Бүгін елордада Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, жастар кадрлық резерві үлгісіндегі «Білім берудегі өзгерістің 1000 көшбасшысы» жобасын сәтті аяқтаған педагогтерге Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев сертификат табыстады, – деп хабарлады kaz.inform.kz
Бұл іріктеу мен біліктілік курсынан өткендерге ешбір конкурстық рәсімсіз бірден бірінші басшының бос орнына тағайындалуға мүмкіндік береді.
— Бұл — отандық білім жүйесін дамытудың жаңа кезеңі. Сегіз айдың ішінде сіздер іріктеуден өтіп, жеке, кәсіби, басқарушылық, аналитикалық дағдылар мен құзыреттеріңізді дамыттыңыздар. Енді Сіздер нағыз көшбасшылар ретінде еліміздегі білім беру жүйесінің сапасын арттыруға өз үлестеріңізді қосуларыңыз керек. Ең бастысы — балаларымыз бен педагогтерімізге жайлы және қауіпсіз орта қалыптастыру, — деді министр.
Айта кетейік, Оқу-ағарту министрлігінің тапсырмасын іске асыру, үміткерлерді іріктеу мен олардың біліктілігін арттыру шараларын Назарбаев зияткерлік мектептері дербес білім беру ұйымының педагогикалық шеберлік орталығы өткізген.
Орталық көшбасшыларды бес кезең бойынша іріктеген.
Алғашқы кезеңде үміткерлер өз құзыреттілігін бағалау үшін тестілеуден өтсе, екінші кезеңде оқуға жіберіледі.
Мұнан соң еліміздің алдыңғы қатарлы мектептерінде тағылымдамадан өтеді, төртінші кезеңде қорытынды бағалау рәсімі жүргізіліп, бесінші кезеңде министрлік жанындағы комиссиямен әңгімелесуден өтеді.
Бұл мектеп басшыларының республикалық кадрлық резервін құру үшін жасалып отыр.
— Бағдарлама халықаралық озық тәжірибелерді ескере отырып іске асырылды, ал тестілеу шаралары жетекші тәжірибелерге негізделген. Бастапқы кезеңде жобаға қатысуға 8068 адам тіркеліп, оның 2809-ы тестілеуден өтті. Тестілеу нәтижелері бойынша оқуға ұсынылған үміткерлердің сараланған тізімі қалыптастырылды. Педагогикалық шеберлік орталығы былтырғы шілдеден бастап базалық деңгейде 500-ге тарта үміткерді оқытты. Алайда барлық кезеңнен сүрінбей өткен 208 педагог қана жоба сертификатына ие болып, резервке енді, — деді «Назарбаев зияткерлік мектептері» ДББҰ басқарма төрағасы Әнуар Жанғозин.
Сондай-ақ топ-менеджерлер заманауи мектептегі тенденциялар, мұғалімнің үздіксіз дамуы мен кәсіби әл-ауқаты, балаға қолайлы орта құру, стратегиялық жоспарлау, табысты директор ретіндегі бедел, кәсіби экология, аналитикалық құзыреттер сынды тақырыптарды тереңірек зерттеді.
«Назарбаев зияткерлік мектептері» ДББҰ курстан кейін де қатысушыларды сүйемелдеу, болашақ басшылардың кәсіби дамуының жүйелі мониторингін жасайды.
Еліміздегі мектептердің білім сапасын арттырып, деңгейін көтеруге бағытталған жоба биыл да жалғасын табады.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!