Жалағаш аудандық «Жалағаш жаршысы» газетінің сайты

-4°C

, Жексенбі, 02 ақпан, 08:02

Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ, Қазақстан Президенті:
БАСТЫ МАҚСАТ – АЗАМАТТАРДЫҢ ӘЛ-АУҚАТЫН АРТТЫРУ

01.02.2025

64

0

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен Үкіметтің кеңейтілген отырысы өтті. Жиынға Премьер-Министр Олжас Бектенов, Үкімет мүшелері, Ұлттық банк төрағасы, облыстар мен Астана, Алматы және Шымкент қалаларының әкімдері, орталық мемлекеттік органдар мен ұлттық компаниялардың жетекшілері қатысты.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Үкіметтің кеңейтілген отырысында сөйлеген сөзі

Құрметті кеңеске қатысушылар!
Бүгін біз Үкіметтің кеңейтілген оты­рысында өте өзекті мәселелерге тоқ­таламыз. Себеп – бәрімізге белгілі. Қазір дүние жүзі түбегейлі өзгеріске ұшы­рап жатыр. Жаһандық үдерістер, ең алдымен, еліміздің экономикалық ахуалына әсерін тигізетіні анық.
Жаппай цифрландыру дәуірі, яғни жаңа технологиялық кезең басталды. Күллі әлем мүлдем басқа жағдайда өмір сүреді. Біз соған міндетті түрде дайын болуымыз керек. Жаңа технологиялық ахуалға сақадай сай тұруымыз қажет. Бұл – еліміздің бәсекеге қабілетін арт­тырып, тұрақты дамуына жол ашатын аса маңызды фактор.
Үкімет пен әкімдердің жұмысы қан­шалықты тиімді екенін алдымен эко­номиканың даму көрсеткіштері мен аза­маттардың тұрмыс сапасына қарай баға­лаймыз. Осы жұмыстың нәти­жесі былтыр қандай болды? Негізгі мін­дет­тер орындалды ма? Бүгін осы сұрақ­тарға тоқталамыз және жақын арада шешімін табуға тиіс өзекті мәселелерді талқылаймыз.
Құрметті мемлекеттік қызметшілер!
Сырттағы ахуал күрделі болса да, елімізде жақсы нәтижелер бар. Ел экономикасы өсіп жатыр. Бірақ шешімін таппаған түйткілдер әлі де көп.
Қазіргі таңдағы басты мәселе мы­надай. Әлем экономикасында бо­лып жатқан тарифтік тартыстар мен санк­ция­лық текетірестер қалыпты жағдайға айналды. Бұл үдерістің салдары жой­қын болуы мүмкін. Климатқа байла­нысты ұстанымдар да үлкен өзгеріске ұшырайтын болды. Мұндай жағдайда «жасыл энергетиканы» дамыту тәсіл­дерін қайта қарауға тура келеді. Бір жағынан, дәстүрлі қуат көздеріне деген сұраныс сақталады. Екінші жағынан, бұл мұнай, газ және көмір бағасының тұрақ­сыздығына әкеп соқтырады. Қар­жы саласында криптовалюталар мен басқа да цифрлық активтер кеңінен қол­даныла бастады.Жасанды интел­лектіні дамыту алдыңғы қатарға шықты, соған байланысты технологиясы дамыған алып елдер арасында бәсеке қыза түс­пек. Жаңа дәуірдің сын-қатерлері аз емес. Оны еңсеру үшін бізге тиісті стра­тегия керек.
Мен реформалардың нақты бағыты мен оны жүзеге асыру жолдары туралы осыған дейін де айттым. Үкімет ел экономикасын тұралап қалудан сақтап, орнықты дамуды қамтамасыз ету үшін күрделі шешімдер қабылдауы керек және ең бастысы сол шешімдерді іске асыруға тиіс.Бұл – жоғары білікті әрі жауапкершілік алуға дайын мемлекеттік қызметшілердің қолынан келетін жұмыс. Әлемдік тәжірибеге қарасақ, мемле­кеттік аппараттың тиімділігі осындай күрделі кезеңдерде айқын көрінеді.
Үкімет қаншалықты қиын болса да, жаппай үнемдеуге көшіп, бюд­жет қар­жысын тек қана аса өзекті мәсе­лелерді шешуге жұмсауы керек. Көрпеге қа­рай көсілетін уақыт келді. Орынсыз шы­ғынды тоқтатып, аяғымызды тартып басу қажет.
Енді Үкіметтің және басқа да құзырлы органдардың жақын арадағы негізгі міндеттеріне тоқталсам.
БІРІНШІ. Экономиканы әртараптан­дыру. Былтыр өңдеу өнеркәсібі сала­сында 180 инвестициялық жоба жүзеге асырылды. Жобалардың жалпы құны – 1,3 триллион теңге. Соның нәтижесінде осы саладағы өсім 6 пайызға жуықтады. Бұл – соңғы он жылдағы ең жоғары көрсеткіш. Осы жақсы үрдісті біржола орнықтырып, сақтап қалу керек.Тағы бір аса маңызды мәселе – экономикаға инвестиция тарту. БҰҰ мәліметтеріне сәйкес, Қазақстан бұл көрсеткіш бойын­ша айтарлықтай табысқа қол жеткізген. Дегенмен тоқмейілсуге негіз жоқ.
Инвесторлардың мәселесін шұғыл шешу үшін Инвестиция штабы құрылды. Соның арқасында бюрократиялық ке­дер­гілер мен құқықтық қарама-қайшы­лықтар жойылып, кейбір жобаларды тезірек жүзеге асыруға жол ашылды. Алайда басты мақсат – «жекелеген» проблемаларды ғана шешпей, елдегі тұтас инвестициялық ахуалды жақ­сар­ту. Инвестициялық жобаларды әзірлеу барысында ведомствоаралық үй­лесті­руге әлі де көп уақыт кетеді. Үкімет басы артық бюрократиядан арылып, же­дел жұмыс істеуі керек.
Мемлекеттік қызметшілердің құлық­сыздығы және жауапкершілік алудан тайсалуы келісу рәсімдері мен шешім қабылдаудың тым ұзаққа созылуына себеп болып отыр. Мұны ашық айтқан абзал.Үкімет инвестиция саласындағы жұмысты күшейтуі қажет. Басқа жол жоқ. Әйтпесе, инвестиция нарығында бәсеке қызып тұрған кезеңде заман ағымынан кеш қаламыз. Бізге сапалы инвестиция қажет екені анық. Озық технологияға негізделген және сыртқы нарыққа арналған жобаларды әдетте шетел инвесторлары ұсынады. Был­тырғы 9 айда елімізге 12,7 миллиард доллар тікелей шетел инвестициясы тартылды. Көрсеткішке көңіл толға­нымен, бұл 2023 жылдың есепті ке­зеңімен салыстырғанда 36 пайызға кем.Ақтөбе, Алматы, Атырау, Шығыс Қазақстан, Жамбыл, Павлодар, Сол­түстік Қазақстан облыстарында және Алматы қаласында тікелей шетел инвес­тициясын тарту қарқыны төмен­деген. Ал жеке инвестицияның азаюы бюджет есебінен өтеліп жатыр. Бірақ бүгін ғана даму бюджеті шектеулі екені айтылды. Ол ішкі жалпы өнім көлемінің небары 8 пайызын құрайды. Инвестициялық жобаларды бюджет есебінен өтеу тек қысқа мерзімдік нәтиже бере алады. Біз мұны түсінуіміз керек.
Қазір бюджет тапшылығы бар екенін білесіздер. Сондықтан сапалы инвес­тиция әкелетін жауапкершілігі жоғары инвесторларға қосымша жеңілдіктер беру мәселесін қарастырған жөн. Мұн­дай саясат менің ел экономикасын ырық­тандыру туралы стратегияма то­лық сай келеді. Бұл – маңызды сәт.
Үкімет инвесторды іздеуге, қолдауға және қорғауға қатысты жұмыстың бәрін жүйелі жүргізетін біртұтас экожүйе құруы қажет. Бұл жұмыс барлық дең­гейде, яғни аймақта, орталықта және шетелде бірдей атқарылуы керек. Осы орайда шетелдік және отандық инвес­торларға қатысты ұстаным бірдей болуы қажет. Мемлекеттің қолдауына ие болған компанияларға тиісті талап қойылуы керек. Олар жұмыс орындарын сақтауға, өндірісті жаңғыртуға тиіс. Сонымен бірге экология талаптарын мүлтіксіз орындауға міндетті.
Ірі өнеркәсіп жобаларын іске қосу жұмыстары баяу жүріп жатыр. Мұны кезінде елден заңсыз шығарылған ак­тив­терді қазынаға қайтару ісімен қа­тар жүргізу қажет. Мен бұл жөнінде ірі бизнес өкілдерімен кездесулерде айт­қанмын. Қазақстанда орта буынға жа­татын көшбасшы компаниялар шо­ғырын қалыптастыру міндеті әлі де өзекті. Үкімет биылғы маусым айының соңына дейін келешегі зор әрбір орта кәсіпорынның жұмыс жоспарын әзірлеуге тиіс. Еліміздің сирек кездесетін металл кенішін, соның ішінде әлемде сұраныс артып келе жатқан литийді өндіру мен өңдеу әлеуеті өте үлкен. Бүгін Премьер-Министр баяндамасында осындай 17 кен орнының ашылғанын айтты. Демек біз осы салаға инвестиция мен озық тех­нологияларды тартуымыз қажет. Бұл ретте шетелдік инвесторларға да, отан­дық бизнесмендерге де басымдық берген жөн.
Қазақстан нарығына геологиялық барлаумен айналысатын ірі шетелдік компаниялар келді. Жер қойнауын пай­далану құқығын ашық әрі қарапайым тәртіппен бөлетін Бірыңғай платформа іске қосылды. Парламент сессиясының соңына дейін бұл жұмыстың заңнамалық негізін қамтамасыз ету керек. Жер қой­науын пайдалану саласындағы ре­форма еш кедергіге қарамастан жалға­суға тиіс. Бұл – принципті ұстаным. Үкімет мұны қатаң түрде сақтауы қа­жет. Ірі кен орындарының өнімін бөлу жөніндегі келісімді іске асыру нәти­жесінде Қазақстан жаһандық нарық­қа қуат көзін сенімді жеткізушіге ай­налды. Бұл жобалар еліміздің әлеу­меттік-экономикалық дамуына айтар­лық­тай үлес қосады. Сонымен қатар қомақты инвестициялар ұзақмерзімді жоспарлауды талап етеді. Сондықтан Үкімет өнімді бөлу жөніндегі келісім­дерді елімізге анағұрлым тиімді әрі жаңа шарттармен ұзарту үшін ке­ліс­сөздерді жандандыруы қажет.
Бұ­дан бөлек, игерілуі технологиялық тұр­ғыдан күрделі бірқатар мұнай кен орын­дарын, сондай-ақ айтарлықтай қоры бар тақтатас мұнай кеніштерін эконо­микалық айналымға енгізген жөн. Мұндай жобалардың коммерциялық тартымдылығын арттыру үшін Үкімет мемлекеттік қолдау шараларын қа­растыруы керек. Тағы да қайталап айтамын: қазіргі жаңа геосаяси және экономикалық жағдайда индустрияға болсын, ауыл шаруашылығына бол­сын, жалпы ел экономикасына жеке ин­вестиция тарту – Үкіметтің басты мін­деті. Бұл стратегия еліміздің ұзақ мерзімге арналған ұлттық мүддесіне сай келеді. Сондықтан мұнда отаншыл­дықты желеу еткен жалған ұрандар орынсыз деп күмәнсіз айтуға болады. Сонда ғана Қазақстан өз экономикасына қосымша инвестиция тартады, ресурс­тық әлеуетін арттырады, жаңа өндірістік кәсіпорындардың пайда болуына жағдай жасайды. Қоғам менің ұстанымымды білсін деп мұны әдейі айтып отырмын.
Былтыр энергетикалық және комму­налдық инфрақұрылымды жаңғыртуға арналған ұлттық жоба қабылданды. Бұл жоба аясында өнеркәсіп саласын дамыту үшін жаңа өнімдер шығару да қолға алынбақ. Отандық кәсіпорындар негізгі сұраныстың 40 пайызын ғана өтей алады. Үкімет жергілікті зауыттармен офтейк-келісім жасау арқылы құрал-жабдық өндірісін жолға қоюға тиіс.Әлем Қазақстанға зор сенім артады, бізді «орта держава» ретінде таниды. Алайда бұл жоғары мәртебе тек сыртқы саясаттағы нақты нәтижелермен ғана емес, экономика, инвестиция, ғылым және технология салаларындағы же­тіс­тіктермен де бекітілуге тиіс.
Қазіргі геосаяси жағдай көршілермен, атап айтқанда, Орталық Азия және ЕАЭО елдерімен ынтымақтастықты жаңа деңгейге көтеруді қажет етеді. Бұл аймақтың бәсекеге қабілетін кү­шейтеді. Үкімет өнеркәсіп, көлік және логистика, ІТ сектор, агроөнеркәсіп ке­­шені және басқа да салалардағы өза­ра тиімді байланыстар бойынша нақты шаралар әзірлеуі керек.Бұдан бөлек, Қытай, Ресей, АҚШ, ЕО, Таяу Шы­ғыс, Азия елдерімен және басқа да мемлекеттермен ірі инвестициялық жо­баларды жүзеге асыру барысын ай­рықша назарда ұстаған дұрыс.
Келесі кезек күттірмейтін мәселе. Туризм экономиканың өсуіне жаңаша серпін беретін сала болуы қажет. Бұл бағытта біз артта қалып барамыз, жұмыс мардымсыз жүріп жатыр. Еліміздің әр аймағында көрікті жерлер бар. Шетелден және ел ішінен келген туристер біздің қайталанбас қорықтарымызды ара­лап көргісі келеді. Бірақ белсенді және ауқымды туризмді дамыту үшін жағ­дайымыз жеткілікті емес. Сондықтан жеке инвесторларды да тарта отырып, қажетті инфрақұрылым салу жұмысын дереу бастау қажет.
Туризм саласының инвестициялық әлеуетін күшейтуге арналған кез келген бастамаға қарсы шығатын адамдардың жетегінде кетпеу керек. Маңғыстауда әйгілі Бозжыраға байланысты сондай жағдай болғанын білесіздер. Үкімет пен жергілікті мекеме өкілдері іскерлік ахуалды жақсарту үшін неғұрлым ба­тыл шаралар қабылдауға тиіс. Мен экономикаға инвестиция тарту мәсе­лесін бекерден-бекер басты орынға қойып отырған жоқпын. Мұ­ның да стра­тегиялық маңызы зор. Экономи­ка­мыздың болашағы мен еліміздің әлем кар­тасындағы орны, ең алдымен, осыған байланысты.

ЕКІНШІ. Инфрақұрылымды дамыту ісін жаңа деңгейге көтеру керек. Үкі­мет­тің және жергілікті атқарушы орган­дардың күш-жігерімен біз энергетикалық және коммуналдық саладағы ауыр дағ­дарысты еңсердік. Енді Үкімет мұн­дай жағдайға жол бермеуге тиіс.Жылу стансаларындағы апаттар елі­мізге абы­рой әпермейді, беделіне нұқсан кел­тіреді және бұл мемлекеттік қызмет­шілердің жауапсыздығы мен біліксіздігін көрсетеді. Аймақтарда коммуналдық шаруашылықтағы басшылық орын­дар­да кәсіби мамандар емес, заңгерлер мен басқа да гуманитарлық сала өкіл­дері отыр. Энергетикалық және ком­му­налдық нысандардың жұмысын жаңа стандарттарға жедел түрде көшіру керек. Үкімет жаңа тариф саясатын жү­зеге асыруды жалғастыруға тиіс. Та­­рифтер нарық талаптарына сай бол­маса, электр энергиясымен, жылумен және сумен үздіксіз қамтамасыз ету мүм­кін емес. ТМД елдерінің бәрінде дер­лік электр энергиясының, газдың және мұнай өнімдерінің бағасы Қазақ­станға қарағанда қымбат. Бұл жағдай экономика балансының бұзылып, шат­қаяқтауына әкеп соғады. Ақиқаты осы, оның несін жасырамыз?! Көршілес елдерге контрабандалық жолмен жанар-жағармай тасылатынын жұрттың бәрі көріп отыр. Өз кезегінде бұл ел ішінде қылмыстың етек алуына негіз болады.Біз қоғамда ресурстарды үнемдеп пай­далану мәдениетін қалыптастыру маңыз­ды екенін талай жылдан бері айтып келеміз. Бірақ азаматтарға үндеу тастау жеткіліксіз. Бұдан бөлек, ре­сурс­­тарды тұтынудың әлеуметтік нор­маларын енгізу қажет. Үлгі етуге бо­ла­тын жақсы мысалдар бар. Мысалы, дәл осындай ұстаным ай сайын суды сегіз пайызға жуық үнемдеуге мүм­кіндік берді. Бұл – аса маңызды. Се­бебі Қазақстанда ғана емес, бүкіл Ор­талық Азияда су тапшылығы күшейіп тұр. Сондықтан суды үнемдейтін технологияларды пай­далану мәселесі өте өзекті.
Көрші Қытай елінде әлемдік дең­гейдегі озық технологиялар бар, олар тәжірибесін бөлісуге дайын. Бірақ біздің жақ – құлықсыз, оның үстіне батыл шешімдер жоқ. Үкіметке осы шаруамен белсенді айналысып, 1 маусымға қарай жұмыс барысы туралы есеп беруді тапсырамын.
Тағы бір мәселе – мемлекет та­рапынан берілетін әлеуметтік көмектің нақты иесіне жетуі. Көмек шын мұқтаж адамдарға берілуге тиіс екені қаншама рет айтылды. Қазақстан – шын мәнінде әлеуметтік мемлекет. Бірақ бұл – азаматтарымыздың, әсіресе, өскелең ұр­пақтың еңбек етуге ынтасын азайтып, оларды масылдыққа үйрету деген сөз емес.
Қазақстанға көрші елдерден жүз мыңдаған еңбек мигранты жұмыс іздеп келіп жатыр. Олардың бұл әрекетін құрметке лайық деуге болады. Себебі олар отбасына нәпақа табу үшін жұмыс істегісі келеді. Үкімет әлеуметтік көмек мәселесіне келгенде тым сақтық танытуда. Десек те, нақты ұсыныстар мен оны шешу жолдарын қарау қажет.
Тағы бір маңызды міндет – тұрғын үй қорын басқару жүйесін жаппай реформалау. Қала құрылысын жос­пар­лаудан бастап, нысандарды пай­далануға беруге дейінгі барлық үдерісті цифрлық форматқа толық көшіру қажет. Бірыңғай ақпарат жүйесін жыл соңына дейін әзірлеу керек.Біз былтыр тұрғын үй құрылысы бойынша рекордтық көрсеткішке қол жеткіздік (19 миллион шаршы метр). Бұл – өте жақсы. Бірақ тұрғын үйдің санына емес, сапасына және оның қолжетімді болуына баса назар аударған жөн.
Енді көлік-логистика инфрақұ­ры­лы­­­мына тоқталайық. Транзит – жүк тасы­малына қатысты халықаралық бә­­­секедегі біздің орасан зор артық­шы­лығымыз. Мұны толықтай әрі тиімді пайдалануымыз керек.
Қазақстан арқылы өтетін темір жол дәлізін дамыту жұмысын тездету қажет. Бұл жоба Транскаспий бағдарының негізгі бөлігі болмақ. Осы бағыттағы маңызды жобалардың біразы қазір жү­зеге асырылып жатыр. Алдын ала қамданып, жұмысты тоқтатпай, жал­ғастыра беру керек. «Мойынты – Қы­зылжар» бағытында жаңа темір жол құ­рылысын бастауды тапсырамын. Сон­дай-ақ Қызылжар бекетінен Ақтау пор­тына дейінгі күре жолдың қозғалысы аса көп учаскелерін жаңғырту керек. «Алтынкөл – Жетіген» темір жолын да кеңейту қажет. Бұл Қытай мен Орталық Азия арасындағы көлік дәлізінің әлеуетін едәуір арттырады. Бұдан бөлек, те­мір жол тасымалын цифрландыру жо­баларын уақтылы аяқтау маңызды. Муль­тимодальды көлік тораптарын да­мытуға баса мән берген жөн. Сол ар­қылы тасымалдың барлық түрін өзара кіріктіруге мүмкіндік туады. Биыл және келесі жылы осы бағытта ауқымды жұ­мыстар атқарылуға тиіс.
Жаһандық электронды сауда-сат­тық көлемінің артуы біз үшін жаңа мүм­кіндіктерге жол ашады. Сондықтан ел экономикасын дамытуға зор ықпал ете­тін осы үрдісті толық пайдалану ке­рек. Қазақстанға озық логистика жү­йесі қажет. Қазіргі халықаралық на­рық­тың ерекшеліктерін ескерсек, бұл стратегиялық сипатқа ие міндет са­на­лады. Автокөлік тасымалына ар­налған «жа­сыл дәліздің» тиімді қыз­метін қам­тамасыз ету маңызды. Бұған дейін жоспарланған жолдарды салу және жөн­деу жұмысын уақтылы аяқтау керек. Біз автокөлік тасымалының әлеуетін то­лығымен пайдаланып отырған жоқ­пыз. Заманауи технологияларды енгіз­бейінше, логистиканы табысты дамыту мүмкін емес. Сондықтан қоймаларды автоматтандыру, маршруттарды цифр­ландыру, көлік ағынын басқару ісінде жа­санды интеллектіні қолдану Үкімет жұ­мысының басым бағыттары болуға тиіс.
Шұғыл атқаратын шаруаның бірі – еліміздің аумағында халықаралық әуе хабын құру. Ірі әуежайларымызды бәсекеге қабілетті халықаралық хабқа айналдыру үшін тез арада батыл ше­шімдер қабылдау қажет. Ал­ды­мызда жүк және жолаушылар тер­миналдары, логистикалық орталық­­тары және заманауи сервистері бар толыққанды экожүйе құру міндеті тұр. Жүк тасымалының барлық рәсімін же­ңілдетіп, авиаотынға қолжетімді баға қою керек. Кейінгі мәселе өте өзекті. Өйткені біздің әуежайлардағы, атап айт­қанда Астана әуежайындағы авиа­ке­росиннің бағасы тым қымбат. Үкімет Бәсекелестікті қорғау ведомствосымен бірге аталған міндетті алғашқы жар­тыжылдықта орындауы керек.
Қазір әлемде әуемен жүк тасы­мал­дау нарығы 140 миллиард долларға бағаланып отыр. Бұл – орасан зор мүм­кіндік. Алайда бірде-бір қазақ­стан­дық авиакомпания аталған салада толық жұмыс істемейді.
Шамамен мамыр айында өтетін Қауіпсіздік Кеңесінің отырысын еліміз­дің көлік-транзит және логистика әлеуе­тін дамыту әрі нығайту тақы­ры­бына арнаймыз. Бұл мәселені бө­лек қа­рас­тыру керек. Өйткені оның стра­те­гиялық маңызы зор. Қазір көлік және логистика саласы халықаралық бизнес ретінде алдыңғы орынға шықты.
ҮШІНШІ. Цифрлық технологияны жан-жақты енгізу қажет. Қазақстан цифр­ландыру ісінде, әсіресе, мем­лекеттік қызмет көрсету саласын цифрландыру жолында едәуір жетістікке жетті. Бірақ бұл – алдағы үлкен жұмыстың басы ғана.Толыққанды цифрлық экожүйе жасау үшін оның іргесі берік болуға тиіс, яғни, сапалы мәліметтер мен оны қорғайтын сенімді жүйе қажет.Елімізде жасанды интеллект технологиясын қарқынды да­мыту керек. Жыл соңына дейін оның кейбір тұстарын Электронды үкімет жү­йе­сіне енгізу қажет. Бұл технологияны «Smart City» жобаларында кеңінен қол­дану мәселесіне айрықша назар ау­дарған жөн.
Адам капиталын дамытуды және жо­ғары оқу орындарын білім беру­ден ғылыми-зерттеу тәсілдеріне кө­ші­руді көз­­дейтін «AI-Sana» жасанды интел­лек­тіні оқыту бағдарламасының маңызы ар­тып келеді. Үкімет цифрландыру мен жасанды интеллектіні қолданудың біртұтас жүйесін құруға тиіс. Қазір жа­санды интеллект нарығында не бо­лып жатқанына қараңыздар. Қытайлық ком­­пания 6,5 миллион дол­ларға DeepSeek платформасын жасап шығарды. Оның тиімділігі мил­лиард­таған доллар жұмсалған платформалардан асып түсті. Жуырда Қытай тарапының цифр­ландыру мәселесімен, жа­санды ин­тел­­лектіні ойлап табумен айналыса­тын өкілімен кездестік. Бізге Қытай тә­­жі­рибесін міндетті түрде қол­дану ке­рек. Үкіметке мемлекеттік органдар мен ұлттық компанияларға жа­санды интел­лект технологиясын енгізу жұмысын қол­ға алуды тапсырамын.
Жаппай цифрландыру мемлекеттің азаматтармен және бизнес өкілдерімен қарым-қатынасын айтарлықтай жеңіл­детеді. Сондай-ақ бюрократияны және сыбайлас жемқорлық қатерлерін азай­­тады. Бұл – түсінікті. Алайда таяқ­­тың екі ұшы бар, цифрландыру да­­мыған сайын алаяқтық көбейіп ба­рады. Қоғамдық пікірге теріс ықпал ету, биліктің беделін түсіру және ел ішінде алауыздық тудыру үшін жалған мәлімет таратып, ақпараттық шабуыл жасау белең алуда. Мұндай әрекеттер азаматтардың қауіпсіздігіне және елдегі тұрақтылыққа үлкен қатер төндіреді. Сондықтан интернет-платформаларда арандатушылық сипаттағы ақпарат таратқаны үшін жауапкершілікке тартуды заңмен бекіту мәселесін ойластыру керек. Бірақ киберқауіпсіздікті күшейту шаралары цифрландыру үдерісіне тос­қауыл болмауға тиіс.
Қоғамда мемлекеттің азаматтарды кибералаяқтардан қорғау үшін қа­был­дап жатқан шаралары нәтижесіз деген қасаң пікір қалыптасып келеді.Статистика да көңіл көншітпейді. Жыл сайын 20 мыңнан астам интернет-алаяқтық фактісі тіркеледі. Қылмыстың 80 пайызға жуығы әшкереленбейді. Рас, мұндай қылмыстарды ашу оңай емес. Үкімет, Ұлттық қауіпсіздік комитеті, Бас прокуратура және басқа да ве­домстволар күш-жігер біріктіруі керек. Ішкі істер министрлігіне осы сипаттағы қылмыстарды әшкерелеуге көмектескен жөн.Сондықтан Үкімет құқық қорғау органдарымен және қаржы саласын рет­теушілермен бірге азаматтардың жеке деректерін қорғауды мейлінше қамта­масыз етуі керек.
ТӨРТІНШІ. Энергетиканы дамыту және ядролық кластер құру. Еліміз өзін өзі электр энергиясымен толық қам­тамасыз етіп, 15-20 пайыз шамасында резерв қалыптастыруға тиіс. Бұл – Үкі­меттің алдында тұрған міндет. Сон­дықтан алдағы екі жылда кемінде 3 гигаваттық жаңа қуат көздерін іске қосу қажет. Бұл – алдыңғы жылдардың көрсеткішінен 2,5 еседей артық меже (1,3 ГВт).Біздің көміртегі бейтараптығына қол жеткізу туралы стратегиялық бағ­дарымыз өзгермейді. Алайда оны жү­зеге асыруға барынша байыппен, сал­мақты түрде қараған жөн.
Біз қолда бар табиғи байлықтарымыз бен мүмкіндіктерімізді ұтымды пайда­лануымыз қажет. Сондықтан әлдеқашан ескірген технологиялар бойынша са­лынған ЖЭС-терді инновациялық кө­мір стансалары алмастыруы керек. Қытай мен Оңтүстік Кореяда зиянды шығарындылары аз, жаңа буын көмір стансалары табысты жұмыс істеп тұр.Өкінішке қарай, кезінде Балқашта көмір электр стансасы салынбай қалды. Соның кесірінен біз мықты қуат көзінен айрылып қалдық. Ал ондай станса бізге қазіргі таңда артық болмайтын еді.
Энергия тапшылығы артып келеді. Сондықтан алғашқы Атом электр стан­са­сының құрылысын тездету қа­жет. Жалпы елімізде ядролық кластер құру ісін қолға алу керек. Бұл еліміздің бо­ла­шақта ойдағыдай да­муына қатысты аса маңызды міндет. Үкіметке «Самұрық-Қазына» қорымен бірлесіп, атом са­ла­сын дамытудың ұзақ мер­зімге ар­налған жоспарын әзірлеуді тап­сырдым. Нақты нәтиже керек. Жан-жақты тал­дау жүргізіп, атом электр стан­са­ларын салуға барынша қолайлы жерлерді, сондай-ақ заманауи және қауіпсіз технологияларды анықтау қа­жет. Үкімет пен Парламент екінші яд­ролық стансаны қай аймақта салу қажет екені жөнінде маған ұсыныс беруі керек. Бірақ атап өткім келеді: елімізге ядролық қуат керек, онсыз Қазақстан келешекте ойдағыдай дами алмайды. Қуат дегеніміз – бүкіл экономиканың дамуы деген сөз. Екіншіден, қуат жет­кілікті болса, барлық аймақтар гүлденіп, өркендей түседі, халықтың тұрмысы жақсарады. Бұл – айдан анық.
Үкімет 2027 жылы Батыс аймақтағы электр желісін еліміздің Бірыңғай элек­трэнергетикалық жүйесімен бі­рік­тіруі керек. Сондай-ақ Оңтүстік аймақтағы электр желілерін күшейту жобасын же­дел­деткен жөн. Оңтүстік өңірлердегі энергия тапшылығын жою үшін «жасыл» энергетика саласында ірі жобалар мен бу-газ қондырғылары іске қосылды. Сондықтан 2026 жылы «Бейнеу – Бозой – Шымкент» газ құбырына қарасты екінші тармақтың алғашқы кезеңін аяқтауымыз керек.Жалпы газ саласын дамыту елдің орнықты әлеуметтік-экономикалық өр­леуінің негізгі факторына айналып ке­леді. Былтыр тоғыз өңірдегі 107 елді мекенге газ жеткізіліп, 300 мың халық­тың тұрмысы жеңілдеді.
«Шеврон» корпорациясымен бірге жаңа газ кеніштерін игеру жұмыстары басталып, Ақтөбе облысындағы Жә­лібек учаскесін геологиялық барлау жө­нінде ынтымақтастық орнады. Алайда Жаңаөзен мен Қашағандағы газ өңдеу зауыттарының, сондай-ақ Түркістан об­лы­сындағы бу-газ қондырғысы база­сында жұмыс істейтін электр станса­сының құрылысы ойдағыдай жүріп жат­­қан жоқ. Аталған жобалар межелі мерзімде аяқталуға тиіс.
БЕСІНШІ. Агроөнеркәсіп кешенінің әлеуетін арттыру қажет.Былтыр эконо­миканың басқа салаларына қарағанда ауыл шаруашылығы даму қарқыны бойынша алға шықты.Бұған көктемгі егіс науқанына берілетін арзан несие кө­лемін едәуір арттырудың арқасында қол жеткіздік. Биыл осы науқанға ке­мінде 700 миллиард теңге бөлу керек. Арзан несиені малшыларға және ауыл шаруашылығы өнімін өңдеушілерге бер­ген жөн. Тиімділігі төмен субсидиялау тәсілінен жеңілдікпен несие беру тә­сіліне көшу қажет. Мен бұл мәселе жө­нінде осыған дейін де айттым. Осы міндетті орындау керек. Былтыр ди­қан­­дарымыз мол астық жинады. Бі­рақ бидай бағасы тым арзандап кетті. Ша­руаларды қолдауға және ішкі на­рықты тұрақтандыруға Азық-түлік кор­по­­рациясы атсалысты. Бірақ бұл – уақытша шешім. Көбірек табыс әкелетін дәнді-дақылға көшуді жалғастыру қа­жет. Сондай-ақ шикізатты сақтау және оны терең өңдеу мүмкіндіктерін арттыру ма­ңызды. Өнімді шетелге шығаруға қолдау көрсету керек.
Малдың жұқпалы ауруларына қа­тысты ахуалды, соның ішінде екпе егу мәселесін ерекше бақылауда ұстаған жөн. Мал шаруашылығының экспорттық әлеуеті осыған байланысты.Ауылды дамытуға арналған негізгі міндеттерге арнайы тоқталғым келеді. Бұл жерде инфрақұрылымды жаңғыртуға және бизнесті қолдауға басымдық берілуі керек. Ауылдық аймақтарды жан-жақты дамытуға арналған мемлекеттік қолдау шараларының бәрін бір бағдарламаға біріктіру дұрыс шешім болмақ, яғни «Ауыл аманаты», «Ауыл – ел бесігі» және тағы басқа бағдарламалар.
Үкімет пен әкімдерден жаңа, жүйелі әрі тың тәсілдер күтемін. Жалпы, ауыл шаруашылығында шешілмеген мәсе­ле­лер аз емес. Фермерлер, сарапшылар түрлі түйткілдер туралы жазып жатыр. Мысалы, бордақылау орындары мал­сыз, жартылай бос тұр, себебі, мал көрші елдерге төмен бағамен сатылып жатыр. Ауылдағы ағайынның тұрмыс са­пасына ықпал ететін барлық мәсе­леге баса мән беру қажет. Ауыл халқы қар­жылық және мемлекеттік қызмет­терден қол үзіп қалмауы керек. Қазір бұл міндет, негізінен, «Қазпошта» арқы­лы орындалып жатыр. Үкіметке әкімдіктер­мен бірлесіп, пошта бөлімшелерінің шалғай елді мекендерде үздіксіз жұмыс істеуін қамтамасыз етуді тапсырамын.
АЛТЫНШЫ. Салық-бюджет саяса­тын реформалау.Бүгін бұл тақырыпқа қатысты қосымша баяндаманы тың­дадық. Жаңа өндіріс орындарын ашу, инфрақұрылымды дамыту және үде­рістерді цифрландыру үшін инвестор қаржысын тарту қажет екені түсінікті.Бір жағынан мемлекет те экономикаға салынатын инвестиция көлемін ұлғайта береді. Сондықтан Үкімет барлық қар­жыны басты басымдықтарға сай бө­луі керек. Бұл – Үкімет пен әкімдер бұлжытпай орындауға тиіс негізгі бюд­жет қағидатының бірі.
Елімізде жаңа әрі барынша қатаң бюджет ережелері қолданысқа енгізіл­геніне екі жыл болды. Алайда бұл жүйе әрдайым жұмыс істеп тұрған жоқ. Неліктен олай болды? Оған Үкімет өзі жауап беруге тиіс.Үкімет ұсынған ша­ралар бюджетті Ұлттық қордан қо­сымша қаржы алмай-ақ толықтыруға мүмкіндік береді. Бірақ нақты есептеп, жанама факторлардың бәрін ескеру керек. Сол себепті жаңа Бюджет және Салық кодекстерін тыңғылықты әзірлеп, қысқа мерзімде қабылдау міндеті тұр.Бұл мәселені қоғам жіті бақылап отыр. Сондықтан бүкіл жұмыс ашық әрі түсінікті, кәсіби деңгейде жүргізілуге тиіс. Халыққа саясатымызды түсіндіру керек. Мемлекет қаржысын барлық дең­гейдегі бюджетке рационалды әрі әділ бөлудің маңызы зор. Тіпті ауылдық округтерге дейін қамтылуға тиіс.
Жалпы сипаттағы трансферттерді есептеген кезде барлық диспро­пор­цияны ескергеніміз жөн. Республикалық бюджеттен, ең алдымен, кенжелеп қал­ған белгілі бір өңірді жалпы елдің даму деңгейіне жақындататын жобалар қар­жыландырылуға тиіс. Әйтсе де барша аймақтың мәселелері мен қажеттіліктері Үкіметтің жіті назарында болуы керек. Өңірлердің даму қарқыны бәсеңдеуіне және әлеуметтік-экономикалық жағдай­­дың нашарлауына мүлдем жол бе­руге болмайды. Дәл осы себепті мен бүгін әлеуметтік салық проблемасына назар аудардым. Тағы да байыппен қараңыздар. Қазір аймақ әкімдерін қар­жылық стимулдан айыруға болмайды деп ойлаймын. Сайып келгенде, өңір дегеніміз – тұтас ел. Сондықтан мұның шешімін табыңыздар. Алдағы уақытта тағы да кездесіп, бұл мәселелерді талқылаймыз.
Мемлекеттік бюджеттің жоспарлануы мен орындалуы көбіне инфляция үде­­рістерін бақылау шараларының тиім­ділігіне байланысты. Ұлттық банк пен Үкіметке батыл әрі қалыптан тыс, бі­рақ сындарлы шешімдер қабылдауға тура келеді.Әлемдегі экономикалық конъюн­ктура тез өзгеріп жатқан кезеңде тап­таурын жолмен жүруге болмайды. Ол заман келмеске кетті. Әлем өзгеріп жатқанын көріп отырсыздар. Жаңа мән, жаңа форматтар, ұғымдар мен тәсілдер пайда болуда. Бұл инфляциялық үде­рістер мәселесіне де қатысты. Демек қабылданған шешімдер күрделі сын-қатерлерге сай болуға тиіс.
Жолдауда цифрлық активтер ай­налы­мына қолданылатын тәсілдерді өз­­герту қажет екенін айтқан едім. Қа­зір мұн­дай активтерді тек Астана ха­лық­аралық қаржы орталығындағы крип­то­биржа базасында ғана заңды түрде пайдалануға болады. Алайда, са­рап­шы­лардың бағалауынша, Орталықты сауда алаңы ретінде қазақ­стандық крипто­инвесторлардың небары 5 пайызы пай­даланады. Қалғаны ас­­тыртын жұ­мыс істейді. Цифрлық активтердің заң­ды түр­де қолдану аясын кеңейтуге ар­нал­ған инфрақұрылымды жедел құру керек. Қаржы саласының реттеушілері тиісті заң­нама базасын қалыптастыруды қол­ға алғаны жөн.
ЖЕТІНШІ. Маңызды жобаларды қар­жы көздерімен қамтамасыз ету керек. Екінші деңгейдегі банктердің ре­сурс­тарын үкіметтік бағдарламаларға, атап айтқанда, ірі инфрақұрылымдық жобалардың құрылысы мен жаңғырту жұмысына тартуға болады және тарту керек деген мәселе көп айтылды. Мем­лекет бөлетін қаражатты кезең-ке­зеңі­мен несие мөлшерлемесін суб­си­дия­лауға қарай бағыттау керек. Бұл қар­жы­ландыру көлемін бірнеше есе ұл­ғайтып, банктердің ақшасын эконо­мика­лық айналымға қосуға мүмкіндік береді.
2017 жылдан бастап 2020 жылға дейін бірқатар ірі банкке мемлекет та­рапынан, соның ішінде Ұлттық қор есебінен 15 жыл мерзімге қаржылай қолдау көрсетілгенін білесіздер. Бұл көмек банк акционерлері де ортақ жауап­кершілікке ие болады деген талаппен берілді. Кейбір банктер өз шығындарын әлдеқашан өтеген. Бірақ мемлекеттің иелігіндегі қаржыны қай­таруға асықпайды. Тіпті оны жоғары пайызбен тәуекелі аз мемлекеттік қаржы құралдарына салып, кепілді табыс тауып отыр. Үкімет пен Ұлттық банкке шара қабылдауды тапсырамын.Бір нәрсені атап өткім келеді: банктер Үкіметтің, соның ішінде халықтың жауы емес. Бірақ диалог негізіндегі әділ серіктестік орнауға тиіс. Кезінде сіздерге көмектестік, енді сіздердің кезектеріңіз келді. Қомақты қаражат бергеніміз рас.
Бизнестің кепілге қоятын мүлкінің болмауы нақты секторды кредиттеуге кедергі келтіреді. Сондықтан займды кепілдендіру құралдарын көбейту қажет. Үкімет салалық даму институттарымен бірлесіп, кепілдік қорын құру мәселесін пысықтауы керек. Банктердің, корпора­циялардың, орталық және жергілікті билік органдарының жыл сайынғы жарнасы есебінен қаржыландырылатын мұндай қорлар бірқатар елде өз тиімділігін көрсетті.Сондай-ақ экономикалық қай­тарымы жоғары стратегиялық жоба­ларды жүзеге асырған кезде Бірыңғай зейнетақы жинақтаушы қорынан на­рық шарттарына сай «ұзақмерзімге берілетін» қаржыны анағұрлым белсенді тартуға болады.
СЕГІЗІНШІ. Әлеуметтік қолдау ісін реттеп, денсаулық сақтау, білім беру және ғылым саласын одан әрі дамыту қажет. Мен мемлекеттің әлеуметтік бағ­­дарламаларын мейлінше әділ қар­жы­­ландыру туралы тапсырма бер­дім. Үкімет бұл жұмысты бастады. Был­тыр денсаулық сақтау саласының өзінде 140 миллиардтан астам теңге орын­­­сыз шығын анықталып, тиімді жұм­сал­ды. Демек жауапкершілікпен қара­ған кезде қосымша қаражат көзін де табуға болады. Міндетті әлеуметтік ме­ди­ци­налық сақтандыру жүйесін рефор­ма­лауды жалғастыру керек. Сонымен қатар бірқатар заңнамалық шара қа­был­дау қажет. Үкімет Парламентпен бірге міндетті әлеуметтік медициналық сақ­тан­дыру жүйесін жетілдіру туралы заң жобасын жедел пысықтауы керек. Құжат осы сессияның соңына дейін қа­был­дануға тиіс.
«Ауылдағы денсаулық сақтау жүйе­сін жаңғырту» ұлттық жобасы аясында екі жылдың ішінде халыққа алғашқы дәрігерлік көмек көрсететін 460 нысан пайдалануға берілді. Тағы 195 нысан жыл соңына дейін салынып бітеді. Ауқымды жұмыс. Алайда көпбейінді орталық аудандық ауруханаларды жаң­ғырту жұмысы өте баяу жүріп жатыр.Жоспар бойынша биыл 32 ауруханаға жөн­деу жүргізілуге тиіс. Бірақ оның тең жартысының жобалық-сметалық құжаты енді ғана әзірленіп, сараптама жа­салып жатыр. Жұмыс созылып кетті. Бұл мекемелерді медициналық құрал­дармен жабдықтау мәселесі де шешімін тапқан жоқ. Аталған мәселені дереу шешіңіздер.Үкімет пен әкімдер алғашқы көмек көрсету нысандарының барлығын жыл соңына дейін түгел іске қосуы керек. Ал көпбейінді орталық аудандық ауруханаларды жаңғырту жұмыстарын келесі жылдың соңына дейін аяқтауды тапсырамын.
Мектепке дейінгі және орта білім беру саласында әділ бәсеке болуы қа­жет. Бюджет қаржысын үнемдеп, қа­­ра­жаттың ашық жұмсалуын қамтамасыз ету маңызды. Бұған жол аша­тын тә­сілдерді енгізу жұмыстарын жалғас­тыру керек. Осы орайда мектепке дейінгі мекемелерді ваучерлік тәсілмен қаржы­ландыратын пилоттық жобаны атап өткен жөн. Мемлекеттік тапсырыс белгілі бір білім беру мекемесіне байланбайтын болды. Соның нәтижесінде, ата-аналар балабақшаны өздері таңдауға мүмкіндік алды. Аталған жоба қаншалықты тиім­ді, орынды екенін қарау керек. Егер талапқа сай болса, бұл тәжірибені орта білім беру саласына енгізуге болады. Тұрғылықты жеріне қарамастан, әрбір баланың білім алуына қолайлы жағдай жасау – мемлекеттің міндеті.
Биыл «Жайлы мектеп» ұлттық жо­басы аяқталады. Барлық аймақта за­ман талабына сай тірек мектептер же­лісі құрылып жатыр. Менің тапсыр­маммен үш жыл ішінде тағы 1300 мектеп жаңғыртудан өтеді.Бұдан бөлек, Үкімет заманауи мектептер салуға қолайлы жағдай жасап, орта білім беру саласына жеке инвестиция тартуы қажет.
Биыл – Жұмысшы мамандықтар жылы. Осыған орай, маңызды іс-ша­ралар мен жобалар жүзеге асырылмақ. Еңбек адамының абырой-беделін арт­тыру үшін нақты жұмыс жүргізіледі. Тех­­никалық және кәсіптік білім беру жүйесін түбегейлі жаңғырту ісін бастау керек. Жауапты мекеменің бәрі және ең бастысы, жеке сектор бұл іске белсене араласуға тиіс.
Бизнес бұл салаға көбірек келуі үшін техникалық және кәсіптік білім беретін ұйымдарға арналған мемле­кеттік тапсырыс көлемі артады. Оның мөлшері де біркелкі болады. Бұған биыл бюджеттен қосымша 22 миллиард теңге бөлінеді. Бұл ретте әкімдерге зор жауапкершілік жүктеледі. Олар кәсіп­кер­лермен бірлесіп, аймаққа қажетті мамандықтар тізімін анықтауы керек. Сон­дай-ақ сұранысқа ие кадрлар даяр­лау үшін колледждерге бағыт-бағдар беруі қажет.
Ғылым және жоғары білім са­ласындағы реформалардың қарқыны мен сапасын сақтау маңызды. Білім беру тапсырысын оқу орындарының рейтингіне қарай бөлу жұмысы Үкіметтің бақылауында болуға тиіс.Соңғы жылдары мемлекет ғылымға бөлінетін қаражат көлемін едәуір арттырды. Әлі де арттыра береді. Бірақ бұл қаржы нақты мақсатқа сай жұмсалуы қажет. Бюджет қаржысын сапалы әрі сұранысқа ие зерттеулер жүргізетін университеттер, институттар мен ғалымдар ғана алуы керек.

  • * *
    Алға қойылған міндеттерді жүзеге асыру үшін тұтас мемлекеттік аппарат тиімді жұмыс істеуі керек. Әкімдерді тікелей сайлаудың нәтижесінде мем­лекеттік қызметшілердің жаңа санаты – сайланатын басшылар пайда болды. Бұл – екі жарым мыңнан астам басшы лауазымындағы қызметкер деген сөз. Олардың арасында бұрын мемлекеттік қызметте жұмыс істемеген азаматтар, соның ішінде жастар көп. Сол себепті сайланған әкімдер мен түрлі деңгейдегі басшыларды кешенді дайындықтан өт­кізу мәселесі өте өзекті болып тұр. Үкі­метке Мемлекеттік қызмет істері агент­тігімен бірлесіп, «Әкімдер мектебі» оқыту жобасын іске қосуды тапсырамын. Бұл ретте осындай жұмысты жүргізіп жатқан «Аmanat» партиясының тәжірибесін ескерген жөн.
    Мемлекеттік аппараттың басты мін­деті – азаматтарды толғандыратын өзек­ті мәселелерді шешу. Ол үшін, ең ал­дымен, азаматтармен ұдайы байла­ныста болу керек. Онсыз болмайды. Сон­дықтан халықтан келіп түсетін өті­ніш­терге айрықша назар аудару қа­жет. Былтырдың өзінде Президент Әкімші­лігіне 50 мыңнан астам өтініш келіп түс­кен, ал еліміздегі барлық мемлекеттік органдарға шамамен 4 миллион өтініш жолданған. Бұл көрсеткіш жылдан жылға көбеюде. Бір жағынан, бұл жұрттың «Ха­лық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжы­рымдамасына сенетінін көрсетеді. Алайда, сонымен бірге, бұл олардың өтініштері мен мәселелері мемлекеттік орган­дардың күнделікті жұмысы бары­сында шешімін таппай жатқанын аңғар­тады. Сондықтан олқылықтар мен кем­ші­ліктерді жою үшін тиянақты жұмыс жүргізу қажет.
    Әдетте азаматтардың өтініштерінің артында адам тағдыры тұрады, сон­дықтан, бұл жерде барлық құзырлы органдар жұмыла жұмыс істеуге тиіс.Ақпараттық жұмыс уақтылы әрі сапалы жүргізілген жағдайда көптеген мәселені, соның ішінде қоғамда дүрбелең ту­дырған түйткілдерді ушықтырмай ше­шуге болатын еді. Сондықтан мұқият ойластырылған қоғамдық коммуникация стратегиясы қажет.
    Үкіметтің және әкімдердің қызметі өз халқымызға да, сыртқы әлемге де ашық әрі түсінікті болуы керек. Бірінші басшылар азаматтарды жеке қабылдауға тиіс. Бұл – өте маңызды. Әсіресе, аймақ, қала, аудан басшылары халықпен тікелей байланыста жұмыс істеуі қажет. Дегенмен мемлекет пен қоғамның серіктестігі азаматтарға да зор жауапкершілік жүктейді.
    Соңғы кезде заң үстемдігіне және қоғамдық тәртіптің сақталуына басым­дық беру қажеттігі дамыған елдер­де, тіпті, АҚШ-тың өзінде жиі ай­тыла бас­тады. Біз мұндай пайымға әлде­қашан келгенбіз. «Заң мен тәртіп» қағидасы халықтың санасына терең орнығуға тиіс. Ол үшін кез келген құқық бұзушылыққа «мүлдем төзбеушілік» қағидасын берік ұстану қажет. Бұл бағыттағы жұмыстар барлық деңгейде ұйымдастырылуы ке­рек. Мұны, әсіресе, аймақ әкімдері мық­тап қолға алғаны жөн. Бірақ шектеулер мен айыппұлдарға қатысты мемлекеттің де, қоғам белсенділерінің де ұстанымы көңілге қонымды болуға тиіс. Мәжбүрлеу шаралары болмаса, тәртіп орнату мүм­кін емес екенін әлемдік тәжірибе көрсетіп отыр. Сондықтан мемлекеттің іс-әрекеттеріне түсіністікпен қараған жөн. Бұл орайда диалог арқылы қоғамдық келісімге келу керек. Қалай десек те, мемлекет заң тәртібін қамтамасыз ету үшін қабылдайтын шаралар өз елін күстәналауға себеп болмауға тиіс. Кей­бір азаматтар елімізді мазақ қы­луға әуестеніп барады. Мысалы, өзге ел­дердің өкілдері жоқ жерден «керемет же­тіс­тіктерді, табыстарды» тауып алып, оны шетелге жан-жақты насихаттап жа­тады. Ал біздің азаматтар, олардың ішінде шоу-бизнес өкілдері, өзін өзі «қо­ғам белсендісі» санайтын жастар, тіпті, де­путаттар да бар, Қазақстанға неше түр­лі лақап ат қоятын болды. Бұл енді мүл­дем түсініксіз, ақылға сыймайтын нәрсе.
    Мен бүгін Үкімет жұмысының басты бағыттарын айқындап бердім. Бұл – ірі инфрақұрылым жобалары, цифр­ландыру және жасанды интеллект, яд­ро­лық энергетиканы дамыту, агро­өнеркәсіп кешенін нығайту және инвес­ти­ция тарту мәселелері.
    Экономикамыз дамып жатыр. Бірақ оның қарқыны ойдағыдай емес. Ал­ды­мызда ауқымды міндеттер тұр. Оны алдағы бес жылда орындауымыз керек. Бізге, ең алдымен, білікті және ел мүд­десін ойлайтын отаншыл кадрлар керек. Дәл осындай мамандарды тауып, олар­­ды басшылық лауазымдарға та­ғайындаймыз.
    Құрметті кеңеске қатысушылар!
    Бүгін біз еліміздің 2024 жылғы даму нәтижесін қарадық. Қордаланған мәселелерді талқылап, алдағы мін­дет­терді айқындадық. Басты мақсат – азаматтардың әл-ауқатын арттыру. Алдағы жоспардың бәрін сапалы орын­дау қажет. Сөз соңында тағы да атап өткім келеді: бізге нақты нәтиже керек. Нәтиже болса ғана даму болады.

Жиында Премьер-Министр Олжас Бектенов еліміздің өткен кезеңдегі әлеуметтік-экономикалық дамуы мен Үкіметтің биылға арналған жоспарлары туралы баяндады. Премьер-Министрдің орынбасары – Ұлттық экономика ми­нистрі Серік Жұманғарин еліміздің фискалдық жүйесін, яғни салық және бюджет саласын реформалауға қа­тысты ұстанымдарды таныстырды. Ақша-несие саясатына қатысты мәсе­лелер бойынша Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменов сөз сөйледі. «Са­мұрық-Қазына» қорының басқарма төрағасы Нұрлан Жақыпов қордың қызметі туралы есеп берді. Бұдан бөлек, Астана қаласының әкімі Жеңіс Қасымбек, Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбеков және Қызылорда облысының әкімі Нұрлыбек Нәлібаев баяндама жасады.
Аkorda.kz

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: