Тәулік бойы тілсіз жаумен күресіп, адамдарға көмек қолын созуға асығатын жауапкершілігі жоғары мамандықта 17 жылдан бері қажырлы еңбек етіп келе жатқан нәзікжандылардың бірі – аудандық №11 өрт сөндіру бөлімінің радиотелефонисті Гүлжайна Кеңесбаева. Ауданда орын алған қандай да бір төтенше жағдайларды алғаш естіп, ұжымды жылдам әрекет етуге ұйымдастыратын да осы білікті маман.
– Қателеспесем, былтыр жаз мезгілінде 1 күнде 4 өрт оқиғасы орын алды. Оның ішінде ауданнан және оған қарасты елді мекендерден қоңырау түсті. Кешкі сағат 19.30 шамасы. Өрт сөндіру құрамы 3 тілсіз жаудың бетін қайтарып, келген бойы сол еді, аудан орталығындағы шағын асханалардың бірінен өрт шыққаны жөнінде хабар түсті. Дереу өрт сөндіру тобын жібердік, түнгі 23.00-ге дейін жігіттер өртті ауыздықтаған. Абырой болғанда адам шығыны жоқ, – дейді аудандық №11 өрт сөндіру бөлімінің радиотелефонисті Гүлжайна Кеңесбаева.
Ауданда өрт оқиғасы орын алғанда ең алдымен өрт сөндіру бөліміне қоңырау дабылы келіп түседі. Адам өмірін құтқару үшін Гүлжайна Дәрменбайқызы жылдам шешім қабылдап, қызыл жалынның қайдан шыққанын анықтап, дереу топты жібереді. Оның айтуынша, радиотелефонист тек қоңырау қабылдап қана қоймайды. Олар қандай оқыс оқиға орын алғанын біліп, адамдарға төнген қауіпті анықтай отырып, жедел басқа да қызметкерлермен байланысқа шығады.
– Тұрғындар көмек сұрап қоңырау шалғанда барынша тыныштандырып, үрейленбеуі үшін қолдау көрсетеміз. Жанып жатқан үй немесе халық көп шоғырланған орындарда балалар немесе зейнеткерлер барын білсем, олардың сыртқа аман-есен шыққанынан хабардар болғанша уайымдаймын. Мен үшін ең үлкен қуаныш – өрт дер кезінде сөніп, адамдардың амандығынан хабардар болу, – дейді кейіпкеріміз.
Жауапкершілігі мол мамандықты кейіпкеріміз бала күннен армандаған. Бүгінде оның өрт сөндіру қызметіндегі жұмыс жасап жатқанына 20 жылға жуықтаған. Білікті маман тәулігіне шамамен 50-ге жуық қоңырауға жауап береді. Ол түнгі мезгілде ауданда халық көп шоғырланған мекемелермен, атап айтсақ, аурухана, жатақхана, №19 балабақшамен хабарласып, әр мекемеде қанша адам барынан хабардар болып отырады. Айтуынша, қандай да бір оқыс жағдай болған жағдайда ғимараттың ішінде қанша адам барын біліп отыруы қажет.
Айта кетейік, Гүлжайнаның өмірлік жары Нұрболат Мұхтарұлы да осы салада қалтқысыз 18 жыл қызмет етіп, зейнеткерлікке шыққан. Сұқпат барысында жауапкершілігі жоғары мамандықты таңдағанына еш өкінбейтінін айтқан кейіпкеріміз, әр құтқару жұмыстары сәтті аяқталғанда арқадан ауыр жүк түскендей жеңілдеп, әріптестері үшін де алаңдап отыратынын жасырмады. Еңбекқорлық, жауапкершілік сынды қасиеттерінің арқасында халықтың алғысын алып жүрген ол – бір қолымен әлемді, бір қолымен бесікті тербетіп, өзін отбасымен қатар қиын әрі жауапты қызметімен де дәлелдей білген қайсар жан.
Ақтоты ЕРЖАНҚЫЗЫ
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!