Жалағаш аудандық «Жалағаш жаршысы» газетінің сайты

1°C

, Сейсенбі, 26 қараша, 06:54

Серіктестік жұмысында серпін бар

16.09.2023

490

0

ҚР Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров Жалағаш ауданына жұмыс сапарымен келді. Сапар барысында Таң ауылдық округіндегі «АгроЛидер Таң» ЖШС-ның ет өңдеу цехының жұмысымен танысты.

Таң ауылдық округіндегі «Агро­лидер Таң» ЖШС-ның ет өңдеу цехы 2018 жылы іске қосылған. Цех қазіргі таңда тәулігіне 0,5 тонна ет өндіріп, 15 түрлі ет өнімдерін шығарып, айына 15 тонна өнім облыс тұрғындарына тиімді бағада ұсынуда. Цехта 8 адам тұрақты жұмыс жасайды. Отандық өнім өндіруді қолға алған нысанның бүгінде шаруасы ширақ.
Сондай-ақ Ауыл шаруашылығы министрі «Таң ЛТД» ЖШС-ның күріш ақтау зауытымен танысты. Күріш ақтау цехы 2018 жылы іске қосылды. Жаңа нысан қазіргі таңда тәулігіне 100 тонна күріш салысын ақтайды. Цехта 15 адам тұрақты жұмыс жасайды.
Ауылдың тынысымен таныс бол­ған Айдарбек Сапаров елді ме­кен­дердегі жеке кәсіпкерлердің ауыл­ды гүлдендіріп, халықты тұрақты жұ­мыспен қамтуда үлкен мүмкіндіктер жа­сап жатқанын ризашылықпен ай­тып, Сыр өңіріндегі серпінді істердің дәнекері болып жүрген облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаевтың жұмысына сәттілік тіледі. Диқан қауымның күзгі еңбекті шашпай жинап алуына тілекші екенін жеткізді.
Айта кетейік, Таңның екінші ты­нысын ашып, тәуелсіздік жылдары түлеуінде «Таң ЛТД» ЖШС төрағасы, Қызылорда облысының құрметті аза­маты Имамзада Шағыртаевтың өзін­дік қолтаңбасы бар. Мәселен, осы күнге дейін аталған серіктестіктің қолдауымен ауылда жалпы құны 701 млн теңгенің бірнеше жобасы жүзеге асқан. Бастысы, бүгінде олардың бар­лығы қарапайым халықтың қа­жетіне жарап тұр.
Серіктестіктің жеке қаражаты есе­бінен 2016 жылы ауыл мешітіне жөндеу жұмыстары жүргізілді. Бұл мақсатқа төраға 5 млн теңге қаражат бөлді. Мұнан кейін 2018 жылы мемлекеттік жекешелік әріптестік аясында «Таң бөбегі» бөбекжайын қайта жаңғыртты. Бұл мақсатқа кәсіпкер 300 млн теңге қаражат құйды. Қазіргі таңда онда 90 бала тәлім алуда.
Кәсіпкер дәл осы жылы мем­ле­кет­тік жекешелік әріптестік аясында спорт кешенінің құрылысын бастады. Жалпы құны 56 млн теңгені құрайтын бұл нысан бүгінде ауыл жастарының қажетіне жарап тұр. Ал сала министрі жұмысымен танысқан ет өңдеу цехы­ның жалпы құны 150 млн теңгені құрайды.
Ауылда соңғы жылдары жүзеге асқан көптеген жобаның түбін түрт­сең, оның бастауына Имамзада Шағыр­таевтың сеп болғанын аңға­расыз. Ұлы Отан соғысында қаза тапқан ар­­дагерлерге арналған ескерткіш құ­ры­лысына да іскер азамат 40 млн теңге қаражат жұмсаған. Ал ауыл­дық округ бойынша көшелерді жарық­тандыруға Имамзада Шағыртаев 50 млн теңге қаржы бөлді. Жергілікті тұрғындарды әлеу­мет­тік қам­сыздандыру бойынша атқа­рыл­ған жұмыстарға ол 100 млн теңге жұмсаған.
Былтыр серіктестік диқандары күріштің әр гектарынан 65 центнерден орташа өнім алған. Шаруашылық биыл да жоғары көрсеткішке қол жет­кізуді жоспарлап отыр.
Серіктестік тек күріш егіп қана қоймай жоңышқа да өндіріп келеді. Биыл 104 гектар бидай, 343 гектар жаңа жоңышқа егіп, 351 гектар ескі жоңышқа дақылын күтімге алған. Онда 115 адам тұрақты жұмыс істейді. Серіктестік жыл сайын жоғары өнім алып, аудан, облыс көлемінде биік бе­лестерді бағындырып келеді.

«ЖЖ» ақпарат

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: