Қашанда қырандай қырағылық қанында бар текті халық бұрыннан құлашын кеңге жайып, ұланбайтақ атырапта еркіндікте өмір сүргенді аңсады. Қазақ халқының осындай болмыс-бітімі еліміз тәуелсіздік алғаннан кейінгі қабылданған Мемлекеттік рәміздерімізден көрініс тапты. Мемлекеттік рәміздер – еліміздің дербестігі мен тәуелсіздігін күллі әлемге жария етуші әрі мемлекетіміздің бүгіні мен болашағы арасындағы сабақтастықтың жарқын бейнесі, халқымыздың рухын, ұлттық салт-санасын, қаһармандығы мен даналығын, болашаққа үмітін, арман-тілегін жеткізетін ерекше құнды белгілер.
Жалпы, мемлекеттік рәміздерсіз тәуелсіз ел болмайды. Қазақстан да өз егемендігін жариялаған кезде оны ең алдымен тәуелсіз елдің саяси мәртебесін білдіретін Тәуелсіздік декларациясын қабылдау арқылы бекітті. Содан кейін күн тәртібінде мемлекеттік рәміздерді қабылдау мәселесі тұрды. Еліміздің тұңғыш рәміздері – Ту мен Елтаңба тәуелсіздігіміздің жариялануының дәл 130-шы күні, яғни 1992 жылдың 4 маусымында қабылданды. Енді міне, кеше ғана тұғырлы тәуелсіздігімізді тойлап, бөркімізді аспанға атқан едік. Бүгін сол тәуелсіздіктің негізі мемлекеттік рәміздеріміздің отыз жылынан да астық. Қандай қиындықпен бетпе-бет келсе де ұлттық рухынан, ерекше болмысынан ажырап қалмаған қазақтың тектілігі – өзгелер қызығып қарайтын тек бізге ғана тән қасиет.
Биыл да жалағаштықтар 4 маусым – Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Рәміздері күнін жоғары деңгейде атап өтті. Рәміздер алаңына ерте жиылған жұртты алдымен аудан әкімі Асқарбек Есжанов құттықтап, мемлекеттік рәміздер елдігімізді айшықтайтын басты нышандарымыз екенін жеткізді.
– Ел тәуелсіздігі мен мемлекеттік рәміздер – егіз ұғым. Рәміздер – саяси тәуелсіздік пен мемлекеттік егемендіктің бірегей белгілері. Мемлекеттік рәміздер – мемлекеттің мызғымас негіздерінің бірі. Мемлекетті мемлекеттік саяси рәміздерінсіз елестету мүмкін емес. Сондықтан бүгінгі мерекенің орны ерекше, мәртебесі де биік. Себебі бұл тек мерекелі күнді атап өтумен ғана шектелмейді, бұл мереке бізге үлкен міндеттер жүктейді. Ол міндет – кейінгі жастарымызды, жеткіншектерімізді ел үшін еңбек етуге, Отанды сүюге тәрбиелеу.
Рәміздер халықтың рухы мен елдің егемендігін ғана емес, сол мемлекеттің өркениет көшінен алар орны мен деңгейін де белгілейді. Бүгінгі күні Қазақстанның Мемлекеттік Туы өзімен экономикалық және достық қарым-қатынас орнатқан көптеген мемлекеттерде желбіреп тұр. Жеңімпаз спортшыларымыз Туымызды көкке көтеріп, Гимнімізді асқақтатуда. Сіздерді Қазақстан Республикасы Мемлекеттік Рәміздері күні мерекесімен шын жүректен құттықтаймын, – деген аудан басшысы мемлекеттік құндылықтарға құрметпен қарауды қалыптастыру қажеттігін атап өтті.
Иә, күллі қазақ жұрты бүгін ешкімге тәуелді емес. Біреудің тілінде сөйлеп, біреудің дінін ұстанып, мәдениетін түйсінуге де тиісті емес. Керісінше өз тілінің мәртебесін көтеріп, дінінен адаспай, мәдениетін дамытуы қажет. Кешегі қазақтың басынан өткен қилы кезең, тарихтың том-том беттерінде сақтаулы тұрған мәдени мол мұрамыз бен болашаққа бастаған игі істеріміз үндесім тапқанда ғана ұлттық болмысымызды жоғалтып алмаймыз. Өйткені өткенге көз жүгіртпей, келешекке қадам басу мүмкін емес. Сондықтан басты міндет – келешек ұрпақтың патриот, адал әрі қоғамға пайдалы азамат болып қалыптасуына қазірден бастап күш салу. Ал елім дейтін азаматтың бойында елдігінің айғағы мемлекеттік рәміздерге деген құрмет болуы керек.
Рәміздер алаңына жиылған жұрт сән-салтанаты келіскен 30 туымыздың желбірегеніне куә болды. Салтанатты шара барысында мемлекеттік рәміздерімізді насихаттауда көк байрағымызды жеңіс тұғырында желбіретіп, Әнұранымызды асқақтатып жүрген белсенді азаматтар облыс әкімінің және аудан әкімінің алғыс хаттарымен марапатталды. Мұнан бөлек айтулы күні аудан көлемінде бейбіт шеру ұйымдастырылып, аудан мақтаныштары көк Туымызды биікке көтеріп, көшелерде жүріп өтті. Шеруге еріктілер, әр саланың үздіктері, аудан мақтаныштары қатысты. Сонымен қатар мереке күні автошеру, велошеру де ұйымдастырылып, тұрғындар барлық көшеден көк туымыздың сап түзегенін көре алды. Ересектер былай тұрсын, балалар да Рәміздер алаңында ұйымдастырылған шараларда белсенділік танытып, мерекенің маңыздылығын тағы бір саналарына сіңірді.
Негізі қазақ қазақ болғалы мұндай жетістікке жетуде қанша нәубетті бастан кешкенін тарих дәлелдеп береді. Қараңғылықтың қоюланғаны таңның жақындағанын білдіреді демекші, тәуелсіз мемлекет атанамыз дегенше қазақ даласында орын алған барлық қақтығыстар, сұм соғыстар мен қиын кезеңдер елдің қаймақтарын алып кетті. Ұланғайыр Алтай мен Атырауды атақоныс еткен текті халықтың бүгінгі жетістігінің бәрі сол қараңғылық басқан кезеңдердегі ата-бабаларымыздың ерлігінің арқасында келді. Ал ұлтарақтай болсын жерімізді жау табанына таптатпай, бізге қалдырып кеткен бабаларымыздың аманатына қиянат жасамау – бүгінгі ұрпақтың еншісіндегі міндет.
Нұржамила АЛМАСҚЫЗЫ
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!