дыларыңыздың барлығын оқып шықтым. Кітаптарыңызды жас­танып жа­тушы едік. Біздің сіз секілді «Вася» бол­ғымыз келетін. Сол сіздің шығар­ма­ла­рыңыздың әсері де шығар, органға қызметке келіп, жоғары шен алдым, – деп бастырмалатып жібердім.
Бірақ бұл сөздерді мен жағыну үшін емес, тағы да шын көңіліммен айтып едім және жазушының шығармаларын іздеп жүріп сүйсіне, құныға, қызыға оқы­ғаным да шындық. Қарағайға қарсы біткен бұтақтай Қасым батыр маған ел­жірей қарап:
– Ай, мынау өсетін бала екен, ра­сында. Жазушының еңбегін оқудың өзі – еңбек. Қысыр сөзге қитығып қалатын адамға еліктеудің өзі – ерлік, – деп бір жы­миып қойды.
Сосын салмақты сөз бастады.
– Қан майдан адамнан амалсыз батыр жасайды. Әйтпесе адам өлтірудің несі батырлық дейсіңдер. Біз Отанымыз үшін, еліміз үшін соғыстық, қан кештік. Менің мойнымда талай немістің қаны бар. Немістер де адам. Құдайдың өзі кешірсін. Бірақ мен басқыншы, ша­буыл­даушы емес, қорғанушымын. Кейде миымда сапырылысқан мың сан ойдың қат­парынан өзімді осылайша ақтап, жұбатып алып шығамын.
Е, азаматтар. Нағыз ерлік майданда емес, бейбіт өмірде жасалады. Кім Отанын, елін, жерін жүрегімен жақсы көріп, көңілімен қызмет қылса және сол Отанының күні-түні амандығына риясыз ниетімен тілекші бола алса, нағыз батыр сол. Қәне, інім, қолыңды жай, – деді.
Орнымнан ұшып түрегеліп қолымды жайдым. «Құдайың төбеңде тұрсын, дұш­паның табаныңның астында жат­сын! Ойға алған ісің оңғарылсын! Жорт­қанда жолың болсын! Әмин!» деп кү­ректей алақанымен бетін сипады. Мен де ішімнен «қабыл болсын» деп бетімді си­пағанда бойыма алапат энергия тарағандай болды. Нұрлыбек ағам: «Ал Әміржан, Қасым ағамыздың батасын алу екінің біріне бұйыра бермейді. Енді жолың ашылады. Жолыңнан қалма, сапарыңды жалға» деді. Екі ағаммен қоштасып, жүріп кеттім.
Әуелі Алла, содан соң аты аңызға ай­налған халқымыздың даңқты пер­зен­ті­­нің батасының арқасында сынақтың бар­­­­лығын сәтті тапсырып, Сырдария ау­­дандық ішкі істер бөлімінің басшысы қыз­­­метіне тағайындалдым және сол қыз­­­мет­ті бірнеше жыл абыроймен ат­қар­­­­­­­­­­дым. Одан кейін де төмендегенім жоқ, жо­­­­­­­­­­ғарыладым. Бұның барлығы Нұр­лы­бек сынды ағамның шапағаты еді.
Нұрлыбек ағаммен өмірден өткенше жақсы сыйластықта болдым. Ол кісінің үйінде болып, Қатира жеңгеміздің қо­лынан талай мәрте дәм таттық. Ағам­ның шаңырағында қадірлі, құрметті қонақтардың қатарында болдық. Кейбір лауазымды ағаларымызға дастархан басында қызмет жасап, тәлімді, тағы­лым­ды, есті әңгімелер тыңдадық.
Шаһарбек Оспанов, Тұрғанбай Ма­ханов, Өмірзақ Тұңғышбаев, Ұзақ Еспанов, Қомшабай Сүйенішов сынды елге белгілі тұлғалардың да шарапатын көп көрдім. Мүмкін менің қызметтік өсу жолдарымда ешкіммен бармақбас­ты, көзқыстымен жең ұшынан жал­ғас­пай, адал еңбекпен нәтижелі жұмыс көр­се­туім де осы кісілердің тілегі шығар. Иә, дәл солай. Сол кісілердің маған де­ген сенімі үлкен жауапкершілік жүк­теді. Сон­дықтан сенімдерін ақтауға ты­рыс­тым. Осы ағаларымның ішінде Нұр­лы­бек Қалжатайұлының мен үшін орны бө­лек.
Жеңгеміз Қатира Нұрлыбек аға­мыз­ды қас-қабағынан түсініп, қыз­мет жасаған нағыз қазақ әйелі ғой. Қати­ра жеңгеміз Нұрлыбек ағамыздың ал­тын көшін тоқтатпай сүйреп келе жатыр. Ағамыз бен жеңгеміз Аруын, Бақыт­бек, Данияр сынды балаларына жақсы тәрбие берді. Соның арқасында інілерімнің үшеуі де саналы азамат болып ер жетті. Қазір басшылық қыз­меттерді абыроймен атқарып, әке­лерінің соқпағын жалғастырып келе жатыр. Нұрлыбек ағамнан жақсылық көрген соң мен де ол інілеріме қолымнан келгенше қамқорлығымды аямауға тиіспін. Сырттай тілекшімін. Жақсы адам салған жолдың бұра кетуі мүмкін емес. Әке жолын жалғаған балалары, немерелері де болашақта елге адал қызмет ете берері сөзсіз.

Әмірбек ШАЙМАҒАНБЕТОВ,
облыстық мәслихаттың депутаты,
ҚР Ішкі істер органдарының
құрметті қызметкері

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: