Өткен аптада «Amanat» партиясының «Ардагерлерді ардақтайық» жобасы аясында партия ардагері Тәйтіков Сұлтанмұрат Мүбаракұлын еске алуға арналған Streetball-дан облыстық турнир өткізілді. Аталған іс-шараның негізгі мақсаты – дене шынықтыру және салауатты өмір салтын насихаттап, топтық рухты көтеру, облыс көлемінде стритболды дамыту, жағымды имиджді нығайту, жастарды дене шынықтырумен және спортпен белсенді айналысуға тарту, осы жарыс арқылы жастар арасындағы достық қарым-қатынасты күшейту болып табылады.
Шарада «Amanat» партиясы Жалағаш аудандық филиалының төрағасы Өмірзақ Елеусінов, аудан әкімінің орынбасары Ғани Сүлейменов, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Садық Әлиевпен бірге қызмет жасаған әріптестері атынан Марат Омаров және әулет атынан ағасы Тәйтіков Қожамұрат сөз сөйлеп, Сұлтанмұрат Мүбаракұлының еңбек жолдарына, ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуы жолындағы еңбектері мен атқарған жұмыстарына тоқталып, қатысушыларға сәттілік тіледі.
Айта кетейік, Сұлтанмұрат Мүбәракұлы 1959 жылы 12 маусымда Жалағаш ауданы, қазіргі Ақсу ауылында дүниеге келген. Ауылшаруашылығы саласы мен партия қызметінде еңбек еткен Сұлтанмұрат Мүбаракұлы еңбек жолын қазіргі Ақсу ауылында қарапайым жұмысшы болып бастаған. Жамбыл қаласындағы жеңіл өнеркәсіп технологиясы институтын аяқтап, 1986-1998 жылдары институт жолдамасымен Талдықорған облысы, Қаратал ауданының Үштөбе қаласында астық қабылдау комбинатында шебер, аға шебер, цех бастығы, комбинат директорының орынбасары, директор, соңғы жылдары президент қызметін атқарған.
1990 жылдары Талдықорған облысында комбинат басшылығында жүріп, ауданның ауыл шаруашылығы саласында жүрген азаматтарға ауыл шаруашылығы техникалары, басқа да шаруашылыққа қажетті жабдықтармен көмек көрсеткен.
Сондай-ақ, «Amanat» партия филиалының әкімшілік ғимаратын 2013 жылы өзі басы-қасында жүріп, демеушілердің күшімен салуға ықпал етті.
Қызмет еткен жылдары Талдықорған облысы, Қаратал ауданы, «Үштөбе қаласының Құрметті азаматы» атанған. Сонымен қатар, мерекелік медальдармен, түрлі деңгейдегі «Алғыс» хаттармен және партияның жоғары марапаты «Белсенді қызметі үшін» төсбелгісімен марапатталған.
Жалпы турнирге Қызылорда қаласы мен аудандардан 8 команда қатысты. Олар өзара 2 топқа бөлініп сайысты. Сайыс қорытындысы бойынша жүлделі III орынды Жалағаш ауданының командасы қанжығаларына байлады. Ал Шиелі ауданының командасы II орынды қанағат тұтты, бағы мен бабы қатар шапқан Қызылорда қаласының командасы осы жарыста өз мықтылықтарын дәлелдеп I орын иеленіп, жеңіс тұғырынан көрінді. Жарысқа қатысып өз бақтарын сынаған командаларға «Amanat» партиясының арнайы кубогі, медальдары, дипломдары мен номинацинациялары табыс етілді. Сонымен қатар Тәйтік әулетінің ұрпақтары ұйымдастырылған шараға алғыстарын айта отырып, жарысқа қатысушы барлық командаға қаржылай сыйақы табыстады.
– Жарыс жоғары деңгейде өткізілді. Қатысушы командалардың барлығы үлкен дайындықпен келген мықтылар екен. Біздің аудан командасының дайындығының аздығынан болар, Қызылорда қаласынан келген командадан жеңіліп, ІІІ орынды қанағат тұттық. Ардагерлерімізді ардақтау мақсатында өткен жарысты ұйымдастырушыларға алғысымыз шексіз, – дейді Жалағаш ауданы командасының спортшысы Ақмейір Ашухан.
Марапаттау рәсімінде «Amanat» партиясы Жалағаш аудандық филиалының Атқарушы хатшысы Қаншагүл Мұстафаева барша қатысушыларға алғысын айта отырып, жастарға қажырлы еңбек етіп елеулі нәтижелерге бірге жетуге, болашақта еліміздің көк туын өзге мемлекетте желбіретуге өз тілегін білдірді.
Ұйымдастырылған дүбірлі додаға қатысушы командалар жарыстың тартысты жоғары деңгейде өткенін айтып, ұйымдастырушы аудандық партия филиалына жоғары баға бере отырып, алдағы уақытта осы жарыстың дәстүрге айналуына ұсыныс тілектерін жеткізді. Аталған шараға «Amanat» партиясы Жалағаш аудандық филиалына қарасты бастауыш партия ұйымдарына қайтарылатын нысаналы трансферт қаржысы есебінен сыйлықтар берілді.
«ЖЖ» ақпарат
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!