Аймақта экологиялық жағдай қазіргі уақытта күрделі мәселенің бірі болып отыр. Бұл әсіресе Арал теңізінің тағдырымен байланысты. Соңғы 40 жылда Арал теңізі 700 шақырым текше метр су қорынан айырылған. Теңіз суының тұздылығы бір литрге шаққанда 20 грамнан асты. Теңіз деңгейі 17 метрге төмендеп, жағадан жүздеген шақырымға қашықтаған. Жыл сайын 75 миллион тонна топырақ пен тұзды шаң ұшады. Ол барлық тіршіліктің өсіп-өнуіне кері әсерін тигізуде. Айналасындағы халықтың жартысынан астамы көшіп кетуге мәжбүр болған.
Иә, XX ғасырдың ортасында Арал қандай болды? Ол КСРО-ның құрлықтық көлдері ішінде төртінші орын алған. Аралдың су қорын толтыратын Орта Азияның екі ірі өзені Әмудария және Сырдария еді. Олардың суы өте нәрлі, егістікке пайдалы болатын. Арал теңізінен жыл сайын 450 мың тонна бағалы балық ауланған. Балықшылар қайығы мен жол қатынас кемелері теңіздің көркі еді. Арал теңізі сол аймақтың ауа райына жағымды әсер еткен табиғатты реттеуші болды.
Өткен ғасырдың алпысыншы жылдарынан бастап екі өзеннің суын егістікке пайдалану өлшеусіз, шамадан тыс қарқын алып, салдарынан теңіз суы тартыла бастады. Қазіргі уақытта олардың суы теңізге толықтай құймайды. Теңіз суының сапасы нашарлап, көлемінің күрт кемуі өсімдік әлеміне кері әсерін тигізді. Бағалы ормандар, мал жайылымдары мен көгалды аймақтар жоғала бастады. Олардың орнын зиянды тұзды сорлар басты. Өңірді мекендеген 57 жабайы аңның бүгінде13 түрі ғана қалған.
Алайда аймақ басшысы, жергілікті билік, халық Арал теңізін қалпына келтіру мақсатында қол қусырып отырмай, бүгінде бірқатар жұмыстарды қолға алған. Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен жүзеге асырылып жатқан «Жасыл Қазақстан» ұлттық жобасының негізгі бағыттарының бірі Арал теңізінің солтүстік бөлігін қалпына келтіру болып табылады.
Жақында облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев АҚШ-тың Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Дэниел Розенблюммен және USAID Халықаралық даму агенттігі өңірлік миссия директорының орынбасары Моник Мосольфпен кездесті. Басқосуда аймақ басшысы Қазақстан мен Америка Құрама Штаттары арасында 30 жылдан бері ашық әрі сенімді өзара қарым-қатынас қарқынды дамығанын атап өтті.
Айта кетейік, 2021-2023 жылдары USAID Халықаралық даму агенттігінің «Оазис» жобасы шеңберінде Арал теңізінің құрғаған ұлтанындағы экожүйені қалпына келтіру мақсатында 150 гектар жерге сексеуіл тұқымы себіліп, көшеттер отырғызылған, 500 метр тереңдікте су ұңғымасы қазылып, пайдалануға берілген.
– Әлемдік қауымдастық Арал теңізінің тартылуын адамзат тарихындағы экологиялық дағдарыстың бірі ретінде бағалады. Теңіздің зардабы тек бір елге ғана емес, барша әлемге тиюде. Осы іс-сапарда Аралдың қазіргі жағдайымен және атқарылған жұмыстармен танысқандарыңыз, Аралды құтқару ісіне қосқан елеулі үлестеріңіз үшін алғысымызды білдіреміз, – деді облыс әкімі.
Мәртебелі меймандар теңізді өлкенің төл кәсібі балық шаруашылығы туралы қойылымды тамашалады. Арнайы ұйымдастырылған этноауыл арқылы Арал өңірінің тыныс-тіршілігімен танысты. Мұнан соң Ә.Нұрпейісов атындағы Әдебиет үйіне аялдап, теңіз тағдырына алаңдаушылық білдірген қайраткердің өмірімен және шығармашылығымен танысты. Сондай-ақ балықшылар мұражайында болып, балық шаруашылығы кәсібіне қатысты тарихи деректерге қанықты.
Мұнда 1700 ден аса құнды жәдігер бар. Келушілер мұражайдың «Балықшылар» және «Кемелер» деп аталатын екі бөлімімен танысып, тағдырлы теңіздің терең тарихына үңілді. Мұнымен қоса балық өңдеу зауытында болып, теңіз маржандарын өңдеу жұмыстарына куә болды. Осылайша Аралдың қазіргі жағдайы мен болашағын қазақстандық және халықаралық ғалымдар егжей-тегжейлі талқыға салып, теңізді су мен балыққа толтыратынына сенім білдірді.
Еске салсақ, Мемлекет басшысы 2021-2025 жылдары аралығында Арал теңізінің құрғаған ұлтанындағы 1,1 млн гектарға сексеуіл егуді тапсырған болатын. Биыл 276,2 мың гектар аумақта осы бағыттағы жұмыстар жоспарланған. Қазір 65 мың гектар ұлтанға 19,4 млн сексеуіл көшеті отырғызылған. Алдағы жылы 280 мың гектар алқапқа егу жоспарда бар.
Жандос ЖАЗКЕН
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!