Жалағаш аудандық «Жалағаш жаршысы» газетінің сайты

-3°C

, Сейсенбі, 14 қаңтар, 23:16

Ысырап пен ынсап – қоғам дерті

14.01.2025

61

0

Білім мен ғылым алға шыққан заманда, бәсекелестік кезең белең алған тұста тойшыл дағдысынан арылмаған ағайынды еңбекке баулу бүгінгі күннің басты мәселесіне айналды. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев елді көркейтетін еңбекке баулу идеологиясын қоғамда жан-жақты насихаттау керек екенін баса айтып келеді.

– Қазір «Тойың тойға ұлассын» деп әндетіп, той тойлап жүретін уақыт емес. Бүгінгідей технологияның зама­нында той-томалақтың әңгімесін ай­тып, бір-бірін асы­ра мақтап, ас ішіп, аяқ босатқанға риза кейіпте жүру әде­­тінен арылу керек. Мемле­кеттің өзі өлер­мен­дікпен өмір сүретін кезге кел­дік. Сон­дықтан еңбек ету – өмір сүру сал­тына айналып, басты мін­дет сана­луға тиіс. Той қуалайтын емес, ой қуалайтын ке­зеңмен бетпе-бет кел­дік. Бұл дәуір – ақыл-ойдың, ғылым мен білімнің, ең­бек­тің дәуірі, – деген болатын Президент.
Иә, халықтың қазынасы той емес, тынымсыз тірлік, үздіксіз еңбек, сол ар­қылы елдің өркендеуі, халықтың көр­кеюі екенін аңғартады. Өйткені білім қуалаған қазақтың өрісі де кеңейіп, өр­кениеттегі орны бөлек болуға тиіс. Ендеше, сол күндерге тезірек жету үшін адал еңбек етіп, болашақ ұрпақты білім мен ғылымға баулу маңызды.
Қуантарлығы, бұл бағытта аймақта оң нәтиже бар. Өйткені халық ысырап пен даңғазалықты ысырып, көңілдерін тынбай тірлікке бұруда. Мәселен, жа­қында ас беру мәдениеті мен жа­наза, жерлеу рәсімдерін бір ізге түсіру үшін облыстық ардагерлер кеңесінің ке­ңей­тілген алқа оты­рысында ас мә­зірі бекітілді. Сыр өңірінің бас имамы Дастан Құрманбаев «Жаназа мен жер­­леу рәсімдерін бірізге түсіру және ысы­рапшылдыққа жол бермеу» тақы­рыбында насихат айтып, зират басына зәулім ескерткіш, сәнді қоршаулар са­луға болмайтынын атап өткен.
Сондай-ақ марқұмды жерлеуде аста-төк дастархан жаймауға үндеу де жа­сады. Жаназадағы ас мәзіріне ет не­ме­се палау, нан өнімдері, қаймақ, жент, майсөк, шай, қант, кәмпит, құрма, су және шұбат кіреді. Ардагерлер діни дәс­түрде жоқ марқұмның қонақасын алыс­тан келген қонақтармен шектелуге, жа­наза намазы мен марқұмның жылдық асына дейінгі ас беруде ақша мен шапан таратпауға және жаназа нама­зын міндетті түрде мешіт имамдарының қа­ты­суымен өткізуге шақырды. Мұнан бөлек зәулім зираттар мен қымбат құлып­тастар тұрғызбауға, руға бөлініп, бейіт тұрғызбауға, қаза болғаннан бас­тап қырқы, жүзі, жылдық ас беру кезінде бекітілген ас мәзірін қатаң сақтауға үндеу жасалды. Бұл – құптарлық бас­тама. Тіпті дәл осындай тыйымдар той-томалаққа да қажет. Себебі ас та төк ас, жалпы астамшылық бізде тек құ­дайы аста ғана емес, той-томалақта да орын алып жатады.
Қазақ сәбидің іңгәлап дүние есігін ашқан сәтінен бастап өмір бойына ән арнап, би билеп, қуанышты сәттерін міндетті түрде тойлатып өткізеді. Той ата заманнан қазақ өмірінің мәні мен сәніне айналған. Жасыратыны жоқ, бүгінде қо­ғамда той өткізу туралы екұдай пікір қа­­лыптасты. «Тойдың не қажеті бар? Қа­рызға батқан халыққа той жасап не керек?» деген пікірмен жиі ұшырасатын болдық. Десе де дүркіретіп той тойлауды құп көретін азаматтарымыз да аз емес. Кейбірі «Сонда кезінде бар байлығын ба­ласының қызығына арнаған, жиған-тергенін тойға шашқан ата-бабамыз да­­рақы болды ма?» деп тойды ұлт та­рихымен ұштастырып та жатады.
Шыны керек, мақ­тау мен мадақты жақсы көретін жұрт «пәленшеден кем болмайық, қа­та­рынан қалмасын» деп са­насып, орын­сыз жерде жарысып, тойды бәсеке алаңына ай­нал­дырып жі­берді. «Ба­­ла­сына бір той жасап бере алмай, Бұл өмір­­ден өтіп кетті қанша адам» деп ән де шығарып алдық. Алай­да халықтың бәрі бай емес, жала­қыдан жалақыға «шықпа жаным шық­памен» әзер жететін жандар жетерлік.
2000 жылдардан кейін еліміз әлеу­мет­тік-экономикалық жағынан сер­пін алған соң мейрамханада той жасау дәс­түрі қалыптасты. Мемле­кеттен кәсіп ашуға, еңбек етуге, жағдайымызды жақ­сар­туға бе­рілген несиеге дүркіретіп той жасап, жұл­дызды әнші мен асабаларды ша­қырып, шаша шықтық.
Дарақы тойлар халық әлеуетіне теріс әсерін тигізгеннен бөлек қоғамның рухани, мәдени азғындауына жол ашып берді. Ағайын тойда шайтан суға тойып алып, асабаның ойына кел­ген ойынын ойнап, мәз боламыз, марқаямыз.
Сөзіме тұздық болсын, жақында әлеу­меттік желіде асабаның азғын ойы­нына иланған әйел кісі тойхананың ор­тасына шығып, ерсі биледі. Той­­шыл қауым мәз, азаматшаға қол ша­па­лақтап, құрмет көрсетіп әлек. Сонда тамаданың 300-400 адамнан жи­нал­ған тойшыл қауымды осы ойынға лайық­ты санағаны ма? Әлде қоғамның сұра­нысы осы болды ма? Міне, тойдағы осындай ұятты іс-әрекеттер бүгінгі, ке­лешек ұрпаққа қандай тәлім бермек?

Айтып-айтпай не керек, «жиған-тер­генің тойға шашылсын» дейтін қазақтың шаш та төк мінезін аша түскен қазіргі той өткізу салтымызға реформа жасауға сұранып-ақ тұрғандай. Мысалы, қуа­нышқа келген қонақ санын 100 адам­нан асырмай, тойханалар мен той­шыл әншісымақтардың бағасын ба­қы­лауда ұс­таса, мүмкін бүгінгідей есі кеткен дара­қылық тыйылар ма еді?. Әйт­песе тойдан есі кеткен қара ха­лық, қоғамда ән айтып, билеуден де басқа мәселелер бар екенін естен шығарғандай.
Бір қуантарлығы, бүгінгі жас буын­ның басым көпшілігі дарақы тойды қолда­майтынын айтады. Жастардың бірі той өт­кен соң өмір бар екенін тілге тиек етсе, енді бірі «жақындарымның ор­та­сында ша­ғын ғана атап өткенге не жет­сін», «тойға шашқан ақшаға пәтер сатып алар едім» деген пікірде. Әрине бұған елдегі әлеу­мет­тік ахуал мен жас­тардың жаңаша көз­қа­расы, оқы­ғандығы, сауаттылығы әсер етсе керек.
Расында, шаш етектен шығынға бат­­пай, тек жақын адамдарыңа ғана ар­нап ақ дастархан жайып, бір-бірімізге тілеу­лес болып, кішігірім мереке ретінде атап өтуге дағдылансақ, той тойлау мәдениетіміз де, әлеуметтік әлеуетіміз де арта түсер еді. Түптеп келгенде, біз­ден бірнеше жыл алға дамып кеткен Жапония, Германия, тағы да басқа ел­дер сияқты болғымыз келсе, тойға шаш­қан қаржыны баланың сапалы білім алуына, кәсіп ашуына, келешегіне ин­вес­тиция ретінде құйған дұрыс деп ойлаймын. Тойға 500 адам емес, 100 адам шақырсақ та, ата-баба жолымен отқа май құйып, өсиетке толы бет ашу рәсімін жасап, жөн-жоралғысымен ба­ланың тұсауын кесуді де ата-баба жо­лымен дарақылықсыз өткізуге әбден болатындай. Біздікі көзіқарақты оқыр­ман­ға ой салу…

Жандос ЖАЗКЕН

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: