Кез келген мемлекеттің дамуы халқының өмір сүру деңгейіне байланысты сараланады. Бұл орайда елімізде әлеуметтік міндетін айқындаған жұмыстар жүргізіліп келеді. Әлеуметтік қызметкер – алғыс арқалайтын арда мамандық. Жыл сайын қазан айының соңғы жексенбісі әлеуметтік қызметкерлер күні деп жарияланған. Маман иелерін мереке қарсаңында аудан әкімінің орынбасары Ғани Сүлейменов қабылдап, құрмет көрсетті.
Әлеуметтік сала – аса маңызға ие сала. Тіпті жұмыстың көбісі әлеуметтік қызметтің айналасында болып жатқаны даусыз. Мәселен, педагогика, медицина, құқық қорғау бөлімдері және тағы басқа көптеген мамандықпен тікелей байланысты. Бұлардың бірінің астарында қоғам өмірінде болып жатқан мәселелерге атүсті қарамай, мемлекетіміздің әрбір көмекке зәру жандарына қол ұшын созу жатыр. Кешегі қабылдауда осындай көзге көріне бермес қиындығы көп жұмысты еңсеріп жүрген аудандық жұмыспен қамту, әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің қызметкерлеріне, іскер азаматтарға аудан әкімінің алғыс хаты табысталып, сала мамандары мен ардагерлері құрметке ие болды.
– Қай саланың да ауданда алар орны бөлек, бірақ соның ішіндегі әлеуметтік салаға арнап бөлінген қаражат та, олардың атқаратын қызметі де зор. Қаншама адамға жақсылығы тиіп, түрлі мүмкіндік сыйлап жүрген үлкен сала. Сонымен қатар қаншама мүгедек жандарға қол ұшын созып жүрген қызметкерлері де – қоғамда ойып тұрып орын алатын маман иелері. Сырт көзге қарағанда оңай қызмет болуы әсте мүмкін, бірақ қоғамда өте қиын салалардың бірі. Бүгінгі күн – ертеңгі тарих, бұрындары әлеуметтік салада шағым көп, қоғамдағы наразылық пен шаралар көп болды. Қазір өздеріңізге белгілі әлеуметтік саланың қаражаты да, дәрежесі де көтерілді. Жалпы халықпен тікелей жұмыс жасайтын болғандықтан, бұл қызмет иесіне белгілі дәрежеде байсалдылық, сабырлылық керек. Бүгінгі мереке иелерінің бойына сондай мінездері дарыған қызметкерлер деп білемін, қызметтік жолдарыңызға сәттілік тілеймін, – дейді Ғани Кенжеғараұлы.
Иә расында Абай атамыз «ортаға біліміңмен емес, мінезіңмен сыясың» деді емес пе? Әсіресе әлеуметтік салада жұмыс жасайтын қызметкерлерінде сондай жұмсақ мінез де болуы қажет. Мамандар әр адамның мұңын тыңдап, оны барынша шешіп беруге тырысады. Осы арқылы өзінің жанқиярлық еңбегі мен тынымсыз қамқорлығымен қарт адамдарға қызмет етіп, мүгедектерге, аз қамтылған және көпбалалы отбасыларға баға жетпес көмек беріп, барлық адамға деген шынайы құрметін көрсете алады. Ал біздің қоғамның тұрақтылығы мен әл-ауқаты көбінесе халықтың әлеуметтік қорғау деңгейіне, әлеуметтік кепілдіктеріне байланысты.
– Саланың дамуында әр қызметкердің орны ерекше. Кей кездері жұмысымыз бітпей, көз ілместен таңды атыратын кездер де болды. Мәселен, әлеуметтік осал топтағы жұмыспен қамту, жастар практикасы, қоғамдық жұмыс секілді қызмет түрлерінің қаржыларын күндізгі уақытта шешіп үлгермей, түнімен жұмыс жасайтынбыз. Сол кездері сылтау айтпай, бір қабағын шытпай, бәрі бір кісідей ат салысып, жұмыс жасап жүрген мамандарымыздың арқасында үлкен жетістікке жетіп жатырмыз. Барлық сала қызметкерлеріне алғыс айтамын, қызметтеріңізге сәттілік тілеймін, – деді аудандық Отбасын қолдау орталығының маманы Қуанышкүл Жүнісқызы.
Әлеуметтік қызмет – өз жұмысына шын ықыласпен кірісетін, еңбек жолы ерекше қызметкерлер жиылған сала. Оларда өзгенің мәселесі деген түсінік жоқ, қиналған адам көрсе, қолұшын созып, көп саралап жатпай қолынан келген көмегін көрсетеді. Әлеуметтік қызметкерлердің осы салада тұрақтап қалуы да осы қасиеттерінде. Қызмет алушының бабын табу мақсатында қалтқысыз қызмет ету дене күшімен бірге психологиялық табандылықты да қажет етеді. Бұл жерде адамның діні, нәсілі, ұлты, жасы, білім деңгейі немесе қоғамдағы мәртебесі маңызды емес. Тек қана кеңжүректі, адами бейнесі айқын, өзінен өзгелерге болсын дейтін адамның ғана қолынан келері анық.
Ақнұр Болатқызы
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!