Сейсенбіде сапарға шығамыз, ауа райының да қарасып тұрғаны. Әріптесім де айтылған уақытта көлігінің май-суын қамдап, есік алдында мені тосып тұр.
– Ертерек қамданбасақ, Есет батыр мен Жаңадарияның ортасындағы жолдың жайын білесіз ғой, – дейді Рсекең.
Әлбетте бұл жолдың жағдайы бәрімізге таңсық емес. Не де болса, Рысбек айтқандай, ертерек қамдану қажет болып тұр.
Әне-міне дегенше жолға шықтық. Бұрын Бұқарбай батыр мен үлкен жолдың ортасын еңсеру де қиынның қиыны еді. Биыл оның сапасына мән беріліп, жолаушылар үшін қолайлы жағдай қалыптасты.
Жалпы Жалағашта осы Есет батыр мен Жаңадарияның ортасын жалғайтын 20 шақырымға жуық жолдан басқа ауылдарға кіребірс көшелер қалыпқа келді. Мұндай мәселе енді ұмытпасам, аудан іргесіндегі Ақсу мен Аққұмда болуы керек.
Иә, Таң атысымен тілшілік тіршілігіміз ауылдық елді мекендерден басталды. Алдымен батыр атындағы қос елді мекенді, еңсе тіктеген Еңбекті еңсеріп, аудан орталығынан шалғай жатқан Жаңадарияға аялдадық. Мұнда Президент Жарлығына сәйкес аудан әкімі Асқарбек Есжанов елді мекен халқымен кездеседі. Тоқсан сайын елдің талап-тілегіне құлақ түргеннің несі айып?. Бастысы, бұның бұқараға пайдасы болмаса, зияны жоқ, қазір оған мысал келтіру үшін қыр асудың да қажеті шамалы. Ауданның өзінде өңір басшысы Асқарбек Есжановтың халықтың талап-тілегіне ден қоюының арқасында біршама мәселе шешімін тауып жатыр.
Иә, Асекең бұған дейін де Жаңадарияға ат ізін салған. Елде нендей мәселе бар, оның шешімі қалай. Дәл осындай сауалдардың түйінін тарқату мақсатында біз де бұқараның бел ортасында жүрдік. Ондағы халықтың талап-тілегіне құлақ түрген Асқарбек Темірбекұлы шама-шарқынша елдің мәселесін шешуді ертеңге қалдырмайтынын жеткізген.
Ұмытпасам, жылдың екінші немесе үшінші тоқсаны болуы керек. Әкіммен кезекті кездесуінде жаңадариялықтар іргесіндегі Аламесек пен екі ортаны жалғайтын жолдың мәселесін көтерген еді. Мұнан бөлек елді мекендегі білім ошағының қазіргі жайы да елдің талап-тілегіне арқау болған. Кеше ауылға алып баратын 18 шақырым жолдың бойында құрылыстың қарқын алғанына куә болдық, несін жасырайық, іштей риза болдық. «Халық айтты, хан түйесін сойды» дейтін бе еді мұндайда?. Міне, халықтың мәселесі расында кейінге қалмады. Ал кешегі кездесуде Асқарбек Темірбекұлы ауыл мектебінің күрделі жөндеуіне қатысты сметалық құжат келер жылы әзірленетінін айтып, елдің еңсесін бір көтерді.
Жалпы апатты жағдайдағы білім ошақтарының мәселесін шешуде Жалағашта біршама жоба қолға алынды. Жемісі де жоқ емес, әрине. Қазір Мақпалкөл ауылындағы алтын ұя, шалғайдағы Аққыр ауылындағы №188 орта мектеп, Еңбектегі Мардан Байділдаев атындағы білім ошағы, Есет батырдағы №124 орта мектеп күрделі жөндеуден өтіп, балалардың сапалы білім алуына, ұлағатты ұстаздардың бәсекеге қабілетті ұрпақ қалыптастыруына барлық жағдай жасалып отыр. Тіпті М.Шәменов ауылында мектептің жаңа ғимараты пайдалануға берілді. Арғы-бергі уақытты ақтармадық. Болмаса Жалағашта ғимараты жаңарған білім ошақтары мұнымен шектелмейді. Енді бұйыртса, алдағы жылы олардың қатарын Жаңадариядағы ауыл мектебі толықтырайын деп тұр. Айтпақшы ғимарат сапасына қатысты Бұқарбай батыр ауылынан да жағымды жаңалық жетті. Бұйыртса, ондағы орта мектеп ғимаратына да жуырда күрделі жөндеу жұмыстары жүреді.
Кез келген сала қызметкерлеріне жағдай жасалып, қолдау болғаннан кейін міндетті түрде талап та есенеді. Бастысы жалағаштық ұлағатты ұстаздар сол сенім үдесінен шығып жатыр деп толық айта аламын.
Бірді айтып, екіге кетті демеңіздер. Ауданда жүзеге асқан игі бастамалардың бірін жазсақ, екіншісі еске оралып жатыр. Қуанышты бөліссең көбейеді» дейтін бе еді дана қазақ. Жалағашта жүзеге асатын жарқын жобалар еселенсе, несі айып?.
Біз сейсенбідегі аудан әкімінің халықпен кездесуінде Президент Жарлығының қарапайым жұрт игілігін көріп жатқанын аңғардық. Алдыңғы тоқсанда айтылған талап-тілекке осы тоқсанда жұмыс жасалып жатса, бұлай демегенде не дейміз?.
Жаңадарияда жол құрылысы мұнымен шектелмитін сияқты. Әлгінде айтқан 18 шақырым жолдың 5 шақырымға жуығы биыл асфальтталады, оған 100 млн теңге қаралып, жол құрылысы басталып кетті. Ал келер жылы шалғай ауылда тағы 3 ішкі көшенің құрылысына сметалық құжаттар әзірленеді. Биыл ауылда орталық көше асфальтталған болатын. Бұл Жаңадария ауылы құрылғалы сапасына мән берілген алғашқы көше екенін ескерсек, қалған ішкі көшелердің сапасын сараптай беріңіз. Бастысы аудан басшысы қолдап, осы елді мекендердің жол сапасына қатысты жобаларды облыста қорғап жатқанда әлі талай елдің талап-тілегі ескерілетініне ел сенеді.
Жалпы келер жылы Жаңадарияда жүзеге асатын жобалар мұнымен шектелмейді. Біз тек өткен тоқсанда халықтың қай талап-тілегіне жұмыс жасалды, осы сауалдың түйінін тарқаттық. Бастысы жаңадариялықтар атқарылған жұмыстарға, алдағы мақсат-міндеттерге риза.
Жаңадариялықтардың негізгі тіршілік көзі мал шаруашылығына тәуелді. Жергілікті халықтың ара-тұра гектарлап бақша салатыны бар. Бұл ауыл әлі де бақша өнімдерін өндіруде ауданда көш бастап тұр. Қазірдің өзінде жаңадарияда бапталған бақша өнімдері тұтынушылар тарапынан сұранысқа ие.
Кешегі кездесуде ауыл тұрғындарының бірі, ардагер Сапабек Тұрмаханов аяқсу келетін каналдарды қазу жұмыстары жүргізілсе деген өтінішін ортаға салды. Бұған қатысты аудан әкімі жауапты азаматтарға тиісті тапсырмалар беріп, мейлінше елдің талап-тілегі ескерілуін талап етті.
1964 жылы құрылған ауылдың әкімі Асхат Есқалиевтың аузын бақсақ, ауылда біршама шаруа атқарылған. Әлі де жүзеге асатын жарқын жобалар жоқ емес. Ұлы ақынның атындағы орталық көшеге асфальт төселіп қойған. Жалпы ұзындығы 1237 шақырымды құрайтын бұл жолдың орташа жөндеуіне өңір тайқазанынан 40 млн теңгеге жуық қаражат қаралған. Бас мердігер «Қызылорда Жолдары» ЖШС төсеген асфальттың сапасында әзірге мін жоқ. Олай-бұлай өткен жергілікті халықтың да көңіл-күйі көтеріңкі. Олай болмағанда ше, қазір айтсақ, күлкілі көрінер, бірақ бұл – ауылда 58 жылдан бері асфальт төселген бірінші көше. Яғни 1964 жылдан бері Жаңадарияның жолдары асфальт көрмеген. Жалпы бізге ауылдың екінші тынысы ашылғандай көрінді.
Бұған дейін барғанымызда астына ештеңе төселмеген ойын алаңында балалар бұрқыратып доп теуіп жүрген. Қазір ол жерге де жасыл төсеніш жайылған. Орталық көшенің жайын бағана айттық, барлық көшеге 100 пайыз жарық бағаналары орнатылған, ауыз су жүйесіне 2019 жылы күрделі жөндеу жүріпті. Қазір мұнда жергілікті халықты тәулік бойы сапалы ауыз сумен қамтамасыз етуде мәселе жоқ. Электр бағаналары да 100 пайыз жаңарып, тоқ тарататын арнайы аппараттары толықтай ауысқан.
Алдағы жылдың да еншісінде бірқатар шаруа тұр. Мәселен, Жаңадария, Достық және Қ.Сәтбаев көшелерінің жөндеу жұмыстарына қатысты құжаттар да әзір екен. Жобаны жасаудың жалпы құны 25 млн теңгені құрайды. Бұған дейін аудан әкімі Асқарбек Есжанов ауыл ақсақалдарымен кездескенде осы 3 көшенің сапасына қатысты мәселені өңір басшысының назарына салған. Бұйыртса, бұған қатысты да халықтың талап-тілегін орындайтын күннің де ауылы алыс емес сияқты.
Жоғарыда айтқанымыздай, жергілікті халықтың тыныс-тіршілігі негізінен мал және егін шаруашылығына тәуелді. Ауыл шаруашылығының қос саласында қалыптасқан серпін елді мекеннің еңсесін тіктеуге айтарлықтай қолғабыс болған. Жаңадарияда қазіргі таңда 50 кәсіпорын жұмыс жасап тұр. Олардың ішінде пластик терезе шығаратын шағын цех, тігін шеберханасы секілді өндіріс орындары да бар. Жалпы жергілікті халық бұрынғыдай емес, кәсіп ашуға машықтанған және одан үлкен пайда барын жете түсінеді. Жуырда ауыл тұрғындарының бірі 10 млн теңгеден астам мемлекеттік бағдарламамен несие алып, мал шаруашылығы бағытында өз ісін бастап кетіпті. Басқа да түрлі жобалар әзірлеп жатқан тұрғындар көп.
Бағана сөз басында айттық, бұл ауылдың халқы ала жаздай бақша дақылдарын және көкөністі күтіп-баптауға машықтанған. Ал бұл бағытта кәсіп жандану үшін ауылда аяқ су мәселесі болмауы керек. Мәселен, осы кезге дейін етектегі егіс алқабында бірқатар шаруашылық иелері бақша дақылдарын күтіп баптады. Ал қырдағы алқапқа дән салайын десе, аяқ су мәселесі туындап тұрған көрінеді. Жуырда ол да шешімін тауып қалар. Себебі қырдағы алқапты аяқ сумен қамтамасыз етуге толық қауһарлы «Іңкәрдария» каналы қайта қазылады. Ұзындығы 7,9 шақырымды құрайтын бұл каналды қазу жұмыстарына қыруар қаражат қаралып қойған.
Асхат Есқалиев қазір жергілікті халық санында өсім барын айтады. Бұрын әр жыл сайын ауылдан 4-5 отбасы қоныс аударса, қазір керісінше көшіп келушілер көп екен. Олай болмағанда ше, инфрақұрылымы дамыған, кәсіп ашамын дегендерге барлық жағдай қарастырылған, бұйыртса, алдағы уақытта тағы бір балалар ойын алаңының құрылысы басталады. Жалпы Жаңадарияның бүгінде екінші тынысы ашылғандай көрінді бізге.
Кенжетай ҚАЙРАҚБАЕВ
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!