Өткен апта жалағаштық жастар үшін жеңісті күндерге толы болды. Сөзімізге Атырау облысы Құлсары қаласында жасөспірімдер арасында өткен республикалық турнирде жас палуандарымыз дзюдо күресінен жүлдемен оралуы дәлел. Аудандағы №13 олимпиадалық резервтің мамандандырылған балалар мен жасөспірімдер спорт мектебі талай чемпионды тәрбиелеген қара шаңырақ екені даусыз. Жеңімпаздарымыз да – осы мектептің түлегі
Бүгінде мұндағы дзюдо үйірмесіне 200-ге жуық бала келеді. Сайыпқыран спортшының артында тынымсыз еңбек ететін білікті бапкерлер тұратыны хақ. Аудан абыройын арқалап, дүбірлі додаларда топ жарып жүрген спортшыларды дзюдо күресіне баулып, чемпиондар тәрбиелеп шығаруда қажырлы еңбек ететін жалағаштық бапкерлердің есімі көпке таныс, жастарға үлгі. Олар – Өмірбек Кәлменов, Жайдар Есенов, Олжас Талапбекұлы мен Шыңғысхан Әбілхасенұлы.
Мұндағы дзюдошылар бүгінде еліміздің үздіктер қатарында. Әрине ол – бапкерлер мен спортшылардың ортақ жеңісі мен тынымсыз еңбегі. Білікті бапкер Жайдар Есеновтың айтуынша, аптаның алты күнінде де 4 ауысым бойынша жаттығу залы болашақ чемпиондардан босамайды. Әрине бұл, біріншіден, ауданда спорт саласының қарқынды дамып келе жатқанын көрсетсе, екіншіден, жастардың бос уақытын тиімді өткізуіне спорт мектебінің тигізіп жатқан септігі мол екенін де аңғартады.
Білікті де білекті бапкер бұл спорт түрін бала күнінен жанына серік етіп, бүгінде шәкірт тәрбиелеп, үлкен жетістіктерге жетуде.
– Бұл салада еңбек етіп келе жатқаныма 20 жылға жуық уақыт болды. Шама-шарқымша аудан спортының дамуына өзіндік үлесімді қосып келемін. Алдағы уақытта да болашақ чемпиондар шығару үшін бар күш-жігерімді салып, қарым-қабілетімді жұмсай бермекпін. Спорт мектебімізге 5 жастан жоғары балалар келеді. Олардың спортқа деген қызығушылығын одан әрі шыңдау мақсатында ең бірінші оңай ойын түрлеріне аламыз. Одан кейін жас жеткіншектердің қарым-қабілеті мен бейімділігіне қарай басқа спорт түрлеріне бейімдейміз. Яғни 1 пайыз талант пен 99 пайыз еткен еңбек ғана жеңіске жетуге мүмкіндік береді. Аудан спортының дамуына кішкене болса да үлес қосу – басты армандарымның бірі, – дейді Жайдар Есенов.
Білікті бапкер – бүгінде дзюдо күресінен спорт шебері, жоғары санаттағы жаттықтырушы. Күндіз-түні тыным таппай еткен еңбегінің бүгінде жемісін көруде. Ол дзюдо күресінен бөлек самбо мен қазақ күресінен де Азия, әлем чемпиондарын шыңдап шығарған. Шәкірттерінің барлығы дерлік әлі де спорттан қол үзбеген. Қазір олар түрлі додаларда топ жарып, үлкен жарыстарда жауырыны жерге тимей, қарсылас шақ келтірмеуде.
Шәкірттерінің жеңісіне қарап марқаятын Жайдар ағамыз бүгінгі жеткіншектерінің ағаларының жолын жалғап, жеңіс тұғырынан көрініп жүргенін қуанышпен жеткізді.
Еліміздің түкпір-түкпірінен жиналған мықты спортшылар Атырау облысы Құлсары қаласында жасөспірімдер арасында «KULSARY JUDO OPEN CUP – 2024» республикалық турнирінде жүздесті. Аудан абыройын арқалап барған 20 спортшының 8-і жүлдемен оралды.
2008-2009 жылы туған жасөспірімдер арасында 38 келі салмақта Ақәділ Батыржанұлы мен 73 келі салмақта Ермұрат Жанғабыл қарсылас шақ келтірмеген. Ал 42 келі салмақта Ернияз Шөмен ІІ орын алса, Заңғар Сырмағанбет пен 60 келі салмақта Алинұр Сәрсенбай үздік үштікті түйіндеген. Мұнан бөлек 2011-2012 жылы туған жасөспірімдер арасында 35 келі салмақта Бақдәулет Болатбек ІІ орын алып, Нұрбек Сәттар ІІІ орынға тұрақтаған. Сондай-ақ 2013-20114 жылы туған жасөспірімдер арасында 35 келі салмақта Нұрдаулет Садық ІІ орын иеленді.
Тәлімгерлік көзге көрінбейтін жұмыс болғанымен, спортшыны жеңіске жетелейтін жаттықтырушы екені белгілі. Білек пен білікті бір арнаға тоғыстырып, балалардың ертеңіне сенім артқан Жайдар Есенов – шәкірттерін шынықтырып, жеңіске жетелеуден жалықпайтын маман.
Үйірмедегі 15-ке жуық оқушы ҚР спорт шеберіне үміткер атағын алған. Былтыр жылды жоғары жетістікпен қорытындылаған жас спортшылар биыл да оң нәтижемен бастап отыр. Жаттықтырушының айтуынша, биыл оларды дүбірлі додалар күтіп тұр.
«Таласқа түссе жан мен ту, жан емес маған керегі, көк тудың желбірегені» деп елі үшін жанын беретін аудан спортшыларының әлі де бағындырар белесі биік деп білеміз.
Ақтоты БҮРКІТБАЙ
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!