2023 жылдың 28 қазанында Қарағанды облысындағы Костенко шахтасында жарылыс пен өрт салдарынан 46 кенші қаза тауып, 28 кенші жарақаттанған еді. Бас прокуратура осы оқиғаға қатысты 106 томдық қылмыстық істің сотқа жолданғанын хабарлады, деп жазады Egemen.kz.
Сотқа дейінгі тергеуді Бас прокуратураның арнайы прокурорлары Ішкі істер министрлігі, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі, Қаржылық мониторинг агенттігі және Төтенше жағдайлар министрлігі қызметкерлері бірлесе жүргізген.
Тергеу барысында жазатайым оқиғаға тау-кен жұмыстары кезінде қауіпсіздік ережелерінің жаппай бұзылуы себеп болғаны анықталған. Көмір өндіру алаңындағы жарылысқа шоғырлануы рұқсат етілген стандарттан айтарлықтай асып кеткен көмір шаңы жарылыстарының тізбекті реакциясын тудырғаны себеп болған.
«Шахта басшылығы мен инженерлік-техникалық қызметкерлер қатарынан 10 адам қылмыстық жауапкершілікке тартылды. Барлығы қамауда. Оларға Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 277-бабының 3-бөлігі бойынша («тау-кен жұмыстары кезінде қауіпсіздік ережелерін бұзу») айып тағылды, аталған бап бойынша 8 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған. Іс бойынша 74 адам жәбірленуші ретінде танылды», делінген Бас прокуратура хабарламасында.
Жинақталған материалдар Қарағанды қаласының Әлихан Бөкейхан ауданының аудандық сотына жіберілген.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!