Жалағаш аудандық «Жалағаш жаршысы» газетінің сайты

5°C

, Сейсенбі, 26 қараша, 19:22

Су тасқыны: Жайықтың ахуалы қалай?

14.05.2024

384

0

Еліміздің тілсіз жаумен күресіп жатқанына айдан асты. Халықтың бүгінгі бар ойы мен уайымы – су басқан аймақтардағы бауырларының хал-ахуалы, солардың тілеуін тілеу. Төтенше жағдайлар министрлігінің мәліметінше, қазіргі таңда 54 755 адам өз үйіне оралған. Ал 5 291 адам, оның ішінде 2 239 бала эвакуациялау пункттерін паналап отыр. Қалпына келтіру жұмыстары бойынша 11 134 тұрғын үй мен 3 441 аула аумағынан су бұрылып, сорылған. Сонымен қатар 18,8 млн текше метрден астам еріген қар суы шығарылған. Тілсіз жаудың алдын алу мақсатында 7,7 млн қапшық және 1,5 млн-нан астам тонна инертті материал төселген.

Су деңгейі 539 см-ға жет­кен

Жасыратыны жоқ, кей өңірлерде жағдай әлі де күрделі. Нақтырақ айтсақ, Атырау облысында Жайықтағы су дең­гейі бірнеше күн бойы қатарынан көтеріліп жатыр. Апатпен күреске жергілікті тұр­ғындар, еріктілер және әртүрлі кә­сіпорын қызметкерлері белсенді атса­­лысып жатыр. Барлық қауіпті учас­­келерде тәулік бойы кезекшілік ұйым­дастырылып, қорғаныс бөгеттері тұр­ғызыла бастады. Мәселен, 12 ма­мырда Атырау қаласындағы су дең­гейі 1 см-ға көтеріліп, 539 см-ға жет­кен, шектік белгі – 550 см. Алайда Аты­рауда су тасқынының шарықтау шегі шамамен 4-5 күннен кейін болады деп болжануда.
Осы орайда вице-премьер Қанат Бозымбаев Атырау облысы Индер ауда­нының Индербор, Жасуат, Құ­ры­­лыс ауылдарында, сондай-ақ Ма­хамбет ауданына қарасты Махам­бет, Са­райшық, Талдыкөл ауыл­да­рында жа­ғалауды нығайту жұмыс­тарын тек­серді. Жайық-Индербор және Жайық-Махамбет гидробекетінде су деңгейі қауіпті межеден асқан.
Индер ауданында жер бөгеттерінің жалпы ұзындығы 30 шақырымды құ­райды, олар Жасуат, Индербор, Құры­лыс, Көктоғай, Өрлік, Есбол, Елтай елді мекендерінде салынған. Аталған жұмыстарға 40-тан астам арнайы тех­ника, 300-ге жуық әскери қызметші және 100-ге жуық ТЖ қызметкері, оның ішінде Қызылорда облысы ТЖД қыз­меткерлері жұмылдырылған.
Махамбет ауданында Жайық өзені бойында 17 елді мекен орна­ласқан. Оларды қорғау үшін бүгінде 80 шақырым жағалауды нығайтатын бөгеттер са­лынған. Ауданда бөгет­тердің жалпы ұзындығы 105,8 шақырымды құ­райды. Тасқынға қарсы шараларға 130 арнайы техника, 650 әскери қызметші, 200-ден астам ТЖ қызметкері, 300-ге жуық ерікті, жергілікті тұрғын тартылған.

Төрт мыңнан аса отбасыға көмек берілген

Ал солтүстіктегі ағайын бүгінде тіл­сіз жаудың бетін қайтарып, зардап шек­кендерге жан-жақты әлеуметтік қол­­дау жұмыстарын белсенді жүргі­зуде. Нақтырақ айтсақ, әлеуметтік қол­­дау аясында 4097 отбасы 1,5 млрд теңге бір­жолғы көмек ал­­­­ған. Сондай-ақ Қостанай облы­сында за­қымданған үйлердің 95 пайызы тек­­серіліп, олардың 796-сы жөн­деуді қа­жет ететіні және 473-ін қал­пына кел­­тіру мүмкін емес екені бел­гілі болған. Алгоритмге сәйкес, қал­пына кел­тіруге жатпайтын үйлер бойынша жыл­жы­май­тын мүлікке келтіріл­ген за­лал­ды өтеу баспана сатып алу немесе көп­пәтерлі және жеке тұрғын үйлер салу арқылы жүзеге асырылады.
Бүгінде Үкімет резерві мен де­меу­шілік қаражат есебінен Қостанай мен Ар­қалық қаласында зардап шек­кен тұрғындар үшін 101 пәтер сатып алын­ған. Сондай-ақ Арқалық қа­­ла­сын­да «Базис А» ЖШС-ның қар­жы­лан­­дыруымен 50 пәтерлі тұрғын үй са­­лынуда. Жангелдин және Амангелді ау­дандарында «Қазақстан халқына» қо­­­рының қаражаты есебінен 68 жеке тұр­ғын үйдің құрылысы басталды. Қос­танай қаласында, Қостанай және Қа­­расу аудандарында демеушілік есебінен 36 үй салу жоспарланып отыр.
Қалған 218 зардап шеккен отбасыға тұрғын үй сатып алу арқылы шығынды өтеу көзделген. Сондай-ақ 2020 бас мал шығыны үшін келтірілген залалды өтеуге 855 млн теңгеден астам төлем жасалған.

Жандос ЖАЗКЕН

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: