Аудан әкімі Асқарбек Есжанов сапарын одан әрі жалғап, жоспарланған бағыты бойынша Жаңаталап ауылына ат басын бұрды. Аудан басшысы ауыл тұрғындарына атқарылған жұмыстарды рет-ретімен баяндады. Бұл жақта да басты мәселе – аяқсу. Жаз бойы жер еміп, нәпақасын табатын ауылдағы шаруалардың бүгінде аяқ судан өзге уайымы жоқ. Бірақ, жоғарыда айтқанымыздай, бұйыртса, жаңаталаптықтар келер жылы жер асты суларын кәдеге жарататын болады. Ауыл тұрғындары тарапынан ауыз су мұнарасының ескіріп, шірігені айтылды. Бұған байланысты «Жалағаш ауданының оқшау сумен жабдықтау жүйелерін пайдаланушы» өндірістік бөлімшесінің басышсы Мұрат Елеусінов жауап беріп, ауылдағы су мұнарасын ауыстыруға тиісті қаржы бөлінгенін және келер жылы жаңаланатынын жеткізді.
Жаңаталап аядай ауыл болғанымен, халқының ауызбірлігі мығым және өте еңбекқор. Тарихы өткен ғасырдың жиырмасыншы жылдарынан бастау алатын аядай ауылдың қазіргі жағдайы орташа. Ауылға кіре беріс бас көшесі қараңғы түссе самаладай жарқырап тұрады. Жалпы Жаңаталаптың орталығында 3 көше болса, оның барлығына 100 пайыз жарық бағаналары орнатылып, жарықтандырылған. Екі көшеге асфальт төселген, сапасы жоғары. Бір көшеге жай жөндеу жұмыстары жүргізіліпті. Жаңаталап ауылының орналасқан жері құмшауыт. Сондықтан ішкі жолдарынан жауын-шашын кезінде жаяу жүргіншілер үшін де, көлік қатынасы үшін де мәселе туындамайды. Алайда ауыл әкімі Қуаныш Әбдіхалықов асфальтталмаған бұл көшенің сапасына алдағы уақытта мән берілетінін айтады. 137 отбасы орналасқан елді мекен халқының негізгі тыныс-тіршілігі – егін және мал шаруашылығы. Негізгі дақыл – күріш. Бірнеше шаруашылық бар. Мемлекеттің тиісті қаражылай қолдауын көріп, шама-шарқынша күріш өсіріп, бақша салып отыр. Күнделікті тұтынатын бақша өнімдерін сатып алмайды, өздерінің тері сіңген жерден жинап алады. Одан бөлек, бұл өңірде басқа да кәсіппен айналысатын азаматтар бар екен. Жергілікті халық мемлекеттік бағдарламаларды тиімді пайдаланып, шағын кәсіп ашуға машықтаныпты. Иә, «еңбек ет те, талап ет» деген қағиданы ұстанған ауыл тұрғындарының берекелі тірлігіне, ұйысқан бірлігіне сүйсінесің. Атап айтсақ, бұл ауылда 1 жауапкершілігі шектеулі серіктестік, 9 шаруа қожалық және 45 жеке кәсіпкер бар. Жаңаталапта жыл басынан бері заңды түрде 50 кәсіпкер тіркелсе, бүгінде оның 49-ы жүйелі жұмысын жүргізіп келеді.
Жыл басынан бастап мемлекеттік және өңірлік бағдарламалар шеңберінде шағын және орта кәсіпкерлікті дамыту бағытында атқарылған жұмыстардың нәтижесі бар және бүгінде жергілікті халық оның жемісін көріп отыр. Жыл басынан бері ауылдағы 3 азамат пайыздық үстемақысы төмен несиеге қол жеткізген. Қазірде олар қолға алған кәсіптерін ұлғайту үшін тынымсыз жұмыс істеп келеді. Бұл аталған ынталы топ кәсіпкерлікті қолдауға негізделген бағдарламалар арқылы жалпы құны 12,4 млн теңге қаражатқа ие болды. Мұнан бөлек “Нәтижелі жұмыспен қамтудың және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың “Еңбек” мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде 2 жоба 7,4 млн теңгемен қаржыландырылған. Ал “Бизнестің жол картасы – 2025” бағдарламасымен 1 жоба авторы жалпы құны 5 млн теңгеге ие болса, “Бастау бизнес” жобасы аясында 4 ауыл тұрғыны арнайы кәсіптік білім алған. Бүгінде олардың 4-еуі 5 млн теңгеге жуық қайтарымсыз қаржы алып, кәсібін бастаған. Кәсіпкерлік қанат жайса және сол салада бәсекелестік орта қалыптасса қандай ауылдың да шаруасы ширай түседі. Ал бұл орайда ауыл әкімі Қуаныш Әбдіхалықов кәсіп ашамын деген тұрғындарға үнемі қолдау білдіріп келеді екен.
– Мемлекеттің шағын және орта бизнесті дамытуды қолға алғандағы мақсаты – халықтың әлеуметтік жағдайын түзеу, ел ішіндегі әлеуметтік мәселелерді шешу. Сондықтан қазірде кәсіп істеймін деген ынталы жеке тұлғаларға кедергі жасамай, керісінше, оларға жан-жақты қолдау білдіріп, мүмкіндік тудыруымыз керек. Жылдан жылға ауылда жеке кәсіпке бет бұрып келе жатқан тұрғындардың қатары артып отыр. Әрине, мемлекеттен көмек алмай тұрып алдымен келешек кәсібінің жобасы қаралады ғой. Содан соң ғана жұмыс бастайды. Шүкір, ауылдағы кәсіпкерлердің өніміне сұраныс бар. Сұраныс болуы үшін сапасы болуы міндетті. Мемлекеттің қаржылай көмегін тиімді пайдаланып, жобаларын жүзеге асырып келе жатқан ауыл тұрғындарына жергілікті әкімшілік тарапынан да үнемі қолдау білдіріп отырамыз және мүддеміз де бір. Ол – ауылды дамыту. Ауылда тоғыз жүзге жуық халық бар. Әрине, салыстырмалы түрде сандық көрсеткіш жағынан көп емес. Алайда, осы шағын ауылдың өзінен түрлі кәсіп істеуге ниетті азаматтардың шығуы қуантады. Бастысы, ауылымызда береке бар, бірлік бар, – дейді Қуаныш Боранбайұлы.
Иә, жоғарыда айтып өткеніміздей, Жаңаталап ауылының тұрғындары да жаз мезгілінде аяқсу тапшылығын сезінеді. Бұндай қиыншылық кезеңде шаруалар мен диқандар су тапшылығын болдырмаудың амалдарын қарастыра бастайды, оның себебін түрлі жағдайлармен байланыстырып, өздерінің долбарларын айтады. Біреулер елді мекен сағаның аяғында орналасқанын алға тартса, енді бірі көрші ауылдарда күріш көлемі межеден артық егілетінімен байланыстырды. Осы орайда айта кеткеніміз жөн, ауыл тұрғыны Ғалым Әбжаппаров былтыр күріш алқабына су апара алмай қиналғандардың бірі. Бірақ, ол кісі сол қиындықтан шығар жол іздеп, нәтижесінде төменнен жоғары қарай су шығаратын электрлі насос құрастырыпты. Сусорғы құралының құрылымы қарапайым. Бірақ, оның артықшылығы – трактордың және тағы да басқа ауыл шаруашылығы техникаларының артына тіркеп жүруге ыңғайлы етіп жасаған.
Аяқсу мәселесі жуық арада шешіле қоятын түрі жоқ. Әйтсе де, жаңаталаптықтар қамсыз отырған жоқ, егіс науқанында түрлі амалдар жасап, жерге тастаған дәнін көбейтіп жинап алып келеді. Диқандардың осындай еңбекқорлығы мен үміт-сенімінің арқасында межелеген өнім қамбаға құйылды. Биыл да дала еңбеккерлері ойдағыдан жоғары өнім жиды. Биыл ауылдың жергілікті шаруашылықтары барлығы 300 гектар алқапқа күріш дақылын орналастырды. Ала жаздай аптапта жүріп атыз жағалаған диқандар алқаптың әр гектарынан 60 центнерден өнім алды. Мұнан бөлек, 115 гектар жаңа жоңышқа егіліп, 348 гектарға жуық ескі жоңышқа күтімге алынды.
«Батыр болсаң жауға найзаң тисін, бай болсаң халқыңа пайдаң тисін». Бұл бабалардан қалған өнегелі сөз. Рас, қолында барын халықпен бөліскен елдің азаматтары ғана елді біріктіреді. Осы орайда ауыл әкімінен жергілікті шаруашылықтардың қайырымдылық шараларынан да шет қалмайтынын естідік. Олар сонымен бірге ауылдағы қоғамдық, көпшілік жұмыстарға да көз жұма қарамайды екен. Мәселен, осыған дейін «Ер-Әлі» шаруа қожалығының төрағасы Әліби Бекжанов ауылдағы әкімдік ғимаратының қоршауын жаңалапты. Кәсіпкер мұнан бөлек, жағдайы төмен және көпбалалы отбасыларға көмір алып беріп, керек-жарағымен қамтамасыз етіпті.
Жаңаталапта электр жарығы толық шешілген. Ауылдағы барлық жарық бағаналары және елді мекенді жарықпен қамтамасыз ететін 4 КТП аппараты да былтыр жаңартылыпты. Ауызсу да әр үйге кіргізіліп, су есептегіш құралын орнатып алған. Мұның тиімділігін қазіргі таңда жаңаталаптықтар көріп отыр. Бұрынғыдай жан басына, тұтынбаған суына ақша шығындаса, енді тек пайдаланған суының ғана ақысын төлейді. Ал ауыз су ауылда тәулік бойы үзілмейді екен. Аудан орталығынан шет орналасқан ауылдардың біріне ат басын бұрғаннан кейін білім ошағы мен мәдениет үйіне де аялдауды жөн санадық. Жас ұрпаққа білім де, рухани тәрбие де берілуі тиіс.
Бірнеше жылдан бері ауданымыздың білім саласы облыс бойынша алда келе жатыр. Биыл мектеп бітірушілердің арасында 90-95 пайызы мемлекеттік грантпен ЖОО-да оқуға мүмкіндік алған ауыл мектептері бар екен. Солардың бірі Жаңаталап ауылындағы №119 орта мектеп.
Иә, бұл мектептен соңғы жылдары үздік түлектер шығуда. Білім бәсекесінде де, спорт мен өнерде де жарқ етіп көрініп, көпшіліктің көзаймына айналып жүрген оқушылар бар. Мектепте «Ән», «Би» секілді өрендердің шығармашылығын шыңдауға бағытталған үйірмелерді былай қойғанда, тек спорт саласында 6 үйірме тұрақты жұмыс жасап тұр. Бүгіннің өзінде бұл мектепте халықаралық додаларда, байрақты бәсекелерде ел намысын қорғап жүрген саңлақтар білім алып жатыр. Айырықша айта кететін тағы бір жетістігі бұл мектепте сахна өнерін жақсы меңгерген, яғни «Жайдарман» ойындарында актерлік шеберлігімен көрерменді сүйсіндіріп жүрген ойыншылар да осы мектепте білім алады.
Биыл бұл білім ордасы жаңа оқу жылын 152 оқушымен бастады. Оның 20-сы мектеп табалдырығын алғаш аттаса, мектепалды даярлық тобына 20 бала қабылданған.
Мектеп директорының міндетін атқарушы Салтанат Сейдуллаева өзі басшылық жасап отырған білім беру мекемесінің жетістіктерін тізіп берді.
– Қай саладағы жетістік те сол саланың маманын алға қарай талпындырады. Біз де мектебіміздің жетістігін жаңарту жолында тынымсыз еңбек етіп келеміз. Өткен оқу жылында мектепті 7 түлек тәмамдады. Жетеуі де ұлттық бірыңғай тестілеуге қатысып, оның алтауы еліміздегі маңдайалды ЖОО-да мемлекеттік грантпен оқу мүмкіндігіне ие болды. Қалған бір мектеп бітіруші де бүгінде ақылы негізде ЖОО-да білім алып жатыр. Биыл да алдымызға қойған мақсатымыз бар. Сол межені орындауға мұғалімдер барлық қарым-қабілетін, қажыр-қайратын жұмсайды. Биыл мектеп бітіруші түлектерді ҰБТ-ға дайындау жұмыстары басталып кетті. Барлығы 5 оқушы мектепті тәмамдаса, оның төртеуі ҰБТ-ға баруға талап қылып отыр. Жақында олар алдын ала дайындықтан өтті. Алды 90 баллға жуық ұпай жинады. Әлі де жұмыс істейміз. Қазірде жұмыс істеп тұрған түрлі үйірмелер де баланың бос уақытын тиімді өткізуге оң ықпалын тигізіп тұр. Олардың көбі спорт үйірмелері. Бүгінде балаларымыз спорттың бірнеше түрінен өтетін додаларда жүлделі оралып жүр. Олардың қатарында дзюдодан халықаралық жарыстарға қатысып, аудан намысын қорғап жүрген Бақберген Жомартұлы деген шәкіртіміз бар. Мұнан бөлек былғары қолғап шеберлері арасындағы тартысты бәсекеде, аяқдоп шеберлері арасындағы сайыстарда өзін мойындатқан балғын спортшылар да бүгінде осы мектеп қабырғасында білім алып жатыр. Бәсекеге қабілетті ұрпақтың бойында барлық қасиет, қабілет болуы керек деп ойлаймын. Ал мұндай жастарды қалыптастыруда біздің ауыл мектебі табанды еңбек етіп жатыр деп толық айта аламын, – дейді Салтанат Сейдуллаева.
Бұл мектепте отыздан астам білікті мұғалім ұстаздық етеді. Соңғы бес жылдың өзінде мектептен бірнеше «Алтын белгі» мен «Үздік аттестат» иегері шыққан. Қазір де оқушылар алдыңғы буынның жолын жалғастырып аудандық, облыстық олимпиадалар мен спорт, өнер жарыстарынан, интеллектуалдық сайыстардан жүлделі орын алып келеді.
Ауылдық клуб ғимараты ескі. Бұл ауылға салынуы керек нысан да осы клуб ғимараты. Бірақ, соған қарамастан Сандуғаш Талқанбаева басшылық жасайтын клуб үйінде бірнеше үйірме жұмыс істейді. Оған мектеп оқушылары мен ауыл жастары тартылған. Клубта жоғары деңгейде өтетін мәдени шаралардан бөлек, әлгі үйірменің мүшелері қатысатын түрлі деңгейдегі өнер байқауларында қоржындары бос келмейді. Осыған дейін республикалық, облыстық, аудандық деңгейде өткен байқаулардан 15 мәрте жүлделі орынға ие болған.
Қалай айтсақ та шалғайдағы аядай ауылдың бүгінгі тіршілігіне қарап сүйсінесің.
Қуат АХЕТОВ
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!