Қазақта «Отан – отбасынан басталады» деген дана сөз бар. Шынында, әр азамат үшін Отан деген ұғымнан кейін отбасы тұрады. Отбасы – Отанның әрбір мүшесін дүниеге әкеліп, қанатын қатайтып, ортаға қосатын маңызды орта. Сондықтан қоғамның парасаттылығы, еліміздің тәуелсіздігінің беріктігі тікелей отбасындағы берекеге байланысты.
Ауданымызда өнегесімен көпке үлгі боларлықтай, өсіп-өніп, саялы бәйтерекке айналған отбасылар көп. Олардың осындай күнге жетуінде әрине қазыналы қарттардың қажыр-қайраты, пайым-парасаты жатыр. «Әке көрген оқ жонар, шеше көрген тон пішер» деген халықтың бүгінгі ұрпағы да отбасы деген қасиетті мекеннің қадірін қашырмауға тырысып келеді.
Осы орайда кенттегі Әл-Фараби атындағы №201 мектеп-лицейде «Отбасы – мемлекет тірегі» атты тағылымды іс-шара өтті. Іс-шараға аудандық қоғамдық даму бөлімінің басшысы Жасұлан Еспенбет, облыстық әйелдер кеңесінің төрайымы Райкүл Байназарова, Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі комиссия хатшысы Қаламқас Каримова, аудандық «Ұлағат» аналар кеңесінің, әйелдер кеңесінің мүшелері, кенттегі отбасылар, аудан жастары қатысты. Сондай-ақ жиын барысында «Парасатты отбасы» байқауының жеңімпаздары марапатталды.
– Қазақ халқында «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілерсің» деген нақыл сөзі бар. Осындай бірлігі мен берекесі таймаған, күннің шуағындай жылылығымен баурайтын отбасынан тәрбиеленіп шыққан ұрпақ болашақта ел қамын ойлайтын, білімді, білікті азамат болып қалыптасатынына еш шүбә келтіре алмаймыз. «Отбасының жемісі – тәрбиелі ұл мен қызы» дегендей, кеудемізді керіп, мақтан етер ұрпағымыз көбейсін. Сол ұрпағына мақтаныш болар қазыналы қарттарымыз көп болғай. Осындай тағылымды шаралар алдағы уақытта да жалғасын табады, – деді аудандық қоғамдық даму бөлімінің басшысы Жасұлан Еспенбет.
Байқауға түрлі салада жұмыс істеп, ұрпақ тәрбиесінде ұлттық құндылықтарды бала бойына сіңіріп, қоғамда үлгі болып жүрген отбасылар қатысқан. Аудан көлемінде өткен байқауда жалпы 10 отбасы бақ сынап, байқау қорытындысымен үздік деп танылған отбасылар анықталды.
Байқау нәтижесінде жүлделі І орынды Жанұзақовтар отбасы иеленсе, ІІ орынмен Жаңадария ауылының тұрғындары Тұрғановтар отбасы, жүлделі ІІІ орынмен Ахетовтер отбасы марапатталды.
Сондай-ақ «Өнегелі отбасы» номинациясына Мырзабай ахун ауылының Арунұлы әулеті, «Өнерлі отбасы» номинациясына жаңаталаптық Сарбалаевтар отбасы лайық деп танылды. Ал «Үлгілі отбасы» номинациясымен Мәдениет ауылынан Бекетовтер отбасы марапатталды. Құрмет төрінен көрінген «Парасатты отбасыларға» арнайы дипломдар мен қаржылай сыйлықтар табысталды.
Тағылымды жиын республикалық «Шуақты шақ» байқауының бас жүлде иегерлерінің және аудандық «Ұлағат» аналар кеңесі мен аудандық әйелдер кеңесінің концерттік бағдарламасына ұласты.
Ж.Махмұтұлы
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!