Жалағаш аудандық «Жалағаш жаршысы» газетінің сайты

-2°C

, Сәрсенбі, 05 ақпан, 11:49

Медина Қайратқызы, мешіт асханасының әкімшісі: Дастархан мәзірінде қарапайымдылық сақталғаны жөн

04.02.2025

44

0

Жалағаш – діни ғұрыптары мен халқымыздың байырғы салт-дәстүрі сақталған берекелі өңір. Осыдан 4 жыл бұрын қасиетті Рамазан айы қарсаңында, ұлтымыздың ұлық мерекесі ел тәуелсіздігінің 30 жылдығы аясында 900 орындық «Иманқұл» мешітінің жаңа ғимараты мен 300 орындық асханасы ел игілігіне пайдалануға берілген болатын.

Тарихқа көз жүгіртсек, аудан орта­лы­ғындағы ескі Иманқұл меші­тінің де ғасырдан астам шежіресі бар. Мешітті жалағаштық Иманқұл Жалмағамбетов ХХ ғасырдың басында өз қаражаты есебінен салдырған. Мешіт құрылысы 1905 жылы басталып, 1909 жылы аяқталған. Мешітті Ресейден келген орыс құрылысшылары салып, Кеңес үкіметі тұсында да халыққа қалтқысыз қыз­мет еткен. Бұл кезде мешіт мектеп, кинотеатр, мәдениет үйі, спорт мектебі де болған.
Еліміз тәуелсіздік алғаннан кейін Иман­­құл мешітін 1998 жылы сондай бір қиын кезеңде аудан әкімі Қожахмет Бай­­­маханов күрделі жөндеуден өткізіп, қай­тадан мешіт ел игілігіне пай­далануға бе­рілген. Ал 2017 жылы «Ту­ған жерге тағзым» жобасы аясында жеке кә­сіпкер Ерлан Ізбасқанұлының де­меушілігімен Иманқұл мешітінің жаңа ғимаратының және 300 орындық асхана құрылысының іргетасы қаланып, 2021 жылы пайдалануға берілді.
Халқымыздың қанына сіңген асыл қасиеттерінің бірі – жаны жабырқаған жандарға жақсылық жасап, қамқорлық көрсету емес пе?! «Жақсының жақсы­лы­ғын айт нұры тасысын» демекші, біз тілге тиек етіп отырған жеке кәсіп­кер Ерлан Сағынбаевтың аудан тұрғында­рына жа­саған игі амалдары көп. Ол халықтың мұң-мұқтажына көңіл бөліп, азық-тү­лік­пен қамтамасыз етіп, ұлт­тық ойындар ұлықталған мерекелік ша­ра­лар да жеңім­паздарға демеуші де болып келеді.
– Мешіттің асханасында қазіргі таң­да 30 адам тұрақты жұмыспен қам­тыл­ған. Мұнда құдайы ас, ауызашар, құран оқыту сынды шаралар мешіт имам­дарының қатысуымен шариғат та­лаптарына сай өткізіледі. Ас мәзірі халықтың қалауына қарай дайында­лады. Өзіңізге белгілі, жақында ғана об­лыстық ардагерлер кеңесінің кеңей­­тілген алқа отырысында ысырап­шыл­дыққа жол бермеу мақса­тында жаңа ас мәзірі бекітілді. Бізде бүгінде бұл мәзір бойынша дастархан дайындаймыз. «Өлі разы болмай, тірі байымайды» демекші, ата-баба рухына құран бағыштап, олардың аруақтарын қастерлеу – артында қалған ұрпақтың міндеті. Ал біз аудан тұрғындарына осындай игі амалдарды жүзеге асыруына көмектесеміз, – дейді мешіт асханасының әкімшісі Медина Қайрат­қызы.
Иә, жақында ас беру мәдениеті мен жаназа, жерлеу рәсімдерін бір ізге түсіру үшін жаңа ас мәзірі бекітілді. Сыр өңірінің бас имамы Дастан Құрманбаев «Жаназа мен жерлеу рәсімдерін бірізге түсіру және ысырапшылдыққа жол бер­меу» тақырыбында насихат айтып, зират басына зәулім ескерткіш, сәнді қоршаулар салуға болмайтынын атап өткен. Сондай-ақ марқұмды жерлеуде астатөк дастархан жаймауға үндеу де жасады. Жаназадағы ас мәзіріне ет немесе палау, нан өнімдері, қаймақ, жент, майсөк, шай, қант, кәмпит, құрма, су және шұбат кіреді.
Ардагерлер діни дәстүрде жоқ марқұмның қонақасын алыстан келген қонақтармен шектелуге, жаназа намазы мен марқұмның жыл­дық асына дейінгі ас беруде ақша мен шапан таратпауға және жаназа намазын міндетті түрде мешіт имамдарының қатысуымен өт­кізуге шақырды. Мұнан бөлек зәулім зираттар мен қымбат құлыптастар, руға бөлініп, бейіт тұрғыз­бауға, қаза бол­ғаннан бастап қырқы, жүзі, жылдық ас беру кезінде бекітілген ас мәзірін қа­таң сақтауға үндеу жасалды. Бұл – құп­тарлық бастама. Тіпті дәл осындай тыйымдар той-томалаққа да қажет. Себебі ас та төк ас, жалпы астамшылық бізде тек құдайы аста ғана емес, той-томалақта да орын алып жатқанын көріп жүрміз.
– Азық-түлікті күнделікті қала ор­талығынан немесе жергілікті жердегі дүкендерден балғын күйінде сатып ала­мыз. Асхана 300 адамға дейін қыз­мет көрсетуге қауһарлы. Адам санына қарай қосымша аспазшылар мен кө­мек­шілерді жұмысқа шақырамыз. Асха­надағы астың, сатын алынған өнімнің сапасы тікелей өзімнің бақылауымда. Барынша халыққа тиімді бағада қызмет етеміз, – дейді Медина Қайратқызы.
Иә, асхананың тынымсыз тіршілігін бізде көзімізбен көріп қайттық. Таңмен таласа оянып келген қызметкерлердің тілдесуге бір минут уақыты да жоқ. – Қазіргі таңда асханада 8 аспазшы бар. Барлығы өз ісін білетін білікті ма­мандар. Өзіңіз көріп тұрғандай, ас­ханада санитарлық талаптар қатаң сақталған. Таң сәрімен ерте келіп, ас мәзіріне сай тағамдарды дайындаймыз. Бауырсаққа дейін өзіміз қуырамыз. 1 күн бұрын дайындап қою деген жоқ. Барлығын ерте келіп дастарханға бал­ғын күйінде қоямыз. Аллаға шүкір, бүгінге дейін тұрғындар тарапынан алға­нымыз тек алғыс қана. Ол әрине аспаз­шылардың адал еңбегінің жемісі деп білемін, – дейді Медина Қайратқызы.
Иә, таң сәріден бері тынымсыз зыр жүгіріп жүрсе де, мұнда қабақ шытып жүрген бірде-бір жанды көрмедік. Бар­лығы жылы жүзбен, бір-біріне жана­шыр­лықпен көмектесіп, халыққа адал қызмет етуде. Сірә, мамандыққа адал­дық деген осы шығар, бәлкім?!

Ақтоты БҮРКІТБАЙ

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: