Жалағаш аудандық «Жалағаш жаршысы» газетінің сайты

8°C

, Дүйсенбі, 25 қараша, 14:51

28 бала суға кеткен

13.07.2024

334

0

Елімізде жаздың алғашқы күнінен бастап суға шомылу маусымы басталды. Кейбір өңірлерде суға шомылу үшін жеткілікті деңгейде жылынбағанына қарамастан азаматтар табиғат аясында су айдындарында шомылуды құп көруде. Салдарынан адамдардың суда қаза болу оқиғалары жиілеп кетті. Десе де судағы қауіпсіздікті қамтамасыз ету жұмысы Төтенше жағдайлар министрлігінің ерекше бақылауында. Адамдардың судағы қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында, министрлік полиция бөлімімен және жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп, ұйымдастырушылық және практикалық іс-шаралар кешенін өткізуде. Бұқаралық ақпарат құралдары арқылы белсенді түрде су айдындарындағы негізгі жүріс-тұрыс қауіпсіздік шаралары жеткізіліп тұрады.

Министрліктің мәліметінше, еліміз­де шомылу маусымы басталғалы бері су айдындарының қорғалмаған бө­ліктерінде 42 тұрақты және қосымша 150-ге жуық жылжымалы маусымдық құтқару бекеттері орнатылған. Сондай-ақ шомылуға тыйым салынған 4 598 орын анықталып, онда 5 894 ескерту және тыйым салу белгілері қойылған.

Жалпы судағы қаупісіздік қағи­да­тын сақтамау тәртібі бойынша 39 853 рейд пен патруль жүргізілген. Анық­талған заң бұзушылар Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің «Ортақ су пайдалану қағидаларын бұзғаны» 364-ші, «Су айдындарындағы қауіпсіздік қағидаларын бұзу не­ме­се орындамағаны» 412-ші және «Алко­гольдік ішімдіктер ішу немесе қоғамдық орын­дарда мас күйінде болғаны» 440-ші баптары бойынша әкімшілік жауап­кершілікке тартылады. Осы ретте жыл басынан бастап 9 мыңға жуық хат­тама толтырылған. Осындай жүйе­лі жұмыстардың нәтижесінде жыл ба­сы­нан бері патрульдеу өткізу бары­сын­да 131 адам құтқарылған, оның ішін­де 35 бала бар.
Әттеген-айы биылғы шомылу мау­сымы басталғалы 64 адам суға батып кеткен, оның ішінде 28-і бала. Былтыр осы кезеңде 76 адам суға батып кет­кен, оның ішінде 21 бала болған. Ста­тистикаға көз жүгіртсек, адам өлімі 16 пайызға, бала өлімі 33 пайызға өскен.

Су айдындарында
бақылау күшейді

Мамандардың айтуынша, ауданда суға түсуге белгіленген арнайы жаға­жайлардың болмауы және суда құтқару стансасының жоқтығы өзінің кері әсе­рін тигізуде. Өкініштісі, өңірімізде өт­кен жылы суға шомылу кезінде 3 аза­мат суға кеткен, оның 2-еуі балалар. Абырой болғанда биыл мұндай келеңсіз жағдайлар орын алмаған.

Биыл азаматтардың суға бату жағ­дайларын алдын алу мақсатында жерглікті билік тарапынан «Жазғы суға шомылу маусымы кезеңінде су айдын­дарында төтенше жағдайлардың алдын алу мақсатында атқарылатын жұмыстарының іс-шара жоспары» бе­кітілкен. Күн сайын азаматтық қорғау орган­дарының, полиция қызметкерлері және волонтерлер профилактикалық жұ­мысқа, яғни рейд және патрульдеу жүр­гізуге қатысады. Бұл ретте жүзу құ­ралдары, машина, жаяу жүру, полиция наряды пайдаланылады.

Сондай-ақ атқарылып жатқан жұ­мыстар, ескертпелер, нұсқаулықтар де­­партаменттің және аудан әкімдігінің әлеу­меттік парақшасында, аудандық бұ­қаралық ақпарат құралдарында жа­риялануда. Нақтырақ айтсақ, тө­тенше жағдайлар департаментінің және аудан әкімдігінің «Facbook», «Instagram» әлеуметтік желісіне 16 рет мақала, аудандық «Жалағаш жар­шы­сы» газетіне «Бала бақылаусыз бол­ма­сын», «Балалардың қауіпсіздігін сақ­тайық!», «Қауіпсіздік қаперде болсын», «Су айдындарында қауіп­сіздік ере­же­лерін сақтайық», «Суда жүзу ере­­желері мен қауіпсіздік шара­лары», тақы­рып­тарында мақалалар жария­ланған.

Мұнан бөлек «Су айдында­рында белгіленбеген орындарға суға түсуге болмайды» деген барлығы 50 дана тақ­тайшалар және адам көп жина­ла­тын орындарда судағы қауіпсіздік та­қырыбында 10 дана бил­бордтар ор­натылған. Аудандық төтенше жағ­дайлар бөлімінің бастығы, азаматтық қорғау подполковнигі Е.Назар­құлов «Қызылорда қоғамдық телера­диоком­паниясы» ЖШС-ы «Шарайна» ақ­па­рат­тар топтамасында «Суға шо­мылу маусымында сақтық керек» тақыры­бында сұхбат беріп, бейнесюжет көрсетілген.

Жазғы демалыс уақытында бала­лар­дың су айдындарына, суармалы арықтар мен каналдарға жақын жерде болуына ата-аналар жауапты екенін ерекше атап өту керек. Осы ретте аудандық төтенше жағдайлар бөлімінің қызметкерлері аудандық білім бөліміне қарасты «Ақтерек» сауықтыру лагеріне барып, қызметкерлер мен балаларға «Судағы қауіпсіздік ережелері», «Өрт кезіндегі алғашқы іс-әрекеттері» және басқа да төтенше жағдайлардың алдын алу мақсатында түсіндірме жұмыстары жүргізіліп, арнайы дайындалған жады­нама парақтары таратылған.

Әрбір адам суға шомылатын су ай­­дынының қауіпті орындары мен ерек­шеліктерін білуі тиіс, өйткені жаб­дықталмаған жерлерде үйінділер, су бас­қан бөренелер, темір кесектері, шыны және басқа да заттар болуы мүм­кін. Түптеп келгенде амандығымыз өзіміздің қолымызда, сондықтан та­биғат аясында демалу сәтінде қауіпсіздік шараларын естен шығармағанымыз абзал.

Жандос ЖАЗКЕН

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: