Жалағаш аудандық «Жалағаш жаршысы» газетінің сайты

4°C

, Жұма, 22 қараша, 18:33

Аламесекте ауылдық емхана құрылысы басталады

23.11.2022

374

0

Жаңадариядағы жұмыс сапарымыз тәмам, көлікке жайғасып, әріптесім Рысбек екеуміз Аламесекке тарттық. Мұнда да аудан әкімі жергілікті халықпен кездеседі. Алдағы мақсат-міндеттермен бөлісіп, атқарылған жұмыстарды саралайды. Елдің үніне құлақ түреді. 

Сіздің ауыл күріш еге ме? – дейді әріптесім.

– Еңбектен өткеннен жолдың қос бетіндегі егіс алқаптарын көріп, әдейі сұрадың-ау, – дедім.

Бақсам, Қожанасырым жан-жағына қарамапты. Болмаса, ауыл шаруашылығының қос саласында да толайым табысқа жеткен ауыл бұл. Қажет десең, Еңбек Ері Несіпбай Апрезовты толғатқан елді мекен бұл.

Иә, Аламесек – шынында ауыл шаруашылығында тынымсыз еңбек етіп, салаға серпін берген еңбеккерлер туған ауыл. Қазір әр жылдары Сыр салысынан қанша өнім алғанын сараптасақ, аймақтың қамбасына қанша астық құйғанын бағамдар едік. Бастысы, еңбек еленіп жатыр. Елді мекенге «Қарабура Ата-1» шаруа қожалығы келгелі еңбек адамдарының миллиондап қаражатқа қол жеткізуі, төрағалардың дала дарабоздарына темір тұлпар табыстауы дәстүрге айналды.

Асқарбек Темірбекұлының бұл ауылға бұған дейін де табаны тиген. Халықпен осыған дейінгі кездесулерінде жергілікті шаруашылықтардың ауылды абаттандыруға қатысты жобаларымен танысып, жоғары баға берген. Кешегі сапарында солардың біршамасының жүзеге асқанын көріп өзі де риза болды.

Иә, Есет батырда жергілікті шаруашылықтардың ауылда түрлі жобаларды жүзеге асыруға ынтасы артып келеді. Бастысы, әр жобаның халыққа пайдасы бар. Кеше ғана ауылда «Нағи» шаруа қожалығы Өмірбай шешен көшесінің бойын абаттандыруды жауапкершілігіне алған еді. Сыр салысын өсіруде өңірге танымал шаруашылық ұжымы бүгінде сол жолдың бойынша алғашқы жобасын жүзеге асырды. Яғни дәл осы ішкі көшенің бойынан Балалар жылы қарсаңында балалар ойын алаңын салып берді. Қазір ауылдың бүкіл баласын іздесең, сол маңнан табасың. Кешегі кездесуде аудан басшысы бұл балалар алаңының бүгінде ауылдың қажетіне жарап тұрғанын тілге тиек етіп, Балалар жылында балаларға базарлық болғанын ерекше атап өтті.

Аламесек те аудан орталығынан шалғай жатқан ауылдардың бірі. Екі мыңға жуық халқы бар елді мекеннің бұйыртса, келер жылы екінші тынысы ашылатындай. Биыл да Есет батырда еңселі жобалар жүзеге асты. Әсіресе жергілікті шаруашылықтардың демеушілігімен бірнеше ойын алаңының пайдалануға берілуі, Балалар жылында бүлдіршіндерге базарлық болғандай.

Жылдың бірінші жарты жылдығында аламесектік ағайын ауылдық емхана ғимаратына қатысты мәселе көтерген. Көне нысан мұнда келген науқастардың ем алуына да, абзал жандардың емдік шаралар көрсетуіне де қолайсыз екен. Оны Асқарбек Есжанов та барып көрді. Көп ұзамай бұл мәселені шешуге тырысатынын жеткізіп, кез келген мәселенің шешімі қаражатқа байланысты болғандықтан толық уәде берген жоқ. Арық сөйлеп, семіз шығатын әкім бүгін ауыл халқымен кездесуге сүйінші жаңалықпен келіпті. Бұйыртса келер жылы ауылдағы абзал жандар жұмысын жаңа нысанда жалғастырады. Яғни 2023 жылы Аламесекте ауылдық емхана құрылысы басталады.

Шыны керек, ауылдағы ішкі көшелердің бәрінің бүгінде тозығы жеткен. Бұған қатысты да келер жылы Есет батырда жол құрылысы қарқын алғалы тұр. Ал ауылға кіреберістегі көпірдің маусымында халыққа қандай мәселе болғаны айтпаса да белгілі. Кеше көпір құрылысының да тәмамдалғанын көріп, қуанып қалдық. Жол құрылысынан бөлек келер жылы ауылда ауыз су жүйесі кеңейтіліп, электр желісі жаңартылады. Тізе берсек, ауылда алдағы жылы жүзеге асатын жарқын жобалар жетерлік. Бастысы халықтың атқарылған істерге берер бағасы жоғары.

Бүгін ауылдағы ағайын учаскелік полиция инспекторының қызметтік көлігі болса деген талап-тілегін жеткізді. Аудан әкімі келер жылы көктемнің соңына дейін бұл мәселені шешуге жұмыс жасалатынын жеткізді.

Екі мыңға жуық халқы бар Аламесек ауылында соңғы жылдары атқарылған жұмыстар ауыл әлеуетін көтеруде оң нәтижеге қол жеткізді десек, артық айтқандық болмас. Осыған дейін елді мекенге кіреберіс жолдың да сапасы сын көтермейтіні күн тәртібінде тұрған өзекті мәселе еді. Былтыр жаз мезгілі ортасынан ауа бере бұл мәселе де өз шешімін тапты. Қазір ауыл халқы құрылысы 300 млн теңгеге жуық қаржыға жүргізілген жолдың игілігін көріп отыр. Оның үстіне сол жолдың бойында орналасқан көпірдің де құрылысына ел ағаларының көңіл бөлгені аламесектік ағайынның көңілін бір көтеріп тастады.

Ауыл іргесінде орналасқан Еңбектегі еңселі істер Есет батырдағы жергілікті шаруашылық төрағаларына да үлгі болған секілді. Бұлай дейтініміз, соңғы жылдары әлеуеті артқан бұрынғы Аққошқардағы барлық жобаның жүзеге асуына “Еңбек-Жер” ЖШС төрағасы Шакизатхан Ысқақов себепкер болған еді. Бір ғана шаруашылықпен бүтін бір ауылдың қажетіне жарап тұрған туған жердің төл перзенті әлі де ауыл әлеуетін көтеру жолында еңбек ете беретінін айтады. Қазір ауылға кіреберіс жолдың бойына орналасқан жарық бағаналарының өзі Аққошқардың ажарын айшықтап тұр.

Көрші ауылдың көркіне бұған дейін Аламесектің халқы да қызығып қарайтын. Жасыратын несі бар, кейде тіпті “Біздің де жергілікті шаруашылықтар ауылды абаттандыруға көңіл бөлсе” деп іштей тілейтін. Шүкір ғой, жомарт жандар батыр атындағы ауылда да бар екен. Былтыр елді мекендегі жергілікті шаруашылықтар ауылды абаттандыру жолында бірқатар жобаны бір қолдың саласындай бірігіп қолға алып жатыр дегенді естіп, Аламесекке арнайы ат басын бұрғанбыз. Аудан әкімі жергілікті халықтың алдында шаруашылық төрағаларымен морандумға отырған болатын. Бұл құжаттардың барлығы ауылдың болашағын жарқын етуге арналғаны көпшілікті қуантты. Алдағы уақытта “Қарабура-Ата-1” шаруа қожалығының төрағасы Дастан Ержанов жалпы құны 5 млн теңгеге ауылға кіреберіс жолға жарық жүргізуді қолға алмақ ниетте болған. Бұған дейін ауылдағы түрлі шараларға демеушілік жасаудан шет қалмаған шаруашылық төрағасының мұндай игі бастаманы қолға алғаны құптарлық іс. Әсіресе бұл шаруашылықтың ұжымы төрағаның соңғы жылдары жұмысшыларының әлеуметтік жағдайын жақсартуға басымдық беріп отырғанын айтады.

Осыған дейін Дастан Ержановтың нәтижелі еңбек еткен әріптестеріне 20-ға жуық темір тұлпар үлестіргеніне біз де куә болғанбыз. Енді төраға ауылдың абаттануына да бір сәт көңіл бөлуге ниет білдіріп отыр. Кеше ауылға барғанымызда сол жобалардың біршамасы қолға алынып жатыр екен.  

“Жаңаарық” шаруа қожалығының төрағасы Ғалымжан Қайырманов алдағы уақытта жарық жүргізілген кіреберіс жолдың қос бетін абаттандыруға күш саламын деген. Бұл жұмыстарға төраға алдағы уақытта өз қаражаты есебінен 6 млн теңге бөлетінін де айтқан болатын. Сондай-ақ көркейту-көгалдандыру жұмыстарының сапалы жүруі де өзінің бақылауында болады. Туған жердің түлеуіне тамшыдай болса да өз үлесімді қоссам деген төрағаның бұл жобасынан бұрын елге қызмет етемін деген мақсаты бізге ерекше ұнап отыр. Бар болғаны 100 гектардан астам жерге Сыр салысын еккен азаматтың ауылдың абаттануына өзін жауапты деп тануы орынды. Алдағы уақытта бұл жоба да елді мекеннің еңсесін тіктеуге үлкен сеп болары анық.

 Аламесектегі 2002 жылы Қайырмановтар отбасы құрған «Жаңарық» шаруа қожалығы биыл да ала жаздай күріштің күтіміне басымдық берген. Нәтижесін уақытында егіс басына барып та көрдік. Биыл алқап басындағы өнімнің шығымы бітік болды. Қыркүйек айының алғашқы онкүндігінде Сыр салысына орақ салған шаруашылықтың бүгінгі төрағасы Ғалымжан Қайырманов қазанда күзгі науқанды оң нәтижемен қорытындылапты.

Екі мыңыншы жылдардың басында отағасына демеу болып, отбасылық кәсіпті бірге бастаған Дариға Мәмбетова әлі күнге дейін еңбектен қол үзген емес. 75-ті еңсерген ардагер апамызға отбасылық кәсіптің бүгінгі тынысы хақында бір-екі сауал жолдағанбыз. Алғы сөзді шаруашылық тарихына бұрған кейіпкеріміз әңгімені әріден бастады.

Жарылқасын Қайырманов пен Дариға Мәмбетова – білім саласында қажырлы еңбек еткен ардагер ұстаздар. Екі мыңыншы жылдарға дейін Аламесек ауылдық округіндегі №124 орта мектепте мұғалім болған олар уақыт өте кәсіп бастауға бел буған. Бұл – жеке шаруашылықтардың енді құрылып жатқан кезі. Ауылда инженерлік жүйеге келсе де, әлі де игерілмей жатқан жерлер шаш-етектен. Осыны қаперге алған Жарылқасын Қайырманов Аламесекте жеке шаруашылық ашып, ауыл шаруашылығы саласында бақ сынауға бел буады.

2002 жылы шаруашылық жұмысын 110 гектар жерге дән себумен бастаған. Оның 40 гектарына күріш егілсе, 70 гектар алқапқа жоңышқа орналастырылыпты. Бірақ енді жұмысын бастаған шаруашылық шаруасының ширауына техника мәселесі қолбайлау болған көрінеді. Бір қызығы, Жарылқасын Қайырманов бұл жерлерді 5 жыл бойы жалдамалы техникамен игерген. Шаруашылық құрылған жылы оның техникалық базасында бірде-бір көлік болмапты.

– Біз шаруашылық құрған жылдар өте ауыр кезең болатын. Қаржы тапшылығы ол тұста барлық отбасын айналып өтпеді. Ал біз өндіретін негізгі өнімге келсек, күріштің де нарықтағы бағасы тым төмен болды. Тіпті ол жылдары қазір жанармайға, күрішке, техникаға, тыңайтқышқа берілетін субсидияның бірі де болмады. Осы тығырықтан шығу үшін біз талай бейнетті жолдасым екеуміз еңсердік. Темір өткізіп, одан түскен қаражатқа жанармай, артылғанына тұқым сатып алған күндер де болды. Екі-үш жылдан кейін бақша дақылына да жер ашып, одан шыққан өнімді шаруашылық ұжымы ас-аухат ретінде тұтынды. Ол тұста ұн сатып алудың өзі қарапайым халыққа қиын болды. Біз тағы да жер ашып, бірнеше гектар бидай ектік. Одан шыққан өнімді өзіміз, шаруашылық ұжымы ауылдағы диірменге түйіп, тұрмыста тұтындық. Міне, біз осындай қиын шақта шаруашылық құрдық. Кейін азын-аулақ қаражат қолға тиісімен бір-екі техника сатып алдық. Ол тұста қазіргідей заманауи техникалар біздің ауыл шаруашылығы саласына келе қоймаған. Ескі-құсқы техниканың өзіне қол жеткізу бізге оңай болған жоқ. Шаруашылықтың бүгінгідей дәрежеге жетуі сол жылдарда еңсерген бейнетіміздің өтеуі деп білемін, – дейді Дариға апай.

«Жаңарық» ШҚ алғашқы жылдары Сыр салысының «Ақмаржан» сұрпын сепкен. Бастапқыда күріштен межелеген өнімге қол жеткізе алмаса да, жоңышқа орналасқан алқаптың әр атызынан 17-18 мың тонна мал азығын жиған. Дариға Мәмбетова алғашқы жылдары тіпті жұмысшылардың өзіне жалақы тауып беру де үлкен мәселе болғанын айтады.

5 жылдан кейін шаруашылық көршілес Бұқарбай батыр мен Аққұм ауылдық округтерінен ауыл шаруашылығына қажетті бірнеше техника сатып алды. Алайда «Жаңарықтың» жұмысы енді жанданады дегенде, отағағсы Жарылқасын Қайырмановтың денсаулығы сыр берген. Ол тұста үлкен ұлы Ғалымжан Қайырманов аудан орталығындағы ішке істер саласында полиция бөлімі басшысының орынбасары болып жұмыс жасайтын. Ол қызметте жүрсе де, әкесі бастаған кәсіптің тұраламауы үшін қолы қалт еткенде қолғабыс етуді жадынан шығарған емес. Тіпті жыл сайынғы еңбек демалысының 25 күнін көктемде, 20 күнін күзде алып, науқан кезінде әрбір күнін атыз басында өткізіпті.

Жұмыста жиған тәжірибесімен көзге түскен Ғалекеңнің зейнетке шығуына да мүмкіндік болған. Тәжірибелі маманнан бөлім басшысының да айырылғысы жоқ. Десе де отбасылық кәсіпті ертеңі өзіне қарап тұрғандықтан ол зейнеткерлікке шығып, атакәсіптің алға басуына жұмыс жасауды жөн деп тауыпты.

Ғалымжан Жарылқасынұлы өзі төрағалық еткен алғашқы жылдары да шаруашылық жұмысына техника мәселесі қолбайлау болғанын айтады. Салаға қажетті бірнеше техникаға қол жеткізгенімен көне көлік бұзылмай тұрмайтыны тағы бар. Десе де інісі, «Жаңарықтың» қазіргі инженер-механнигі Рахымжан Қайырмановтың арқасында бұл тығырықтан да шығар жол табылған. Тәжірибелі маман істен шыққан комбайн-тракторлардың ахауын қайта қалпына келтіріп, жұмыстың тұраламауына үлкен еңбек сіңіріпті.

– Одан кейінгі жылдары бізде мұндай мәселе болған емес. Жыл сайын күріштен мол өнім жиып, Сыр салысының сапасы жақсы болғандықтан өнімді ойдағыдай бағаға өткіздік. Кейін тіпті демеуші де табыла кетті. Сол уақыттан бері біз облыс орталығындағы «Абзал и К» компаниясының демеушілігімен кәсібімізді дөңгелентіп отырмыз. Солардың арқасында «Жаңарықтың» техникалық базасы бүгінде заманауи әрі соңғы үлгідегі трактор-комбайндармен жарақталды. Қазір де бұрыннан келе жатқан көне көліктер жоқ емес. Бірақ шаруашылықтың техникалық базасы 80-85 пайызға жаңарып отыр, – дейді төраға Ғалымжан Қайырманов.

Жарылқасын Қайырманов іргетасын қалаған шаруашылықта бүгінде кенже ұлы Шаншархан Жарылқасынұлы күрішші болып еңбек етеді. Бастапқыда 35-40 гектар Сыр салысының шығымына жауапты болған ол да бүгінде даңғайыр диқандардың ізбасарына айналған. Қазірде Шәкеңе күріштің күтіміне қажетті амалдардың ешқайсысы таңсық емес. Ал Дариға Мәмбетованың 2 келіні – «Жаңарықтың» бүгінгі тәжірибелі аспазшысы.

– Күріш деген дүниеге келген сәби секілді. Пісіп-жетілгенше көп күтімді қажет етеді. Баланы қырқынан шығарғанша қалай күтесің, күріш те сол секілді. Жерге себілгеннен 40 күн бойы оны ерекше күтіп-баптау қажет. Алғашқы жылдары оны салқын суда ұстап тұруға болмайды. Бұрын күзге таман басы салбыраған сабаққа қарап, мол өнім болады деп болжайтын едік. Мұның қате пікір екенін кейін білдік. Суды да әр жиырма күн сайын өзінің беретін деңгейі болады. Сол межеде ғана күрішті суда ұстау қажет, – дейді диқан Шаншархан Жарылқасынұлы.

Қайырмановтар әулетінен бөлек шаруашылық бүгінде ауылдағы 20 адамды жұмыспен қамтып отыр. Төраға былтыр аяқ су мәселесінің салдарынан межелеген өнімге қол жеткізе алмағанын айтады. Былтыр «Жаңарық» ұжымы Сыр салысының әр гектарынан 45 центнерден өнім жиыпты. Десе де Ғалымжан Қайырманов 2012 жылдан бері ұжымдастарына жалақыдан бөлек қосымша сыйақы үлестіру дәстүрінің желісін үзбеген. Биыл оның көлемі артпаса, кемімейтіні тағы да анық. Себебі диқандардың жүзінде қуаныштың белгісі бар, төрағаның да көңілі тоқ.

Айта кетейік, биыл «Жаңарық» шаруа қожалығы 200 гектарға жуық алқапқа егіс орналастырған. Оның 153 гектарына күріштің «Лидер» сұрпын сеуіпті. Бұған дейін «Янтар», «Новатор» сынды Сыр салысының бірнеше сұрпын егумен айналысқан шаруашылық ішкі және сыртқы сұранысты қамтамасыз етуде өтімді болғандықтан 7 жылдан бері «Лидер» сұрпын егуді қолға алған.

Төраға Ғалымжан Қайырманов бүгінде шаруашылықтың 500 гектар жерді игеруге қауһары барын айтады. Алайда ауылда қазір жер мәселесі қат екен. Міне, бастапқыда 70 гектар алқаптағы өнімді күтіп-баптау мұң болған «Жаңарықтың» бүгінде осындай жағдайға жетіп отырғаны көңіл қуантады.

Айтпақшы Ғалымжан Қайырманов басшылық ететін бұл ұжым елді мекендегі мерекелік шараларға демеушілік етуді, ардагерлерге сыйақы таратуды да дәстүрге айналдырған. Былтыр Ғалымжан Қайырманов аудан әкімімен меморандумға отырып, Аламесек ауылдық округіне кіреберіс жолдың қос бетін абаттандыруға келісім алды. Бұйыртса, күзгі науқан жұмыстары бітті, енді шаруашылық ұжымы осыған кіріседі. Төраға жолдың бір бетіндегі бос жатқан жерден саябақ ашып, оны ардагер ұстаз, шаруашылықтың негізін қалаған Жарылқасын Қайырмановтың атына беруді жоспарлап отыр.     

“Нағи” шаруа қожалығының төрағасы Серік Дүйсенғазиев те алдағы уақытта ауылдағы Өмірбай шешен көшесін абаттандыруды қолға алатынын айтқан. Бұл жұмыстарға ол 4 млн теңге қаражат бөлемін деген болатын. Кешегі сапарда ауылда аталған шаруашылықтың қолға алған жобасын көріп, бұл жұмыстарға одан да көп қаражат жұмсалғанын бағамдадық. Ол Өмірбай шешен көшесін абаттандыруды жауапкершілігіне алып, оның бір бетіне Балалар жылына ойын алаңын ашты. Бүгінде ауылдың кішкентайларын іздесеңіз, сол жерден табуға болады.

Соңғы жылдары ат спортына жастардың, әсіресе ауыл жастарының қызығушылығы басым екенін ескерсек, ұлттық спортты ұйымдастыратын арнайы орынның жоқтығы айтарлықтай мәселе боларын жақсы білеміз. Есет батыр ауылында “Көктөбе” шаруа қожалығы төрағасының жобасы осы мәселені шешуге айтарлықтай сеп боларына көз жеткіздік. Алдағы уақытта төраға 5 млн теңгеге ауылдан ипподром құрылысын бастамақ. Қазір Аламесекте ат спортына, оның ішінде көкпар ойынына қызығушылығы басым жастар көп. Ал алдағы уақытта ипподром пайдалануға берілсе, бұл елді мекеннен елімізге танымал бір құраманың жасақталмасына кім кепіл!

Ауылда үлкен жобаларды қолға алып жатқан төрағалар басқа да жергілікті шаруашылықтарға үлгі болары анық. Бастама жаман емес, бастысы, осылардан өнеге алатындардың қатары артса дейміз. Аудан әкімі Асқарбек Есжанов та жергілікті шаруашылықтардың қолға алған жобаларына сәттілік тіледі. Мұнан кейін жергілікті халықтың үніне құлақ түрген аудан басшысы көтерілген мәселелерді шешуге жұмыс жасайтынын жеткізді. Ал ауыл ақсақалдары соңғы жылдары ауданда қалыптасқан оң өзгерістерді тілге тиек етіп, аудан басшысының алдағы жұмысына сәттілік тілеп, батасын берді.

Кенжетай ҚАЙРАҚБАЕВ

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: