Апта басында бюджет қаражатын басқарудың және пайдаланудың тиімділігін арттыруға негізделген семинар-кеңес өтті. Оған облыс бойынша ішкі мемлекеттік аудит департаменті, Қызылорда облысы мемлекеттік сатып алу басқармасының және аудандық қазынашылық басқармасы өкілдері, аудан әкімінің орынбасары, аудандық мемлекеттік мекемелер, кәсіпорындар басшылары, аудандық барлық сала бойынша есепші мамандар қатысты.
Күн тәртібінде мемлекттік аудит, қазынашылық органдарының, мемлекеттік сатып алу саласының өкілдері баяндама жасады. Семинар кеңесті ұйымдастырудың негізгі мақсаты – мемлекеттік және квазимемлекеттік сектор субъектілерінде қаржылық бұзушылықтардың алдын алу, қаржылық тәртіпті нығайту және бюджет қаражатын пайдаланудың тиімділігін арттыру. Жиын соңында есепші мамандарды арнайы курстардан оқытып, біліктілігін арттыру бойынша ұсыныс мемлекеттік мекемелер мен квазимемлекеттік сектор басшыларына ұсынылды.
Айта кетейік, былтыр Қызылорда облысының тексеру комиссиясымен
22 аудиторлық іс-шара өткен. Онда 144 мемлекеттік аудит объектісі және жалпы көлемі 106,6 млрд теңгені құрайтын бюджет қаражаты қамтылған. Нысандарға білім беру ұйымдары, жеке балабақшалар, денсаулық сақтау ұйымдары, «Қызылорда автобус паркі» ЖШС, кейбір облыстық басқармалар, аудандық бөлімдер, екі аудандық кіріс басқармалары және т.б. кірген.
Аймақтың жалпы 146 кент, ауылдық округ бюджетінің атқарылуы туралы есептеріне талдау және кейбір профельды бағыттар бойынша «4» сараптамалық-талдау іс-шара жүргізген. Жүргізілген аудит нәтижесінде мемлекеттік және бюджет қаражатын алған жеке мекемелерде қаржылық, қаражатты тиімсіз жоспарлау, пайдалану, активтері дұрыс басқармау бұзушылықтары, сондай-ақ пайда жіберіп алу кемшіліктері анықталған.
Аудит барысында анықталған әкімшілік құқық бұзушылық заңымен жауаптылық қаралған фактілер бойынша 975 аудит материал сот және уәкілетті органдарға жолданды. Істерді қарау нәтижелерi бойынша 603 тұлға жауаптылыққа тартылған. Оның 144-іне 36 млн теңге айыппұл салынса, 459-ына ескерту берілген.
Өздерінің қызметтік міндеттерін орындамаған немесе тиісінше орындамағаны үшін 142 қызметкер тәртіптік жауапкершілікке тартылыған. Сондай-ақ мемлекеттік органдарға негізсіз алған бюджет қаражатын өндіру, қаржылық есептілікті қалпына келтіру, заңнаманы жетілдіру, бұзушылықтарды жою, алдағы уақытта болдырмау және т.б
іс-шаралар жүргізу бойынша 27 ұсыныс пен 177 тапсырма берілген. Оның бүгінде мерзімі келген 153 тармақ орындалса, қалғаны облыстық тексеру комиссиясының бақылауында.
Биыл 24 аудиторлық іс-шара жүргізу жоспарланып отыр. Қамтылатын қаражат – 216,8 млрд теңге. Аудит объектілерінің саны – 154. Алдағы уақытта спорт басқармасы, оған қарасты мекемелер, құрылыс және денсаулық, экономика және қаржы басқармалары, білім басқармасы, аудандық бөлімдер, кент, ауылдық округтер, колледждер, квазимемлекеттік сектор субъектілері және тағы басқа мекемелер қамтылмақ.
Күн тәртібіне сәйкес Қызылорда облысы бойынша тексеру комиссиясы, Қызылорда облысы бойынша ішкі аудит департаментінің және облыстық мемлекеттік сатып алу басқармасының өкілдері баяндама жасап, есепшілер тарапынан қойылған бірнеше сұрақ жауапсыз қалмады.
Кенжетай ҚАЙРАҚБАЕВ

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!