Ерлі-зайыпты адамдар ажырасса да, ата-ана ретінде арадағы балаларына материалдық көмек беруі заңмен міндеттеледі. Яғни бала кімнің қолында қалса, сол тарапқа ай сайын табысының белгілі бір бөлігін беріп отыруы қажет. Кейде екеуара келісім жасау оңай болады. Ал енді кей жағдайларда алименттен қашатын жағдайлар да кездеседі. Қазақстандағы алимент мәселесінде нені ескеру керек, еліміз онымен қалай күресуде, заң не дейді? Бүгінгі мақаламызда осындай бірқатар сауалдың түйінін тарқаттық…
Бір жылда 17,7 мың жұп ажырасқан
Елімізде ерлі-зайыптылар арасында ажырасу мәселесі жыл сайын артпаса, кемімей тұр. Былтыр 128,5 мың жұп шаңырақ көтерсе, оның 17,7 мыңы ажырасқан. Ауданның өзінде 72 неке бұзылған.
Аудандық сот төрағасының айтуынша, оның көбісі жолдасы ішкілікке салынып, жұбайына тыныштық бермеген жағдайларға байланысты. Жалпы бұған қарап, отбасылық құндылықтарды жоғалтып жатқанымызды бағамдаймыз.
Екі жаққа кеткен отбасылардың арасында көбіне зардап шегуші – балалар. Баланы асырау ата-ананың міндеті болғандықтан, ажырасса да ол міндет мойнында қала береді. Бірақ көп бала психологиялық та, материалдық та жетіспеушілікке ұшырап қалады. Бұл – сол әкесінің немесе анасының өз баласына алимент төлеуден жалтарып жүргенінің кесірі.
Ажырасқан ерлі-зайыптылар баласы қалған тарапқа алимент төлеуі керек. Бұл жөнінде «Неке және отбасы» кодексінің 6-бабында нақты айтылған. Ол бойынша балаға алимент ретінде берілетін тиісті сома баланың ата-анасына не басқа заңды өкілдеріне түсіп отырады, ол қаражат баланы асырауға жұмсалады.
Борышкерлер берешегі 12,8 млрд теңгеге жетті
Қазіргі таңда алименттен жалтарғандар түрлі айла-амалдарға жүгінеді. Яғни жасырынып жұмыс орнын өзгертеді, нақты кірістерін төмендетеді, тұрғылықты жерін жасырады, т.б.
Былтыр елімізде осындай сылтаулармен алиментті қасақана төлемейтіндердің берешегі 12,8 млрд теңгені құрады. Бұл ерлі-зайыптылардың неке бұзудағы себебі өзара бір проблеманы шеше алмау емес, жауапкершіліктен жалтару емес пе?
Аналар да алимент төлейді
Жалпы алимент десе, көз алдымызға ер кісілер елестейтіні анық. Алайда елімізде алимент төлейтін әйелдер де бар. Мамандардың айтуынша, алимент төлейтін ер адамдардың мөлшері 96 пайызын құрайды, ал қалған 4 пайызы әйел адамдарға тиесілі.
Қазақстанда бұл мәселеге қатысты былтыр 367 мың іс қозғалған. Оның ішінде 16 500-і – проблемалық. Яғни үш ай немесе одан да көп уақыт бойы алимент төлемеген, ішінара төлеп жүрген немесе мүлдем төлемей жүргендер. Бұл жүргізілген атқарушылық істің 5 пайызын құрайды. Ал қозғалған іс жыл сайын артып жатқанын ескерсек, алимент төлемей жүргендердің де саны артуда.
Бұл мәселемен күресуде «Қазақстан Халық партиясы» фракциясының депутаты Магеррам Магеррамов былтыр шетелдік тәжірибеге сүйене отырып, Қазақстанда мемлекеттік алимент қорын құруды ұсынды. Ол бойынша мемлекет қорды қаржыландырады, яғни баланың қажетіне ақша төлейді, содан кейін борышкерлерден алимент өндіру арқылы шығындарды өтейді. Әкімшілік ресурсы бар мемлекеттің төлем алу мүмкіндігі жалғызбасты анаға қарағанда әлдеқайда жоғары. Бірақ бұл қор құрылса, ата-аналардың жауапкершілігін төмендетіп жібермей ме?
– Біз негізі қазіргі мәселені қарауымыз керек. Қазір мәселен, бір отбасын алайық. Ерлі-зайыптылар ажырасып, ортада үш бала қалды. Жалғызбасты ана сол үш баланы асырай алмай жатыр, ал ері алимент төлеуден жалтарып жүр делік. Әкесін жалғызбасты ана немесе іздейтін арнайы органдардың өзі таба алмай жүр. Балалардың жағдайы не болмақ? Ал мемлекеттік алимент қорын құру арқылы балалардың керегін өтеп, осы мәселені шешуге болады, – дейді республикалық «Әкелер» одағының төрағасы.
Алимент төлемеудің басты себебі ажырасып жатқан ерлі-зайыптылардың бір-біріне деген өкпе-ренішінен. Алимент төлемейтіндерге талдау жасау барысында мамандар принциптік себеппен, яғни қарым-қатынасы дұрыс болмағасын кейбір заңдардың осалдығын пайдаланып, алимент төлеуден бас тартып жатады.
Заңның солқылдақ тұсы көп
Енді сол кейбір заңдардың осалдығына тоқталсақ… Мысалы, сот орындаушылары өз жұмыстарын жасап, заңға сүйеніп, алимент 3 ай бойы төлемей жүрген азаматтарды әкімшілік жауапкершілікке тартады. Оның ішінде айыппұл төлеу және 5 тәулікке қамауға алу шаралары жүргізіледі. Бірақ мынаны түсіну керек, ол кісі сол әкімшілік жауапкершілікке тартылып жатқанда ортадағы бала тоқ болып, өзін-өзі асырап кетпейді, яғни одан пайда да, нәтиже де жоқ. Себебі әкімшілік немесе қылмыстық жауапкершілікке тартылғаннан кейін де алимент төлемей жүргендер көп. Сондықтан заңдағы қолданатын шаралардың түріне өзгерістер енгізетін уақыт келген сияқты.
Бұдан бөлек балаға төленетін алимент мөлшеріне тоқталсақ… Қазіргі заң бойынша алимент төлеуші бала санына қарай табысының бір бөлігін аударып отырады. Алимент төлеушінің бірі жақсы қызметте болып, айлық табысы 2 млн теңге болса, бір балаға төлеу қажет алимент 500 мың теңгені құрайды. Елімізде ең төменгі айлық – 80-85 мың теңге, олардың бір балаға төлеуі қажет алимент мөлшері 20-25 мың теңгені құрайды. Ал анығында бір балаға ол 20 мың теңге жетпейді. Сондықтан алиментті өндіру мөлшерін де қарастыру керек сияқты.
Түйін. Алдымен ұлттың сапасы мен санына, қасиеті мен қабілетіне әсер ететін дерт қоғамның өзегін өртеген ажырасу мәселесін азайтып, шешімі табылатын шетелдік тәжірибедегі заңдар мен шараларды елімізге қорықпай енгізу керек. Сонымен қатар әр адам отбасы құрар алдында оның үлкен жауапкершілік екенін ұғынғаны дұрыс.
Ақнұр АЛТЫНБЕК
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!