Жалағаш аудандық «Жалағаш жаршысы» газетінің сайты

1°C

, Сәрсенбі, 18 желтоқсан, 20:40

Заңсыз ойынның зардабы мол

18.12.2024

40

0

Бүгінде елімізде құмар ойындарынан келетін қатер үлкен мәселеге айналуда. Мұндай ойын түрі күн өткен сайын түрленіп, қоғамға келтіретін зияны ұлғайып келеді. Оңай жолмен табыс табуға  құныққандар құмар ойынның құрдымына қалай түсіп кеткенін де аңғармауда. 

Шырмауықтай шырмалған олар әртүрлі қиындықтарға душар болып, қоғамнан біртіндеп ажырап, өзгелермен байланыс орнату, яғни тұлға ретінде даму секілді адами қасиеттерден айырыла бастағанын да сезбеуде. Мұның аяғы адам баласын өз-өзіне қол жұмсау, ажырасу, ұрлық-қарлық, зорлық-зомбылық, қарызға бату сияқты халге  жеткізуде.

Өздеріңіз білетіндей Президент Ұлттық құрылтайдың үшінші отырысында лудоманиямен күресу үшін жүйелі жұмыс жасап, кешенді жоспар құруды, сондай-ақ тиісті заңды тезірек қабылдауды тапсырған болатын. Осыған орай  Үкімет заңсыз ойын бизнесіне және лудоманияға қарсы күрестің 2024-2026 жылдарға арналған кешенді жоспарын қабылдады.

Соның негізінде елімізде ауқымды жұмыстар атқарылуда. Мәселен, біздің өңірде  жыл басынан бері 6 қылмыстық іс тергеліп, сотқа жолданды. Әсіресе қазіргі таңда әлеуметтік желінің дамуы «Онлайн казиноның» қарқын алуына өз әсерін тигізуде.  Құмар ойынның бұл түріне адам бірден емес, бірте-бірте тәуелді бола бастайды. Оған тіккен азын-аулақ ақшаның өзі адамды шығынға батырады. Мұндай іс біздің өндірісте де кездесуде.

Айта кетсек, Ұлытау және Қызылорда облысының тұрғындары Г.Сабирова, А.Рысмагамбетова, Н.Қуаныш, А.Тулебиева, Н.Төлебиева оқырман саны көп парақшаны сатып алу арқылы заңсыз құмар ойынын ұйымдастырған. Олар өздерінің қылмыстық пиғылдарын жүзеге асыру мақсатында осы жылдың қаңтар айында «Instagram» әлеуметтік желісіндегі 402000 оқырманы бар «@tompikz.kz» парақшасын жалға алып «Карта-Лото» заңсыз құмар ойын ойнатқан. Сондай-ақ, «WhatsApp» әлеуметтік желісінде топ ашып, сотталушылар заңсыз құмар ойынын жүйелі түрде жүргізіп келген.

Нәтижесінде қаңтар мен шілде айы аралығында сотталушы Г.Сабирова 34 911 632 теңге, Н.Қуаныш 11 884775 теңге, А.Рысмагамбетова 12 656 185 теңге, А.Тулебиева 4 863 032 теңге және Н.Төлебиева 5 507 370 теңге ірі мөлшерде табыс тапқан. Соттың үкімімен сотталушыларға 2 жыл 6 ай мен 3 жыл 6 айға бас бостандығын шектеу жазалары тағайындалды.

Міне, бұл бір ғана мысал. Жеңіл жолмен оңай табыс табамын деп қаншама адамның өмірін құртқандар елімізде жетіп артылады.  Өзін ғана емес өзгенің де өмірін жалмауда. Сондықтан заңсыз ойынның заңға қайшы екенін, жақсылыққа апармайтынын әрбір жан түсіну керек. Бұл ретте лудоманияға қарсы күресте мемлекеттік органдардың, үкіметтік емес ұйымдардың және бүкіл қоғамның жұмылуы, дәйекті әрі жүйелі жұмыс жасауы аса маңызды.

Аслан Кеңесұлы,

Қызылорда облысы бойынша

экономикалық тергеп-тексеру

департаментінің басшысы

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: