Сенбі. Аудан халқы ойын баласынан еңкейген қарияға дейін таң атысымен тазалық жұмыстарына кірісіп кетті. Жалағаштықтар тазалық акциясына бұрынғыдай арнайы тапсырмамен емес, өз еркімен белсене атсалысатын болған. Сенбілікте ауданда орналасқан кәсіпорындар аумағы, гүлзарлар мен саябақтар, арық-атыздар мен аудан көшелері қоқыстан тазартылып, әктеу, сырлау жұмыстарымен қатар қураған тал бұтақтары кесілді. Сондай-ақ кент және ауылдық округтерде қоқыс жәшіктері орналастырылып, сенбілік жұмыстарына көмек болатын арнайы тасымалдаушы техника да жұмылдырылған.
– Тазалық акциясына апта сайын белсене қатысамын. Себебі Жалағаш – біздің ортақ үйіміз. Сондықтан оның көркейіп гүлденуіне әрбір тұрғын бейжай қарамай, қоқыс-қалдықтарды кез келген жерге лақтырмай, ең болмаса өз ауласын таза ұстауы қажет. Осыны жастарға сабақ ету мақсатында мен де тазалық жұмыстарына таң атысымен шықтым. Сенбілікке шыққан жастарды көріп риза болдым. Өйткені тазалық акциясы арқылы тұрғындар қаймағы бұзылмас ынтымақ пен бірліктің ерен үлгісін көрсетіп отыр. Міне, мен көлеңкелеп отырған ағаш, бүгін маған сая болып тұр, сондықтан өңірімізді жасыл желекке айналдыру біздің қолымызда, тек ниет керек. Сондай-ақ басқа аймақтан қыдырып келген туыстарымыз да Жалағашты тап-таза екен деп тамсанып жатады. Әрине, сондай мақтауларды естіген сайын ауданымыздың көркеюіне ерекше атсалысуға ынтаң артады. Ең бастысы, тазалық денсаулықтың кепілі екенін естен шығармағанымыз жөн, – дейді кент тұрғыны Ғалымжан Сәдуанов.
Жалағаштықтармен бірге кент әкімі Мардан Жамалатов та сенбілік жұмыстарына қатысып, аудан орталығын аралады. Яғни кент бойынша тазалық жұмыстарын жүргізу және туған жерді көркейту үшін тұрғындарды белсенділікке шақыру керектігін айтып, әрбір үйдің ауласы және сыртқы келбеті әрленуі аудан орталығының тазалығына қосқан үлкен үлес болатынын жеткізді.
Әсіресе аудан орталығын көркейтіп-көгалдандыру бойынша жұмыстар соңғы уақытта қарқынды жүріп жатыр. Бұл жұмыстардың игілігін бүгінде жалағаштықтар іс жүзінде көріп отыр. Мәселен, балалар ойын алаңдары мен спорттық жаттығу алаңдарына тұтастай жөндеу жұмыстары жүргізілді. Сондай-ақ көшелерге белгілі қазақ батырлары, жыраулар мен ақын-жазушылар және белгілі қоғам қайраткерлері туралы мәліметтер жазылған билбордтар орналастырылса, орталық алаң жаз бойы гүлмен көмкерілді.
Міне, осындай креативті жобалар кент көркін айшықтаумен қатар тұрғындарға және аудан қонақтарына керемет көңіл-күй сыйлары анық. Кент әкімшілігінің қызметкерлері осындай ерекше жобалар алдағы уақытта да жалғасын табатынын, егер тұрғындар тарапынан кент көркіне сән беретін идеялар болса, қарауға дайын екенін айтуда.
Аудан орталығымен қатар ауылдық елді мекен тұрғындары да сенбі сайын тазалық акциясына белсене қатысуда. Нәтиже де жоқ емес, жуырда Еңбек ауылы облыста «Үлгілі елді мекен» байқауының жеңімпазы атанды. Міне, мұның барлығы жалағаштықтардың туған жерге деген ерекше сүйіспеншілігінің айқын көрінісі деуге болады.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қоғамда экологиялық мәдениетті қалыптастырудың маңыздылығын айтқаны белгілі. Сондықтан сенбіліктің қоғамның назарын аудан көшелерінің тазалығын сақтауға аударып, экологиялық мәдениетті қалыптастыруда маңызы зор.
Жандос МАХМҰТҰЛЫ
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!