Сәрсенбі. Сағат тілі таңғы 08:00-ді көрсетіп тұр. «Журналист басқа мамандықта» айдары аясында аудандық ауруханаға «Хирургия» бөлімінің бір күндік жұмысымен танысуға келдік. Өздеріңіз білетіндей хирургия – өте күрделі сала. Десе де бұл сала қиындыққа мойымай, өмір мен өлім арасындағы арпалысты жеңіп, талай жанның отбасына аман-есен қауышуына себепкер болып жүрген қолы жеңіл, қандауыры алтын дәрігерлерден кенде емес.
Аурухана есігінен енгеніміз сол еді, бас дәрігердің емдеу ісі жөніндегі орынбасары Гүлсім Каюпова «Хирургия» бөліміне жол бастады. Барсақ, әріптесінен түнгі кезекшілікті қабылдап алып жатқан бөлім меңгерушісі, білікті маман травматолог-хирург дәрігер Жарқынбек Сыдықов екен. Ол өткен тәулікте түскен және ота жасалған науқастардың жағдайымен хабардар болып, алдағы күннің жоспарын жасау үшін күнін 5 минуттық жиналыспен бастады.
Түнгі кезекшіліктен шыққан мейірбикелердің баяндауынша, бөлімде ем алып жатқан науқастардың жағдайы бірқалыпты, еш шағым жоқ. Жиналыс біткен бойда әр науқастың жағдайын жіті тексеру үшін, бүгінгі әріптесім Жарқынбек Алтынбекұлымен бірге палаталарды аралап, науқастарға қажетті ем-шаралар тағайындадық.
Жалпы хирургия бөлімі 23 төсек орынға арналған. Бөлімде аудан тұрғындарының саулығы үшін 1 хирург-травматолог, 1 хирург, 1 аға медбике, 2 ота мейіргері, 5 кезекші медбике, 5 кіші аяжан, 1 ас таратушы мен 1 шаруашылық аяжаны жұмыс жасайды. Бөлім 8 палатадан бөлек хирургиялық және травматологиялық ота жасайтын 2 ота залмен, таза және іріңді жараларды таңуға арналған бөлмелермен, ем-шара бөлмесімен қамтылған. Сондай-ақ қажетті заманауи аппараттар мен құрал-жабдықтармен жабдықталған.
6 мыңға жуық адамға ота жасаған
Жұмыс тәжірибесінде білікті хирург науқастардың аяққа тұрып кетуі үшін жылына 1000-нан астам тұрғынға жеңіл және күрделі оталар жасап, оң нәтижеге қол жеткізген. Оның айтуынша, алтын қолды хирург 5 жылғы еңбегінде орташа есеппен 6 мыңға жуық адамның өмірін ажал тырнағынан арашалап қалған. Кейде тәулігіне бір емес, бірнеше мәрте ота залында адам саулығы үшін тізе бүкпей күресетін дәрігердің атқаратын еңбегі ерен.
Ол саналы ғұмырын осы салаға арнауды бала күнінен армандаған. Ауруханадағы оталардың барлығы, тіпті бұрын-соңды аудан деңгейінде жасалмаған күрделі оталар да бүгінгі әріптесім Жарқынбек Алтынбекұлының қатысуымен жасалған.
– Жарқынбек Сыдықов – білікті маман. Ол түрлі жол көлік оқиғалары, өндірістік жарақаттар, спорттық, тұрмыстық және көше жарақаттарымен түскен науқастарға үлкен сүйектердегі ашық сынықтарға Иллизаров және Хоффман аппараттарымен остеосинтез, сан сүйегі, балтыр сүйектері, білек сүйектері, иық сүйегіне жабық репозиция, бұғаттаушы шегелермен остеосинтез оталары, саусақ сүйектері, табан сүйектеріне Киршнера және Иллизаров спиларымен остесинтез оталарын жасайды. Мұнан бөлек аудандық емханада 10 мыңнан аса амбулаторлы қабылдау жүргізіп, ауруды ерте анықтау «Диспансерлік» есепке уақытылы алу және сауықтыру шараларын жоғары деңгейде жүргізіп келеді, оның ішінде 2 мыңнан аса амбулаторлы оталар жасаған, – дейді аудандық аурухананың бас дәрігері Еркебұлан Мақсұтов.
Қандауыры алтын Жарқынбек
Бөлімшеде жатқан науқастардың денсаулығын тексеріп болған соң әріптесім күні кеше бөлімшеге түскен 10 жасар балаға ота жасау қажеттігін жеткізді. Оның айтуынша, жоспарлы, шұғыл және кейінге қалдырылған оталар болады. Қазіргі жасайтын отасы кейінге қалдырылған ота екен.
– Егер науқастың бұғана сынығы ашық сынық болса, шұғыл ота жасалады, ал жабық сынықтар болса, бірер күнге кейінге қалдыра тұруға болады. Бүгін жаттығу залында құлаған кішкентай науқастың оң жақ бұғана сүйегінің жабық ығысқан сынығына ота жасаймыз, – деді травматолог-хирург дәрігер Жарқынбек Сыдықов.
Ота залы. Түскі сағат 11:15. Бұған дейін атын естігенім болмаса, қатысып көрмеген мен әріптесімнің рұқсатымен отаға қатысамын деп шешіп, Жарқынбек Алтынбекұлымен бірге ота залына кірдім. Науқасқа дәрі егіліп, қажетті құрал-жабдықтармен ота басталып кетті. Қойылған диагноз бойынша білікті маман науқастың оң жақ бұғана сүйегінің жабық ығысқан сынығын орнына келтіріп, пластинамен бекітті. Ота небәрі 30 минутқа созылды. Науқас палатаға жатқызылып, дәрігер тиісті жұмыстар атқаруды аға медбикеге тапсырды. Аурухананың «Хирургия» бөліміндегі темірдей тәртіп пен мұнтаздай тазалыққа қарап, дәрігерлер мен орта буын медицина қызметкерлерінің жауапкершілікті терең сезінетінін аңғардым.
Отаны сәтті аяқтап, енді ғана шыққалы жатқан әріптесім Жарқынбек Алтынбекұлына медбике тағы бір науқасқа шұғыл ота жасау қажеттігін жеткізді. Айтуынша, бөлімге 24 апта жүктілігі бар жас келіншек соқырішек диагнозымен түскен. Сырқат жанға жәрдем беріп, оның сауығып кетуін бірінші орынға қоятын дәрігер шұғыл отаға дайындықты бастап, 1 сағат 5 минутта жас ана мен құрсағындағы сәбиін аман-есен сақтап қалды. Баланың саулығына көз жеткізу үшін отадан кейін жас ананы арнайы КТГ аппаратына түсіріп, бала жүрегінің дұрыс соғып тұрғанына толық көз жеткіздік.
– Өмір болған соң денсаулыққа байланысты неше түрлі келеңсіз жағдайлар мен оқыс оқиғалар жиі болып тұрады. Жақында бір мезетте түнгі екілер шамасында пышақ жарақаты салдарынан екі науқас түсіп, шұғыл ота жасадық. Бірінің асқазаны жыртылса, екіншісінің бауыры жыртылған. Шұғыл отаға алып, жыртылған асқазан мен бауырды тігіп, қажетті ем-шаралар жүргіздік. Бір қызығы мен бұл оталарды алғаш рет жасадым. Шыны керек, ауыр халде жатқан науқастарды көріп, қол қусырып қарап отыра алмадым. Әрбір науқас бізге үлкен үміт артады. Ал олардың үмітін ақтау – дәрігерлер үшін басты мақсат. Абырой болғанда екі ота да сәтті өтіп, қазіргі таңда екеуі де отбасына аман-есен қауышты, – дейді білікті дәрігер Жарқынбек Алтынбекұлы.
Оның айтуынша, облыстық деңгейде жасалатын күрделі оталар бүгінде ауданда жасалып жатыр. Оған аудандағы білікті дәрігерлердің тәжірибесі мен білімі, құрал-жабдықтарының да қауқары жеткілікті.
– Облыстық ауруханаға жамбас ұршығы сынған немесе омыртқа сынықтары болған науқастарды ғана жібереміз. Бас сынығы болған жағдайда да отаны әуелі осында жасап, науқастың жалпы жағдайы жолға жарайтындай қалыпқа келген кезде ғана қалаға жібереміз. Өйткені науқас әрі қарай емдеу шараларын жалғастыру үшін нейрохирург мамандарының бақылауында болуы қажет. Ал біздің ауданда ондай маман жоқ, – дейді ол.
Оның жасаған небір күрделі оталарынан соң ауруынан айыққан талай жан отбасына қуанышпен оралған. Мәселен, дәрігер жуырда ауруханаға үлкен жүк көлігінің астына түсіп қалған балаға күрделі ота жасаған. Баланың жамбас сүйегі ашылып, қуығы жыртылып кеткен. Салдарынан бала көп қан жоғалтқан.
– Мен баланың жамбас сүйегіне, ал арнайы қаладан келген уролог маман науқастың қуығына ота жасады. Ота 3 сағатқа созылды. Кейін әрі қарай толық емді жалғастыру мақсатында баланы облыстық балалар ауруханасына ауыстырдық. Ол жақта 10 күндей ем алып, жағдайы жақсарды. Оған алдағы уақытта Астана қаласында жоспарлы ота жасалады, – дейді Жарқынбек Сыдықов.
Естуімше білікті маманға облыстық ауруханалардан шақырту келген. Алайда ол бас тартып, ауылда еңбек етуді мақсат еткен. Тіпті үлкен өмірге қадам басқалы тұрған жастардың да туған жеріне қызмет еткенін қалайтынын тілге тиек етті.
Иә, білікті хирург Жарқынбекке аудан тұрғындарының ықыласы ерекше. Жаны қиналып, дәрігерлерден көмек дәметкен жандар оның қарым-қабілетіне сенім артады. Тіпті аудан тұрғындары оны «қолы жеңіл, білгір маман» деп іздеп келеді екен. Білікті маман, білгір дәрігердің осындай абырой биігінде болуына қажырлы еңбегі мен үлкен ізденісі сеп болғаны анық.
Таңғы 8-ден кешкі 6-ға дейін хирургия бөліміне бір күнімді арнаған мен күн-түн демей, халық саулығы үшін тізе бүкпей қызмет ететін ақхалаттылардың адал еңбегіне тәнті болдым. Хирургия бөлімімен өткізген бір күнімде түрлі сырқат түрі бойынша 12 науқас білікті мамандардың көмегіне жүгінуге келді. Тексеру барысында оның 5-еуі бөлімге жатқызылды. Әрине оның ішінде күндізгі бөлімде ем алатындар да бар.
Білікті хирург-травматолог дәрігер Жарқынбек Сыдықов еңбегінің еш кетпей, жұмысының нәтижелі болуын бөлімде бірге жұмыс жасайтын әріптестерімен байланыстырады. Әрине бұл салада қызмет етіп жүрген жандардың еңбегі өлшеусіз. Сондықтан науқастарды тек ісімен ғана емес, жүрегімен де емдейтін жандардың көп болуын тілейміз!
Ақтоты ЕРЖАНҚЫЗЫ
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!