Өскелең ұрпақ – еліміздің ертеңі. Мемлекет олардың сапалы білім, тағылымды тәрбие алуы үшін барлық жағдай жасайды. Ауданда шеті жоқ білім атты теңізде еркін жүзіп жүрген білімді жастар жетерлік. Солардың бірі Зейнолла Жарқынбаев атындағы №202 орта мектептің оқушысы, мектеп президенті Айзере Мақсұтпен сұхбаттастық…
– Жастар білім бәйгелерінде сыналады, сол арқылы жетіледі дейді. Өзіңнің білім шыңын бағындырып, жарыстарда алған жетістіктерің қандай?
– Қазір мектепте біздің қабілетімізді ашып, дамыту үшін көп жағдай жасалған. Соның арқасында жетістіктерім де көп. Солардың бірі – республикалық «Тарих ата» қашықтық олимпиадасы. Манат Қаражанованың жетекшілігімен ғылыми жоба қорғап, ІІ орынға қол жеткіздім. Облыстық пәндік олимпиадада «Құқық негіздері» пәнінен қатысып, ІІІ орынға ие болдым. Одан бөлек көптеген олимпиада мен жарыстан да топ жардым.
– Уақытты тиімді пайдалана білу де өнер. Бос уақытыңды қалай өткізесің?
– Бос уақытымда сурет салған ұнайды. Ол бойынша да өзімді бір-екі рет жарыстарда сынап көргенмін. Сонымен қатар спорттық жарыстарға да қатысып тұрамын. Кітап оқып, оны талқылауды ұнатамын. 10 сыныпта оқимын, ҰБТ-да жақын, осы бастан қызу дайындық үстіндемін. Болашақта мықты заңгер болғым келеді.
– Қазір бұрынғыдай емес, мектептер заманауи үлгіде дамып келе жатыр. Саған мектеп жүйесінде қандай жоба ұнайды?
– Иә, бізге үлкен мүмкіндік жасап жатқаны рас. Мен қазір мектепте президент қызметін атқарамын. Бұл жүйе жайында кинолардан көретінмін және мектепте де сондай қызмет болғанын қалаймын. Қазір осы жүйенің арқасында мектеп ішінде ғана емес, аудан, облыс, тіпті республика көлемінде түрлі жарыстарға қатысып, басқа мектеп президенттерімен танысып, жан-жақты дамудамыз. Сондықтан мектептегі дәл осы жүйе өзімен қатты ұнайды.
– Мемлекетте Президент деген – расында өте үлкен жауапкершілігі бар қызмет. Ал мектептегі президент қандай қызметтер атқарады?
– Ең алдымен мектептегі оқушылардың үлгеріміне көмектесіп, одан кейін мектептің іс-шараларын жүргіземіз. Жұмыстарды жалғыз мен емес, топпен, яғни парламентпен ұйымдастырамыз. Жанымда көмектесетін 8 министрім бар. Берілген тапсырмаларды бәрміз бірге атқарып отырамыз. Өзіміздің әлеуметтік желіміз бар, сол жерге барлық жасаған жұмысымызды саламыз. Ал оны білім бөлімінен үнемі тексеріп, бақылап отырады.
Мектеп парламенттері арасында ай сайын «60 секунд» деген жарыс өтеді, яғни онда межеленген уақыт ішінде әр оқушыға сұрақтар қойылады, соған нақты әрі мүдірмей жауап беру қажет. Биыл біз аудан ішіндегі мектептер арасында І орынға ие болдық.
Жалпы тек аудандық емес, республикалық деңгейде мектеп парламентімен түрлі жарыстар өтіп тұрады. Мәселен, «Жас лидер» деген жарысты айтып өткім келеді. Бұл – өте жақсы ұйымдастырылған жоба. Әр мектептен бір оқушыны ұсынып, оның лидерлік қабілетін дамытуға көмектеседі. Біздің мектептен 17 оқушы қатысып жатыр, жасаған жобалар іріктеліп, жазда Алматы қаласында өтетін ақтық кезеңге жолдама алады. Өзім қазір бұл жарысқа «Астрономия кабинетін ашу» тақырыбында жоба ұсындым. Себебі астрономияға қызығамын, ал мектепте бұл сала қатты дамымаған. Осыған байланысты түрлі ұсыныстар жазып, жобамды өткізіп қойдым. Егер жасаған жұмысым ұнап, қолдау тапса, бас жүлде 1 млн теңгені жеңіп аламыз.
– Қазіргі мектеп президенттеріне айтатын кеңесің немесе ұсынысың бар ма?
– Ең бірінші өздеріне деген сенімділік пен жасай алмаймын деген ойдан құтылу керек. Екіншіден, әрбір адамның өз ұстанымы болуы шарт, сол ұстанымын еске ала отырып, өзін жігерлендіруі маңызды. Үшіншіден, білімді дамытып, әрқашан ізденісте болу керек. Уақытың жетпей жатса да ізденуді тоқтатпа, оқу мен іздену уақытыңды босқа кетіру емес, керісінше білім алуда таптырмас мүмкіндік.
– Сұхбатыңызға рахмет!
Сұхбаттасқан Ақнұр АЛТЫНБЕК
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!