Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев әлемдік шахмат элитасының өкілдерімен кездесті, – деп хабарлайды Zhalagash-zharshysy.kz тілшісі Ақордаға сілтеме жасап.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев классикалық шахмат бойынша әлем чемпионы атағы үшін сайысқа түскен Ян Непомнящий мен Дин Лижэньді, сондай-ақ Халықаралық шахмат федерациясының (ФИДЕ) президенті Аркадий Дворковичті қабылдады.
Мемлекет басшысы қонақтарға ілтипат білдіре отырып, ФИДЕ аясындағы әйгілі спортшылар қатысқан ең беделді турнирдің жоғары деңгейде ұйымдастырылғанын атап өтті.
«Мен, ең алдымен, Дин Лижэнь мырзаны тартысты өткен сайыста әлем чемпоны атағын жеңіп алуымен құттықтағым келеді. Сондай-ақ гроссмейстер Ян Непомнящийге көрсеткен шеберлігі үшін құрметімді білдіремін. Әлемнің бүкіл шахмат қоғамдастығы турнирге назар аударды. Шахмат жанкүйерлері шаршы тақтадағы ойынды жіті бақылады. Турнир сәтті өтті деп есептеймін», – деді Президент.
Мемлекет басшысы Қазақстанда шахматты дамытуға айрықша көңіл бөлінетінін айтты.
«Бүгінде елімізде 200 мыңнан аса адам шахматпен шұғылданады. Қазақстан Республикасы Шахмат Федерациясының көмегімен және ФИДЕ-нің атсалуымен бұл көрсеткіш кемінде екі есе артуға тиіс. Қазақстанда шахмат тиісті деңгейде дамиды», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Кездесу соңында Президент шахматшылардың биік белестерді бағындыруына тілектестік білдірді. Сондай-ақ ФИДЕ-мен арадағы ынтымақтастықты одан әрі жалғастыру маңызды екенін атап өтті.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!