Жалағаш аудандық «Жалағаш жаршысы» газетінің сайты

6°C

, Жексенбі, 24 қараша, 17:46

Су айдындарынан 8 адам құтқарылған

31.08.2024

87

0

Адамдар еңбек демалысына шығып, жас та, кәрі де су жағасына барып, балаларымен, достарымен бірге табиғат аясында серуендеуге бет алады. Су жағалауларында күнге қыздырынып, демалып, салқын суға шомылғысы келетіні, оның жанға сондай жайлы екені анық. Алайда адамдардың суда қауіпсіздік ережелері мен шараларын сақтамауы, балалардың суға шомыла білмеуі, мас күйінде суға шомылу орны толмас қайғы мен өкінішке айналып жатады.

Нақтырақ тоқталсақ, жыл басынан бері облыстық ТЖД қызметкерлерінің көмегімен су айдындарынан 8 адам құтқарылған. Ма­ман­дардың айтуынша, суға түсу кезінде орын алатын қайғылы жағдайлардың басты себебі – қауіпсіздік ережесінің сақталмауы. Осыған сәйкес тиісті сала мамандарының жұмылдырылуымен облыс аумағындағы су айдындарында жыл басынан бері 2 112 рейдтік жұмыс жүргізіліп, 71 мыңнан астам тұрғынға судағы қауіпсіздік ережелері түсіндірілген.

Иә, Сырдария өзенінде жылда азамат­тардың әртүрлі себептермен қайғылы жағ­дайларға ұшырауы, оның ішінде суға шомылу маусымында судағы адамдардың әсіресе ба­лалардың қазасы өзекті мәселе болып отыр. Суда адамдардың қаза болуының негізгі себебі қауіпсіздік ережелерін өрескел бұзуы болып табылады. Мәселен, өзен немесе каналдардың кез келген әрі зерттелмеген ағысы жылдам, терең, жағалары тік жар жерлеріне суға түсу, балалардың ересектердің бақылауынсыз су жағасына баруы мен суға түсуі және олардың жүзе білмеуі қайғылы оқиғаларға әкеліп соқтыруда.

Жалпы облыс бойынша 18 стационарлық және 8 модульдік бассейн орнатылған. Қо­сымша жеке кәсіпкерлер тарапынан жазғы де­малыс орындарында 11 стационарлық бас­сейн бар. Сондай-ақ облыс аумағында жазғы демалыс уақытында 8 балалар лагері жұмыс жасаса, департамент қызметкерлері лагердің нұсқаушыларымен бірге жүзуді оқыту бойынша тегін сабақтар өткізген. Өңірде суға шомылуға тыйым салынған 63 қауіпті аймақ тіркелген.

Аудандағы ахуалға тоқталатын болсақ, суға шомылу маусымы басталғалы суға бату фактілері тіркелмеген. Жалпы аудандық тө­тенше жағдайлар бөлімімен бірлесіп жергілікті билік өкілдері де алдын алу шараларына бел­сене қатысуда. Күн сайын жауапты сала ма­мандарымен бірге рейдтік жұмыстар, үнпа­рақтар тарату, адам көп шоғырланытын жер­­лерде видеороликтер көрсету, басылым бет­теріне мақалалар жариялау жұмыстары үз­­діксіз жүргізілуде. Соның нәтижесінде суға шо­мылу маусымында оқыс оқиғалар орын алмаған.


«ЖЖ» ақпарат

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: