Жалағаш аудандық «Жалағаш жаршысы» газетінің сайты

-5°C

, Жексенбі, 22 желтоқсан, 19:55

Еңбегі ерен егінші

12.07.2022

957

0

Соңғы жылдары бізде ғана емес, әлем елдерінде сапалы азық-түлік тапшылығы байқалуда. Сондай-ақ азық-түлік қауіпсіздігін және халықты сапалы табиғи өніммен қамтамасыз ету әлемнің кез келген мемлекеті үшін маңызды мәселеге айналды. Салдарына үңілсеңіз, тағы да себеп көп. Қазіргі нарық заманында бұл мәселенің біздің елімізді де айналып өтпейтіні анық. Сондықтан осы олқылықтардың алдын алу мақсатында ауылдық аймақтардағы егін егуге жарамды жерлерді тиімді пайдалану, бау-бақша өнімдерін өсіру жұмыстары қарқынды басталып кетті. Жалпы аграрлы мемлекеттерде жердің құнарын сақтап, аяқ суды үнемдеп, тиімді пайдаланудың тәсілі ретінде егістікті әртараптандыру тәжірибесі бұрыннан бар.

Биыл көктемде Ақсу ауылдық ок­ругіне қарасты «Бостай», «Ақ бостай» жер учаскелерінен 10 гектар жер телімі дайындалып, бақша, көкөніс егуге ниет білдірген аудан тұрғындарына жер үлестірілген болатын. Сол жердің жұ­мыс өнім­ді­лігімен танысайық, еңбек адам­да­рының талап-тілегін тыңдайық деген мақ­сатпен біз де шығармашылық топ­пен «Ақ бостай» шаруа қожалығына тиесілі жер учаскесіне бардық.


Алқап қақпасына жақындай бер­генде, қолына құрал-сайманын ұстап, қарықты аралап жүрген бір кісінің қа­расы көрінді. Біз де көлігімізді өшіріп, сол қарыққа қарай жүріп отырдық. Алқаптағы егістің шығымы бітік, ар жа­ғында күріш атыздары орналасса, оң жағында сап-сары болып гүлденген мақ­сары атызы, ортасында бау-бақша өнімдерін егуге берілген 10 гектар жер орналасқан. Атызды аралай қарап жүр­ген кент тұрғыны Асылан Жолдас екен. Биыл көктемде бұқаралық ақ­парат құралдары арқылы бақша егемін деген халыққа жер беріп жатқанын естіген Асылан да дайын жер телімін алып, картоп тұқымын салыпты. Нәтиже жа­ман емес, қазір мамыр айында егілген картоп гүлдеп тұр.


– Картоп егуге дайын жер беріп жатыр дегенді естіп, неге егіп көрмеске деген ой келді. Бұрын ағайын-туыс­тардың жерін жалға алып, картоп егетінбіз. Өткен жылы Жаңадария ауы­лынан жер телімін жалға алып, картоп егумен айналыстық. Жақсы өнім де берді. Бірақ биыл ол жаққа тұқым сал­мадық, шығыны көп болды, жолы ұзақ, мол көлемде жанармай қажет етеді. Шаруа қожалығына рахмет ай­тамыз, жерді жыртып, басына аяқ суды да жеткізіп қойған, тек егін егіп, қа­рықтарды жабайы шөптерден тазар­тып тұрсаң болды. Судан не болмаса басқа да мәселер болып жатса, шаруа қожалық әрқашанда көмектесуге дайын. Мен 20 қарық жерге 3 қап кар­топ тұқымын орналастырдым. Өз­де­ріңіз көріп тұрғандай, өсімі жаман емес. Бір тиімділігі көп суаруды қажет етпейді, 10 күнде 1 рет қана суарып аламыз, – дейді Асылан Жолдас.


Қарап тұрсақ, 10 гектар жерге тек Асылан ғана емес, басқа да аудан тұр­­ғындары картоп, қияр, қызанақ да­қылдарын еккені көрініп тұр. Ауда­нымызда кейінгі кезде қалыс қалған жер еңбегінің, бау-бақша өсірудің қай­та жаңғырып жатқаны, оның ішінде Асы­лан секілді жастардың осындай пай­­далы еңбекке бет бұрып жатқанына біз де іштей қуандық.


Бақша баптау оңай шаруа емес. Оның ыстығына күйіп, суығына төзген адам ғана ырзығына бөленеді. Егу өз алдына, мол өнім алудың сырын білу мол тәжірибе қажет етеді. «Білмегенімді үлкендерден сұраймын, одан қы­сыл­маймын. Бұйырса, картопты қыркү­йек­тің соңына таман жинаймын. Қап­­­тап алған картопты ішіп-жемнен ар­тыл­ға­нын, алыс-жақын ағайынға үлес­­ті­ре­мін» деген Асыланның қар­қынына қа­рап, күзде алынатын өнімнің мол бо­латынына сенім мол.
Иә, бұл алқапқа бұған дейін де ат ізін салғанбыз. Несін жасырайық, ол кезде бізге бұл алқапқа су жара­май­тындай көрінген. Қазір ойлап қарасақ, баққанымыз бақа болып шыққандай көрінеді. Себебі Асекең мұнда осы кезге дейін аяқ су мәселесі орын ал­мағанын айтады.


Қазір мұндағы шығымы бітік өнім­дердің алды гүлдеп тұр. Тек бір отап, түбін түптесе болғаны. Қалған жұмыс­тарды қазуға қалдыратын сыңайлы. Бұл жер мол егін егіп, оның өнімін сатып, табыс табу үшін ашылған жоқ. Бірақ оған да мүмкіндік жоқ емес. Бақша дақылының бағасында тұрақтылық қа­лыптастыруға тамшыдай болса да бұл жобаның үлес қосары сөзсіз. Асы­лан да жаз бойы еткен еңбегінен үлкен нәтиже күтеді.

Жандос ЖАЗКЕН

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: