Жалағаш аудандық «Жалағаш жаршысы» газетінің сайты

0°C

, Дүйсенбі, 25 қараша, 09:18

Қазақ боксшылары Париж Олимпиадасына 5 жолдама жеңіп алды

12.03.2024

478

0

Италияның Бусто-Арсицио қаласында бокстан әлемдік іріктеу кезеңі мәресіне жетті. 49 Олимпиада жүлдесі сарапқа салынған турнирде 11 боксшы (6 ер, 5 әйел) ел намысын қорғады. Әйел боксшылардан ширек финалға шыққан Валентина Хальзова және Алуа Балқыбекова қарсыластарына есе жіберді. Яғни, Қазақстанның әйелдер құрамасы олимпиадаға лицензия ала алмады, деп хабарлайды Zhalagash-zharshysy.kz Туризм және спорт министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Айбек Оралбай америкалық Жамар Таллейді барлық раундта ұтып, Олимпиадада шаршы алаңға шығуға мүмкіндік алды.

Нұрбек Оралбай ширек финалда Еуропа чемпионатының күміс жүлдегері Колин Кассидиді 4:1 есебімен ұтты.

Осылайша, Қазақстан бокс тарихында Айбек және Нұрбек (егіз боксшылар) Париж Олимпиадасының жүлдесіне таласады.

Сәкен Бибосынов 4:0 есебімен Еуропа чемпионатының күміс жүлдегері британдық Киаран Макдональдты жеңді. Сәкен Бибосынов отандық бокс тарихында Болат Жұмаділовтен кейін қатарынан екінші рет баратын спортшы атанды.

Махмұд Сабырхан жасөспірімдер арасындағы әлем чемпионы Асрор Вахидовты 4:1 есебімен жеңді. 22 жастағы жерлесіміз көптен күткен Олимпиаданың шаршы рингінде бақ сынауға мүмкіндік алды. 57 келіде қазақ тарихында бір ғана боксшы Олимпиада жүлдесін алған (Бекзат Саттарханов, Сидней 2000).

Әлем чемпионы Асланбек Шымбергенов әзербайжандық Вархан Алиевтен 5:0 есебімен басым түсті.

Париж Олимпиадасының жолдама иегерлері:

51 кг: Сәкен Бибосынов (Әлем чемпионы)
57 кг: Махмұд Сабырхан; (Әлем чемпионы)
71 кг: Асланбек Шымбергенов; (Әлем чемпионы)
80 кг: Нұрбек Оралбай; (Әлем чемпионы)
92 кг: Айбек Оралбай; (Азия чемпионы)

Естеріңізге салайық, бұған дейін ерлер арасында +92 кг-Қамшыбек Қоңқабаев, ал әйелдер арасында 57 кг-Карина Ибрагимова Париж-2024 жолдамасын жеңіп алған болатын.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: