Жалағаш аудандық «Жалағаш жаршысы» газетінің сайты

3°C

, Жексенбі, 24 қараша, 01:17

Несие тарихын қалай тексеруге болады және оны өзгерту мүмкін бе

16.11.2023

6207

0

Кез келген банк клиентке несие беріп-бермеу туралы шешім қабылдар алдында оның кредит тарихына қарайды. Несие тарихы нашар болса, кредиттік ұйым қарыз беруден бас тартады. Жалпы кредит тарихын қалай тексеруге болады? Несие тарихын «тазартуға» немесе өзгертуге бола ма? Кредит есебінен қате ақпарат табылса, не істеу керек?

Несие тарихы деген не

Несие тарихы дегеніміз – қарыз алушының кредитке немесе «рассрочкаға» қанша рет өтінім бергенін, қандай банктер мен микроқаржы ұйымдарынан қарыз алғанын, несиесін уақытылы төлеп-төлемегенін және кредиттік ұйымдар үшін маңызды басқа да мәліметтерді көрсететін жеке есеп.

Қарыз алушы банкке өтінім жібергенде, ай сайынғы несиесін жапқанда, кредитін мерзімінен бұрын немесе келісілген күні өтегенде – осы ақпараттың барлығы кредит тарихына жазылады.

Несие тарихына ақпаратты кредиттік бюро емес, банктер, микроқаржы ұйымдары, тауар мен қызметті кредитке ұсынатын компаниялар енгізеді. Кредиттік ұйымдар қарыз алушы туралы бүкіл ақпаратты жинап, кредиттік бюроға жолдайды.

2022 жылдан бастап кредиттік бюродан несие тарихын сұратқанда, бұрынғыдай 10 жыл емес, соңғы 5 жылдағы ақпарат көрсетіледі. Алайда бұл, мысалы, 15 жыл бұрынғы мерзімі өткен берешек көрінбей қалады деген сөз емес. Олар кредит тарихының толық нұсқасында шығып тұрады.

Айта кетері, қаржы институттары несие тарихын сіздің жазбаша келісіміңізбен ғана сұрата алады.

Несие тарихын қайдан тексеруге болады

Заңнамаға сәйкес қазақстандықтар толық кредит тарихын жылына бір рет тегін алуға құқылы. Егер дәл сол жылы қайта сұратса, онда 400 теңге ақы төлейді.

Қазақстанда несие тарихы туралы ақпарат Мемлекеттік кредиттік бюрода және Бірінші кредиттік бюрода сақталады.

Мемлекеттік кредиттік бюродан несие тарихын id.mkb.kz сайты арқылы, ал Бірінші кредиттік бюродан www.1cb.kz порталы және мобильді қосымшасы арқылы тексеруге болады.

Сонымен қатар электронды үкімет порталынан да алуға мүмкіндік бар. Тұрғылықты жері бойынша Халыққа қызмет көрсету орталықтары мен «Қазпошта» бөлімшелері де несие тарихын ұсынады.

Fingramota.kz мамандары кредит тарихын тұрақты негізде, ең болмағанда жарты жылда бір рет тексеріп тұруға кеңес береді. Осылайша клиент жеке кредиттік есебіндегі ақпараттың дұрыстығына, бөтен адамның өз атынан кредит алмағанына көз жеткізеді. Себебі соңғы кездері басқа біреудің атынан несие рәсімдейтін алаяқтар көбейіп кетті.

Банк қай кезде кредит бермейді

Кредит төлемін кешіктірген және қарызы ай сайынғы табысынан көп адамдардың несие тарихы нашар саналады. Әсіресе, кредит коллекторларға сатылса, қарыз алушы сотқа тартылса немесе несиесін мүлдем төлемесе – мұның бәрі теріс әсер етеді. Мұндай жағдайларда банк кредит беруден бас тартады.

Қалған көрсеткіштер жанама себеп болып саналады. Мысалы бір банкке клиенттің несие алуға жиі өтінім бергені немесе ол бойынша қандай шешім шыққаны маңызды болса, басқасы бұл ақпаратқа жеңіл қарайды.

Тіпті кейбір банктер кредит тарихы әзірге жоқ қарыз алушыларға аса сақтықпен қарайды. Өйткені олардың бұрын несиені қалай төлегені туралы ақпарат жоқ, кредитті кешіктірмей өтей ме, жоқ па, белгісіз.

Несие тарихы қай уақытта жаңартылады

Қазір банктер мен микроқаржы ұйымдары кредиттік бюроға жаңа берілген несиелер туралы ақпаратты күн сайын жіберуге міндетті. Клиенттің қарыз алғаны туралы ақпарат бюроға жұмыс күні аяқталғанда жолданады. Егер кредит демалыс немесе мереке күні рәсімделсе, ақпарат келесі жұмыс күні жаңартылады.

Кредиттік бюроға ақпарат ұсыну мерзімін 15 жұмыс күнінен 1 жұмыс күніне дейін қысқарту нормасы бекітілген заң былтыр қабылданған еді. Бұған дейін кредиттік бюроға несиелер туралы ақпарат 15 жұмыс күні ішінде беріліп келді.

«Бұрын бір күнде бес-алты банктен кредит алып келген азаматтар енді олай істей алмайды. Себебі Бірінші кредиттік бюродан қарыз алушының бір банктен несие алғаны көрініп тұрады. Әлгі адамның борыш жүктемесі есептеледі. Банк кредиттік бюро базасынан оның басқа банктен несие алып қойғанын көріп, ай сайынғы табысы оны төлеуге жетпесе, кредитті мақұлдамайды», – деп түсіндірген болатын депутат Дания Еспаева мәжілісте заң жобасы мақұлданғанда.

Несие тарихын өзгертуге бола ма

Несие тарихы нашар адамдар оны қалай өзгертуге болады деген сұрақты жиі қояды.

Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі мамандарының айтуынша, кредит тарихын тазарту немесе жойып тастау мүмкін емес. Оны тек жақсартуға болады.

Біріншісі, несие тарихын жақсарту үшін барлық қарызды жабу керек. Егер берешек өтелсе, банктер жаңа несие рәсімдеу мүмкіндігін қарастыруы мүмкін.

Екіншісі – депозит ашу. Бұл несие тарихына тікелей әсер етпейді, бірақ сізге пайдасын тигізуі ықтимал. Өйткені кредитке өтінім бергенде, банк сізде депозит бар екенін ескереді. Ал егер оны тұрақты түрде толықтырып отырсаңыз, бұл сіздің төлеуге қабілетті екеніңізді көрсетеді.

Несие тарихындағы қателікті даулау

Бірінші кредиттік бюро несие тарихындағы ақпаратты даулау қызметін онлайн режимінде тегін көрсетеді.

Егер адам несие тарихындағы қандай да бір мәліметпен келіспесе, ол Бірінші кредиттік бюроға ақпаратты даулау туралы арыздануға құқылы. Бюро арызды қарап, кредиторға (банктер, микроқаржы ұйымдары, ломбардтар және тағы басқа) сауал жолдайды. Кредитор сауалды қарастырып, кредиттік бюроға жауап жібереді. Осы жауап негізінде Бірінші кредиттік бюродан қарыз алушыға тиісті нәтиже келеді. Қаржы ұйымдары түзету енгізген жағдайда, сізге түзетілген несие тарихы ұсынылады. Кредит тарихындағы ақпаратты даулау туралы өтініштің мәртебесін www.1cb.kz порталында қадағалап отыруға мүмкіндік бар.

Несие тарихындағы қателікті даулау үшін 10 күн бұрын алынған өзекті кредиттік есеп қажет. Оны электронды цифрлық қолтаңбамен Бірінші кредиттік бюродан онлайн алуға болады.

https://sputnik.kz/

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: