Қазақстанда осы уақытқа дейін 6 мыңнан астам адам банкрот деп танылды. Бірақ өтініш жазғандар саны он есе көп. Көбі банкрот бола алмай жүр, тапсырған арызы кері қайтарылған. Оның да өзіндік себебі бар. Осыған байланысты алдағы уақытта банкроттық жариялау тәртібіне өзгеріс енгізу жоспарланып отыр. Sputnik Қазақстан негізгі түзетулерді ұсынады.
Бұрынғы қарыз кешіріледі
Қаржы вице-министрі Ержан Біржановтың айтуынша, бүгінде банкроттыққа өтініш берген кейбір адамдардың арызы қаралмайды. Себебі кредит берген ұйымдар жабылып қалған, я болмаса, лицензиясынан айырылған.
«Ондай ұйымдардың қарызы банкроттыққа ілінбей жатады. Өйткені нақты тізім бар. Сол тізімге кіретін қаржы ұйымдарының қарызы ғана банкроттық рәсімінен өтеді. Енді заңға өзгеріс енгіземіз. Оған сәйкес, бұрын жұмыс істеген микроқаржы ұйымдары мен банктердің қарызы банкроттық рәсімде қаралады», – дейді Біржанов.
Оның айтуынша, қазіргі кезде бұл санаттағы қарыздар коллекторлық агенттіктерге өтіп кеткен. Ал кредит берген ұйымның өзі жоқ. Содан жеке тұлғалар банкроттық рәсімге қатыса алмай жатады. Коллекторлар болса, қарызды қайтаруды талап етеді.
«Егер біз жаңа норманы енгізсек, бұрын алынған қарыздарды кешіруге мүмкіндік болады», – деп түсіндірді вице-министр орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте.
Құжат жіберудің қажеті жоқ
Алдағы уақытта соттан тыс банкроттық рәсіміне өтініш бергендер қосымша құжат тапсырудан босатылады. Себебі бүгінде бір құжат дұрыс берілмесе, арызды кері қайтарады. Бұдан былай мемлекеттік органдар қажетті мәліметті ақпараттық базадан алады.
«Қазіргі кезде банкроттық рәсімге дейін банкпен қарызды реттеу іс-шараларын жүргізу керек. Бірақ кейбір азаматтар ол құжаттарды сақтамайды, нақты формасы да жоқ. Біреулер бізге банкпен хат алмасқан көшірмелерін көрсетеді, енді біреулер банкке бардық деген мәліметті ұсынады. Жалпы, реттеу шаралары жасалса да, құжаты болмай жатады, жоғалтады және тағысын тағы. Соның салдарынан банкроттыққа тапсырған арызы кері қайтарылады. Себебі құжат тапсыру заң талабы болған», – дейді вице-министр Біржанов.
Оның айтуынша, енді ондай талап алынып тасталады. Банкроттыққа өтініш берілсе жеткілікті.
«Ал біз қалған мәліметті кредиттік бюро, банктер мен қаржы ұйымдарынан электронды түрде алып отырамыз. Банкрот боламын деген арыз берсеңіз болды, қалған жұмысты өзіміз жасаймыз», – деп атап өтті вице-министр.
Шетелге шығуға рұқсат беріледі
Банкроттық жариялау тәртібіне енгізілетін тағы бір өзгеріс бар. Оған сәйкес, төлем қабілеттілігін қалпына келтіру жоспары бекітілгеннен кейін борышкердің шетелге шығуына рұқсат беріледі.
«Қазір заң бойынша борышкерді оңалту рәсімі басталғаннан кейін Қазақстаннан тыс жерге шығуға тыйым салынған. Алдағы өзгеріс бойынша адам сот арқылы оңалту рәсімінен өтіп, қарызды қайтару жоспары қабылданса, шетелге шығуға рұқсат беріледі», – дейді қаржы вице-министрі.
Оның сөзіне қарағанда, қатаң шектеулер болғаннан кейін борышкерлер оңалту рәсімінен өтуге асықпайды.
Тексеріс неге ұзаққа созылады
Жеке тұлғалардың банкроттығы туралы заң наурыз айында күшіне енген болатын. Содан бері 70 мыңға жуық арыз түскен.
«70 мың арызды өңдеу аясында қазіргі таңда 6 400 адам банкрот деп танылды. Банкрот болған адамдардың аз болу себебін түсіндіре кетейін. Заң бойынша біз наурыз айынан бастап алған арыздарға алты ай бойы мониторинг жүргіздік. Сараптама жұмыстарын өткізгеннен кейін қыркүйек айынан бастап банкрот мәртебесін ресми түрде бере бастадық», – дейді Біржанов.
Банкроттық рәсімі кезінде мемлекеттік органдар өтініш берген адам туралы ақпаратты да алмасып тұрады. Соның негізінде тиісті шешім қабылданады. Ал арыздар онлайн режимде қабылданады.
«Банкрот деп танылған 6,4 мың адамның берешек сомасы 9 миллиард теңгені құрады. Оның бәрі алынып тасталды. 3,5 мыңнан астам азаматтың қарыз мерзімі 5 жылдан асып кетті. Әлеуметтік төлемдер алатындар да бар. Олардың саны – 645 адам», – деп атап өтті вице-министр.
Банкрот деп танылғандар бес жылдан астам уақыт берешегін төлемеген. Олардың ішінде 58 проценті – ер адам, 42 проценті – әйел. Орташа жасы – 36- 45. Ең жасы – 19 жаста, қарты – 76 жаста. Азаматтардың бұл санатының тұрақты жұмысы жоқ, демек өз берешегін өтеуге қаражаты болмаған.
Алаяқтардан абай болыңыз!
Ресми мәліметке сәйкес, жыл басынан бері алаяқтар қазақстандықтарды 13 млрд теңгеге алдап кеткен. Біреулер онлайн сауда кезінде алданса, енді біреулер өз атына миллиондап кредит рәсімдейді. Ал ақшаның бәрін алаяқтар үптеп кетеді.
Бүгінде интернетте бакроттық рәсімнен өткізу қызметіне қатысты жарнама көп. Оны да алаяқтар жариялайды. Қаржы министрлігі халыққа абай болуға кеңес беріп отыр. Банкроттық жариялау үшін ешқандай ақша төлеудің қажеті жоқ. Барлық қызмет тегін көрсетіледі.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!