Жалағаш аудандық «Жалағаш жаршысы» газетінің сайты

-6°C

, Дүйсенбі, 23 желтоқсан, 01:24

Жалағашта Жол картаның 30 пайызға жуығы орындалды

13.07.2022

769

0

«AMANAT» партиясы Жалағаш ауданы бойынша Сайлауалды бағдарламасын жүзеге асыру жөніндегі Жол картасының 29,9 пайызы толықтай орындалды, 60-ы немесе 69,0 пайызы орындалу үстінде.Бұл туралы бүгін «AMANAT» партиясы облыстық филиалының Атқарушы хатшысы Ләйлә Төрешованың қатысуымен өткен көшпелі отырыста баяндалды.


Аудандық Сайлауалды бағдараламаны жүзеге асыруға бағытталған Жол карта 7 бағытты қамтитын 19 индикатор және 87 іс-шарадан тұрады. Бүгінгі күні әрбір бағыт бойынша жоспарланған жұмыстар тиісті деңгейде атқарылып келеді. Мәселен, «Экономикалық тұрақты аймақ» бағыты аясында аудан кәсіпкерлерінің жеке қаражаты есебінен 2022 жылға жоспарланған жобалар толығымен орындалады.


«Жайлы аудан» бағыты бойынша аудандық маңызы бар Бұқарбай батыр елді мекеніне кіреберіс автомобиль жолын орташа жөндеу жүргізілуде. «Самара-Шымкент-Еңбек-Есет батыр» автомобиль жолының 17,1 шақырымын орташа жөндеуге қаржы бөлінді. Еңбек, Мырзабай ахун, М.Шәменов елді мекендерінің ішкі көшелерін жөндеуге 364,0 млн теңге қаржы бөлініп, қазіргі таңда Мырзабай ахун және Шәменов елді мекендерінде ішкі көшелерге жөндеу жұмыстарының 50,0 пайызы аяқталған.


Аққыр елді мекеніндегі А.Ахетов және Жаңадария елді мекеніндегі Абай көшелерін күрделі жөндеуге 72,2 млн теңге қаржы бөлініп, мемлекеттік сатып алу жұмыстары аяқталды. Жұмыс кестесіне сәйкес Аққыр елді елді мекеніндегі А.Ахетов көшесінің күрделі жөндеу жұмыстары енді басталса, Жаңадария елді мекеніндегі Абай көшесінің жөндеу жұмыстары аяқталып, пайдалануға беру күтілуде.


Әлеуметтік бағдарланған аймақ бағыты бойынша медициналық қызметтердің қолжетімділігі мен сапасын арттыру мақсатында Таң елді мекенінде жоба құны 140,0 млн теңге болатын дәрігерлік амбулаторияның құрылыс жұмыстары жүргізілуде. Алдағы уақытта Мырзабай ахун, Есет батыр елді мекендерінде жаңа дәрігерлік амбулаториялар құрылысы жүргізілетін болады.


Биылғы жылы инклюзивті білім беруге жағдай жасалған мектептердің үлесі 80 пайызды құрап отыр. Салауатты өмір салтын қалыптастыру мақсатында «Наркескен» спорт клубы ғимаратының жанынан стритбол алаңы салынып, пайдалануға берілді.


Жиын барысында «AMANAT» партиясы облыстық филиалының Атқарушы хатшысы Ләйлә Төрешова алдағы атқарылар жұмыстарды пысықтап, халық алдындағы уәделердің еш кедергісіз және сапалы орындалуына партияның әрбір мүшесі жауапты екенін жеткізді.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: