Бүгінде «жұмыссызбын», «тұрақты жұмыс табу қиын» деп өкпе-реніш айту жалқаулықтың белгісі деп ойлаймын. Өйткені елімізде жұмыссыздарды қолдауға бағытталған бағдарламалар жетерлік. Яғни еңбек етемін деген адамға мүмкіндік көп. Оған Әмірханның жолы дәлел.
Нақтырақ тоқталсам, Есет батыр ауылының тұрғыны Әмірхан Сағынбаев «Мансап» орталығында жұмыссыз ретінде тіркеліп, қысқа мерзімді кәсіптік оқуға өтінім берген. Осылайша, ол еңбек нарығында сұранысқа ие «Ветеринар-санитар» мамандығы бойынша білім алады. Нәтижесінде ауылдағы «Рахым-Бек» шаруа қожалығымен жасалған келісім шарт негізінде тұрақты жұмысқа орналасқан. Қазіргі уақытта аталған мекемеде «Ветеринар – санитар» болып жұмыс істейді.
– Біраз уақыт жұмыссыз жүрдім. Ер адамға тірлік істемеген соң, қажиды екенсің. «Мансап» орталығына алғысым шексіз. Жалпы, ветеринария саласын таңдауым саналы түрде жасалған қадам болды. Себебі көзімді ашқалы ауылдың өмірін көрдім. Үйдегі төрт-түліктің жем-шөбін беру менің мойнымда еді. Атам қазақ ықылым заманнан мал шаруашылығымен айналысқандықтан осы бір ата кәсіптің дамуына өз үлесімді қосқым келді. Сондықтан ауылдың баласы ретінде өз ауылымды дамытатын іспен айналысуды жөн көрдім. Осылайша, ветеринария саласына келдім, – дейді жұмысшы мамандық иесі.
Мал басының көбеюі және өнімділігі жергілікті ветеринарлардың тиімді жұмысына байланысты. Бұл түптеп келгенде, ауылдағы ағайынның әл-ауқатына тікелей әсер етеді. Сол себепті ветеринария саласын жетілдіру қажет. Шыны керек, бүгінде жастар бұл салада еңбек еткісі жоқ. Ауыл жастары «Малдың жанынан шықпай, қорада жүремін бе?» деп қалаға қашуда. Сондықтан ветеринария қызметін қазіргі заман талабына сай жетілдіру қажет, әйтпесе ауыл шаруашылығы өнімдерінің экспортын арттыру мүмкін емес. Ол үшін осындай Әмірхан секілді жас мамандарды жұмысқа тарту маңызды.
Иә, халықты табиғи таза өнімдерімен, жеңіл өнеркәсіпті құнды шикізатпен қамтамасыз етіп отырған ауыл шаруашылығы саласы экономикамыздың, халық әлеуметі үшін де маңызды болып қала береді. Сондықтан малдың қауіпті кеселге шалдығуын болдырмай, төрт түліктен алынатын өнімдердің адам денсаулығына зиян келтірмеуін қамтамасыз ету бағытында тынымсыз еңбек ететін ветеринар мамандардың мәртебесі қашан да биік болуы тиіс.
Жандос ЖАЗКЕН
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!