Жалағаш аудандық «Жалағаш жаршысы» газетінің сайты

2°C

, Дүйсенбі, 25 қараша, 01:37

Күрішке орақ салған күн

20.08.2024

263

0

Өткен сенбіде Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров пен облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаевтың қатысуымен Таң ауылының егіс алқабында алғашқы орақ түсу рәсімі өтті. Салтанатты шараға республикалық ардагерлер ұйымы төрағасының бірінші орынбасары, профессор Өмірзақ Озғанбаев, Парламент Сенаты мен Мәжілісінің депутаттары, барлық облыс әкімінің орынбасарлары мен ірі ауыл шаруашылығы құрылымдарының басшылары қатысты. Аймақ басшысы ізгі тілегін білдіріп, агросалада атқарылған жұмыстарға тоқталды.

– Ауыл шаруашылығы – аймақ экономикасын өрістеткен негізгі бағыт­тардың бірі. Оның ішінде аймақтың табиғи ерекшелігіне, ауа райы мен топырақ құрамына бейімделген негізгі дақыл – күріш. Соңғы жылдардағы су тапшылығының кері әсері Сыр ди­қандарына оңай соқпады. Осы орайда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы мен Үкімет бас­шысы Олжас Абайұлының, Үкімет мүшелерінің бас­­тамасымен Сырдария өзенінің жо­ғарғы ағысындағы мемлекеттермен дер кезінде келіссөз жүргізіліп, қол­дау жасалды. Нәтижесінде егісіміз су­мен толық қамтамасыз етілді. Сол үшін барша Сыр диқандары атынан шексіз алғысымызды білдіреміз. Ве­ге­тация кезеңіне бекітілген су лимитіне сәйкес күрішті 84 мың 300 гектарға ектік. Жыл сайын аграрлық саланы қолдауға қомақты қаржы бөлінуде. Мемлекет басшысы ауыл шаруашылығының жалпы өнім кө­лемін 5 жылда екі есе ұлғайту жө­нінде тапсырма бергені белгілі. Осы ретте егістікті әртараптандыруға, су үнемдеу технологияларын қолда­нып егіс көлемін арттыруға ден қойы­луда. Жеңілдетілген дизель отыны шаруашылықтарға мерзімінде жет­кізілді. Диқан қауымы ауыз­бір­­шіліктің үлгісін көрсетіп, суды ысы­рапсыз пайдаланып, жоспарлы жұ­мыс жа­сауда, – деді Н.Нәлібаев.
Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров жиналған жұртты құттықтап, атқарылған жұмыстарға оң бағасын берді, мемлекет тарапынан тиісті қолдау көрсетілетінін айтты.
Егін орағының басталуына ар­налған іс-шарада азық-түлік қауіп­сіздігін қамтамасыз ету мақсатында республиканың әр өңірінен келген кә­сіпорындардың келісімге қол қою рәсімі өтті. Нақтырақ айтсақ, «Шым­кент» ӘКК АҚ мен «Жан-Арай» ЖШС, «Павлодар» ӘКК АҚ мен «Абай-Дәулет» ЖШС, «Алматы» ӘКК АҚ мен «Алтын Орда» ЖШС арасында меморандумға қол қойылды.
Шараға қатысушылар егін жинауға арналған ауыл шаруашылығы техни­каларымен, облыста өндірілетін агро­өнім түрлерімен танысып, маман­дармен пікір алмасты. Сала ардагері Нұрлыбай Ұлықпанұлы батасын берді.
Айта кетейік, Сыр диқандары суды үнемдеу мақсатында соңғы 10 жыл көлемінде күріш егістігінің 55 мың гектарын лазерлік тегістеді. Ал­дағы 5 жылда бұл 72 мың гектарға жеткізіледі. Биыл су үнемдеу техно­логиясын пайдалану 4,4 мың гектарға жетті, алдағы 5 жылда оны 24,2 мың гектарға арттыру жоспарлануда.
Биыл «Таң ЛТД» серіктестігі қы­тайлық компаниямен бірлесіп, Шиелі ауданында 800 гектарға тамшылатып суару әдісімен дән жүгері екті. 2025-2026 жылдары тамшылатып суа­рылатын егістік көлемі 3 мың гектарға дейін ұлғайтылады.
Сол сияқты Қазалы және Арал аудандарында ауқымды жобалар бас­тау алды. Арал ауданындағы «Кэмел Про» шаруа қожалығында 830 гектар жоңышқаны, Қазалы ауда­нындағы «РЗА Агро» серіктестігінде 184 гектар мал азықтық дақылдарды жаңбырлатып суару жобалары бар. Сонымен қатар делегация Таң ауы­лының әлеуметтік-экономикалық да­муымен танысты.
Айта кету қажет, «Таң ЛТД» серіктестігінің құрылтайшысы, Қа­зақ­­станның Еңбек Ері Имамзада Ша­ғыртаев соңғы жылдары ауылдың әлеуметтік-экономикалық дамуына 1,5 млрд теңгеден астам қаржы бөліп, әлеуметтік нысандарды жөн­деді. «Тағзым», футбол, балалар ойын алаңдарын салып, жол­дарды жаңғыртты, көшелерді жа­рық­тан­дыр­ды. Жалпы ауылдағы жо­ба­лар­дың басым бөлігі Еңбек Ерінің демеу­шілігімен жүзеге асты десе де болады.
Биыл ауданда 37 365 гектарға ауыл шаруашылығы дақылдарын ор­наластыру жоспарланған. Жалпы Жалағашта 199 шаруашылық егін шаруашылығымен айналысады. Оның ішінде 152 шаруашылық күріш да­­қылын егеді. Олар қажетті жеңіл­детілген бағамен жанармаймен, тыңайтқышпен қамтылды.
Иә, жыл сайын маусымында аяқсу тапшылығы диқандарға айтарлықтай мәселе болатын. Биыл аймақ басшысы айтқандай, көрші елдермен жасалған келісімдер арқасында мә­селе туындамады. Оның үстіне жер­гілікті шаруашылықтар да егінді әртараптандыруға басымдық беруде, яғни жерге себілгеннен жинап алғанға дейін суда ұстайтын дақылдарға қара­ғанда соя, мақсары, жүгері сынды басқа да дақылдарға басымдық берілген.

Кенжетай ҚАЙРАҚБАЕВ

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: