Жалағаш аудандық «Жалағаш жаршысы» газетінің сайты

11°C

, Сенбі, 28 қыркүйек, 04:19

Шағын наубайхана шарапаты

20.08.2024

408

0

Үлгілі ауыл Аққошқардың теп-тегіс асфальтталған көшелеріне тамсана жүріп, ауыл тұрғыны наубайханашының шаңырағына да келіп қалыппыз. Ыстық нанның жағымды иісі тәбетті ашып барады. Үйге кіргеннен-ақ ауылдың күйбең тіршілігіне көзің түседі. Қора маңында байланған бұзаулы сиыр тұр, жоңышқа мен мал азығы ұқыпты жиналған. Күбімен айран піскен әженің жанында бүлдіршін ойнап жүр. Бір сөзбен айтқанда, тыныштығы бұзылмаған жайбарақат қазақы ауыл өмірі көңілге қуаныш ұялатады.

Наубай­ханашы Фариза Әбдреева 2022 жылы «Бастау Бизнес» жобасы аясында «Ата­мекен» кәсіпкерлік пала­тасында оқы­тылып, мемлекеттен 6 пайызбен 3 млн теңге несие алған. Тиісті қара­жатқа Ал­маты қаласынан кәсіпке қажетті құрал-саймандарын алдыр­тады. Осы­лай­ша кейіпкеріміз «Әуелі Алла» деп кәсібін бастап кеткен.
Күніне 80 бөлке нан жабатын кәсіп­кер тәтті нанымен бүкіл ауылды қамта­ма­­сыз етіп отыр. Фаризаның пісірген бөлке нанын Еңбектегі әр шаңырақтың дас­тарқанынан көруге болады. Оған қоса тәтті тоқаш, шелпек, тауық етін пісіріп, дүкендерге өткізеді. Осындай киелі кәсіпті қолға алған кейіпкеріміз биыл мемлекет тарапынан тағы да қолдау тапты. Нақтырақ айтсақ, Фариза үкі­меттен қайтарымсыз грант алып, бү­гінде төрт бұзаулы сиырды қораға бай­лаған. Мақсаты – сүт бағытында кәсіп бастау. Қазіргі таңда сүт, айран, ірім­шік, құртын ауыл дүкендеріне өткізіп, кәсібінен береке тауып отыр.
– Нанды арнайы пеште пісіремін. Қауіпсіз әрі экологиялық таза. Мұнда әсіресе тазалыққа көңіл бөлемін. Қыз­дарыма күніне екі мезгіл тазалауды міндеттегенмін. Өйткені ас пісетін жер таза болуы керек. Кейде тазалықты тексеру мекемесінің өкілдері келіп тұрады. Бәрі талапқа сай. Нан пісіру оңай шаруа емес. Ауыл тұрғындарына ұнамай қалмасын деп барымды са­ламын. Ұнды ауылдан немесе аудан, облыс орталығынан алдыртамын. Бізде де­малыс жоқ. Сенбі, жексенбі күні де істей береміз. Бір күн демалсаң, ауыл нансыз қалады. Кешке қарай нан тау­­сылса, тұрғындар ренішін айтады. Шүкір, өнімге сұраныс жоғары, – дейді наубайханашы.
Кейіпкеріміз келешекте кәсібінің көк­­жиегін кеңейтуді мақсат еткен. Үлкен цех ашып, тек ауылды ғана емес, тұ­тас ауданды нанмен қамтамасыз ет­сем дейді. Сөзінің жаны бар, өйт­кені бүгінде аудан орталығындағы кейбір дүкендерге нан өнімдері об­лыс орталығынан немесе көршілес аудандардан жеткізіледі. Сон­дықтан өзімізді нан өнімдерімен қам­­тамасыз ететін кәсіпкерлер қажет-ақ. Сонымен қатар кәсіпкер ауыл­­дың жұ­мыс­сыз қыз-келіншектерін жұ­мыспен қамтығысы келеді. Бүгінде ол жергілікті әкімдікпен ақылдасып, екі аза­матшаны жұмысқа алған.
Міне, шағын наубайхананың шара­паты бүкіл ауыл­дың экономикасына оң әсерін тигізіп отыр. «Еңбектің түбі – береке» деген осы болса керек.

Жандос ЖАЗКЕН

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: