Жалағаш аудандық «Жалағаш жаршысы» газетінің сайты

-3°C

, Жексенбі, 22 желтоқсан, 12:13

Мектеп мақтанышы

15.05.2023

828

0

Зейнолла Жарқынбаев атындағы білім ордасының «Мектеп мақтаныштары» тақтасынан Азия чемпионы көзге түсті. Әлбетте, әңгімелесуді жөн көрдік. Біздің бүгінгі кейіпкеріміз – үлгерімі жақсы, спортқа құштар 10 сынып оқушысы Нұрислам Орынбасар. Жас өреннің белсенді, алғыр және ізденімпаз болып өсуіне отбасындағы тәлім-тәрбие мен мектеп қабырғасында алған білімі әсер еткені анық. Нұрисламды ұстаздар сенімін ақтаған азамат екенін аудан халқы жақсы біледі.

Иә, бұлай мақтауға да себеп бар. Нұрислам жуырда Қырғызстан мемлекетінің астанасы Бішкек қаласында өткен чемпионатқа Қазақ елінің атынан қатысып, үздік нәтиже көрсетті. Осылайша 2005-2006 жылы туған жасөспірімдер арасында 73 келі салмақта өткен жарыста 3 орын иеленіп, Азияның қола жүлдегері атанды. Аудан абыройы асқақтаған чемпионатқа Корея, Қырғызстан, Пәкістан, Ресей, Моңғолия, Өзбекстан, Индия және Қазақстаннан 400-ге жуық спортшы қатысқан.
Мұнан бөлек еңбексүйгіш, ізденімпаз, белсенді болып өсуді мақсат еткен Нұрислам – бүгінде мектептегі үлгерімі жақсы оқушылардың бірі. Бұл туралы бізге оның сынып жетекшісі Ақжайық Төлеуова айтып берді.
– Шәкірттерімнің әрқайсысы – мен үшін шоқтығы биік жұлдыз. Олардың талабы мен талантын ұштап, шыңға шығаруды басты мақсатым деп білемін. Нұрисламның спорттан үздік екені белгілі. Сондықтан сынып жетекшісі ретінде оқушымның білімдегі қырына тоқталсам, үлгерімі жақсы, пән мұғалімдері тарапынан да мақтау жиі естіп тұрамын. Бос уақытында тарихи кітаптарды оқығанды ұнатады. Мектеп ішіндегі мәдени іс-шараларға да белсене қатысады. Қысқасы, мектептің мақтанышы деуге әбден болады, – дейді Ақжайық Төлеуова.
Чемпион бос уақытында кенттегі «Наркескен» спорт клубында гір спортымен кәсіби түрде айналысады. Жаттық­тырушысы халықаралық жарыстардың бірнеше дүркін жеңімпазы Абдулхасан Сейтенов те Зейнолла Жарқынбаев атындағы мектептің түлегі.
Нұрислам жас болса да болашаққа нақты мақсат қоя білген. Жоғары сыныпты жақсы үлгеріммен бітіріп, кейін мемлекеттік грант иегері атанып, елдің дамуына үлес қосқысы келетінін жеткізді. Біз де жас өреннің талабына сәттілік тіледік.
Бүгінде Зейнолла Жарқынбаев атындағы №202 орта мектеп өңірге спорт саласында топ жарған өрендерімен дара. Білім ордасының қабырғасында қазақ күресі, шахмат, тоғызқұмалақ, воллейбол, гір спорты, шағын футболдан үйірмелер жұмыс жасайды.
Осы орайда шәкірт тәрбиелеуде, бәсекеге қабілетті ұрпақ қалыптастыруда мектептің мұғалімі Мейрамбек Есназаровтың еңбегіне ерекше тоқталуға болады. Қазір оны аудан халқы тек дене шынықтыру пәнінің мұғалімі деп қана емес, білікті бапкер деп таниды. Өйткені ол мектеп қабырғасындағы 19 жылдық еңбек өтілінде бірнеше чемпионды тәрбиелеп шығарды.
– Қазіргі таңда мен 5-10 сынып аралығындағы оқушыларға дене шынықтыру пәнінен сабақ беремін. Оқушылардың барлығы спортқа құштар. Сабағыма барлығы да қалмай қатысады. Әрине құр жаттығулардан оқушыларға дене-бітімнің өсіп-жетілуіне физикалық тұрғыда пайдасы бар қызықты спорттық ойындарды ойнатқанды жөн көремін. Бекітілген сағатымнан бөлек гір спортынан үйірмем де бар. Үйірмеге қызығушылық танытып, қатысатын оқушыларым көп. Алды спортта бірқатар жоғары нәтижелерді көрсетіп үлгерді, – дейді дене шынықтыру пәнінің мұғалімі Мейрамбек Есназаров.
Міне, бұл білім ордасында осындай білікті мамандар еңбек етеді. Әрқайсысының алдына қойған өз мақсаты бар. Ал шәкірт тәрбиелеуде, бәсекеге қабілетті ұрпақ қалыптастыруда олардың ойы бір мақсат, бір мүддеде түйіседі. Ал ауызбіршілікпен, ымырамен, айқын мақсатпен іс қылған ұжымның жұмысы қашанда алға басатыны анық. Иә, мектеп – жастардың талантын шыңдап, даналардың түлеп ұшар тұғыры. Ұлттың рухани байлығы білімінде болса, ұстанар бағыты – тәрбиесінде. Соған біз тағы бір мәрте көз жеткізіп қайттық.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: