Кеше А.Тоқмағамбетов атындағы қалалық мәдениет үйінде №1 облыстық олимпиадалық резервтің мамандандырылған балалар-жасөспірімдер спорт мектебінің ұйымдастыруымен жыл көлемінде үлкен жетістіктерге қол жеткізген үздік спортшыларды, жаттықтырушылар мен қызметкерлерді марапаттауға арналған мерекелік іс-шара өтті.
Салтанатты шараға облыстық дене шынықтыру, спорт және туризм басқармасының басшысы Бахтияр Артаев, облыстық мәслихат депутаты, «Құрмет» орденінің иегері Садық Мұстафа және спортшылар мен БАҚ өкілдері қатысты. Бұл туралы Қызылорда облысының дене шынықтыру, спорт және туризм басқармасы хабарлады.
Шарада алғы сөз алған басқарма басшысы Бахтияр Ғарифоллаұлы аталған спорт мектебінің үздік атануымен құттықтап, спортшыларға үнемі қолдау көрсетілетінін жеткізді. Сондай-ақ, алдағы уақытта Сыр спортшыларының биік шыңдарды бағындыруына үлкен сенім білдірді. Өз кезегінде басқарма басшысы ең үздік спортшыларды, жаттықтырушыларды және ең үздік спорт бөлімдерін марапаттап, арнайы алғысхат табыстады.
Сонымен қатар мерекелік шарада Садық Шоңмұрынұлы үздік нәтиже көрсеткен бірқатар бапкерлерді марапаттаса, спорт мектебінің директоры Берік Қасымбеков жоғары деңгейде өнер көрсетіп жүрген жыл үздіктерін және спорт саласының дамуына зор үлес қосып жүрген қызметкерлерді марапаттап, құрмет көрсетті.
Мерекелік шара соңы концерттік бағдарламаға ұласып, әуелеген әннен шашу шашылды.
Айта кетейік, қаладағы №1 облыстық олимпиадалық резервтің мамандандырылған балалар-жасөспірімдер спорт мектебінде 16 спорт түрінен 1 576 спортшы қамтылған.
Биыл аталған спорт мектебінде 121 – спорт шеберіне кандидат, 7 -ҚР спорт шебері, 1 – халықаралық дәрежедегі спорт шебері дайындалды.
Қазіргі таңда онда 53 жаттықтырушы спортшыларды кәсіби бағытта жаттықтыруда.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!